Алаш прозасы

Мұнайдар БАЛМОЛДА: "АСАНҚАЙҒЫНЫ АҢСАУ"

  • Мұнайдар БАЛМОЛДА:

    Мұнайдар БАЛМОЛДА: "АСАНҚАЙҒЫНЫ АҢСАУ"

Ғажап ән! Негізі бұл сыр Табыл көкенің досы Арман Сқабылұлының Табыл жайлы естелігіне пікір ретінде жазған хат еді. Соны қайта жариялаудың реті келіпті. Сонымен, фәниден қайтар жылы қолына сүліктей қара гитарасы мен Абылын жетегіне алып Оралға ақ қар, көк мұзда жетті ғой көкеміз. Клип дейді. Курстасы Асыланбек уәде еткен екен. Алайда қыста, сыртта отыз градус аязда адам клип түсіреді ме?


Марқұмның өз мінезі сияқты дүние сарышұнақ аязымен өртеп тұр! Асекең маған айтты. Мен қайыр-қош алдым. Табыл досы Рашид бауырымның жанында екен. Рашид те кетті. Сырлас әріптес едік. Екі арыстың да жатқан жері жарық болсын. Содан Табыл ағамен сөйлестім. Телефонмен. Мен қырсықпын ба десем, ол көкем менен өткен қырсық екен!) "Бала, көктем-жазды күтетін уақытым жоқ. Үш ән әкелдім, соның біріне клип түсіруіміз керек қазір. Қолыңнан келмесе нең бар алып?" деп екеуміз біразға бардық-ау осы!.. Мен де болмаймын өзімнің ойымды дәлелдеп. "Дүниеге перзент қиындықпен келеді ғо... Түсіре салатын бұл жай зат емес, ол да сіздің іштен шыққан балаңыз емес пе? Асықпаған абзалы. Мамырда табиғат тамылжыған шақта..."деймін бе тіпті. Ал Табыл көкемді "бол да бол" тағдыр тұлпары боран-дауылға қаратпай заулатып алып бара жатқанын білсемші? Ол айтарын айтып салды да трубканы Рашид Шақуға берді. Рахаң майда қоңыр дауысымен "жараны" жазып жатыр. Ұққаным Табыл көкешімнің осыған шейін бірде-бір әніне клип түсірілмепті. Бұл ең алғашқы талпынысы екен. Мен ойланып қалдым. Рахаң араласпаса да ішкі ойым тілге келіп қалған жырау әншіге сұрағанын жасау еді. Ал бұл сұқбат маған қамшы да болды, қызықтырды. Содан не керек облыстық музейге барып ән жаздық. Жексенбі. Бізде оңған студия жоқ ол кезде. Ал маған Табылдың "Асанқайғыны аңсау" әні ұнап, соған сюжетті музей жәдігерлерімен байланыстырғым келді. Басқа вариант болмады. Аяз. Ақ қар, көк мұз. Ақпан. Амал осы болды бар тапқан... екі әні лирикалық, махаббат тақырыбында. Оны жай жаздық. Осыларды таспаға жазған оператор Ренат Садыров Астанада қазір. Мен редактор-режиссер болып жүргем ғой өзімше. Табыл көкемді сырттай аса ұнататын едім. Айтпақшы кездескенде екеуміз құшақ жая көрістік, көрмей тұрып телефонмен болған әңгімедегі оқай-соқай сөз мүлдем болмағандай күйде болдық! Не айтсам, соны орындап, яки былай жүрсеңіз, мына араға отырсаңыз деп кеңес берсек, соны балаша атқарып тастайды. Аяғында жай туфли, басы жалаңбас, күртесі былғары күздік дүние, оның да алдын ашып тастаған... біз дірілдеп жүрміз. Үсетін болар дегем Табыл көкем майы тамған мамырда жүргендей қыңқ демеді ғой. Құлағын уқалағандай сәл сүйкеп өтеді. Тоңуды білмейді еш. Міне, мінез! Және ғұмыр зулап бара жатқан екен ғой беу... Табыл көке баяғының батырларындай кең иығын керген күйі, балпаң-балпаң басады. Өзі де ірі, сөзі де ірі, кесек турайтын тектінің сойы! Көруге көз керек. Абай хәкімнің ескерткішіне де барды сол күйі... Жайық жағалауын кезді. "Сүлік қарасын" қарға да салдық. Ләм демеді. Негізі асыл аспапты аязда жерге тастау барып тұрған қиянаттай, бірақ сондай ой туды қапелімде... Сөйтіп қолда бар мүмкіндікпен дүние жасадық. Сапасы керім демеймін, бірақ сол клипіміз тағдырлы, мінезді дүниетұғын. Көпке созбай монтаждап, дискісін қолына ұстаттым. Текті көкем мәз болды. Арада ешқандай сауда деген болмады, аға мен іні арасындағы ізгі байланыс қана! Біз де қуандық. Клип нұсқасы Оралдан көрсетіле бастады. Сосын білмеймін, таппай қалдық. Ол кәміл жатыр бір жерде. Ал шикізаты да болды. Кейін көке кеткенде Елена ару Қырғыз асып бейнебаян түсіргенін білдік. Біз түсірген кадрлерді алыпты. Салыпты. Рахмет айтыпты Қазақстан Орал телерарнасы жігіттеріне деп. Басында өкпем болған. Клип авторынан рұқсат сұрамас па деп, содан сабыр жеңді, ол да бір мықты қырсықтың, мінездінің сойы ғой деп. Іштей өкпемді өшіріп, оның әніне, еңбегіне шын сүйсіне көз жібердім. Менікі жоғалсын, арудың әнінде, кей бағдарламада біз түсірген Табыл көкем бейнесі жүрсе жарайды. Ең бастысы алаш болып асылдың сынығына қолымыздан келгенді әр тұстан жасап жатырмыз. Ал атақ, мен істеп едім деген сөздер ұсақ-түйек болып қалады. Алла жар болсын! Табылдың артында тек "қалың адай" ғана емес шулап қалған, мұқым қазақ қой! Еш жерге айтпай, жазбай келген сырымды осы араға ақтара салдым, айып етпеңіз, марқұм Рашид білетін сыр еді. Ол да жоқ. Ой жамар ма еді. Алла-Тағала Табылдай, Рашидтей жарықтықтардың артында қалған ұрпаққа бақытты да ұзақ ғұмыр нәсіп етсін. Алаш жасасын! Рухымыз Табыл көкем әндеріндей асқақ болсын!


Мұнайдар БАЛМОЛДА 




Көрілген: 2328    Пікірлер: 0

жұма, 20.11.2015, 09:21

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    29 Мамыр, 15:40
    Кәрім Мәсімов: ТАМЫР
    29 Қыркүйек 2015
    Майра ФАЗЫЛ: Ұйқы

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    шілде
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30 31