Алаш прозасы

Кәрім Мәсімов: ТАМЫР

  • Кәрім Мәсімов: ТАМЫР

    Кәрім Мәсімов: ТАМЫР


Кәрім Қажымқанұлы Мәсімов.

ТАМЫР. – Алматы: 2019. – 120 бет.

ISBN 978-601-7218-27-0


Бұл кітап отбасынан бастау алатын туған жерге, елге деген сүйіспеншілік туралы. Көкейдегі сағыныш, ойға оралған естеліктерден құралған туынды мәуелі бәйтеректей тамыр жайған әке тұлғасына, оның тағылымға толы тағдырына  арналады.


 


Бұл кітапты әкем

Қажымқан Қасымұлы Мәсімовке

арнаймын


 


 


ӘКЕГЕ ТАҒЗЫМ


Әкең – асқар тауың, саялы бәйтерегің, қамқоршың. Әкені тану – міндет, перзенттік парыз. Өйткені елді тану, Отанды тану, әлемді тану – әкені танудан басталады. Өзіне өмір сыйлаған әкені таныған адам, бағалай білген адам өзінің де бағасын біле алады, өзгенің де қадіріне жете алады.

Кәрім Қажымқанұлы Мәсімов – әкеге тартып туған, ата-анасының, ел-жұртының сенімін ақтап келе жатқан азамат. Қандай қызметте жүрсе де, ол әкенің перзенті екенін еш уақытта ұмытқан емес. Біз оны Кәрім Қажымқанұлының әкесі туралы жазған «Тамыр» атты кітабынан көреміз.

Автор әкесінің адалдығы, кешірімділігі, айналасындағыларға жасаған жанашырлығы мен қамқорлығы, көптің ісі десе ешқашан шаршап-шалдықпайтыны жөнінде аса зор ықыласпен, перзенттік көңілмен тебірене жазады.

Расында да, Қажымқан Қасымұлы өзі де, сөзі де, істеген ісі де әдемі кісі еді. Текті еді. Ол – қазақ өлеңінің құлагері Ілияс Жансүгіровтің «Күйші» поэмасындағы:

«Қобызшы Молықбай шал Матайдағы,

Ішінде Кенже, Тұңғат, Сақайдағы,

Әзірге қобызшының қалғаны сол –

Күй тартса, маймаңдаған бақайшағы», – 
деп жырланатын, аты аңызға айналған Молықбайдың жиені. Нағашысының кесенесін тұрғызуға да себепші болған марқұм сол Қажекең болатын. 


Қажымқан Қасымұлымен біз қатар өстік, сыйлас та, сырлас та болдық. Ол сабырлы, байсалды, аспайтын, саспайтын кісі еді. Ортамыздың ажары, сәні еді. Кейін менің досым Азатпен құда болған соң, біз Мәсімовтер әулетімен рухани туыс та болып кеттік.

Қажымқан бауырымыздың алдынан жарылқасын, жатқан жері жайлы болсын. Артында қалған ел-жұрты, ұрпағы, бала-шағасы аман болсын. Әкесі туралы тебіреніп осындай тағылымды кітап жазған Кәрім

Қажымқанұлының ғұмыры ұзақ болсын, абыройы арта берсін!


Мырзатай Жолдасбеков


  


 


«Өткенді деміл-деміл екшеп отырған абзал. Көненің ісін, өзіңнен бұрын өткеннің басынан кешкендерін еске алып, саралап, салмақтап отырмасаң, санадан өшіп кетеді. Дұрысын дамытып, бұрынғының қатесін қайталамауға ұмтылған ұрпақ озады түбінде. Келер буын осыны ескерсе, үнемі есте ұстаса игі».

Әкемнің өсиет сөздері. «Аманат» кітабынан



І-тарау


ӘЛЕМІМ ӨЗГЕРГЕН КҮН


Өміріме өшпестей етіп белгі салған күндерді түгендеп беру қиын шығар. Бәрі оқиғалар мен кездесулерге толы болды, әрбірінің ақпараттық салмағы иығымнан түскен емес. Бірақ соның бәрі – мына күнге қарағанда зердеме соншалықты әсер етпеген, өз ретімен жөңкіліп жатқан оқиғалар тізбегі екен.

2019 жылғы 19 наурыз. Бұл дата ағынды өмірімдегі судың айырығы сияқты болып есімде қалды. Өйткені қоғамдық сипаттағы көп өзгеріс тура осы күннен басталып кетті. Ол басқа оқиғаларға жалғасты, бірін-бірі ауыстырды, сайып келгенде, осының бәрі менің жеке өміріме қатысты болып шықты. Оның кейбірін айналамда жүретін адамдарға ақпарат ретінде айтудың қажеттігі шамалы шығар, сондықтан жеке өміріме қатысты деп белгілеп қойғанмын. Жеке өмір болғанда да жаным, әлемім қабылдайтын, түйсігім ғана сезінетін нәрселер екенін онда ойламаппын.

Неге 2019 жылдың 19 наурызын айрықша есте сақтадым? Сол күні сағат 19:00-де Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тікелей эфирде өкілеттігін тоқтататыны туралы шешім қабылдағанын жария етті. Өз ізбасарының атын көпшілікке жеткізді – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.

Содан жақсысы да бар, басқасы да бар сан түрлі оқиғалар жеделдетіп түйдек-түйдегімен өте бастады. Оның бәрі жіті назар аударып, қас қақпай қадағалауды талап етті. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев маған бірнеше тапсырма жүктеді. Бірнеше шетелге суыт сапарға шығуым қажет екен. Сол күндердегі сапарлар барысында біздің серіктестеріміз бен әріптестерімізге Қазақстандағы ішкі саяси жағдай туралы ақпаратты жеткізуге тиіспін. Елбасы саясатының сабақтастығы сақталып, жүзеге асып жатқан саяси, экономикалық және әлеуметтік бағдарламалар мен стратегиялар жалғасатынын айтуым керек.

Алдымен, 2019 жылғы 1 сәуірде, Токиоға ұштым. Күншығыс елі ол күндері 85 жастағы император Акихитоның дамылдауға кетуіне орай үлкен өзгерісті бастан өткеріп жатты. Әлбетте, бұл туралы әулеттің 125-інші өкілі сонау 2016 жылғы тамыз айында телевизия арқылы ұлтқа жасаған тосын жолдауында хабардар еткен. Ол бойында күші, басында ақылы бар кезде осындай қадамға барып, астындағы тағын жаңа император, мұрагер ханзада Нарухитоға берерін алдын ала сездірген.

Наурыздың соңғы онкүндігінде Токиода алдағы шараларды ұйымдастыру жөніндегі комитеттің отырысы дайындалды. Оның алғашқысы тура менің сапарлап барған күнім – 1 сәуірге сәйкес келді. Сол дүйсенбіде болашақ монархтың билеу дәуірінің бұған дейін құпия ұсталған аты жария етілді.

Түсінікті болу үшін айта кетейін, Жапонияда жыл санаудың екі жүйесі бар: біріншісі жалпыға ортақ, халықаралық болса, екіншісі өзіндік, императорлардың тақта отыруымен саналады. Осыған орай қазір Жапонияда 2019 жыл мен Хэйсэйдің 31-інші жылы қатар өтіп жатыр. Акихито билеген кезең осылай Хэйсэй аталған, оны біздің тілге «Бейбітшілікті орнықтыру» деп аударуға болар еді. Бұл термин қапысыз дәл таңдалған екен – қазіргі император билік құрғанда Жапония өзінің жаңа заманында ешкіммен соғысқан жоқ.

Сөйтіп, 2019 жылғы 1 мамырдан Жапония жаңа дәуірге қадам басады. Оны Рейва дәуірі атады, шартты түрде «тәртіп пен үйлесім» деп аударуға болады. Бұл туралы бір ай бұрын жария етілді, сондықтан 1 сәуірде жапондықтар осы оқиғаны қызу талдап жатты. Жасының ұлғаюы мен денсаулығына байланысты Акихито биліктен кететіні туралы түпкілікті хабарлаған соң, билікті ауыстыруды реттейтін бір жолғы арнайы заң жасалып, қабылданды. Ең бастысы – арнайы шаралардың тізбегі бекітілді. Барлығы 11 шара өтеді және олар Токиодан басқа Жапонияның ежелгі астаналары Нара мен Киотоны қамтиды. Түгелі 30 сәуірге дейін аяқталып, ал 1 мамырда гүлмен көмкерілген таққа Акихитоның үлкен ұлы – мұрагер ханзада Нарухито отырады. Осылай Күншығыс елінде жаңа дәуір басталады.

Орайы солай болған шығар, жаңа дәуірдің аты жария етілген күні елдің Премьер-Министрі Синдзо Абэ қабылдаған алғашқы шетелдік қонақ – мен екенмін. Синдзо-сан маған Рейва дәуірін бейнелейтін екі иероглиф жазып берді, оларды аударғанда «тәртіп», «үйлесім», сондай-ақ «гүлденген әлем» деген сөздер шығады.

Бұл көңіл күйдің ересен толқынысын байсалдылықпен тежеген сәт еді. Синдзо Абэ маған жай ғана екі иероглифті иректетіп, суретін салып бере салған жоқ. «Рейва» ұғымының таңбалары енді бұл елде қасиетке ие болады: рей – гүл, ва –үйлесім.

– Бұлар жапон поэзиясының ескі жинағынан алынды. Алғаш рет дәуір атының қайнары ретінде жапон әдебиеті қарастырылды, – деп атап өткен сонда маған Премьер-Министр. – Осы кезге дейін олардың аттары қытай философиясы мен әдебиетінен алынып келді.

Осы екі иероглифте терең қасиет жасырылғанын, ғасырлардың қатпарлы қалың ойы тұнып тұрғанын, дәуірлердің ауысқанын дәл бейнелейтін сиқыр барын аңдадым. Бірақ онда Рейва дәуірі әлдебір қисынмен өзімнің және шаңырағымның басына келерін сезіппін бе?!

Осы жылдың сәуір айында жапондықтармен қатар, менің жеке өмірімде тұтас дәуір аяқталып, жаңа дәуір басталыпты... Бірақ ол күндері мұны аңғармаппын.

Жапониядан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге Мәскеуге ұштым. Одан өзім Қытайға кездесуге кеттім. Шынымды айтып, мойындасам, аралдағы мемлекет тұрғындары мен олардың Премьер-Министріне дейін толқытқан екі иероглиф ойымнан шығып кетіпті.

...Қытайда түн ортасында көмекшім оятты. Ол «Қажымқан Қасымұлынан айырылып қалдық» деді. Оның сөздері әлгі сәтте санама да, жүрегіме де жетпеді. Әншейін түсініксіз бірдеңелерді айтып тұрғандай ғана сезілді. Өйткені мен тынығып, алдағы жауапты кездесуге дайындалуым керек еді. Сол үшін телефонымды сөндіріп қойғанмын.

Сағат Пекин уақытымен түнгі үш екен. Ұйқым ашылмағандықтан, не болғанын түсіне алар емеспін, неге көмекшім түн ортасында бөлмеме кірді? Дереу телефонды қостым. Анамнан соғылған сансыз қоңырауларды сонда барып көрдім. Оған енді өзім телефон соқтым. Анам еңіреп қоя берді де, «Кәрім, әкеңнен айырылып қалдық қой» дегенді қайта-қайта айтты.

Қолымнан келгенше анамды жұбаттым. Достарым мен әріптестеріме хабарласып, жерлеуге қатысты барлық ұйымдастыру шараларын өз қолдарына алуды сұрадым.

Негізі Қытайға іссапарымды біраз ұзақтау уақытқа жоспарлағанмын. Енді дереу үйге қайтуым керек болды. Ұшар алдында мені ҚХР Төрағасының орынбасары қабылдады. Бұл келісіп қойған кездесу болатын, сондықтан оны болдырмай, ұшып кетуім мүмкін емес. Онымен сөйлестім, өзіме тапсырылған мәселелер жөнінде пікір алмастым, сосын сабырмен қоштастым. Мені шығарып салып тұрып ҚХР Төрағасының орынбасары бүкіл Қытай басшылығының атынан әкемнің қайтыс болуына байланысты көңіл айтты.

Енді Алматыға қарай ұштым. Пекиннен Алматыға дейін әуе жолы бес сағатқа созылады, ұшақ салонында өз-өзіммен отырып, терең ойларға берілдім. Әкемді, оның сөздерін, ақылы мен кеңестерін, шынайы күлкісін, қайырымдылығы мен қарапайымдығын, өзінен жәрдем күткен әркімге көмек беруге ұмтылатын елгезектігін еске түсірдім. Бұл естеліктер тұла бойымды шымырлатты.

Сол сәтте көп нәрсені әкеме айтуға үлгермегенімді түйсіндім. «Айтылмай қалған...». Осы тіркес санамның алыстағы қалтарысынан тулап шығып, тамағыма өксік болып тірелді. Шамасы, бәрі де осындай мәңгілікке айырылу кезінде әлденені айтып қалмағанына өкінер.

Әкеммен соңғы рет кездескенімді, ақырғы жолы сөйлескенімді еске түсірдім. Ойымда жақсы сақталыпты, биылғы жылдың 18 наурызы күні жолыққанбыз. Сол күні Нұрсұлтан Әбішұлы маған генерал атағын берді. Қуанышы мен мақтанышын жасыра алмаған әкем құттықтап, жаңа асулардан асуымды тіледі.

Одан кейін екеуміз оның 18 сәуірге белгіленген мерекелік шараларына дайындықты тездетуді пысықтадық. Ол 80 жасқа толып, анам екеуінің шаңырақ көтергендеріне 55 жыл болуы керек. Дайындық көп нәрсені қамтитын.

Соның бірі – әкем туралы, анаммен ортақ отбасылық өмірі туралы деректі фильмнің түсірілімі өзі өмірден өтерден 3 күн бұрын басталған. Бұл 5 сәуір, жұма күні болатын. Әкем маған өзінің баспаға дайындап отырған йога туралы монографиялық кітабының нұсқасын берді. 6 сәуірде түсіру тобының мүшелері сол отбасылық фильм үшін менің сұхбат түріндегі естеліктерімді жазуға Нұр-Сұлтан қаласына келді. Одан соң мен Пекинге ұшып кеттім...

...Қытайдан әкемді жерлеуге ұшып келдім. Алматыда достарым мен әріптестерім марқұмның қонақасын ұйымдастырып қойыпты. Бәрі лентасы жайлап айналған кинодағыдай өтіп жатты. Ондағы кадрлардың маған еш қатысы жоқ сияқты. Әйтеуір Нұр-Сұлтаннан кісі көп келіп жатты...

Жалпы анам екеуміздің қайғымызды бөлісуге адам өте көп жиналды. Еліміздің түрлі аймақтары мен шетелдерден де келді. Үлкен зал иін тіресіп толып кетті.

Біздің ауыр қайғымызды бөлісіп, жұбатуға қажетті сөздерді тауып айта білгендердің бәріне ризамын. Әсіресе мұндай қолдау өмірлік серігінен айырылып, қара жамылып отырған анама аса қажет еді.

Одан үйге қайттық, онда мен... әкемді көрдім. Өзіме әншейін қалғып кеткен сияқты көрінді, қазір көзін ашып маған күлімсірейтін сияқты. Оның денесіне жақындағанымда тіпті қозғалғандай көрінді... Өйткені тірлігімдегі басты тірекпен, өзіме өмір сыйлаған адаммен қоштасқым келмеген. Әр адамның кесімді мерзімі барын ақылға салып түсіндім. Айтпақшы, кейінгі буынға арнаған «Аманат» атты кітабында әкем бұл туралы да жазып кеткен.

Әкеден айырылу жаныма қатты батты, өзімнің бір кесегім жұлынып қалғандай жағдайда жүрдім. Бұл, шамасы, ақиқаттың алдына келу болса керек: әйтеуір бір күні сенің де талқаның таусылатынын әрі Өмірден артық ештеңе жоқтығын түсінесің. Қайтыс болған әкеңнің денесінің қасында үнсіз отырғанда осының бәрі санаңды самаладай жарқыратып жібереді екен.

Соңынан әйелім мен балаларым келді. Талай жыл бойы түрлі себеппен көре алмаған туыстарым жиналып жатты. Ол түні ұйықтамадық. Ертесінде әкемді мұсылман салтымен Алматының Кеңсай зиратына жерледік.

Ол күндері өзімді жалғыз сезінбегенімді байқадым. Керісінше, менде достар, жақын адамдар, туысқандар көп екенін ұқтым. Адамдардың анам екеумізбен бірге шынайы қайғырғанын көрдім. Одан біз астанамызға ұштық.

...Естеліктер толқынына көміліп, Пекинде жүргенімде бірінші болып Елбасымыз телефон соғып, көңіл айтқанын ұмытып барады екенмін. Ол кісінің телефон соғып, қайғыма ортақтасып, шынайы ықыласын білдіргені мені дүр сілкіндірді. Әкем өзінің «Аманат» кітабында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жеке басының феномені туралы соншалық дәл жазғаны ойыма оралды.

Әкемнің кітабынан үзінді келтірейін: «...Қазір Құдайға күніне мың мәрте шүкір айтамыз. Бәрі бейбіт заманда, Тәңірдің бұйыртқан несібесін жеп, жүріп жатыр. Біздің бір әулет қана емес, тұтас халық қазір, дұрысын айтқанда, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда өмір сүріп жатыр десек, артық айтқандық болмайды.

Біздің әулеттің зор мақтанышы менің ұлым Кәрім болғаны мәлім. Елбасымыз, көреген әрі кемел ақылдың иесі Президент Нұрсұлтан Назарбаев сенім артып, ұлым Кәрім Мәсімовке жауапты жұмыстар тапсырып келеді. Елбасымыз – елдің бағы. Тәуелсіз Қазақстанды өз жетекшілігімен татулықта, бейбітшілікте дамытып келеді. Менің балам Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлын үнемі үлгі тұтып, ол кісіден үйреніп, ол кісіге көмекші болып жүргенін мақтан тұтады. Оның жұмысына бағаны әкесі – мен емес, халық береді. Біздің қолдан келетіні – ат үстіндегі азаматтың амандығын тілеу».

...Еліміздің астанасында отбасымыздың атынан әкеміздің қайтыс болуына орай ас бердім. Кешке маған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев келіп көңіл айтты.

Келесі күні Елбасымызды іскерлік сапарға шығарып салдық. Нұрсұлтан Әбішұлы сонда маған «Қайғыра берме, Кәрім. Әкеңді жоғалтсаң да, мен бармын» деген.



Қасымхан ағам достарымен бірге


Менің апайларым


Ағам Мырзахан достарымен бірге


Ағам Мырзаханның бозбала кезі


Әкемнің қарындасы Күләйхан сыныптастарымен бірге


Қасымхан және Мырзахан ағаларым


Қасымхан Қасымұлы


Шылбы ағам мен Күләйхан апайым



18 сәуір 1939 жыл. Қажымқан Қасымұлы Мәсімов дүниеге келген күн




 



«Әркімнің әулиесі – өз әкесі» депті біздің қазақ. Үлкенді сыйлау, құрметтеу – біздің жұрттың қанында, жадында бар қасиет. Сол қасиетке кейінгі заманда ғана ептеп селкеу түсті. Бірақ ол селкеу сызатқа айналып кетпесе игі. Сен әкеңді қай деңгейде құрметтесең, балаң да сені сол дәрежеде құрметтемек. Әкені асқар тауға теңейді, ендеше сол асқар тауыңның еңсесін түсірме, шырағым».


Әкемнің өсиет сөздері. «Аманат» кітабынан


 


ІІ тарау


ШАРШАУДЫ БІЛМЕЙТІН


Есімді білгелі әкемнің «шаршадым» дегенін естімеппін. Сексен жасқа толуына бірер күн қалғанда өмірден шаршамай-шалдықпай өтті.

Сөз реті келгенде айтайын, ол тіпті сексен жылдық мерейтойын атап өтуді жоспарламаған да еді, мерейтойдың думанынан рахаттанып, өзіне айтылған мақтан-мадақты тыңдап масаттануды да ойламаған. Оның 80 жылдық мерейтойына біз дайындалдық. Әкемізге тосын сый ретінде дастархан мәзірінен бастап, шынайы, креативті, тек қана өз орындауымыздағы жүректен шыққан туындыларымызға дейін бүкіл мерекелік бағдарламаны дайындадық. Біздің мерекелік сценарийіміздің басты бөлігі – ол туралы деректі фильм еді. Түсіру жұмысының 90 пайызы бітіп, аз ғана бөлігі қалған. Тек түсірілген бай материалдан сапалы монтаж жасап, оны дыбыстау қалып еді. Түсірілім тобы әкемнің әңгімелерін сырластық пен жайдарылыққа тартатындай етіп әсем көрініс аясында жазды. Бұл жазбаларды тыңдап отырып, әкем бұрын-соңды мұндай шынайы, ашық-жарқын болған емес, жасырын ойларымен, балалық естеліктерін бұлайша бөліспеген екен. Мұндай естеліктерін тіпті балалары мен немерелеріне де айтып үлгермеген. Әкем бір сөзінде өзін «бар болғаны 60 жастағыдай сезінетінін» айтыпты. Мұның өзі еш шаршауды білмей өмір сүргенінің айқын дәлелі болса керек.

Өмірдегі өзіме ең жақын, ең асыл жанды ақырғы мекеніне шығарып салғаннан соң, оның бізден мәңгіге кеткеніне, оны Алланың қайтып алғанына, біздің өткінші мекенімізге қайта оралмайтынына көзім жетті. Сол кезде ғана «бүкіл өмірім көз алдымнан зымырап өте шықты» деген тіркестің мағынасын түсіндім. Әкеммен бірге өткізген әрбір сәт, әрбір естелік көз алдымнан өте шықты. Әкемнің айтқан әр сөзі, өсиеті, ақылы кенеттен санамның түбінен шыға бастады. Бір таңғаларлығы, енді олар мен үшін жаңа мәнге ие болды. Дәлірек айтсам, сол уақытта әке өсиетінің мәні санамның түкпіріне нұр секілді құйылды. Ең қызығы, әкемді жоғалтып, оны қайтадан тапқан сияқтымын. Біз бір бүтін рухани жақындыққа ие болдық. Оның айтқан сөздерін есіме алып, шынайы даналықты сезінгендеймін. Маған жеткен бұл құбылыс ұрпақ пен ұрпақ арасын жалғап тұрған, атадан балаға берілген өсиет іспетті көрінді. Өзім үшін жазылған «Әке» атты кітапты оқи отырып, тегіміздің тамырына бойладым. Бұл фәниден кетсе де, әкем өз ұрпақтарының арасын рухани тұрғыда жалғап кетті.

Мен дүниеге келгенде әкем мен шешем – Қажымқан Қасымұлы мен Элеонора Кәрімқызы екеуі Целиноград қаласында теміржолда еңбек етті. Содан кейін Кеңес Одағы Қазақстанның теміржол желісін үш бөлікке бөліп тастаған. Ақтөбеде – Батыс Қазақстан, Целиноградта Тың теміржолы басқармасы бар. Үшіншісі, аты айтып тұрғандай, Алматы теміржол басқармасы сол кездегі республика астанасында орналасқан еді. Осы үш басқарма да тікелей Мәскеуге бағынатын.

Бірде әкем Целиноградта мені электровозға отырғызып, өзімен алып жүрді. Жас баламын ғой, алған әсерім керемет еді. Анау қаз-қатар шпалдар соншалықты жылдамдықпен аяғыңның астына кіріп жатқандай әсер береді. «Жол ашық» дейтін жасыл шамдар ашып-жұмылған көз сияқты көрінетін. Екі жақтағы электр бағандары бірінен кейін бірі қол бұлғап қала береді. Қос қатар рельс қалың ағашты, кең даланы қақ жарып көкжиекке дейін сіңіп жатыр. Соны қуалап тауыса алмаған электровоздың ішінде қанат біткен құстай болып мен, менімен бірге бүкіл арманым ұшып келе жатқандай. Қарсыдан кенеттен шығып, тура жанымыздан жолаушылар мен жүк составтары өтеді. Электровоз жүргізушілері екі пойыз жанасып, бір-бірінің қасынан өте бергенде міндетті түрде қышқыртып белгі береді. Оның даусы әлі күнге құлағымда.

Ол кезде машинистердің бәрі әкемді таниды екен. Беделі өте жоғары болыпты. Суреті локомотив депосының Құрмет тақтасына ілініпті. Бірақ әкем оған еш мақтанбайтын. Қарапайым, сабырлы қалпын сақтайтын. Қазақстанда алғаш электровозды тізгіндегендердің бірі екеніне кейін де өзі мән бере қоймады.

Әкем Омбы теміржол инженерлері институтында «теміржолдың электр-механигі» деген мамандықты оқып, диплом алған. Бұл әкемнің теміржол саласындағы табысты қызметіне жол ашты.

Жас кезімде әкем бір тәуліктен соң сапардан оралатын. Маңдайымнан иіскеп, анам дайындаған асты ішкен соң демалудың орнына, йогадан жаттығу жасауға әрі өзінің тобына жаттығу жасатуға спортзалға кететін. Одан кейін үй болған соң әлденені жөндеуге кіріседі. Ол тұста тұрмыстық техниканың сапасы қазіргідей емес. Айналмай қалған кір жуатын машина, ортасындағы сымы жанып кеткен электр шәйнек, кейде тіпті су тамшылай бастаған сантехника болсын, әйтеуір әкемнің шебер қолын күтіп тұрған бірдеңе табылады. Бала кезімнен ең болмаса бір рет «шаршадым» деп диванда шалқалап жатқанын көрмеппін. Басқа сәттері көз алдыма келгенмен, дәл осылай төбеге қарап, тірліксіз жатқан кезі жоқ екен.

Кешікпей әкем сонау Сургут қаласына теміржол электрик-механигі болып аттанды. Бұл – Кеңес Одағы Батыс Сібірдегі мол мұнайды жедел игеруге кіріскен жылдар. Ол жақта жұмыс істегендердің жалақысына бірнеше есе үстеме қосылады екен. Қыстағы күннің сұрапыл аязына, жазда батпақты тайганың қалың маса-шіркейіне және басқа тұрмыстық қиындықтарға қарамастан, Сібірге жұмысқа сұранды. Өйткені ол үлкен әулеттің бас көтерері еді. Әкесі мен шешесі, яғни менің атам мен әжем дүниеден өткен соң, әрі алдындағы ағасы Қасымхан көлік апатынан қаза тапқан соң барлық салмақ әкемнің мойнына түсті. Шешеден жас қалған қарындастарына жоғары білім беріп, тұрмысқа ұзату керек. Мұның бәрі тек ақшамен шешілетіні даусыз. Өзінен кейінгі інісі Мырзаханды жетімдік көрсетпей жетілдіру керек. Рас, әкеміз әулетінен жырақта жүрді, іні мен қарындастары ауылда бір-біріне серік болып өсіп жатты. Алайда соның бәріне керекті қаражатты алыстағы әкем табуға тиіс. Жай алыс емес, өте алысқа – Сургутқа бір-ақ тартуының жалғыз себебі – осы.

Әкемнің бойындағы сарқылмас қуаттың көзі де осы тұстан табылады. Қарапайым, бірақ қажетті шындық – тоқтауға болмайды, «шаршадым» деп айта алмайды. Өйткені мына әулеттің ендігі тірлігі тек осы кісінің қолына түсетін қаражатқа қарап тұрды.

Әкем о дүниелік болғанда шешем, өзім, әйелім мен баламмен қатар, бүкіл туыстар – іні-қарындастары қатты қайғырды. Рас, бұл күнде бәрі жетілген, өздерінің ұл-қыздары да қым-қуыт тірлікке араласып, табыс тауып отыр. Бірақ ешқайсысы әкемнің тынымсыз жұмыс істеп, солардың бәріне жағдай жасау қамымен еселеп еңбек еткенін ұмытпайды.

Әкем бірнеше жыл Сургутте еңбек еткеннен кейін «ел жаққа барайық» деп демалыс алып, Алматыны жағалаған. Жоғарыда айттым, мұнда Алматы теміржол басқармасы орналасқан. Сарыағаштан Семейге дейін созылып жатқан болат жол соған қарасты. Алматыдан әкем туған өңірдегі Лепсі мен Матайға дейін бірталай теміржол стансалары бар. Жұмыс табуға еш қиналмайтынын сезіп, Сібірден оралған ғой. Бірақ, қызық болғанда, оны мүлде басқа сала күтіп тұрыпты.

Пойыздан түсе сала Алматы теміржол басқармасын нысанаға алып келе жатса, алдындағы бір мекеменің маңдайшасында «Іске қосу-реттеу басқармасы» деген жазу тұрады. Ал әкем Целиноградта электровоз машинисі бола жүріп, Павлодардағы Индустриалды институтта сырттай оқыған. Өзі сапардан оралып, жұртты йогаға жаттықтырып келген соң алдағы семестрдің емтихандарына дайындалатын. Үйде іші техникалық терминдерге толы кітаптар көп еді. Мені суреттері қызықтыратын. Ал әкем соларды парақтап оқып, көкейге құйып жүрді. Курс жұмыстары мен диплом жұмысын да көз майын тауысып, сол кітаптарды оқып отырып жазды. Сөйтіп, Павлодар индустриалды институтының дипломын алған. Жай емес, бірінші категориялы инженер. Тура осы іске қосу мен реттеу саласының маманы болып шыққан.

Жалпы кейбіреулер тиіп-қашып оқып, жалғыз дипломды зорға алады. Соның өзінде әрі қарай білім іздеуден беті қайтады. «Оқудан жалықтым» дейді. Ал әкем болса «шаршадым» деместен, үш бірдей жоғары оқу орнын бітірді. Және сонда алған мамандықтарының бәрі кәдеге асты. Үшінші жоғары білім үшін Қазақ спорт және дене шынықтыру институтында оқыды. Бұл жоғары оқу орнында күші тасыған, алдағы уақытта спортта маңдайы жарқырауды армандайтын кілең жастар оқып келсе, қырықтың қырқасына іліккен тұсында әкемнің солармен бір қатарда диплом алғаны – ерекше құбылыс. Оның пайдасын өзі ғана емес, қазақ даласындағы көптеген отандастары көргені бөлек әңгімеленеді.

Манағы әңгімені сабақтасақ, әкем әлгі маңдайшасында «Іске қосу-реттеу басқармасы» деп тұрған ғимаратқа кіреді. Бірден бастығына жолығады. Бұл Қазақ тұтыну қоғамдары одағына қарасты мекеме көрінеді. Жұмыс іздеп келген әкеме қайтадан Целиноград ұсынылған. Тағдырдың тартуы ма, тәлкегі ме, кім білген?!

Тұтыну қоғамдары одағы сол кезде Қазақстанның солтүстігіндегі облыстарда көкөніс өңдейтін, лимонад пен басқа сусындар құятын, нан, макарон өнімдерін шығаратын, ет ыстап, шұжық жасайтын бірнеше өндіріс орнын ашуды жоспарлапты. Оларға қажетті желілер мен құрал-жабдықты басқа одақтас республикалар мен Экономикалық өзара көмек кеңесіне мүше елдерден алғызып жатыр. Енді осы желілерді, жылу қазандықтарын іске қосуға келгенде дағдарып қалған. «Кім, қайтіп іске қосып береді» деп бастары қатып отырған кезде әкем бұл мекеменің табалдырығын аттаған ғой. Оны кездейсоқ жағдай емес, заңдылық деп ойлаймын.

Содан тағы тынбас тірлік басталады. Әкем Целиноградтан жаңадан ет өңдеу цехы салынған Көкшетауға кетеді. Апталап жүріп, жаңадан өндіріс орнын жүргізіп келеді. Одан демалыс жоқ, осы Целиноградтың бір ауданында нан зауытының желісін іске қосуға аттанады. Одан Қостанай, одан Солтүстік Қазақстан дегендей, бір тыным таппады. Бірақ «шаршадым» демеді. Бұл қызметті атқарғанда өзін танытуға тура келді. Өйткені мүлде танымайтын ұйымда үлкен сенім көрсетілді. Целиноградта не салынған ғимараты, не дайын қызметкері жоқ тақыр жерден «Қазақ тұтыну қоғамдары одағының аймақтық іске қосу-реттеу басқармасы» атты мекеме құрып, оны аяғынан тік тұрғызды.

Бір мысалын келтірейін. Бірде ол кісінің мекемесі Целиноград қаласының іргесіндегі Рождественка селосында мал соятын цехтың желісін орнатуға тапсырма алды. Бұл желі Венгрияда жасалған. Бұған дейін Қазақстанда ешкім оны құрастырумен айналыспаған болып шықты. Әкем бірнеше күн отырып, әлгінің құжаттарын, нұсқаулығын оқып-зерттеді. Сосын барып өзінің мамандарына тапсырма берді. Ақыры ол басқаратын аймақтық басқарма бұл міндетті абыроймен орындайды. Одан кейін бұлардың даңқы асып, тапсырыс үсті-үстіне келе берген. Әкем сонда да «шаршадым» демеген. Бүгінде әлгі село Нұр-Сұлтан қаласына жақын жердегі Қошқарбаев ауылы атаныпты.

Оны жақындары мен біздің болашағамыз үшін жауапкершілік қамшылады. Біз ақыры армандаған Алматыға көшіп, әкемді Боралдайдағы құрылыс материалдары зауытына директор етіп тағайындағанда тіпті ұйқы дегенді ұмытты. Күндіз-түні сол зауыттан шықпады.

Бұл 1983 жыл еді. Мен оң-солымды танып қалғанмын. Бірде әкем үйге оралғанда анама өзін Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Төрағасының бірінші орынбасары Василий Гребенюк шақырғанын айтып келді. Бұл, қазіргі тілмен айтқанда, бірінші Вице-премьердің лауазымы. Ол кісі әкеме «егер Боралдайдағы құрылыс материалдары зауытына бас директор болып, бір жылда зауытты өз жоспарын орындайтын деңгейге жеткізсең, Алматы қаласынан бірден пәтер аласың» деп шарт қойыпты. Әкем келіседі. Енді бұл қызметке тағайындау үшін үкімет басшысының бірінші орынбасары оны Қазақ КСР Құрылыс материалдары министрі Беркімбай Пәрімбетовке жібереді.

– Алматының шетіндегі артта қалған зауытқа неге бара жатырсың? – деп сұрайды министр.

Әкем оған үкімет басшысының бірінші орынбасарымен арада болған әңгімені айтады. Сонда министр басын шайқапты.

– Онда саған жуық арада пәтер тие қоймас. Боралдайдағы зауыттың жоспарды орындауы мүмкін емес. Өте қиын жағдайда қалған кәсіпорын. Бекер келіскенсің, – дейді.

– Қазақ «шешінген судан тайынбас» деген. Барамын! – дейді әкем.

Министр сол жерде Қажымқан Мәсімовті Боралдай құрылыс материалдары зауытының бас директоры қызметіне тағайындауға бұйрық береді. «Пәтер берер-бермес, бірақ министрдің «зауыт жоспарын орындай алмайды» дегені мені қамшылады» деген екен сол күндері анама.

Ал зауыттағы жағдай қандай деңіз? Директорлар шыдамай бірінен соң бірі ауыса берген. Қайдан шыдасын, 400-ден астам жұмысшысы тегіс сотталып, қара жұмысқа кесілгендер екен. Ол замандағы Қылмыстық кодексте «жазасын ауыр еңбекпен өтеу» деген статья болатын.

Зауыттың басты қасіреті – ұрлық. Дайын кірпішті, келген шикізатты, пешке керек көмірді жаппай ұрлап, сатумен айналысатын көрінеді. Жаңа директор алдымен зауыт аумағына биік қоршау салады. Сосын бүкіл айналасын тазартады. «Жоспар орындалар-

орындалмас, бірақ тұратын жеріміз таза тұрсын» дейді мамандарына. Мұнда Экономикалық өзара көмек кеңесіне мүше мемлекет Болгарияда жасалған желі қойылыпты. Оның тілін білетін маман-

жұмысшылар қайда? Бәрі – сотталып, жазасын еңбекпен өтеп жүргендер. Мына желіні меңгеретіндей мамандықтары жоқ. Сондықтан желінің істегеннен тұрғаны көп көрінеді. Әйтпесе өнімділігі жоғары-ақ зауыт көрінеді.

Әкем не істеді? Желіге келетін барлық сымдар мен кабельдерді қабырға мен еденнің ішіне кіргізіп қойды. Пульттер құлыптанды, кілттері мен кодтары тек кезекші мамандарға мәлім. Өйткені жұмыс істегісі келмейтіндер мен қоғамға, зауытқа қастық ойлағандар әдейі сымдарды қиып, кабельдерді тұйықтап жүргенін анықтаған. Енді желі тоқтаусыз жүре бастады. Кірпіш күн сайын мың-мыңдап шығып жатты.

Тура бір жыл өткенде әкемді үкімет басшысының бірінші орынбасары қайта шақырыпты.

– Ал, Мәсімов жолдас, жоспар қаншалықты орындалды?

– Бір жылда 45 миллион дана кірпіш шығардық. Өкінішке қарай, жоспардағы 60 миллионға жете алмадық, – деп әкем шынын айтады.

Сонда Министрлер Кеңесі Төрағасының бірінші орынбасары Гребенюк телефон арқылы әлдебір есепті көрсеткіштерді алғызып, салыстырып шығады. Сөйтсе, бүкіл Кеңес Одағында осы типтес 18 кірпіш зауыты бар көрінеді. Бірақ бірде-бірі әлі күнге жылына

30 миллион дана шығарудан аса алмаған. Боралдайдағы зауыт көрсеткіш жағынан мемлекетте бірінші орынға шығып тұр екен. Үкімет басшысының бірінші орынбасары бұл нәтижемен әкемді құттықтайды. Уәдесінде тұрып, Алматыдағы Жандосов пен Жароков көшелерінің қиылысында салынған жаңа үйден үш бөлмелі пәтер бөлгізген. Сөйтіп, біздің отбасымыз бұдан былай алматылық атанып, қаладағы заңды тіркеуге ие болды. Айтпақшы, дәл осы үйдің қабырғалары әкемнің зауытында шыққан кірпіштермен қаланған.

Тағы бір жайтты ұмытып барады екенмін. Әкем кірпіш зауытындағы желінің ешқашан жылына

60 миллион дана кірпіш шығара алмайтынын іспен көрсетті. Сөйтіп, осы типтес зауыттардың құжатындағы «қуаты – жылына 60 миллион дана кірпіш» деген деректің қате екенін дәлелдеді. Бірер жылдан кейін КСРО Мемлекеттік Жоспарлау комитеті осындай зауыттардың жылдық жоспарын 45 миллион данаға түсірді. Басқа 17 зауытқа осы 45 миллион дана да арман болып тұрса, әкем бұл жоспарды жыл сайын 100 пайызға орындап отырды.

Әкеме еріп, Боралдайдағы Құрылыс материалдары зауытына бірнеше рет бардым. Басында аңғал-саңғал, бүкіл құрал-жабдығы шашылып жатқан кәсіпорын еді. Тіпті адамдарының түрі қорқынышты көрінетін. Арада жылдар өткенде іші-сырты толық тазарды. Жасыл желекке бөленді. Жұмысшыларының киімі де, түрлері де өзгерді. Өздері күліп жүре бастады. Тап-таза асханадан тамақ ішетін болды. Жалақылары жоғарылады, әрі уақытылы қолға тиеді. Бәрі жоспар орындалған сайын сыйақы алып жатты. Кірпіш өндіру мәдениеті де жақсарды.

Әкем зауытты басқарып тұрғанда тағы «шаршадым» деп айтпады. Бастапқыда сотталғандармен жұмысты бастағанда жүйкесі қалай шыдаған? Шамасы, йогамен айналысқанының пайдасы шығар.

Сонымен, әкемнің ешқашан шаршамай, өмірінің соңғы күніне дейін еңбек еткеніне таңғаламын, әрі ризамын. Ал йога туралы әңгімелеудің кезегі енді келген сияқты.


Нұрбану әжем


Қасым атам


Нағашы атам Кәрім Әжібеков


 



«Өнерді үйрен де жирен деп жатады. Жас шақта әр өнерді үйренген абзал. Бірақ әр нәрсенің басын бір шалып емес, түбегейлі, табанды меңгеруге тырыс, қай дүниені де. Сонда ғана нәтиже болмақ. Өзіңде жоқ өнерді, өзіңде жоқ қасиетті өзгеден көрсең – талпын соған. «Болмасаң да ұқсап бақ» дейді, тағы да Абай. Талапты ерге нұр жауар...»


Әкемнің өсиет сөздері. «Аманат» кітабынан


 


ІІІ тарау


ТІРЛІГІНІҢ БІР ТІРЕГІ


Йога мен әкем. Бұл тақырыпты терең зерттеуге болар еді. Өзімнің есімде қалғандарына тоқталайын.

Иә, ес білген кезімнен бері ол кісі осы жұмбақ өнермен жанын сала айналысқанын көрдім. Оны қазақ даласына әкелгеннің бірі болды. Йога кең таралған спорт түрі емес, сондықтан бұл саланы алғаш насихаттаушылардың бірі Қажымқан Мәсімов екенін ешкім біле бермеуі мүмкін.

Еліміздің әр азаматы йогамен айналысса, дені сау, тәні мен жаны үйлесімде өмір сүрер еді. Міне, әкем елу жылдан астам уақыт бойы осы бағытты ұстанды, оның дұрыстығына баласы – мен де еш шүбә келтірмеймін.

Онда Целиноград қаласында тұрдық. Күн сайын ертемен әкеммен бірге йога асанасын жасап, жаттыға бастадым. Төбеммен тұратынмын. Өзім үшін қызық. Сосын атақты «лотос позасын» қайталайтынмын. Әкем осы қалпында ұзақ отырады. Мен баламын, ішім пысқанша ғана жасап, тұрып кетемін. Әлі күнге осы позаларды қайталай аламын. Бірақ бала кезімде сүйегім қата қоймаған, йоганың асаналарын еркін жасайтын едім.

Жалпы, ол заманда өркениеттен алыс ауылда өскен, йоганың атын да естімеген, затын да көрмеген кісі оған қалай әуес болып, маманданды? Бұл – өте қызғылықты сұрақ.

Әкемнің қатарластары күреспен әуестенді. Түрлі доп ойындарын ойнады. Інісі Мырзахан көкем әлі күнге дейін зейнеткерлердің волейбол командасында ойнайды. Бірақ әлгі ортада, аудан, облыста, тіпті республикада алпысыншы жылдар соңында йогамен шұғылданған ешкім болмаған.

Өзінің естеліктеріне қарағанда, оқиға былай басталған. Омбыда, теміржол инженерлерін даярлайтын институтта, оқып жүрген кезінде денесі толысып, салмағы 116 келіге дейін жеткен. Сабақ оқи жүріп, кешкілік уақытта Теміржол ғылыми-жобалау институтының тапсырмасымен чертеж сызып, көшірмелер жасайды екен. Пысықтығының арқасында осы ғылыми мекемеге жарты ставкаға қызметке тұрған. Оның себебі белгілі, алыс ауылда қалған іні-қарындастың қамы. Ол кезде бүкіл студент ауылдағы әке-шешеден ақша алғызып, оқумен қатар, сайран салатыны ешкімге жасырын емес. Әкем ғана оқып жүріп ақша тауып, әке-шешесіз қалған бауырларына ай сайын салып тұрған.

Чертеж оңай емес. Өте дәлдікті талап етеді. Жүйкеге біраз жүк түсіреді. Өзі сабақтан жаңа шыққан студент бірнеше сағат үстелге үңіліп, шамның жарығымен сызба жасауға кіріседі. Осының бәрі қосыла келгенде жүрек пен жүйкеге салмақ салған. Ғылыми-жобалау институтының директоры Екатерина Никулина осыны байқап, йогамен айналысуға кеңес береді. «Йога деген не?» – деп сұрайды әкем. «Пайдалы жаттығулар. Оны жасасаң, деміккенің жоғалады. Тыныс алуың түзеледі», – дейді директор.

Тура сол уақытта Омбы қаласында алғаш йогамен айналысушылар үйірмесі ашылып, директордың өзі жаңадан естіген екен. Әкем оның айтқанын тыңдамайын десе, жарты ставкадан айырылып қаламын ба деп қорқады. Онда ауылға жіберіп отырған ақшаның көзі тартылып қалмақ.

Не керек, Екатерина Михайловнаға еріп, әкем үйірменің есігінен аттайды. Омбы облыстық ауруханасынан үлкен бөлмені осыларға беріпті. 80 адам йога тәсілімен емделіп жатыр екен. Байқаса, бәрі дерлік – ересек адамдар. Түгелдей өздері сары, көздері көк кісілер. Арасына қазақтың қара баласы осылай қосылады.

Жоқ, бастапқыда қоспайды. Өйткені жаттықтырушы бұларға «орын жоқ» дейді. Директор әйелдің «менің қызметкерім, алыстан келген жас жігіт еді, жүрегі қағады, белінің құяңы бар» деген уәждеріне қарсы жаттықтырушы өз уәждерін айтады: «Тізім толық, жаттығамыз дегендер жарты жыл бұрын жазылып қойды». Ақыры директор әкемді бір айдан кейін топқа қосуға жаттықтырушыны көндірген. Тіпті жас маманның жаттыққан ақысын өзі төлейтінін ескертеді.

Бір айдан соң әкем барады. Жаттықтырушы ерегескендей әйелдердің тобына қосыпты. Әлде намысын қайрағысы келді, әлде әйелдерге күлкі, ермек болсын дегендей басқадай ойы болды ма, кім білсін?

Бірінші күнгі жаттығудан соң денесі қимылдатпай, бүкіл сүйектері қозғалмай қалғанын кейін өзі күліп еске алатын. Содан директорға «қатыспай-ақ қояйыншы» деп жалыныпты. «Тіпті әскерде бұлай қинамайтын шығар» депті. Ол уақытта жоғары оқу орнына түсіп кеткендерді Кеңес армиясы қатарына шақыра қоймайтын. Директор болса «денең бұрын бұлай қозғалмаған, сондықтан құрысып тұр, аз уақыттан кейін ысылып шығасың» деп, қайтадан үйірмеге өзі жетектеп кіргізген.

Кейде осындай қамқор адамдар болғанына қайран қаламын. Танымайтын, басқа ортадан келген жас жігітке Екатерина Михайловна Никулина неге сонша қамқорлық жасады екен? Кісіліктің биік өлшемі – осы шығар. Рас, арада жылдар өткенде әкем басқаларға да осындай жақсылықты жүздеп жасады. Алдына қиналып келгеннің ешбірінің меселін қайтармады. Өзінің бастан асып жатқан жұмысын тастап, солардың шаруасын шешумен айналысты. Өмірдің тірегі осындай кісілер сияқты көрінеді кейде маған.

Сонымен қайтадан үйірмеге қосылғанда енді жаттығу жасаудан басқа келесі қиындық күтіп тұр екен. Бұл, шамасы, әкем үшін біріншіден де ауыр соққан сияқты. Йогамен айналысып жүрген бастапқы төрт айда қуырылған тамақ жемеуі керек. Майлы ет пен балыққа, тауық пен табадағы картопқа енді жоламайсың. Әкем бұған көнгісі келмейді. «Сонда не, аштан өлуім керек пе?» деп үйірмеден бас тартады. Мәселе тағы директордың алдына жетеді. Ол кісі зорлағандай болып және жетелеп әкеледі. Бар ақылын айтады.

Жалпы, әкем жастардың айтқанды құлақтарына құйып алғанын ұнататын. Өзі сөзін көп шығындамайды. Бірақ, аз болса да, бір айтқан ақылынан нәтиже шығар-шықпасын бақылайтын. Айтқанын дұрыс орындағандарды одан әрі жетелеуге пейілді еді, ал бір рет айтқаны жерде қалса, ондай адамды қайта қасына ерте қоймайтын.

Сонымен аш қалу қатерін ойлап, шегіншектесе де, өзінің ойын жеңіп әрі жасы үлкен, жарты ставка болса да, жалақы беріп отырған директорды сыйлап, үйірмеде тұрақтап қалады. Жаттықтырушы біртіндеп басқа көзбен қарай бастапты.

Әкем кешікпей алғашқы нәтижеге жетеді. Екі айдан кейін 116 келі салмағы 86-ға түседі. Жүріс-тұрысы жеңілдейді. Орнынан тез тұрып, жедел жүретін болады. Тынысы ашылады, демікпесі басылады. Бұрын жүрегі жиі қағатын болса, енді оны ұмытады. Өзінің еске алуынша, сол кезден бастап өмірге құштарлығы артады. Енжарлық, бойкүйездік дегенді ұмытады. Демек, йога әкемнің денесін ғана жақсылыққа өзгертіп қоймай, ішкі жан дүниесін бұрынғыдан басқа әлемге бастапты.

Төрт айдың ішінде асана жасаудан үйірмеде бұрыннан жүргендерді басып озады. 47 келі артық салмақтан арылып, енді денесі 69 келіге түседі. Жаттықтырушы «болды, бұдан әрі бір кило да арықтамайсың» деп осы шекке тоқтатады. Бүкіл топта «лотос позасында» әкемнен артық отыратын ешкім болмайды. Өзі осыны айтқанда «енді қазақта малдас құру деген бар. Біз Ақсуда шалдардан малдас құруды көріп өстік емес пе» дейтін.

Жаттықтырушының да өз есебі бар екен. Төрт ай өткенде сексен адамға «осымен бәрін меңгердіңдер» деп қоштасып, арасынан 8 шәкіртті жеке алып қалады. Бұларды енді өзі сияқты жаттықтырушы болуға баулымақ екен. Оны үйренгендер өз бетіне топ ашып, басқаларды жаттықтыра алады. Осылайша, йога өнері кең-байтақ Кеңес елінің әр аймағына біртіндеп тамыр тартуға тиіс.

Әкем Целиноград қаласына электровоз машинисі болып келгенде йогамен үйде оңаша айналысып жүрді. Қасына мен қосылып, басыммен тұратыным, «лотос позасында» отыратыным – осы кез ғой.

Бір күні ғайыптан тайып, Омбыда өзіне жаттықтырушы болған Анатолий Шорников Целиноградқа арнайы ат басын тіреп, байланысқа шығады. Хал-жағдай біліскен соң:

– Қалай, Қазақстанда йога тобын аштың ба? – деп сұрайды.

– Жоқ, – дейді ол туралы ойламаған әкем.

– Мен сені босқа оқыттым ба? Қазақстанның атынан бір өзің оқыдың, ал бұл республикада әлі бір үйірме құрылмаған, – деп ұялтуға тырысады ұстазы.

– Мұнда ашсам, бәрібір Омбыдағыдай емес, халық келмейтін шығар, – деп сылтауратады енді әкем.

– Келгенде қандай, мен бастап берейін, әрі қарай өзің жалғастырасың, – дейді Шорников.

Сөйтіп, өзі көшелерге хабарландыру іледі. Қызыққан адамдар қаптап кетеді. Екеуі арасынан 60 адамды таңдап алады. Бір ай өзі жаттықтырады. Қасына әкем ілесіп, барлық асананы топқа қатар көрсетіп жүреді. Содан кейін Шорников Ресейге қайтатынын айтыпты.

– Енді Қажымқан Мәсімов жаттықтырушы болады. Ол барлық тәсілді жетік меңгерген. Арнайы жаттықтырушы курсынан өткен, – деп таныстырады. Әрине, топ мүшелері онсыз да таниды. Күнде көріп көздері үйренген.

Не керек, енді әкемнің тізгін ұстауымен жаттығулар жалғасады. 60 адам уақытылы, тиянақты қатысады. Арасында тіпті сол кездегі Целиноград медицина институтының ректоры болған. Бірер күннен кейін «әйелім ауырып жүр еді, оған пайдалы болатын сияқты» деп зайыбын ертіп әкеліпті. Ол өте толық әйел көрінеді. Сонда да тырысып, барлық жаттығуларды тыңғылықты орындауға ұмтылады. Біртіндеп артық салмақтан арыла бастағаны байқалады. Жүрек қағысы ретке түсе бастаған. Сонда өзі ғылым докторы болса да, медицина институтының ректоры йоганың пайдасын мойындапты. «Әйелімді емдеу жолын таппап едім, ол йогада жатыр екен» деп ағынан жарылған.

Мен де бірталай рет осында әкеммен бірге келіп, топты қалай үйреткенін көретінмін. Әкемнің әрбір асананы қалай жасайтынын үйде көріп жүргенмін. Тіпті ол кезде жаттығуларының аттарын көкейде жаттағанмын. Енді көпшілікке соны қалай үйретіп жатқаны қызық көрінетін.

Алайда бұл қызық ұзаққа созылмады. Сол кездегі облыстық партия комитетіне арыз түсіпті. Онда «Мәсімов деген біреу келіп, Целиноградта секта ашты. Жұртты намазға жығып жатыр» деп қисынсыз жазылған. Иә, сол заманның домалақ арызы туралы әкемнің қатарласы болған, жерлес жазушымыз Сайын Мұратбеков бірде күйініп: «Арыз неғұрлым қисынсыз болса, соғұрлым өтімді келеді», – депті. Бұл жолы да тура солай болды. Йога қайда, намаз қайда? Тек йога асаналарының бірінде екі қолды құлаққа қойып, еңкейетін поза бар, соны намаз деп ойласа керек. Осы позаны орындап жатқанда топты сыртынан фотоға түсіріп, арызға қоса жолдапты.

Не керек, әкемнің басына бұлт үйірілді, үйірмеге жабылу қаупі төнді. Әкемді анау-мынау емес, Целиноград облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Кручинаның алдына апарады. Ол бұл мәселемен айналысуды қалалық партия комитетіне жүктейді. Сонымен дәрігерлерден, ғалымдардан және спортшыдан тұратын 8 адамдық комиссия құрылып, әкемді шақырады. Сұрақтары мүлде қисынсыз екен, оны қандай ниетпен қойып отырғандары бір дегенде байқалмайды. Арасындағы біреуі:

– Йоганың спорттың жүгіру түрімен айналысатындарға пайдасы бар ма? – деп сұрайды.

– Пайдасы болғанда қандай! – дейді әкем кідірместен. – Біріншіден, йога спортшының тыныс алу органдарын шынықтырады. Ал жүгіретін жанға тыныс алудың маңызды екені белгілі. Екіншіден, жүгіретін спортшының буындары өте мықты болуы керек. Йогада көптеген жаттығулар осы буындардағы байланысты күшейтеді.

Сөйткенше, комиссияның келесі мүшесі йоганың гимнастикаға пайдасы туралы сұрайды.

– Йога дегеніміз – гимнастиканың шарықтау шегі, – деп жауабын бастайды әкем. – Гимнастар былайғы адамның буындары икемделе алмайтын жаттығулар жасайды. Ал ондай жаттығу йогада одан терең қарастырылған.

Бұл жауап аяқталмай жатып, үшіншісі «Йоганың күреспен шұғылданатын спортшыға керегі қандай?» деп сұрасын. Тақырыптың спорттың төңірегін шиырлай бергені әкемді шамдандырса да, бойын сабырға жеңдіріп, оған толыққанды жауап беруге тырысады.

– Күрес пен йоганың арасында бірнеше қажетті байланыс бар. Күрескен спортшының басты мақсаты – қарсыласын тырп еткізбей ұстау емес пе? Ал йогада «темір қышқаш» жаттығуы бар. Соны үйренген палуан қарсыластың қолын қатты қысып тұрып-ақ әлсіретіп жібереді, – дейді әкем.

Комиссия бұл жауапқа да риза емес сияқты. Келесі біреуінің сұрағының сиқын қараңыз: «Йога өзі жеңіл атлетикаға керек пе?» Қазақ «шыдамның да шегі бар» демей ме. Әкем «бұл сұраққа жауап беріп кеткенмін» деп шарт кетеді. Комиссияның ниетін сонда түсінеді. Олар бар болғаны Қажымқан Мәсімовтің ақыл-есінің түзулігін тексеріп көрмек екен. Ашуландыру, ызасын келтіру арқылы «ақыл-есі орнында емес» деп қорытынды шығаруға тырысқан. Арғы жағы түсінікті, ақыл-есі бұзылғандарға арналған ауруханаға аттандыра салмақ. Осы жерде әкемнің йогамен айналысқаны өзіне көмектескені анық. Ол кісі ішкі сабырын сақтаған. Айналасындағы қатерден ішкі әлемге терең бойлау арқылы өзін аман алып қалған.

Бірақ үйірмені сақтау мүмкін болмады. Жауып тастады. Әкем партия қатарында жоқ болғандықтан, қалалық комитеттегілердің еш шара қолданар айлалары болмады. Бар ашуларын үйірмеге қатысқан, әйелін де әкелген ректордан алыпты. Осы шудан кейін ол Целиноград медицина институтын басқарған қызметін тастап, сонау Пензаға көшіп кеткен. Көшер алдында әкемді іздеп тауып, арнайы қоштасыпты. «Сенікі дұрыс, тек өзіңе мықты бол» деп айтыпты. Демек, сол кезде медицина мойындағанды партия ұйымы мойындамаған болып шықты ғой.

Бәрібір йога әкемнің өмірлік серігінің бірі болды дей аламын. Ол Алматыға орныққан соң, Боралдайдағы құрылыс материалдары зауытын Бүкілодақтық жарыста бірінші орынға шығара жүріп, йога үйірмесін ашуды ұмытпады. Сол кездегі республиканың Спорт министрі Аманша Ақбаевтың қолдауымен ғимарат бөлінді. Йоганың пайдалы іс екенін біліп, денсаулық сақтау министрі, медицина ғылымдарының докторы, академик Төрегелді Шарманов қолдады. Ол кісі өзі топқа келіп, уақытына қарай қатысып жүрді. Әкем үйреткен йоганың пайдасын көрген тағы бір министр Рымбек Байсейітов болатын. Қаржы министрі жаттығулардың арқасында артық салмақтан арылып, өзін еркін сезініп, жиі рахметін айтып жүріпті.

Осындай белгілі тұлғалардың қолдағанына қарамастан, баяғы домалақ арыз бұл жерде соңынан қуа жетіп, тыныштық бермегенге ұқсайды. Жалпы, йогаға Кеңес Одағында еш ресми тыйым салынбаған. Бірақ жергілікті билік онымен айналысатын топтарға көз алартып қарай берген. Енді әкемді «ешбір арнайы білімі жоқ, шарлатан» деп көрсетіпті. Бұл арыз, түптеп келгенде, әкем үшін пайдаға асса керек. Ол кісі Қазақ дене шынықтыру және спорт институтына оқуға түсіп, ойдағыдай бітіріп, дипломын алады. Өйткені баяғы Омбыда Шорниковтің сегіз адамды жаттықтырушы ретінде үйреткені мойындалмайтыны түсінікті. Қазіргі тілмен айтқанда, сертификаты болмаған ғой. Әрине, әкем топқа йога үйреткенде Шорниковтің қағидаларын басшылыққа алады, ал құжат түрінде Қазақ дене шынықтыру және спорт институтының дипломын көрсетуге тура келген.

Өстіп жүріп, ақыры еліміздің тәуелсіздігі жарияланған күнге жетті менің әкем! Енді шынайы еркіндік алды. Ешкім йога үшін қудаламайтын болды. Қайта оның пайдасын көріп, жұмысына мүмкіндік берілді. Осы саланы негізге алып, алғаш өз йога орталығын ашты. Мұнда бастапқыда йогадан сабақ жүрді, кейін ол көпсалалы болып кетті. Әкемнің бұл орталығы туралы арнайы сөз етемін. Сондықтан әзірге йога тақырыбын тауысып алайық.

Тәуелсіздік берген мүмкіндіктерді пайдаланып, елімізде Қазақстан Йогтары ассоциациясы құрылды. Оның құрылтайында барлық йогтар бір ауыздан Қажымқан Қасымұлы Мәсімовті қауымдастықтың басшысы етіп сайлады. Бұл әкемнің талай жылғы йога үшін күресіне, жеткен жетістіктері мен жеген таяқтарына деген құрметтің белгісі еді.

Йога үшін әкем талай таяқ жесе де, оның жеке адамға көп пайдасы тиді. Ұмытпасам, 1984 жыл ғой деймін. Әкем көшеден өкшесі қисайып кеткен әйелді көріп қалыпты. Бұған дейін ондай ауру түрін жолықтырмаған екен. Байғұс бұраңдап жүре алмайды. Әкем тоқтатып алып, жөнін сұрайды. Анау әйел бірнеше жылдан бері сүйегі қисайып кеткенін айтады. Енді тіпті аяқкиімін кие алмай қор болып қалыпты. Аты-жөні – Арифа Исенғұлова. Содан қаралмаған дәрігері жоқ. «Құяңсың» дейді, бірақ емдей алмайды. Тіпті Кавказдың курорттарын шарлап шыққан. Еш шипа болмаған.

Міне, Арифаның көшеде әкеме жолыққаны оның өмірін елеулі түрде өзгертеді. Әйелдің халін көріп, жаны ашыған әкем «Онда менің йога тобыма кел. Сені еш ақысыз жаттықтырамын. Түбінде дұрыс жүріп кетесің» деп байланыс телефоны мен йога тобының мекенжайын жазып береді. Өз туысқандарымен ақылдасқан әйел, сөйтіп, менің әкемнің тобына келіп қосылыпты.

Топқа келген соң Арифаға қарап, «мә, мына кілемшеге отыр да, менің көрсеткенімді істей бер» дейді әкем. Басқа барар жер, басар тауы қалмаған ауру әйел қанша қиналса да, жаттықтырушының бар айтқанын орындауға тырысты. Бастапқыда оңай болмаған. Оған қарап тұрып, әкем жарықтық өзінің жас кезінде Омбыдағы жаттықтырушының алдына алғаш барғанда қалай қашып кетпек болғанын есіне алады. Сол 1984 жылы Арифа Исенғұлованың өкшесі түзелді, құяң дегенді ұмытты. Бірақ йоганы тастаған емес. Әкемді барынша құрметтеді. Арифа апай жетпістен асқан кезінде Оңтүстік Кореядан келген медицина мамандарының алдында өзінің йог ретіндегі қабілетін көрсетіп, қатты таңғалдырды. Әкем соған қатты риза болды. Өзіне емес, Арифаға. Өйткені өзіне деген мақтаныш сезімін ешқашан білдірген емес.

Йогамен жаттығу әкемді бірнеше рет нақақтан отқа күйдіргенмен, көп ретте өмірін сақтаған сияқты. Өндірістегі жұмыс кезінде дау-талас болмай қоймайды. Болмашы нәрсе үшін бастықтармен таласуға тура келеді. Ашуланшақ адамдар ондайда үстелді бір ұрып немесе есікті бір теуіп шығып кетеді. Сөйтіп, істің артын насырға шаптырады. Ал әкем ондай шиеленісті жағдайда терең йогаға кетіп қалатын. Сөйтіп, өз жанын жадыратып қоймай, айналаны шуақты энергияға бөлейтін. Осының арқасында шатақты тақырып біртіндеп ретке түсіп, бейбіт жолмен шешімі табылатын.

Әкем саланы сипаттаған ғылыми мақалаларды назарда ұстады. Йогаға қатысты түрлі елдерде, оның ішінде АҚШ-та жасалған зерттеулермен танысты. Өзі де арнайы мақала жазудан бастады. Ол «Академия здоровья.кz» журналында «Денсаулықты күту технологиялары» деген тақырыппен жарияланды. Осыдан кейін әкем ізденісті тереңдетті.

«Йога – адамның денсаулығы мен дамуы туралы әмбебап ғылым. Оның түрлері барлық халықтардың мәдениеттерінде әртүрлі атаумен кездеседі. Осы денсаулық сақтаушы дәстүрлі жүйелер – қандай да бір халықтың территориялық, климаттық, мәдени ерекшеліктерінің көрінісі. Олар, шын мәнінде, адамның табиғатпен, қоғаммен және өз-өзімен қарым-қатынасының әдіс-тәсілі болған.

Бұл жүйелер мыңдаған жылдардың сынынан өтіп, халықтық медицинаның әдістері түрінде сақталған. Ол қазіргі заманғы адамның денсаулығын сақтауға және қалпына келтіруге септігін тигізе алады. Бүгінгі заманның міндеті – осы жүйелерді қайта түлету, оларды зерттеп, тиімділігін ғылыми тұрғыдан дәйектеп және қазіргі заманғы адамның өмір сүру жағдайына лайықтау» – деген пікір айтқан.

Міне, жігіт кезінде өз денсаулығы үшін йога асаналарын жақсылап меңгерген әкем енді оны қоғамда орнықтыруға күш-жігерін жұмсады. Ғылыми мақалалары мен сұхбаттары жинақтала келе, интегралды йога туралы монографияға айналды. Өкінішті жері, әкем бұл монографияның жарияланғанын көре алмай өмірден өтті. Бірақ артында йогадағы жарқын ізі қалды. 


Осы саланы зерттеушілердің бірі Б.К.С. Айенгараның: «Йога – кезінде бір рет жағылған, ешқашан өшпейтін жарық. Неғұрлым көбірек қолдансаңыз, жарық соғұрлым жарқырай түседі» деген сөзі йоганың табиғатын дәл сипаттайтын шығар.





«Ескіде талай мықты өткен біздің қазақтың ішінде. Әрине, ел аузы ептеп қосып, кейде өсіріп те айтатын болар, дегенмен шын қасиетті кісілердің болғаны рас. Сенбей жатады, бос сөз деп, бет қаратпай жататын кісілер болады. Сену-сенбеу сенің өз еркің, бірақ біреудің сеніміне қиянат жасауға әсте сақ болу керек. Өйткені сен де пендесің, қанша жерден дұрыс ойлап тұрмын дегенмен, қате пайымдауың мүмкін. Менің ойымша, кез келген дүниеге кесіп пікір айтуға асықпаған абзал».


Әкемнің өсиет сөздері. «Аманат» кітабынан




ІV тарау


АҚСУЫ – АЛТЫН БЕСІГІ


Әлі есімде, 1980 жылдың жазы еді. Өйткені сол жылы Мәскеуде Олимпиада алауы жағылған. Бәріміз жапырлап, үймелеп теледидардың көк экранына телміретінбіз. Сегізінші сыныпты бітірген, 15 жасар мен сол жазды туыстарымның арасында, Жансүгіров кентінде, өткіздім.

Әкем өзі алып барып, інісі Мырзаханның қолына табыстады. Мені көрсетіп, «жаз бойы жұмысқа саласың» деді. Сосын қазақтың «еті – сенікі, сүйегі – менікі» деген сөзін еске алды. Сөйтіп, еңбекке баулығысы келді. Ал анам музыкант болғанымды қалайтын. Сабақты үздік оқуымды қадағалайтын. Не керек, бұл жазда әкемнің дегені болып, саусақтарым музыкалық аспаптар емес, кәдімгі кірпіш ұстауға кірісті.

«Сенен жас кезімде мал қора салғанмын», – деді, әкем сонда. Оны Мырзахан көкем екеуі еске алды. Бала кезінде әкем мен ағасы Қасымхан жазда есіктің алдына бір-бір қора салыпты. Әрқайсысы саманнан кірпіш құйған. Таудан тас әкеліп іргетасын қойған. Саман кірпішпен қабырғаларын қалап, төбесін ағашпен жапқан. Күзгі қалың жаңбыр мен қыста қар басқанда ағасы Қасымхан салған қора құлап, әкемнің салғаны қирамапты. Мұның өзі ауылда күлкілі әңгімеге айналыпты. Әкем інісі екеуі соны еске алды. Сөйтіп, Жансүгіров кентінде, әкемнің туыстарының арасында қалдым.

Одан кішкене кезімде Үшарал жақта тұратын қарындасының үйіне жіберген. Онда Күлән апамыздың өзім құралпылас балалары бар. Солармен жаз бойы өзенге суға түсіп, далада бұзау бағып, айран ішіп, жаңа піскен ыстық нанның арасына сары май салып жеп, дем алып қайтатынмын. Әкем мені туыстарынан бөлек өспесін, жат болып кетпесін деп үнемі ауылдағылармен араластыруға тырысты.

Енді еңбекке баулу үшін інісінің қолына тапсырды. Мырзахан көкем келісіп, мені құрылыс бригадасына қосты. Жергілікті жігіттерден құрылған екен. Аудандық автовокзалды салдық. Силикат кірпішпен қаладық. Жаз бойы соған бетон араластырдым. Денем кәдімгідей ширықты. Күнге күйдім. Ең бастысы, ауыл жігіттерінің әңгімесіне қанықтым. Қолдарында күрек пен қалақ жүрсе де, ауыздары сөзден босамайды. Жүздерінен күлкі кетпейді.

Мырзахан ағамның үйі сиыр ұстап, сүт сауады. Кейде жұмыстан кейін сиырды ағамның баласы екеуміз өрістен іздеп, тауып әкелеміз. Құрылыс бригадасы дем алатын күні шөп шабуға тау қойнауына барамыз. Менің ауыл туралы естеліктерім осымен шектелсе, әкем туған жерінен кіндігін үзбеді.

Әкемнің Ақсуы – кезінде Талдықорған облысындағы осы аттас ауданның орталығы болған мекен. Алпысыншы жылдары Алматы – Өскемен тасжолы бойынан үлкен қант зауыты салынып, аудан орталығы сол Жансүгіров атанған кентке ауысты. Ақсу орталықтан шет ауыл болып қалды. Бәрі жекешеленген, қант қызылшасы егілмейтін тоқсаныншы жылдан бастап, бұл елді мекен мүлде тозып кетіпті.

Кезінде осы ауылда әкемнің әкесі, менің атам, Қасым мен әжем Нұрбану шаңырақ көтерген. Үш ұл, төрт қыз өсірген. Балалар үйінде тәрбиеленген атам осы ауылда талай адамның жақсылығын көрген. Нұрбану әжем 1962 жылы 24 мамырда қайтыс болғанда бар салмақты бүкіл ауыл көтеріп, әжемді ақтық сапарға өз қолдарымен аттандырыпты. Ауылдық кеңестің төрайымы Балшықбаева деген апай ауданның орталығы ескі Ақсу ауылынан жаңа салынған Жансүгіров кентіне көшкенде, бұрынғы ауылдық кеңестің кеңсесі болған үйге «жеті баланы жалғыз тәрбиелеп отыр» деп қаулы шығартып, атам Қасым мен оның балаларын кіргізіп кетіпті. Кеңсенің үстел, орындығын да қалдырыпты. «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді» дегенді қазақ осындайда айтса керек.

Әкемнің еске алуынша, ауылдағы дүкенде Қыпшақбаев дейтін ағаның әйелі сатушы болған. Әкемнің інісі Мырзахан «заготзерноға» жұмыртқа өткізіп, түскен ақшаға дүкеннен кәмпит алады екен. Тауық жұмыртқа таппай қойса да, Мырзахан көкем дүкенге барып, Қыпшақбаеваға «тәте, жаза беріңіз, ақшасын әкеміз төлейді» деп кәмпит-пірәндік өлшетеді. Ол кісі баланың сөзіне сеніп, алған затының бағасын жазып қоятын көрінеді. Өз жалақысы қолға тиген күні атам Қасым дүкенге арнайы кіріп, қарыздың бәрін өтейтін.

Осылайша, атам Қасым ауылға сыйлы болыпты. Ол айналасынан жақсылық аямаған. Бір жиында Жетісу аймағына беделді қарттың бірі Сейдахмет Шүрегеев бала кездерінде Қасым Мәсімовтің бүкіл ауылға істеген жақсылығын еске алыпты: «Қасым ағамен үй арасында үй жоқ көрші тұрдық. Немересі Кәрімнің денесі атасына тартқан ғой. Ақсақал еңгезердей тұлғалы адам еді. Ауылда агент болды. Онда салықты, әскерге сойылатын малды осы агенттер жинайды. Ағамыз сол малдан ара-тұра «мынауының аяғы ақсақ, Лепсіге жете алмайды» деп сойғызып тастайтын. Сөйтіп, сол малдың ішек-қарын, өкпе-бауыр, бас-сирағын, сүрпі етінің бір кесіндісін тарығып, қызылсыраған ауылдастарға үлестіріп беретін. Не керек, амалын тауып айналасындағы елді асыраушы еді». Осы естелікті айтқан ақсақалға мен де ризамын. Атамның жақсы қасиеттерін айтып, мені оған тартты деп бағалағаны үшін.

Ақсуда Ләмби деген грек бала мен Мырзахан көкем жан аяспас дос болған. Ләмби қазақша судай білетін. Көкем олардың үйіне барып грекше үйреніпті. Әкемнің еске алуынша, Мырзахан өзінің Ваха, Шафих, Абдул деген ұлты шешен достарын ертіп, айт күндері Ақсу ауылын аралайтын. Балалар жарапазан айтып барғанда, басқасын қойғанда, аудандық атқару комитеті төрағасының үйі тәтті-дәмдісін беретін көрінеді.

Әкем мен Мырзахан көкемнің естеліктерін ой таразысына салып отырсам, біздің атамекеніміз ежелден халықтар достығына куә болыпты. Жергілікті қазақтар ертерек келген орыстар мен украиндарға, күштеп жер аударылған шешен мен грекке, корей мен неміске жатырқап қарамаған. Бауырына басып, туысқанға айналдырып жіберген.

Міне, алдымен атам мен әжемді аялаған, кейін өздерін бастарынан сипап ержеткізген киелі Ақсудың кейінгі ахуалы әкемді қамықтыратын. Басқа ұлттың өкілдері соғыстың қиын уақытында мекен еткен ескі Ақсудан тоқсаныншы жылдары көшіп кетті. Кейін жергілікті қазақтардың өздері қала сағалап, туған жерді тастап шыққан. Сол тұстағы ауыр жылдар әсіресе ауылға көп салмақ салды. Бірақ өмір жалғасуда. Әкемнің туған жерге, атамекенге деген сүйіспеншілігі шексіз еді. Ақсуға жиі барып, ауылдастарымен көп араласатын. Әкеме ілтипат білдіріп, құрмет көрсеткен баршаға ризашылық білдіремін. Ақсу әкеме күш беретін сарқылмас қуат көзі еді. Сондықтан да ол ұрпақтарына туған жердің қадірін білу керектігін, оның қасиетін есте сақтау қажеттігін жиі айтатын.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әрбір кәсіпкер, бизнесмен, тіпті зиялы қауым өкілдері өзінің өскен ауылына қамқорлық жасау қажеттігін бірнеше рет айтып, бастама көтерген. Әкем бұл орайда баршаға өнеге көрсетуге ұмтылды. Бірде туған жеріне келіп, жерлестерімен әңгіме-дүкен үстінде Ақсуда мешіт салуға сөз беріпті.

Сол мешіттің сыртқы қабырғалары қаланған берік те сәнді қызыл кірпішті сонау Башқұртстаннан әкелді. Ғимараттың ішкі әрлеу жұмыстарына жұмсалған құрылыс материалдары Украинадан алынды. Еден­нен төбедегі үлкен күмбезге дейінгі ара­лықтағы құрылысты бұл іске машықтанған, он саусағынан өнер тамған өзбекстан­дық айтулы шеберлер салып шықты. Онда на­мазға тұратын үлкен зал, оған іргелес әйелдерге арналған зал, арнайы Құран ба­ғыштайтын бөлме, имамның жұмыс ка­бинеті бар. Сонымен нәбәрі төрт айдан соң, 2012 жылдың желтоқсанында, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында, тура Құрбан айттың алғашқы күні, мешіт дайын болып, онда Құран оқытуға мүмкіндік туды.

Осылайша мешіттегі бірінші Құрбан айт намазы оқылды. Бұған дейін бірге намаз оқитын жерлері болмаған жергілікті халық кәрі-жасы қалмай, көп жиналып еді.

– Бұл – менің осы ауылда өркен жайып, осы ауылда мәңгілік тыныс тапқан ата-анам мен ағамның алдындағы парызым еді, – деді Құрбан айт күні мешіт алдында сөй­леген сөзінде әкем. – Мынау туған ауылымыздың азып-тозуы осымен тоқтасын. Мешіт бар жерге береке мен бірлік келеді. Ақсудың тұрғындары алдағы уақытта шаруаларын дөңгелетіп, ел қатарлы жақсы тұрмыс кешсін деп ті­лей­мін.

Осылайша әкем туған жерден ешқашан кіндігін үзген емес. Өле-өлгенше Ақсуға бір соқпаса көңілі орнықпайтын.

Ақсу ешқашан әкемді ұмытпас. Әкем өзінің Ақсуына деген махаббатын о дүниеге ала кетті. Соңында естелік болып мұнаралары күнге шағылысқан мешіт қалды. Спортты серік етіп, жаман әдетке жоламайтын жас ұрпақ жетіліп жатыр. Бұған да шүкір!


Алтын бесік ауылымыз


Арынды Ақсу


Ақсу өзенінің нулы жағалауы








«Баланы бастан» депті бабаларымыз. Бауыр етің болса да, баланы жасында еңбекке баулыған абзал. «13–14 жасқа келгенше құлыңдай жұмса» дейді халық нақылы. Одан бала жаман болмайды, үйренгені өзіне, істегені өзіңе жақсы. Әлпештей берген бала боркемік, болбыр, тіршілікке епсіз болып өседі. Ал жұмысқа жегіліп, ширақ, шымыр өскен бала үлкен өмірде көп қиналмасы анық. Бүгін терлесе, ертең шыңдалады, түбінде сол үшін саған алғысын айтады».


Әкемнің өсиет сөздері. «Аманат» кітабынан





V тарау


АДАЛ ЖОЛДАН АЙНЫМАҒАН


Адал болу мен кісіге сену әкемнің өмірлік ұстанымдары болды. Онысынан қай уақыт, қандай жағдайда жүрмесін еш айныған емес. Кейде содан тапқан пайдасынан гөрі шеккен зияны көп болған. Бәрібір бұл жолда әкемді ешкім өзгерте алмады.

Адалдық туралы сөзді отбасымыздан бастасам деймін. Анам Элеонора Кәрімқызы екеуі өте жарасымды жұп еді. Алпыс жылдай тату да тәтті, бақытты да базарлы шаңырақ құрғандарының басты сыры – бір-біріне адалдықтарында жатыр.

Иә, екеуінің қосылғандарының жартығасырлық Алтын тойы тарихқа айналды. Ол тойға орай түсірілген деректі фильмде бір-бірін қалай тапқандарын, бір-біріне қаншалық сенгендерін және сол сенімге еш селкеу түсірмей, бірге ғұмыр кешіп жатқандарын баяндайды.

Екеуі Омбы қаласында танысып, сөз байласқан. Сосын шағын дастарханға бірге оқыған жолдастарын шақырып, студенттік той жасап үйленген. Екеуі сол қаладағы бір институтта оқыды. Ол кезде Қазақстанда теміржол инженерлерін даярлайтын жоғары оқу орны болмаған.

Әкемнің теміржолға қызығу сыры бала кезінен басталған. Ақсу – Жоңғар Алатауының етегіндегі ауыл болса, одан төменде бірнеше ондаған шақырымнан кейін керілген даланы қақ жарып ежелден «Түрксіб» аталған теміржол өтеді. Кезінде осы өңірден шыққан алғашқы инженер Мұхамеджан Тынышбаев атамыз «Түрксібтің» жобалауына қатысқан. Әкем туған ауылдың талай азаматтары оның құрылысына қатысыпты.

Сол жолдың бойында бір-бірімен іргелес Лепсі, Матай, Молалы сияқты стансалар бар. Әкем бала кезінде бұл стансаларға жиі барады екен. Кейде мектепаралық, ауданаралық жарысқа немесе басқа шараларға қатысуға апарады. Сонда вокзал басына барып, әрлі-берлі қозғалған пойыздарға, оларды сүйреген паровоз, тепловоздарға қызыға қарайды. Түйенің боздағанындай естілетін гудоктарын ең әдемі әуенге балайды. Теміржолшылар киген формаға, әсіресе олардың басындағы фуражкаға құмартады. Солардай болсам деп армандайды.

Жалпы, әкем нені армандаса да, соны жүзеге асырмай қоймайтын. Кейін бірталайына өзім куә болдым. Мамандыққа қатысты да солай болып шықты. Әдеттегідей, сәл бұралаңдаған жолмен.

Мектеп бітіріп жатқанда оған өз әкесі, менің атам Қасым былай ақыл айтыпты: «Балам, ауылдағы ең беделді адам – анау Базаров. Одан асқан мықты жоқ. Базаров сияқты болсаң, қор болмайсың». Үлгі етіп келтірген Базаровы – колхоздың мал дәрігері. Үлкен кісінің ақылының себебі бар, Ақсу – малды ауыл. Малды дәрілейтін, сырғалайтын, ауырғанын сойғызып тастауға шешім қабылдайтын Базаров әрбір шопанның ең құрметті қонағы болып жүреді.

Әкем ауылдан аттанып, еш қиналмастан Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына оқуға түскен. Үстінде әкесіне үкімет берген, анасы жақсылап жуып-тазартқан плащ. Артта үйде жәудіреп қалған және алты бала. Ауру ана. Жалғыз жалақыны бәріне жеткізе алмайтын әке. Екі қолымен тырбанғаннан басқа амалы жоқ әкем оқуға түсе сала қайдан болсын адал жолмен ақша табуды ойластырады. Тіпті «10 сомға бітеліп қалған канализацияны тазалап шығып едім» деп еске алатын.

«Базаров болатын оқуды» бір жыл оқыған соң өзінің өмір жолын басқа салаға бұрады. Баяғы арман маза бермей, теміржолшы оқуын іздестіреді. Жоғарыда айттым, ол кезде Қазақстанда теміржолшы мамандығын даярлайтын институт ашылмаған, ол сонау Томск қаласында екен. Оған құжат жіберуге аттестаты зоотехникалық-малдәрігерлік институтта жатыр. Қайтпек керек? Әкем «Базаров болатын оқуды» екінші курста сырттайға ауыстырып, Алматы ауыр машина жасау зауытына жұмысшы болып кіреді. Біріншіден, жалақысы жақсы, екіншіден, осында кешкі мектеп бар. Орта мектепті ауылда жақсы бітірген әкем қайтадан кешкі мектепте оқып, бір жылдан соң екінші аттестат алған. Осы аттестатпен теміржолшылар даярлайтын институтқа түседі. Он сегіздегі бозбаланың осының бәрін ойлап және сәтті шешіп шыққаны мені әлі күнге таңғалдырады. Әкемнің кейін бизнес саласында табыстарға жетуінің тамыры, міне, қайда жатыр!

Ақыры, мектеп бітіргеніне екі жыл болғанда аңсаған арманына жетіп, Томск электр-техникалық теміржол институты электровоз факультетінің студенті атанады. Сырттай оқитын зоотехникалық-малдәрігерлік институт, сөйтіп, жайына қалыпты. Ал электр-техникалық теміржол институты бұрынғы арманынан бір саты биік еді. Өйткені Матай мен Лепсіде паровоз бен тепловозды көрсе, енді заманына лайық жаңа локомотив – электровозды жүргізбек.

Екі жыл оқығанда тағы бір өзгеріске тап болған. Жоғары жақ Томскідегі бұл институтты политехникалық етіп қайта құрады. Ал электровоз факультетінде оқитындарды Омбыдағы теміржол институтына автоматты түрде ауыстырды. Әкем Омбы қаласына осылай тап болды. Ал анам?

Анам Элеонора Кәрімқызының теміржолға қатысты мамандықты таңдауын отбасындағы дәстүрдің жалғастығы деп білу керек. Әкесі, менің нағашы атам Кәрім Әжібеков – Қазақстанның теміржол саласына үлкен үлес қосқан тұлға. Өзі ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан қызметке араласқан. Педагогикалық оқу орнын бітіріп, түрлі ұлттардан шыққан қызметкерлерге қазақ тілін оқытқан. Ол кезде жергілікті халықтың тілін білетін өзге ұлт өкілдерінің жалақысына 25 пайыз үстеме қосады екен. Нағашы атам орыс пен украин, поляк пен неміс мамандарын қазақша сайратып шығаратын. Одан Екінші дүниежүзілік соғысқа бастан-аяқ қатысқан. Артиллерия взводының командирі ретінде Берлинге дейін жетіп, фашизмді талқандауға үлес қосады. Одан Манчжурияға аттанып, Жапония тізе бүккенше сол жақта соғысқан. Өзімнің атам Қасым Мәсімов те соғысқа бастан-аяқ қатысқанын мақтанышпен айтамын.

Анам Элеонора Кәрімқызының теміржолшылар әулетінен шыққанын айттым. Сондықтан ол кісінің теміржолға қатысты мамандық таңдауы заңдылық болатын. Әкем екеуі институтта оқыған жылдары Омбыда бас қосып, үйленген. Содан жұптары жазылған емес. Аяусыз ажал әкемізді ортамыздан әкеткенше.

Шағын отбасымыздың басқаларға ұқсамайтын ерекшеліктері болды. Анам орысша, әкем қазақша сөйлейтін. Әкем орысша өте жақсы білсе де, тек ана тілін қолданады. Анам Целиноград таза орыстілді қала болып тұрғанда, сол ортада өскендіктен, қазақ тілінен гөрі орысшаны қолайлы көреді. Сөйте тұра, ойларын жете түсінеді, алпыс жылға жуық екі тіл арқылы еш қиналмай, еркін тілдесетін.

Сапарға бірге шыққанмен, әсерлері екі түрлі болып оралады. Анам барған елінің, қаласының мәдени орындарын – театр, музей, көрмелерін міндетті түрде аралайды. Әрине, әкем еріп жүреді. Бірақ келген соң тек анам өзінің әсерлерін айтады. Ол кісі өнерді терең түсінеді, кілең классикалық әдебиеттер оқыған. Сондықтан қай елге бара жатса, ол жақтағы белгілі жазушы, әнші, әртістің аттары мен еңбектеріне сырттай қанығып алады. Жер жүзіне даңқы жайылған музыкалық шығармаларды тыңдауды, спектакльдер мен басқа қойылымдарды көруді өзінің міндеті санайды. Жай көріп келмей, терең талдайды.

Әкемнің анаммен бірге жүретіні түсінікті, әрине. Бірақ бұл кісі өзінің әсерін сыртқа шығара қоймайтын. Барған жерін бір рет көзбен шолғанда-ақ оңаша қалып, медитация жасайтын орынды тауып алатын. Сол жерде сағаттап үнсіз отыруға пейілді.

Сырт қарағанда екі түрлі болғанмен, әкем мен анамның ішкі әлемдері ортақ еді. Оларды жас кездегі махаббаттың, кейінгі ортақ перзенттің, одан немеренің, кезінде көрген қиындықтар мен бақытты сәттердің және басқаларының көзге көрінбес жүздеген жіптері бір-бірінен еш айырғысыз матап тастаған. Өкінішке қарай, Жаратушының әмірімен алпыс жылдық ортақ жіп шорт кесілді, әкем мына жарық дүниеге қимас сыңарын қалдырып, мәңгілік сапарға кетті.

Артындағы жұрттың жұбату сөздерінен әкемнің адал, сенгіш және қайырымды болғаны жайында қаншама рет естіп жатырмын. Анам Элеонора Кәрімқызына, яғни жарына, махаббатқа кіршіксіз сезімін айтып кеттім. Ал өмірінен мысалдар іздесем, достық пен жолдастыққа бұл кісідей адал болғандар мына жалғанда аз сияқты.

Айталық, Омбы қаласында оқып жүргенде жергілікті Боранбай деген жігітпен танысады. Оған дейін Қазақстаннан оқуға барған студенттер мен онда тұратын байырғы қазақтардың жастары арасында түсінбестік туындаған. Бәрі сол кездегі әдет бойынша, би алаңынан басталған. Өрескелдік Қазақстан жағынан келген студенттің бірінен болған. Оған Омбыда тұратын қазақ жігіттері намыстанған. Сол екі жақты татуластырғандар: ана тараптан – Боранбай, мына тараптан менің әкем Қажымқан Мәсімов екен.

Екі жақ шекісуге шақ қалғанда Боранбай әкемді өз үйіне арнайы шақырған. Әке-шешесі мұны баласынбай, сыйлы қонақ ретінде қарап, кәделі табақ тартады. Әкем үлкен кісілердің алдында өзінің достары тарапынан әбестік болғанын айтып, кешірім сұрайды. Үлкен ақсақал «екі жақ та қазақтың баласысыңдар. «Ер шекіспей бекіспейді» деген. Енді кешірімді болып, өзара тату жүріңдер.Сонда басқа ұлттың балаларының сендерге тісі бата қоймайды» деп ақылын айтады.

Содан әкем мен Боранбай бір-бірін іздеп жүретін шын достарға айналыпты. Қаладағы үйіне барып, жиі қонақ болып кетеді. Оның әкесі Қазақстаннан келген студенттен республикамыздың жағдайын біледі. Өздерінің орныққан дәстүрін сақтап отырғандарын сөз етеді.

Бірде әңгіме Боранбайды үйлендіруге келіп тірелген. Шешесі: «Мына досыңның үйленетін уақыты келді. Келін түсіріп, екі қолымды жылы суға малайын десем, үндемейді», – деп мұңын шағады. Бірақ Боранбай сыр білдірмейді. Келесі келгенде тағы да Боранбайдың анасы: «Мына досың бізге ештеңе демейді. Өзінен сұрашы, ұнататын біреу-міреуі бар ма?» – дейді. Содан менің әкем досын оңашалап сыр суыртпақтаса, ұнататын қызы бар. Омбыдан әрідегі Ишим деген шағын қалада тұрады. Әкем Боранбайдың үйіне барып, шешейге «дайындала беріңіздер, бұйырса келін келіп қалар» деп ескертеді.

Боранбайды сөз байласып жүрген қызды алып қашуға көндіреді. Бір туысқанының машинасын алып, Ишим қаласына жетеді. Бұларды күтіп жүргендей, қыз иінағашпен құдықтан су әкеле жатыр екен. Аты – Зоя. Оны көрген Боранбай ыңғайсызданып, досына: «Сен сөйлесші, мені келіп тұр де», – деп өтінеді. Әкем көліктен шығып, қыздың алдын кес-кестеп: «Зоя, мына машинамен Боранбай келіп тұр. Сүйетінің рас болса, қазір сені алып қашамыз», – дейді. Зоя, әрине, кенет айтылған бұл ұсыныс пен бейтаныс жігіттен шошып кетеді. Осы кезде көліктің әйнегін түсіріп, ішінен Боранбайдың қызарған жүзі көрінеді. Зоя дереу көлікке отырады. Екі шелек суы мен иінағашы сол жерде қалыпты. Міне, жастықтың алауы, достықтың белгісі!

Боранбай өмірден өткенше әкем онымен араласып тұрды. Ол кісі қайтыс болған соң балаларына қамқорлық жасады. Менімен қатар бір ұлының Қазақстанға көшіп келіп, қызмет етуіне көмектесті. Достыққа адалдығының бір мысалы – осындай.

Әкем кездескен жанның бәріне көмек жасағысы келетін. Оны анам жария ете қоймайтын. Тек әкем дүниеден өткенде көңіл айтқандар арасында «Қажымқан Қасымұлынан мынадай жақсылық көріп едім» дегендер көп болды. Әрине, кімге не істеп бергені туралы талай сыр әкемнің өзімен бірге мәңгілікке кетті. Бірақ сол жақсылықты көргендер тірі жүргенде Қажымқан Қасымұлының аты ұмыт қалмасы анық.

Мерейтойға орайластырылып дайындалған фильмде әкем тағы да бір арманымен бөлісіпті. «Мен тәп-тәуір дәрігер бола алар едім» депті. Ол адамның тәні мен жанын бірдей емдеуге қабілеті жететін дәрігер болар еді. Оған күмән жоқ. Оның бойындағы зор адамгершілік, адамдарға деген қамқорлық – соған дәлел. Ал өз жан дүниесін Жер үстінің тозаңы қона алмас биікте ұстады. Йоганың арқасы шығар.

Сондықтан әкемнің ешкім ықпал ете алмас өзгеше өмір сүру траекториясы болды. Соңынан еруің мүмкін. Бірақ өз дегеніңе көндіре алмайсың.


Жаңалықтан жалықпайтын








«Негізі мүмкіндігі бар адам айналасына жақсылық жасауы ләзім, қоғамға жақсылық жасауы абзал. Қайтарымы Алладан. Көшеде көлденең жатқан тасты алып тастасаң да, сауапты іс атқардың, біреуді сүрінуден қорғадың. Ал жағдайың жетіп тұрған соң мешіт салдың, көпті иманға шақырдың. Мүмкін мың ішінен бірді, мүмкін онды, мүмкін жүзді бұзық жолдан сақтап қалдың. Сауабын аласың. Қашан да жақсылық жасамадың деп біреуді біреу сөкпейді, ал жасадың екен көптің батасын аласың, алғысына бөленесің. Біздің қазақ «батаменен ер көгерер...» дейді».


Әкемнің өсиет сөздері. «Аманат» кітабынан




VІ тарау


ҚАЖЫМАЙ ХАЛҚЫН САУЫҚТЫРҒАН


Тағы бір ғажап қасиеті есімде. Халқына керемет жаны ашитын. Бұқараның қайғысы болса – қайғысын, қиындығы болса қиындығын жеңілдетуге тырысатын. Көп ретте «үкімет не істейді, бұл – министрліктің, әкімдердің шаруасы» деп әліптің артын бағып отырмайтын. Қайта шешілмеген мәселе, әлі істеле қоймаған шаруа болса, басқаларды күтпей, тәуекелмен білек түріп кірісіп кететін.

Бұған дейін айтқанымдай, әкемнің жаңалыққа жаны құмар болды. Тыңнан түрен салып жүрді. Атақ үшін емес, елі үшін.

Кеңес Одағы кезінде салынған түрлі полигондар мен оларда жасалған ядролық сынақтардың, Арал теңізі тартылып, сол аймақты улы тұздар басқанының себебінен ел тұрғындары рак ауруына жиі шалдығып жатты. Үкімет дәрі-дәрмекті тегін беріп, басқа шараларды қоға алғанымен, мәселе түпкілікті шешілмеді.

Йоганы насихаттау мен зерттеудің соңында жүрген әкем бірде Оңтүстік Корея мемлекетінде бір ауруханада қатерлі ісікке шалдыққандарды екі ай йогамен жаттықтырып емдейтінін естиді. Бір нәрсе құлағына тисе, соны анықтап, керек болса алып келмейінше маза таппайтын кісі емес пе? Дереу осы тақырыпты індетіп, сол елге барады.

Қазақстанға қайтып келген соң әкем зерттеуші және емдеуші мамандардың басын қосқан үлкен ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіп, оған кореялық өкілдерді шақыру керек деп тұжырды.

Қызылорда облысы – кезіндегі орталықтың озбыр саясаты салдарынан экологиялық апатқа ұшыраған аймақ. Әкем өзінің бір еңбегінде бұған жан-жақты тоқталыпты. Сондықтан мен осы тұста кезекті үзіндіге жүгінемін:

«Семей өңірінде 450 ядролық бомба сынақтан өтіп, бір жарым миллион адам зардап шексе, мұнда Арал қасіреті басталды. Мақта мен күріш үшін Орталық Азиядағы ең ұзын және суы мол екі өзен Әмудария мен Сырдарияны сансыз жерден бөгеу арқылы Арал теңізін табиғи су көздерінен шектеді. Соның салдарынан түркі халықтарын өз жағасында тербеп өсірген ұлы теңіз тартыла бастады. Су тартылғаны аз болғандай, алқаптар мен танаптарға аяусыз қосылған сан түрлі химикаттар мен тыңайтқыштар өзен арнасымен Аралға қарай ағызылды. Ауыз суды осы екі дариядан алып отырған халықтың жағдайымен ешкім санасқан жоқ. Су орнына у ішкен дария жағасындағы қазақ пен қарақалпақ халықтары жаппай ауруға шалдықты. «Жығылғанға – жұдырық» демекші, осы өлкеде сонау елуінші жылдар ортасынан бастап ғарыш айлағы Байқоңыр жұмыс істеді. Алпысыншы жылдар басынан зымырандарды аса улы гептил аталатын жанармаймен ұшыратын болды. Ол зымыран алда-жалда ғарышқа жете алмай, жол ортада құласа, нағыз қасіреттің көкесі екен. Қызылорда облысында бірнеше рет осындай апатты жағдай болған. Адамдар науқастанып, киіктер қырылды. Өрістегі мал өз-өзінен өліп жатты. Кеңес Одағы кезінде ондай алапат апат жайындағы ақпараттар құпия сақталса, жариялылық заманында бүркеп қалу мүмкін емес еді. Қазақстан Байқоңырды Ресейге жалға бере отырып, әрбір ғарыш сапары бойынша толық мәліметтер талап етеді.

Сонымен, Қызылорда облысы бірнеше экологиялық жайсыз, жағымсыз құбылыстар мен оқиғалардың ортасында қалғандықтан, Арал аймағындағы адамдардың денсаулығы өзге аймақтармен салыстырғанда өте төмен болды. Түрлі қатерлі ісік, бауыр, өкпе, жүрек, буын, бас аурулары кесірінен мұнда кісі өлімі көбейді. Жергілікті тұрғындардың орта жасы, басқа облыстармен салыстырғанда, қысқарып кетті. Аналар қан аздығынан зардап шексе, сәбилер дүниеге жарымжан болып туып жатты және ерте шетінеді. Осының бәрі Арал теңізінің тартылуынан болғанын дүниежүзінің ең мықты мамандары бірауыздан анықтады.

Бойында патриоттық сезім болған соң, әкем өз орталығына тегін тарту етілген екінші аппаратты беру арқылы Қызылорда облысына шарапат жасауға ниеттенді.

Сөйтіп, орталықтың атынан облысқа ізгілік көмек көрсетті. Ол, Шығыс Қазақстан облысына қойылған сияқты, сұйық цитологиялық диагностикаға арналған құрал-жабдық еді.

Осындай көмектің тағы бір мысалы бар. Әкемнің республикалық балалар гематология орталығына көмек беріп тұруды өзіне міндет етіп алғанын кейін естідім. Осы орталықтың директоры әкеме келіп, біраз мәселелерді шешуге көмек сұраған көрінеді.

Әкем гематология орталығына барып, ондағы жағдайларымен жете танысады. Орталық жаңадан салынып, оған тамаша аппараттар, құрал-жабдықтар қойылғанымен, ұжымның оны игеруге қабілет-қарымы, білімі мен білігі жетпей жатыр екен. Мұны байқаған әкем өз қалтасынан қаражат шығарып, 12 маманын арнайы оқуға жібертеді. Соның арқасында орталықта еңбек ететін дәрігерлер осы заманғы медициналық техниканы мықтап меңгерді.

Орталықтың өзі жаңа болғанмен, емделуші балаларды анда-мұнда таситын көліктері ескі «УАЗ» екен. Аулада тұрған сол машинаны көзі шалған әкем тағы жомарттық танытқан. «Бұл болмас» деп 12 орындық «Хюндай» микроавтобусын тарту етеді. Оның сыртында, осы орталықта кішкентай балалар емделетінін ескеріп, балалар ойнайтын бөлмені толық жабдықтап беріпті.


 



«Жетім көрсең, жебей жүр» деген сөз қалыпты біздің бабаларымыздан. Жаугершілік замандардан жеткен, сірә. Мен сол көнеден калған «жетім көрсең, жебей жүр» деген мәтелге «науқас көрсең, демей жүр» деп қосқым келеді. Өйткені екеуі де мүсәпір. Жас өсер, дерті жазылар. Қиынында қол ұшын берген кісіні есті адам еш уақытта есінен шығармайды. Бірде болмаса бірде алдыңнан шығып алғысын айтады. Әйтпесе, тағы да қайталайын, Алладан қайтады».


Әкемнің өсиет сөздері. «Аманат» кітабынан


 


VІІ тарау


ЖЕТІМДЕРДІ ЖЕБЕГЕН


Атамның әулеті қайырымдылық пен ізгілік жағынан ешкімге дес бермей, өнеге көрсетті. Оның тарихи себептері мен нақты мысалдары бар. Алдымен себептерге тоқталайын.

Атам Қасымның балалар үйінде өскенін әкем жиі айтатын. Мен атамның түрі қандай болғанын тек суреттерінен көріп, өмір жолын әкем мен көзкөргендердің әңгімелерінен білемін.

Қазақ даласында өткен ғасырдың басында небір сұмдық саяси оқиғалар өткені қазір бәріне мәлім. Тарихшылар ол жылдардың зобалаңын жақсылап зерттеп, саясаттанушылар қаншама тұжырымдар жасады. Ұлт-азаттық көтерілістер шығуына түрткі болған – патшаның атышулы Маусым жарлығы, 1917 жылғы төңкеріс, Азамат соғысы, одан кейін жалғасқан аштық пен саяси қуғын біздің отбасымызды айналып өтпеген.

Әкем дүниеден озған соң, ол кісінің туған күні – 2019 жылғы 18 сәуірде Алматыға келдім. Анаммен және әкемнің қарындасы – Күләйхан апайыммен әкемнің басына бардық. Сол жерде апайымның әңгімесін ұялы телефонға жазып алдым, соны сөзбе-сөз келтірейін: «1912 жылы әкем Қасымның ағасы – Асым өмірге келген. Ал 1914 жылы әкем туыпты. Біз фамилиясын білмейтін атамыз ұлы – Қасым туды деп қуанып, қалжаға қой әкелуге шанамен көрші ауданға кетеді де, қарақшылардың құрығына түседі. Әлгілер оны өлтіріп, аты мен әкеле жатқан қойын алып кетеді. Ол алмағайып заманда атамды кім өлтіргенін анықтау мүмкін болмайды. Бұл қайғылы оқиға 1914 жылы болған.

Атамның жас босанған әйелі екі баламен – жаңа туған Қасым және үлкені Асыммен жесір қалады. Оның көмек сұрап барар ешкімі болмаса керек. Көп ұзамай оның өзі де қайтыс болады. Әкем бір жылда тұл жетім қалады. Екі баланы жанашыр адамдар бауырына алады. Бұдан кейін ақ пен қызылдың қырғын соғысы осы аймақта өткені тарихтан мәлім. Сосын байларды тәркілеу басталады. Көп ел шекара асып, аман қалуды ойлады. Әкемнің ағасы Асым басқа қазақтармен бірге Қытайға жаяу кетеді.

Әкем Қасымды сегіз жасында Ақсуда алғаш ашылған жетім балалар үйіне беріпті. Ол кісі сонда тәрбие алған. Әкемді балалар үйіне өткізген адам бес жылдан соң оған Құран әкеліп береді. Ол кезде әкем фамилиясын білмейтін. Сөйтіп, әлгі мейірімді кісі оны өзінің «Мәсімов» деген тегіне жазыпты. Сөйтіп, біз Мәсімов болдық». Сол балалар үйінде атам Ғазиз Өрмурзин деген жетіммен жан аяспас дос болады. Кейін Өрмурзиндер елімізге танымал отбасыға айналды».

Әжем Нұрбану Найман руынан шыққан. Үлкен рулардың тармақтары көп екені белгілі. Әжем Матайдан, соның ішінде Сақайдан тараған. Сақайдан шыққандар батыл, ержүрек келетіні бұрыннан белгілі, олардан батырлар көп шыққан. Тіпті бұл рудың қыздары бас киімнің астына шашын жасырып, қолына найза алып, ұрыс атына мініп, жауға қарсы соғысқа аттанған.

Ақсуда туып-өскен атам мен әжем бір-бірімен танысып, бірін-бірі ұнатып, шаңырақ құруды ұйғарады. Олар 1935 жылы үйленеді. «Аманат» деген кітабында әкемнің жазғанындай: «Өкінішке қарай, олардың қалай танысып, жұп болғаны, қалай отау құрғаны туралы біз ештеңе білмейміз. Ол кезде үлкендер балалармен бұл тақырыпта сөйлеспейтін. Оның үстіне әңгіме айтып отыратындай да уақыт емес еді».

Қасым атам соғыстан аман оралған соң бейбіт қызметке кіріседі. Соғысқа дейін үш перзенті болған: Қасымхан ағам, менің әкем Қажымқан және Күләйхан апам. Енді дүниеге Мырзахан көкем келеді. Бұл соғыстан кейінгі жоқшылық жылдары емес пе. Елдің тұрмысы әлі көтерілмеген. Халық тойып тамақ жемеген, жібі дұрыс киім кимеген. Осы ауыр уақытта Қасым атам үйге бір баланы ертіп келеді. «Бұдан былай бұл бала Қасымхан мен Қажымқанға – іні, Мырзаханға аға болады» дейді.

Ол интернатта ата-анасыз жүрген жетім екен. Аты – Байдрахман. Өте арық, сіңіріне ғана ілініп тұр. Сонысына қарап, сол кездегі ауылдағы орыс-неміс балалары оны «Кощей бессмертный» атапты.

Байдрахман біздің үйге осылай тап болып, Қасым атамның бір баласы саналды. Ортамызда, үлкен шаңырақта әкеммен қатар өсіпті. Оқу бітірген соң оны атам үйлендіріп, жеке үй еткен. Мәсімовтер әулетінің қызығы мен қуанышының ортасында жүріпті. Күләйхан апамыз тұрмысқа шыққан кезде құда күтіскен деседі.

Атам өзі жетімдік көрген соң осындай күйге тап болған балаларды бауырға басқан. Бұл – қазақтың мейірбандық дәстүрінің көрінісі деймін. Кейін Нұрбану әжеміз қайтыс болғанда бүкіл ауыл менің шешесі жоқ жетім атанған апаларыма қамқорлық жасап, жағдайларын біліп отырыпты. Ал атам дүниеден өткенде бұл қамқорлық бұрынғыдан өршімесе, өшпеген.

Тағдырдың күрмеуі қандай екенін қараңыз. Атам мен менің арамыздағы жол тура ең ауыр трагедиялық фильмге сюжет болардай екен. Әкем мен анам үйленіп, содан кейін елге жақындайық деп Омбыдан Целиноградқа қайтпай ма? Содан 1965 жылы осы қалада мен дүниеге келемін.

Атам ауылда әкемнен кейінгі балаларға бір өзі бас-көз болып отырғандықтан, әке-шешемнің үйлену тойына жете алмаған. Әрі оған Ақсу мен Омбы арасындағы жердің шалғайлығын қосыңыз. Ал енді немерелі болғанда тәуекел деп, мені бір иіскеп қайтуға жолға қамданады.

Алдымен Ақсудан өзінің Үшаралдағы Қияқбай құдасына барып қонақ болады. Оған әкемнің ағасы Қасымхан үстінде будкасы бар машинамен апарыпты. Кейін көлік апатына ұшырап, өмірден ерте өткен Қасымхан ол кезде аудандық мәдениет үйінде қызмет етеді. Әлгі будка-машинамен әртістерді тасып, әр ауылға барып концерт береді екен.

Үшаралдағы Қияқбай құдасына атам өзінің жақында немерелі болғанын, енді сол немересін көру үшін Целиноград жаққа бармақ ниетін айтады. «Еңбек демалысын алып, балам Қажымқан келеді, сол өзімен бірге ала кетеді» депті. Қайран үміт, оның қапияда үзілерін атам қайдан білсін?

Құдасы атамнан немересінің атын кім деп қойғанын сұрайды. Ауыл адамдары әдетте бұған қатты мән берсе керек.

– Кәрім деп қойыпты. Біріншіден, бұл өзі Құран-Кәрімді ауызға алғызғанға дұрыс. Екіншіден, нағашысы Кәрім деген құдам үлкен қызметтер атқарып, біздің құдалыққа дейін қайтыс болыпты. Соның аты өшпесін деп, ақылдасып қойыпты, – дейді атам жарықтық.

Ол заманда дінді насихаттау мүмкін емес. Партия қызметкерлеріне ораза ұстап, намаз оқуға болмайды. Тіпті Құранға қол жайғандары үшін үлкен қызметтерден алынғандар туралы әңгімелер шығып жатқан. Мұндай жағдайда адамдар өздерінің діни нанымдарын сырт көзден жасырып ұстауға мәжбүр.

Кәрім атының өте орынды таңдалғанын атамның құдасы Қияқбай бірден құптайды. Тіпті «Целиноградтағы құдағиыңа сыбаға болсын, апарып бер» деп, өзі сойған малдың сыйлы мүшелерін атамның қоржынына салыпты.

Сонымен атам жолға дайын. Келісілгендей, әкем еңбек демалысын алып, Целиноградтан Ақсуға келеді. Баласы келген атам сапарға аттанбас бұрын аудан орталығы Жансүгіров кентіне келіп, сол кездегі

қалааралық телефон стансасынан Целиноградқа байланысқа тапсырыс береді. Бір сағаттай күтіп әкемнің үйімен сөйлеседі.

Құдағиы, нағашы әжем, сол кезде мені суға шомылдырып жатыр екен. Мен онда 4 айлық сәбимін ғой, суға шомылдырғанға жылайды екенмін. Нағашы әжем мен жылаған кезде телефон тұтқасын жақындатады, немересінің үнін естіген Ақсудағы атам мәз болады. «Жанын қоярға жер таппай қуанып еді, сонда» деп әкем осы сәтті еске алатын.

Алысқа аттанар алдында Ақсудан кейін аудан орталығындағы қызы – апам Күләйханның үйіне келіп, амандықтарын біліпті. Содан Молалы стансасынан әкем атамды пойызға отырғызып алып шықпай ма? Міне, тура осы жол үстіндегі вагонда атамның жүрек талмасы ұстайды. Өте қатты қуанғаннан, шамасы. Сөйтіп, мені бір рет маңдайымнан иіскесем деген арманына жете алмайды. Үштөбе стансасында пойыздан түсіріп, ауруханаға апарған кезде қайтыс болыпты.

Осыдан кейін Мәсімовтер бұрын шешеден жетім қалса, енді мүлде ата-анасыз тұл жетім атанады. Рас, бұл уақытта әкем үйленген, одан кейінгі Күләйхан тұрмысқа шыққан, Мырзахан көкем енді 17-ге толған, бірақ қарындастары Күнсағила (Гүлжан), Күлилә, Күлтай әлі мектеп оқушылары болатын. Сөйтіп, әкем мен іні-қарындастары жетімдік дегенді өз бастарынан өткерген.

Әкем осындай өмір жолынан өткендіктен болар, жетім десе жүрегі елжіреп тұратын. Мұның дәлелі көп. Соның тек біреуіне тоқталайын.

Қазақстанның әр аймағына барғанда жақсылық жасаудан жалықпайтын әкем Жайық жағасына ат басын тірегенде жергілікті балалар үйіне барады. Арнайы жәрдем бермекке. Бұл Орал қаласындағы Балалар үйінде 395 бала тәрбиеленіп жатыр екен. Мамандарының әкеме айтуынша, әлгілердің 66-сы ғана әке-шешесі өліп, тағдыр жазуымен жетім қалғандар. Қалғаны – перзентханада шешесі бас тартқан, подъезде қалдырған, аялдамаға тастап кеткен тастанды балалар. Әкем «сұмдық емес пе» деп жағасын ұстайды. Бір заманда ауыл жетімді қаңғытпаған. Оған өткен ғасырдың басында атам Қасым мен ағасын ағайынның өз бастарына күн туғанша бағып-қаққаны, ал соғыстан кейін атамның Байдрахманды үйге әкеліп асырап, адам қылғаны дәлел емес пе?!

Әкем Боралдайдағы кірпіш зауытына балалар үйінен енді шыққан, туыстары жоқ, өмірлік бағдары белгісіз жастарды жұмысқа алған. Олардың өмірлік жолын тауып, өз күндерін өздері көруіне көмектескен. Сөйтіп, қазақтың «жетім көрсең, жебей жүр» деген тәлімін ұстанған.

Жоғарыда Оралдағы балалар үйі туралы айтылды. Сол секілді әкем басқа да балалар үйіне қамқорлық жасаған. Ең кереметі – осы әрекеттерін маған сездірмеген. Мен бұларды ақпарат құралдарына шыққан материалдардан көргенмін. Оны оқығанымды әкеме айтпадым. Әркімнің өз бағыты бар. Жетімдердің жанын жұбату үшін жасаған қадамдары мені қуантпаса, ренжітпейді ғой. Бірақ әкем оны мақтану, ақша шашу үшін істемеген. Ол кісінің жан дүниесін түсінгендіктен, бұл тақырыпта ешқашан әңгіме қозғамағанмын. Енді өзі Кеңсайда бір жота болып қалған соң, шарапатты да шапағатты істері туралы айтуға хақылымын деп білемін.



Біздің отбасы





«Адам баласының қайғыға езіліп, қызыққа еліріп кетпегені абзал. Ол үшін өзіңнің мінезіңді өзің түзе. Түркіменнің Мақтымқұлы деген ғұламасы: «Мақтымқұлы өлшеп сөйле бойыңа, Асыңды бер, қарай-қарай жайыңа. Дана көрсең, басыңды қи жолына, Сонда сен де кәміл адам боларсың» дейді. Өйткені бәрі өткінші, қайғы-мұң да, қуаныш-сүйініш те. Өмірдің өзі секілді. Яғни Құдайдың берген жасын өңкей қайғырып өткізу де бекер, өңкей қызық қуып өткізу де бекер болмақ. Басқа салғанына көн де, алға ұмтыл, жоққа сабыр деп, барды ұқсатуға ұмтыл, шырағым».


Әкемнің өсиет сөздері. «Аманат» кітабынан


 


VIII тарау


АЛТЫН ТАМЫРҒА АЙНАЛДЫ


Әдетте әкеден балаға мұра қалатыны белгілі. Ол рухани және материалдық болып екіге бөлінеді.

Менің әке-шешем ешқашан байлыққа құнықпады. Бала кезімнен бері білемін, біз тұрмыстың жылтырағына қызыққан емеспіз. Әкем йогамен айнылысқандықтан, дүниеге еш мән бермейтін. Керексіз, басы артық заттарға немқұрайды қарады. Анам өте тәртіпті отбасында тәрбие көргендіктен, байлықты басты құндылық деп есептемеді. Жоғарыда айтқанымдай, театр мен музейлерден, классикалық кітаптар мен қойылымдардан рухани ләззат алды. Жиналатын мүлік, жалтыраған алтынға құмарлығы болмады.

Сол кездің өлшемімен жұрт қатарлы өмір сүрдік. Екеуі де қызмет істеді. Бірақ асып-таситындай дәулетіміз болған емес. Ал алыс жерді көру, содан әсер алу – екеуінің мақсаттары болды. Және оны барынша орындады.

Әлі есімде, менің жеті жасымда, 1972 жылы, отбасымыз болып дем алу үшін Сочиге кеттік. Әрине, ол уақыттағы қаланы кейінгі Бүкіл дүниежүзілік қысқы Олимпиада астанасымен салыстыруға болмас. Бірақ сол тұстағы Целиноград қайда, іргесінде теңіз шалқыған Сочи қайда?! Жарнамаларда айтылатындай, айырмасы бірден сезілетін.

Пойызбен бардық. Онда билетіміз плацкарт вагонға екен. Мен қашан Сочиге жетеміз деп бірер күн терезеден телміріп қараумен болдым. Ақыры жеттік-ау. Шалқыған теңізді бірінші рет көруім. Аузым ашылып қалды. Тек ол кезде қаладағы қонақүйлер аузы-мұрнынан шығып жатқандықтан, ата-анам біреудің жеке үйінен бөлме жалдады. Соның өзінде суға шомылып, күнге қыздырынып, бәріміз алғаш рет нағыз дем алдық.

Екінші рет отбасымыз болып Ыстықкөлге барғанымыз есімде. Оның бойымызға қуат құйғаны анық. Бала кезімдегі әке-шешеммен бірге дем алған сапарым осы екеуі ғана. Олар мен есейгенше басқа алыс жаққа шыққан емес. Есесіне әкем мені жыл сайын Ақсуға, Жансүгіров кентіне немесе олардан да қашықтағы Алакөлдегі қарындасының үйіне жіберетін. Ол туралы әсерімді, 15 жасымда қалай құрылысшы болғанымды бұған дейін айтып кеткенмін.

Тек әкем анда-мұнда апарып, әрнені әперіп, соншалық мәпелей қоймаса да, маған ешқашан қаталдық көрсетпегенін әлі айтпаған сияқтымын. Иә, баласын қатал ұстаған жоқ. Өзінің өмірімен дұрыс жолды көрсетіп отырды. Содан ауытқымасыма іштей сенсе керек.

Мамандық таңдауыма араласпады. Алматыдағы, тіпті республикадағы бірден-бір физика-математика мектебінде оқыдым. Бірақ мен нақты ғылым саласын қумай, Мәскеудегі Патрис Лумумба атындағы Халықтар достығы институтын қаладым. Оған еш қарсы болмады.

Сөйтіп, 17 жасымда туған үйден алысқа кеттім. Содан бастап әкем – менің, мен әкемнің қасында ешқашан ұзақ жүрмедік.

Әлгі Қасым атамның әкеме «Базаровтай болсаң жетеді» дейтіні бар ғой. Ал әкем маған ешкімді өнеге етіп, соның жолын қайтала деп айтқан емес. Өзінің зоотехникалық-малдәрігерлік институттан теміржол инженері мамандығына ауысып кеткен ащы тәжірибесі ойында жүрсе керек. Мамандық таңдауыма еш араласпады. Бірақ ұдайы бақылап, назарын салып отырды.

Мәскеуде оқып жүргенімде артымнан іздеп келген емес. Телефонмен ара-тұра хабарласып жағдайымды білетін. Онда да, негізінен, анам сөйлесетін. Сосын әкемді әншейін хабардар ете салатын.

Әкем маған бір кезде көрсете алмаған, оған үлгермеген ықыласы мен махаббатын кейін аңғартуға тырысатынын байқадым. Онда да мәпелеген сөз, өбектеген іспен емес. Қаспен, қабақпен, емеурінмен.

Жалпы, өзінің толқынысын сездірмеу, тежеп ұстау жағынан әкем – теңдессіз адамның бірі. Оқу оқыса, білікті дипломат болар еді. Үлкен саяси ұйымдарды басқаруға қабілеті жетер еді. Басқа да жауапты тетіктерді мықты қолда ұстауға мінезі мен қарымы молынан келетін.

Бірақ басқа заманда өсті. Талпынысы талай рет тоқпаққа тап болды. Ол қоғамда суырылып шығуына мүмкіндік берілмей, іштен тынған сияқты. Сондықтан өзін көрсетер салаларды қанағат етті. Ел қатарлы тұрмысқа шүкіршілік етті. Қазіргі еркіндік заманында егер менің әкем жас жігіт болса, онда тұлғасын басқа биіктерден көрер едім. Енді ол – мүмкін емес нәрсе. Соның өзінде көп нәрсе тындырғанын жаздым. Ал қоғамының тарлығынан, ортасының түсінбегенінен және басқа объективті-субъективті себептермен жүзеге аспаған өрен ойлары мен ізгі ниеттері мәңгілік сағымға айналды.

Әкем еліміздің тәуелсіздігінен кейін менің қызметтегі жетістіктеріме іштей мақтанатын. Бірақ оны сөзбен не өзіме, не басқа біреуге айтып, сыртқа шығармайтын. Ең бастысы, өзінің алмаған асуларына баласының жеткені, әке ретінде, оның көңілін толтырды.

Тағы бір байқағаным, кейінгі уақытта ол түбінде бұл фәниге артында мені қалдырып, анам екеуінің оралмасқа кетерін сездіре бастады. Тағы да ашық әңгімемен емес. Кейде сөздің ыңғайымен, кейде кейбір әрекеттерімен. Ал мен оған дайын болмай шықтым. Енді ғана өз қолыммен қабіріне топырақ салған соң шын жоғалтқанымды мойындадым. Онда да тірлікте жоғалттым, ал санамда әкем әлі тірі сияқты.

Әкемнен маған Құран қалды. Ол Құран-Кәрімді оған өз әкесі – менің атам Қасым қалдырған...

Біздің Мәсімовтер әулетінің ерекше жәдігері қасиетті Құран қолымызға қалай тиген? Атам балалар үйінде есейіп қалған кезінде бір ақсақал арнайы іздеп келеді. Кезінде бала Қасымды осы мекемеге өзі табыстап кеткен қария көрінеді. Атам ол кісінің жүзін аздап шырамытады. Өйткені арада жылдар өтті, әлгі қолынан жетектеп келген кезде атам жеті-сегіз жасар бала, кісінің түр-түсін есте сақтап қалатын жаста емес. Ол кісі, міне, екінші рет келгенде бойы биіктеген, келбеті айқындалған, киімі бүтінделген, ойы да толыса бастаған бозбаланы көріп, риза болса керек. Сосын, оңаша шығарып, «мынау – аталарыңның аманаты, менің мойнымда кетпесін» деп ораулы бір затты ұстатады. Кітап. Жай кітап емес – Құран-Кәрім. Ал қалай сақтау керек?

Онда дін қудаланады. Құран мен Інжілді жинап, өртеген заман. Бұл кітапты қолына ұстағанның өзі күдікке ілінеді. Сонда, менің әлі бозбала атам қайткен? Кітапты да, өзін де сақтаудың жалғыз амалын тапқан. Сталин шығармалары жинағының бірін алып, оның қызыл-қоңыр мұқабасының ішіне сол Құранды тыққан. Осылай балалар үйінен алып шыққан. Соғыста әйеліне, менің Нұрбану әжеме тапсырып, сандықтың түбіне салғызған. Кейін ол Құран атамнан әкемнің қолына тиеді. Әкемнің түрлі кедергілерден өтуіне осы Қасиетті кітаптың шарапаты аз болмаса керек.

Бабамнан – атама, атамнан – әкеме жеткен сол қасиетті Құран енді менің үйімнің төрінде. Өзіммен бірге. Кейін балама аманатқа қалары хақ.

Қайтыс болған кезде әкемнің жеке екі заты болыпты. Бірі – саусағындағы жүзігі. Екіншісі – қолынан шешіп, жанына қойған сағаты. Бұл екі зат өзінің бағасымен емес, әкемнен қалғанымен баға жетпестей құнды екен. Олар енді менің саусағым мен білегімде жүрмек. Сол арқылы әкем саусағымнан сипағандай, білегімнен ұстағандай болады. Бір кезде ұстамдылығынан, сабырлылығынан, ал кейде уақыт пен жағдай жетіспегенінен маған көрсете алмаған махаббатын енді осы екі жеке заты арқылы сезінерім даусыз.

Енді қасиетті Құран қатарына әкем Қажымқан Қасымұлы Мәсімовтің жүзігі мен сағаты қосылды. Бұлар да бойыма қуат береді.




«Атың барда жер таны желіп жүріп». «Көре-көре көсем боласың». Ақылың жетіп тұрса, денің саушылығында ел-жерді көрген дұрыс. Үйренесің, көресің, бағалайсың. Жасында жігітке тартыншақ болған жараса қоймайды. Күш-қуатың тасып тұрғанда табыс тап, ұмтыл, жүгір. Жақсы өмір сүру үшін қимылдау ләзім. Одан жаман болмасыңа мен кепіл. Атам қазақ айтпайды ма, «көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» деп»


Әкемнің өсиет сөздері. «Аманат» кітабынан




Әулетіміз бас қосқан бір сәт





Әулетіміздің ең құнды мұрасы. И.В. Сталин шығармалары мұқабасын жамылып аман қалған Құран


Молықбай бабадан қалған қасиетті қобыз. Түпнұсқаның көшірмесі





«Елдің басы қиын күнде бірігеді. Ердің басы қиын күнде сыналады. Бейбіт күнде адам баласы бір-бірінің қадіріне жете бермейді, сол қадірге жетуге аса құлықты бола қоймайды. Бұл тіршілікті – жолаушы аз ғана аялдаған бекет деп біл. Яғни бір-біріңді қадірле сол бекетте. Тіршілікте сыйласпағанның, өлгенде жыласқанынан еш пайда жоқ. Бұл сөзді мен емес, атам қазақ айтқан. Біздікі тек есіңе салу».


Әкемнің өсиет сөздері. «Аманат» кітабынан




ЭПИЛОГ


Әкесі Қасымның, анасы Нұрбану мен ағасы Қасымханның соңынан әкем Қажымқан да келместің кемесіне мініп кетті. Әкемнен айырылғалы алғашқы аса ауыр қырық күн өтті. Әлемім өзгеріп, өмірім әкеммен бірге және әкемнен ажыраған болып екіге бөлінді. Ол кісінің менің санамдағы тұлғасы биіктей түсті.

Мен үшін әкем – арғы аталар мен келер ұрпақтың арасындағы берік көпір!

Мен үшін әкем – ертеңгі бұтақ биік болуы үшін тереңге кеткен тамыр!

Жай емес, АЛТЫН ТАМЫР!

Әкемнің жары – анам Элеонора Кәрімқызы, баласы мен – Кәрім Қажымқанұлы, әйелім мен балаларым, інісі Мырзахан, қарындастары Күләйхан, Күнсағила (Гүлжан), Күлилә, Күлтай, олардан тараған бүкіл әулет, Ақсу аймағы мен жалпы Жетісу жұрты, әкемнің бүкіл әріптестері мен серіктестері, жолдастары Қажымқан Қасымұлының жарқын бейнесін мәңгі есте сақтайды.


Мамыр, 2019 жыл




Көрілген: 7559    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 29.05.2019, 15:40

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    29 Мамыр, 15:40
    Кәрім Мәсімов: ТАМЫР

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30