Алаш прозасы

Мирас Мұқаш: БАҚҰЛ БОЛ, АТА! (әңгіме)

  • Мирас Мұқаш: БАҚҰЛ БОЛ, АТА! (әңгіме)

    Мирас Мұқаш: БАҚҰЛ БОЛ, АТА! (әңгіме)

  • Мирас Мұқаш: БАҚҰЛ БОЛ, АТА! (әңгіме)

    Мирас Мұқаш: БАҚҰЛ БОЛ, АТА! (әңгіме)

Үлкен ауланың алдында орналастырылған К-700 тракторының ескі орындығына кішкентай екі жиенін отырғызып алып тербетіп ойнатып жатқан Ахмет шалға көршілері таң қалады. Таң атқаннан кеш батқанға дейін үлкен қызының балаларын ойнатудан жалықпайтын Ахметтің өзі де баладай жадырап шаршамайтыны қызық. Бірде қи таситын арбаға отырғызып сүйреп жүрсе, бірде екеуін арқасына кезек мінгізіп бәйек болады да жатады. Әсіресе кішісі Ерлан атасына үйірсек. Атасы да оны «құлыным-күленім» деп ерекше еркелетеді. Үлкені Мирлан өзінің аз да болса ересек екенін біліп салмақтылық танытады. Үй шаруасынан басқа көп нәрсеге көңіл аудара бермейтін қызыл шырайлы апасына көмектесіп, қолғабыс жасауға бейім. Апасының да таң ата салысымен күйбең тірлігі бітпейді. Мирлан ол кісіге таңертең сауылған сүтті тартуға, өріске мал айдауға көмектеседі. Құрт қайнатқанда да сол кісінің жанында жүреді. Нан пісіргенде отын қылып жағатын мия шөбін, қи тасиды. Әйтеуір бұл көбіне апасының жанынан табылады. Ал әрнерсені уайымдағыш апасының көңілінен шығу Мирланның мерейін едәуір өсіріп тастайды. Көктем мерзімі болса да апасы екі баланы қалың киіндіретін. Жылы пальтомен, ескі сұр құлақшынды кигісі келмеген Мирланға: «Қыс ызғары әлі тарқай қоймағандығын. Бойларын жел қарып, ауырып қалулары мүмкін екенін жиі ескертеді. Тіптен түймелерін ағытып жүрудің өзіне тиым салады. Ерланның да кигені сол. Екеуін егіз баладай бірдей киіндіріп қоятыны да қызық. Қалада жұмыс істейтін қызы мен күйеу баласы мектеп жасына толмаған балаларын апасына қатты қадағалауды тапсырып кеткен тәрізді. Үлкен ауылдың шет жағында орналасқан үлкен үйдің ауласы демалыс кезінде ғана адамға толып кетеді. Осы ауыл мен көрші елді мекендерде тұратын балалары келгенде атасы мен апасы да ерекше қуанышқа бөленеді. 


Бірде көрші тұратын Қасен шал, атасына:

– «Жиен ел болмайды, осы екеуін ерекше еркелететінің қалай, сенің?» - деп таңырқағанын естіген.

– Ел болмаса да, өзімнің қаным бар ғой бұларда. Сен шалдың нең бар осы, деп ренжіген болатын Қасенге. Кейін ойлап қараса аталарының бұл екі жиеніне деген ықыласы шексіз болыпты ғой. Соны өсе келе бірақ сезінді өкініштісі.

Ахмет Ерланды көп еркелеткенімен үлкен жиені Мирланның еңбексүйгіштігін жақсы көретін. Кейде өзіме тартқан жұмысқор деп мақтап, еміреніп отырады. Әрине Ерлан ұйықтап қалғанда ғана. Әйтпесе шолжаңдау Ерлан өзінің тетелес ағасынан атасы мен апасының мейірімін де қызғанады. Жастайынан ұжымшарда еңбек етіп, еншісіне тиген малдың өзін Ахмет екі жиеніне бөліп, әрқайсысының атына атаған. Арнайы таңба басып, ен салған да. Мәселен «ерке жирен» мен «ақтабан» тайы Ерландыкі болса, «көк шағыр» мен жуас «көк ат» Мирланның еншісінде. Көк шағыр тай өте асау. Үйірден келгелі басына ноқта тимеген. Ауылдың тай үйреткіш ересек балалары да бұл тайға мінуге жүрексінеді. Сондықтан Мирлан сиыр келетін уақыттың алдында бұзау іздеуге көк атымен кететін. Қой артында жүріп үйренген аттың батырлар жырындағы тұлпарларға тән еш қасиеті жоқ. Тым жуас, желдіртуге де қорқасың. Естуінше кезінде малға үйірсек нағашы ағасы көкпарға мініп барам деп аттың аяғын қайырып алған. Сол кезден бастап сүріншектік пайда болыпты. Ал «құлақайды» атасының өзі ғана мінеді. Ат та иесінен басқа адамды жанына жуыта қоймайды. Жиендер де мұны жақсы түсінген. Бірде құла атты суармақшы болған Мирланның өзін тістеп ала жаздағаны бар. Ал атасын көрсе ат жуасып, момақан бола қалады.

Анда-санда Ахмет Мирланды таң сәріден оятып бидай әкелуге тауға алып кететін. Бұның қазіргі өміріндегі ең қызықты сәттер де осы еді. Күні бойы Ерланды жанынан тастамайтын атасымен алыс сапарға барып келуді Мирлан да ерекше жақсы көреді. Мұндай күндері атасы дөңгелектері жамалған ескі арбаға құлақайды жегіп дайындап қойса, апасы қоржынға оны-мұны салып бәйек болып жүреді. Жол қоржынның ішінде әрине тәтті-мәтті де бар. Арбаға мінген екеуі ауылдан ұзай бергенде үлкен қорымның жанына тоқтайды. Бұл жерде атасы өзінің әкесі жерленгенін айтады. Тізе бүгіп, құран бағыштайды. Атасы Жаппар шал туралы айтудан еш жалыққан емес. Кішкентай жиеніне сол кісінің қаталдығының арқасында еңбегінің жемісін жегенін сөз қылады. Әрбір жерден өткен сайын сол жердің тарихын баяндап отырады. Мысалы ауылдан он шақырым қашықтықтағы Қабдеке қыстағы Ахмет атасының ата қонысы болып есептеледі екен. Әкесі туралы айтып біткен соң, әңгіме ауанын қыстаққа бұрады. Өгізге мініп, алыстағы мектепке барғанын сөз етеді. Толық білім ала-алмағанынына қынжылады. Бірде бұған әскери болғысы келген арманын да айтқан. Осы кезде Мирлан жататын мезгілде інісі екеуіне атасының батырлар жырын оқып беріп ұйықтатуды әдетке айналдырғаны да сондықтан шығар деп түйді. Сондай кездері қызыл пиджагы мен сұр қалпағын тастамайтын атасы бұның көзіне айбарлы батыр болып елестеп кететін. Тіпті мұның да әскери маман болуын қалайтынын қайта-қайта айтып отырады. Бұл керісінше суретші болуды армандайды. Апасына қолғабыс жасаудан немесе ойыннан зеріккен сәттерде қолына қарандаш алып сурет салатын. Алты обададан өте бере атасы әдетінше бұл жерде Қабанбайдың жау қайтарғаны туралы баяндайды. Әрі қарай Қара-бұлақ, Үш құдық мекендерін басып өтеді. Ал қызыл қайыңдағы ұжымшарға жеткенше ауылдан үш-төрт сағаттық жер жүру керек. Бұл жолдағы домалақ бейіттің де ерекшелігіне мән бере қоймайтын. Онысы бекер екен. Сөйтсе бұл Жоңғар шапқыншылығы кезінде қалмақтың сарбазымен жекпе-жекке шығып, ерлікпен қаза тапқан кәрі батырдың зираты көрінеді. Оны атасы Домалақ батыр мазары деп атайды. Ол туралы да неше түрлі аңыздар жетерлік. Өстіп келе жатқан ата мен немере қызыл қайыңға қалай жеткендерін білмей қалады. Атасын бұл жердегі адамдар өте құрметтейді.

– Аха, несіне әуре болдыңыз? Көлік табылғанда бидайды өзіміз-ақ жеткізіп берер едік, – деп әбігерге түседі. Ұжымшардағылардың – Бидай әкелуге Құлақайды жегіп Мирланның өзін жібермедіңіз бе, үлкен азамат болып қалыпты ғой, – деп қалжыңдағандарын бұл шынға балап, бойында бір мақтаныш, ересектік сезімі пайда бола қалады. Атасы да ақталған болып жатады. Талай жыл жұмыс істеген мекенін көргісі келетінін, ен далаға шығып сергігісі келгенін айтады. Әйтпесе үйдегі судай жаңа «Москвичпен» жетіп келуге болатын жер ғой. Жиенін ертіп, арбамен жүргеннің де өз рахаты бар.

Қызыл қайыңды мекендейтін кісілер бұлар келгенде мәз-мейрам болып қалады. Қой сойылып, қазан түсіріледі. Өзіне деген құрметтің зор екенін байқаған атасы бойын тіктей түсіп, бетінде ерекше шырай пайда болады. Кішкентай балалар Мирланға таңырқай қарап, қайда беттесе де жанынан шықпайды. Әрине тау қойнауында жатқан екі-үш түтіннің қонақ келгенде не үшін қуанатындары түсінікті. Бұл да осы меңіреу тыныштықта жатқан ауылға келгісі келіп-ақ тұрады. Атасы мен апасы қалжыңдап Мирланға осы жерде тұратын Арыстан қойшының қызын алып береміз деп отыратын. Апасы Арыстанның қызы Гүлнардың үй шаруасына деген тиянақтылығы мен пысықтығын айтып аузынан суы құрыйды. Бірақ бала әйелді әкесі әперетінін айтып атасы мен апасына бой бермейді. -Әкең әперсе қаланың қағынған бір қызын әперер, ал Гүлнар нағыз қазақы қыз деп апасы да бой бермейді. Құдды бір ертең үйлендіргелі жатқандай бұл да бұлқан-талқан болады. Ол кезде ғашықтық сезім дегенді бұл қайдан білсін. Осы жаққа жүрерде апасы аузынан тастамайтын сол Гүлнарды да көруге асыққаны рас. Мирлан арбадан түсе бере танауы пұшықтау, ұзын болып өрілген екі бұрымын иығының екі жағына асырып жіберген қара қызды көріп тосылып қалды. Мирланнан бес-алты жас үлкендігі де бар көрінеді. Алып бара жатқан сұлулығы да бұның көзіне түсе қойған жоқ. Дегенмен бұл қызды көргенде шалбарының балағын қағып, апасы ашуға тиым салған қыстық пальтосының түймелерін ағытып, маңдайына түсіп тұратын құлақшынын төбесіне қарай ысырып тыпыршыды да қалды. Жанынан шықпай тұрған кішкентай балармен жүгіре жөнеліп, ойнап кеткісі келіп тұрған көңілі де сап тыйылды. Келген қонақты жатырқай қоймаған Гүлнар бұл келе салысымен бірге суға барып келуін өтінді. Мирланмен бұл қыз кішкентай баламен әңгімелескен сияқты болып көрінді. Бұл сияқты ыңғайсызданып тұрған да жоқ. Тіпті бұның күнде келе бермейтін мейман екеніне қарамай екі шелек суды да көтертіп қойды. Бірақ Мирлан қыздың бұл қылығына еш арланбады. Ауылға кері қайтқанша Гүлнардың жанынан бір елі шыққан жоқ. Атасы жиналып жатқанда, Мирлан ертең қайтсақ қайтеді деп ұсыныс та білдірді. Алайда атасы ертең сиырдың кезегі екенін, бұл жерде түнеп қала алмайтындарын айтты. Кешкі салқынмен жаман жолдың шаңын бұрқыратып, құлағын қайшылап әдемі аяң жүрісін жиілете түскен құла ат, атасы мен немересі ауылға тартып бара жатты. Атасы қайтарда да ұшы-қиыры жоқ даланың әрқилы тарихы туралы әңгімесін бастады. Бірақ Мирлан үнсіз еді. Ол екі-үш үйі ғана бар кішкене ғана ауылда қалып қойған Гүлнарды ойлап келе жатқан.

Ахметтің екі жиенін өсе келе әке-шешесі қалаға оқуға алып кеткен. Ауылда қалған, батырлар жырын қайта-қайта оқып беруден жалықпайтын атасы мен қызыл шырайлы, сары жүзді апасын сағынған Мирлан мен Ерлан енді жазғы демалыстарын күтіп күн санап жүретін. Тіпті мектептері арнайы жіберетін лагерлерге де бармайтын. Есіл-дерттері ауылға барып өз еншілеріндегі жылқыларын ерттеп мініп, «Шүлездегі» тоғанға шомылуға бір топ баламен жарысып бара жатқандарын елестететін. Олар жазғы демалыстарын ауылда өткізуді әдетке айналдырды.

Ауылға жету үшін таңғы үштер шамасында поездан түсіп, одан ары қарай кішкентай сары «ПАЗ»-икпен көктем уақыттарында жел шайып кете беретін, мүлде жөндеуден өтпеген шаңды жолмен бес-алты сағат бойы жүру керек. Бұлар қалада жүргенде атасы көрші Мейрамнан бір тоқтыға айырбастап велосипед алып қойғанын естіген екі бала да естері шығып, ауылға асыға түскен.

Бұрындары бұзау іздеуге ат ұстап әуре болатын немесе жаяу кететін Мирланға қызыл велосипедтің пайдасы көп болды. Апасына базардан азық-түлік әкелуге де осы велосипедтің септігі тиетін. Апасы зейнетақы алуға барып күн ұзаққа кезекте тұрған кездерінде де термоспен шай апаруға өзі баратын. Термос та едәуір үлкен. Бұл апараған шай поштаның жанында зейнетақы кезегін күтіп тұрған кемпір-шалдардың бәріне жететін. Олар бұған алғыстарын жаудырып, ризалықтарын білдіріп жатады. Он жасар шамасындағы бұны кемпірлер едәуір ересек деп ойлайтын болуы керек. Апасына:

– Ей немерең үлкен жігіт болыпты ғой, үйлендірмейсің ба? – дейді.

– Үлкен емей немене биыл он алты жасқа толып отыр. Бір-екі жылда үйлендірем! – деп апасы бұның жасына алты жылды бірақ қосып жібереді. Көп адамға сөйдеп айтатын. Бірде базардан қайтып келе жатып неге өйтесіз деп сұрағаны бар. Сөйтсе көз тимесін дегені екен.

Анда-санда қой кезекке баратын күндері үйірдегі аттарға тиіспей қызыл велосипедпен кете беретін де болған. Қойды ойға қарай қайырып жіберіп қойынына тығып шыққан қарандаш пен қағазын алып көзіне не іліксе соны салатын да жататын. Бірақ бұл жердің табиғатын Алматымен салыстыруға келмейді. Шөптері де сұрғылт түсті болып келеді. Атасының тамсанудан жалықпайтын таулары да Алматыдағы Алатаудан аласа. Туған жеріне деген құштарлығы керемет атасының жиені осы жерлерді қорғайтын әскери азамат болғанын қалайтыны да сондықтан шығар деп те ойлайды. Әсіресе тау мен даланы, өсімдіктерді бейнелегенді ұнататын бұл сұрғұлт тартып тұратын жоңышқа мен мияны тым көріктендіре түсуге тырысып жасыл және көгілдір бояуларды көп қолданатын. Кейінірек көркем сурет өнері бойынша дәріс алған кездерінде қой кезекте жүріп салған суреттерінің «пейзаж» деп аталатынын білген.

Бір күні бұл аяқ-асты үйдегі нағашы ағасына еріп жылқы кезекке шығатын болды. Нағашыларының ауылы біршама үлкен болғандықтан бұл жақта қой, сиыр және жылқы кезек деген болатын. Жылқы кезекті кешке қабылдап алып, ертеңіне кешқұрым кезегі келген адамға өткізу қажет. Демек түні бойы далада болады. Бармай-ақ қойса да болатын еді. Бірақ мен еріп барайыншы деген өзі. Енді аздап өкініп тұр. Бұл ауылда кешкі мезгілде сағат сегіз бен онның арасында жарық өшіп қалады. Сол кезде інісі екеуі аталарының бауырына кіріп алып, әңгіме тыңдайтын. Бұл кісінің әңгімелерінің шегі жоқ. Бұл жолы жас кезінде қыстың боранды күндері мал баққанын сөз еткен. Қасқырлар туралы сөз болды. Ашықса адам жеуден тайынбайтын қорқаулар топ-тобымен жүретін көрінеді. Малдың иісін де тым қашықтан сезетін жыртқыштардан сақтанып түні бойы көз ілмейтіндерін айтады. Жылқы кезекке шығар сәтте де қасқырлар туралы әңгіме есіне түскен. Ағасына мылтық алып алайық деп те айтып көрді. Кеше кешке көрші Қамен шал алты оба жақта қасқыр көргенін айтқан. Содан бері мазасы қашты. Бармаймын деп бас тарса інісі Ерлан мазақтайтыны белгілілі. Кезекке шыққанда құдды бір жорыққа аттанатындай сезініп батыл шығатын бұл осы жолы шын қорқайын деді. Қайтсе де бару керек. Ішінен жалғыз емес екені есіне түсіп өзін алдаусыратып қояды. Бірақ ұйқыны жақсы көретін ағасы бұны малдың кезегіне ермек болсын деп емес, өзінің ұйқысын қандыру үшін ертетінін талай рет байқаған. Жаңбырдан қорғанатын қалың плащын жамылып алып ұйқыға басады. Біраз есейіп оқушы болғандарына қарамай апасы бұларды қалың киіндіріп қоятынын қоймаған.

Кешқұрым атасы бұған інісі Ерланның «ерке жирен» құнанын ерттеп берді. Тай кезінде жайдақ мінем деп тақымы ұстамай бұл жануардан да талай рет құлаған. Ерлан кезекке өзін ертіп әкетуді өтініп біразға дейін арттарынан қалмай қойды. Ағасының астындағы жылқысын қызғанатын сияқты. Інісін талай рет қой кезекке ертіп шыққан. Бірақ түске дейін жанында жүретін де апасы қоржынға салып берген тамақ таусылғаннан кейін басым ауырып, шаршап кеттім деп бұны жалғыз тастап үйге қайтып кететін.

Қалың томарды басып өтіп, жылқыларды алты оба жаққа қайырған кезде күн де біраз еңкейіп қалған еді. Семіз торы биесін қайта-қайта тебініп, әрнәрсені бір әндетіп келе жатқан ағасы қас қарайған кезде жылқыларды ойпаңдау жерге жайып жіберіп, төбелерінен бақылап отыратындарын айтты. Өз аттарын да кісендеп, үйірге қосатындарын да ескерткен. Бірақ бұның аттан түскісі жоқ. Қалың жыңғылдың арысынан кейбір тайлар көрінбей де қалады екен. Бірақ оның ішінен шығып бара жатқандарын аттан түсіп отырсаң да бірден байқайсың. Кезекте жүрген екеуі үш құдыққа келіп тоқтаған. Сылдырап аққан су мен ызыңдаған шыбын-шіркейден басқа дыбыс жоқ. Тыныштық. Мирлан барлық үрейін жиыстырып қойып, ағасы ұйықтамай тұрған кезде көз іліп алайын деген. Қандала маза бермеді. Ертоқымын басына жастанып, бетін қалпағымен жауып әндетіп жатқан ағасының үні өшті. Демек енді ұзақ ұйықтайды. Жүгіріп барып жайылымда жүрген атын ұстап мініп алды. Шөп сыбдырының өзінен үркіп мойнын созып, жан-жағына қарап біреу бас салса, ерке жиренді борбайлап шаба жөнелуге дайын тұр. Түнімен дыбыс аңдумен болды. Біреу ту сыртынан келіп, шабуыл жасайтындай көрінеді. Ұйқысы да келген. Сағатына қараса таңғы төрттер шамасы болып қалыпты. Ауылға қайтып кетсем ба деп те ойлап қояды. Бірақ ауылға жету үшін жиырма бес-отыз шақырым жол жүру керек екені есіне түседі. Түнде жол да ұзарып кететінін біледі. Бар дауысымен айғайлап, үйірді айналып шапқылай жөнелгісі де келді. Ағасының мінезі тым қатал. Ұйқысын бұзсаң кешірмейді. Бар амалы таусылған бұл атынан түсіп, ертоқым үстіндегі күпәйкесін басына жастап жантаяуға ыңғайланды. Ұйықтап кетіпті, оянғанда бетіне күн сәулесі түсіп, көзін ашуға мұрша берер емес. Аяқ жағында бірнәрсе жыбырлайтын сияқты. Түнімен қасқырдан қорққан Мирлан енді шын шошиын деді. Жаныңда жылан жүрсе тырп етпей жату керек деп отырушы еді атасы. Жылап жібергісі келіп жатыр. Жылан түгіл, кесіртке мен шегіртке көрсе шошынатын бұл ішінен жылқы кезекке лағнет айтып, білген боқтығының бәрін қайталап шықты. Ағасының қиқулап жылқы қайырғаны естіліп жатыр, аяғы да жыбырлатып өлтіріп барады. Бұлай жата беруге болмайды. Жатқан бойы шалбарының түймесін жайлап ағытты да, шапшаң қиымылмен бұтынан сыпырып алып анадайға лақтырып жіберді. Түнде атын кісендеп жатқанда, шылбырына аяғы оратылып жүрмесін деп шешіп алып қойған болатын. Сөйтсе сол шылбыр әрі-бері аунағанда өзінің аяғына оралып қалыпты. Анадайда қарап тұрған ағасы жуас биесінің мойнынан сырғып түсіп, даланы басына көтере қарқылдап күліп жатыр. Бөйтіп күлгенін бұрын бұл көрмеген. Қапелімде не істерін білмей сасып қалды. Ағасына естіртіп, күннің ысып кеткенін сылтауратқан болып біраз отырды да. Аңқаулығы мен қорқақтығына өзінің де күлкісі келіп, бір жағынан жылқы кезектің түні тыныш өткеніне көңілі көтеріліп ағып жатқан суға бірақ сүңгіді.

Алматыға кетіп бара жатқандарында атасы екі жиенін өзі шығарып салды. Ол кезде таңғы күз салқынынан қорғанған екі бала аталарының бауырында соңғы рет тұрғандарын сезбеген де. Қалаға барып, оқуларын жалғастырып жүрген екеуі есейе келе ауылға баруды сиреткен. Аталары қайтыс болғанда да бара алмады. Оқудың алғашқы курстарын бітергенде Мирлан атасының басына барған еді. Бейіттің шарбақ есіктерінің ар жағынан құлақай аттың бас сүйегінің қаңқасы да жатыр. Бұл ауылда қайтыс болған адамның жылқысының бас сүйегін иесінің көмулі қорымының үстіне қоятын.

Содан бері қанша уақыт өтті. Атасымен байланыстырып үлкен сурет салуды армандайды. Бірақ не саларын білмейді. Құлақайды жегіп, атасы үшеуі қызыл қайыңды бетке алып бара жатқан сәттерді де бейнелеп көрген, атасының портіретін де салмақ болды. Бірақ ол бейнелерде ешқандай сезім мен әсер нышаны байқалмайтын. Мирлан елестетін атасының анық образы да еш ашылар емес. Қанша қағазды да қор қылды. Көп ойланған Мирланның көзі тау жаққа түсті. Құлақай, атасы және өзінің қызыл қайыңға баратын үлкен жолды көрген бұл қойшы Арыстанның қара қызы Гүлнардың бейнесін қағазға түсіруге бекінді. Сол қара қыз бен кішкене ауыл адамдары арқылы атасының бейнесі көз алдына анық келетін сияқты. Гүлнар мен Қызыл қайың тұрғындары қайда екен қазір?


2002 жыл




Көрілген: 9747    Пікірлер: 0

сенбі, 27.07.2019, 17:04

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    29 Мамыр, 15:40
    Кәрім Мәсімов: ТАМЫР

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31