Алаш прозасы

Нұрдәулет АҚЫШ: ЖҰМЫС ІЗДЕГЕН ҚЫЗ

  • Нұрдәулет АҚЫШ: ЖҰМЫС ІЗДЕГЕН ҚЫЗ

    Нұрдәулет АҚЫШ: ЖҰМЫС ІЗДЕГЕН ҚЫЗ

(әңгіме)

– Дәл сол қыздардың сенен асып бара жатқаны жоқ. Бәрі де ВУЗ-ға түспек... Балдары жетпей қалса, коммерциялық бөлімдер бар емес пе? Ал сонда сенікі не жұрттан ала бөтен?

– Оқу ешқайда қашпас... Биылша қоя тұрайын деп тұрмын. Біздің үйдің жағдайын білесің ғой...

– Не бопты жағдайға? Құдайға шүкір, ешкімнен кем емессіңдер. Папам ауырады дейсің... Ал ана Маликаның тіпті папасы да жоқ. Кетіп барады ғой колледжге. Екеуара тәжікелесқен сыныптас құрбылар бір пәтуаға келе алмай, кеңірдектерін созып әлек.

Ақыры кететін болсаң, не болса да заграницаға неғып тартып кетпейсің? Ана жылғы Аселя құсап... Немесе ана кім еді астыңғы көшеде тұратын ақ шашты ағайдың кызы болып еді ғой, немесе сол құсап... – деді Майра өршіген даудың артын өртке айналдырмайын дегендей айпарадай анық айғақтарды көлденең тарта сөйлеп. «Енді қайтер екенсің?» дегеп пішінмен сыныптасына сынай қарап қалған. Бірақ атымның сыры өзіме мәлім емес пе, қашанда таңдайы тақылдап, дес бере қоймайтын Сәнияны сөзден мүдіртемін деу құр далбасалық әшейін. Қарсы уәж айтып, таңдайын тақылдата жөнелгенде, құрбысы кірпіктерін жыпылықтата беруді ғана білді.

– Мені, немене, сол Аселя сияқты дурочкаға санайсың ба? Мен сондай қыздардың қайсысы қайда кеткенін түгел изучать етіп алғанмын. Аселя Турцияға хабарландыру бойынша кеткен. «Өңі түзу официантка керек» деп жазыпты онда. Немене, ондай официант сол Турцияның өзінен табылмай қалып па? Жай көз алдау ғой әшейін... Сен оның қазір не істеп жүргенін естідің бе?..

– Жоқ, то-есть... Официант болып жүрген шығар.

– Тісіңнен шықпасын. Ол ана неде... істейді екен. – Бұлар отырған скамейкаға таяу маңда ошаң еткен бөтен ешкім көрінбесе де, Сәния Майраның құлағын өзіне жақындатып алып, күбір ете қалды. Сол-ақ екен, ақсұр кыздың көк аметист көзді күміс сырға тағылған кішкене құлағы қызарып сала берді. Сосын құрбысына қарай жалт қараған.

– Қой, мүмкін емес... Кім айтты оны саған? – дейді тұтыға дауыстап.

– Ақ ақ шашты ағайдың қызы... Ол жан-жағына қарап жатпастан, бірден Астанаға тартып отырған болатын. Есіңде ме сұлу еді ғой ол қыз. Сол сұлулығына сеніп, «Лексус» джип мінген бір бизнесменнің тізесіне отырып аламын деп ойласа керек... Бір ай болмай жатып, зар еңіреп қайтып келген. Ақ шашты ағай таныстарына қарай асырып жіберсе керек, содан жоқ қой... Солардың бәрін көріп тұрып, біліп тұрып, мен, немене?.. Оның үстіне «Хабардан» да көрсетіп жатады ғой... Қыздарды алдап кететін алаяқтарды. Солардың бәрін көріп тұрып... Мені бір дурочкаға санайсың ғой деймін...

Жаны ашығандықтан барып, шыдамай айтып салғаны ғой. Әйтпесе сөзі өтпей, жігерім құм болып барып жеңілермін деген ой Майранын қаперінде жоқ. «Былай карасаң, дәлелінің бәрі дұрыс... Өлер жерін білетін қыз бұл Сәния. Әйтпесе сыныптас ұлдарды бір шыбықпен айдар ма еді, мұғалімдермен дауласар ма еді? Көзін бақырайтып аспанға қарап тұратын салпыауызың Сәния емес. «Бір жерді тесіп шығады бұл» деп айтушы еді ғой сынып жетекшісі. Тесіп шығар шынында да мына түрімен. Бәрін әбден зерттеп алыпты ғой өзі...» – деп, ой тоқыратып, өзін сабырға шақырған. Майраның мұнан кейінгі аузынан шыққан сөздер енді бірыңғай сұрақтар ғана:

– Ақыр кетеді екенсің, онда неге Астанаға кетпейсің? Өзің айтқан «Хабар» күніне Астананы неше рет көрсетеді. Үйлері қандай күшті...

– Әй, қазір қаптаған мәмбет ол жерде орын қалдырды деймісің... Ал Алматы... Жері жақсы. Күні жылы... бірдеме етіп күн көруге болады. Ол жағын да изучать етіп тастадым...

«Алдымен аздап өмір көрейін, жұмыс істеп ақша табайын. Оқитын болсам, сонан кейін де оқи жатармын. Оқу қайда қашар дейсің, тіпті күйеуге тиіп кетіп жатсам да, әйтеуір түбі бір оқимын ғой» деген ойдың Сәнияның басына мықтап бекіп алғаны – дәл мектеп бітіруге таяған кезде. Шешесі де бәлендей қарсы бола қойған жоқ. Түйінді сөзі:

– Диплом алғандарды да көріп жүрміз ғой... Қызыл дипломмен бітіріп келіп, жұмыс таба алмай жүргендері. Баяғы Совет заманындағы біздің кез емес... Талап қылып көргенің дұрыс. Тек бірдемеге ұрынып қалып жүрмесең болғаны... Есті қызсың ғой ондайға бармайтыныңды білемін... – деген мазмұнда еді.

Жолы болып купелі вагонға іліккенін жақсылыққа жорыды. Қанша айтқанымен, ауылдан шығып көрмеген жас қыз емес пе, құрбысының алдында білгішсініп, қаншалықты ірі сөйлегенімен, үлкен шаһарға шындап бет алған сәтте Сәния кәдімгідей қобалжи бастаған. «Қала, қала...» деп қаншама желіксе де, өзегінен суырылып шығатын сұрақ көп. «Ең алдымен, қайда барып тоқтамақ? Арзан пәтерді қалай таппақ? Жұмысты ше? Біреулер тисіп жүрсе, не істемек? Күнкөріс жағы қымбат болып кетсе ше?» деген тәрізді сауалдар бірінен кейін бірі тізіліп, жан алқымнан алып бара жатқандай.

Купелес басқа үш жолаушының бұған үйір бола кеткені – жасы отыздардың о жақ, бұ жағындағы жігіт ағасы. Тек үйір болып қана қоймай, үйіріліп түскендей. Алматыға жеткенше бар ықыласы осынау жас бойжеткеннің үстінде болып еді.

Вокзалдан түсе салғаннан кейін алдынан жарқ етіп шыға келген қаланың әсері шексіз. Теледидардан көріп, ауылға келіп-кетіп жатқан кісілерден естіп жүр ғой, бірақ қала деген жарықтықты өзің аралап, ішінде жүріп тамашалағандай болмайды екен. Әлі тұрақтап орналасып та үлгерген жоқ, ал аралап, қыдыруға деген құлшынысын тежей алсашы.

Әйтеуір сәтін салып, пәтерге де орналасты. Өзі шамалағаннан гөрі едәуір қымбаттау екен, бірақ таңдап-талғап, сандалып жүретін жағдай қайда? Ал жанына батып, қиындау тиіп тұрғаны – жұмысқа ілігу. Барған жерінен алдынан қайта-қайта андыздап шыға берген – «Мамандығың қандай? Дипломың бар ма? Қандай жұмысты істей аласың?» деген сұрақтар. Бұның мектепті жаңадан ғана бітіріп келген жас талап екендігімен ешкімнің шаруасы жоқ тәрізді.

Еріксіз тығырыққа тірелді. «Осы мен бекер жұмыс іздеп келдім-ау!» деген сыңайдағы өкініш сезімі де жағалай бастаған.

Қаланы білмейтін адамның беталды қаңғи беруі де қисынға келе қоймайтын нәрсе. Көбінесе аял қылатыны – жалдаған пәтеріне таяу мандағы шағын сквер. Орталық саябақтардай емес, күтімі шамалы, жұпынылау ағаштар, сынық, көнетоз орындықтар. Шаршаған шақта ат басын бұратыны – солардың шет жағасындағысы. Күн еңкейе бере, бүгін де сол жерден табылған. Ой дейтіндей есі дұрыс ой да жоқ, бір мең-зең қалпы. Жұмыс таба алмай, дағдарған жас адам не ойлай қоюшы еді.

Таянған алақанынан жағын ажыратып, басын көтеріп алса, ортадан биік бойлы, арықша жігіт анадай орындыққа отырып жатыр екен. Өткен жолы бір-екі рет көрген адамы. Орындық үстіне әлденені төсеп барып қана тізе бүккен. Түк көрмеген ауылдың қызы болғанымен, заты пысық жан емес пе, осы жолы Сәния бөтен кісімен тіл қатысып еді.

Қанат есімді бұл жігіттің жұмыс тауып беруге шамасы жоқ көрінеді. Солай болса да, екеуі жақсы танысып кетті.

Табанынан таусылып, қанша сарсылғанымен, жұмыстың ыңғайын келтіре алмауы... ол аз болғандай көшеде жігіттердің тиісе бастауы былайша ауылда өжет болып көрінетін қызды шаршатып жіберді. Осындайда қол ұшын бере қоятын бір адам болса ғой... «Қол ұшын» деген сөздің ойына оралғаны сол еді, есіне сарт түсе қалғаны.

Баяғы пойыз үстіндегі ересек жігіт ше? Алматыда мұны қалдырып, Шымкентке қарай ары өтіп кетіп еді ғой. Қыз түсер алдында бір жапырақ қағазға қаламын сүйкектете салып, ұсына берді. Қараса, әлдеқандай телефонның номері екен.

– Бұны қайтемін, Мәлік ағай? – деді қыз өзінше тақылдай сөйлеп.

– Звандайсың. Жұмыс табуыңа көмектесемін.

– Ой, рахмет, ағай, – деп сәл отырды да, қайтадан жалт қарады: – Сіз осы Шымкетке бара жатқан жоқсыз ба?

– Иә, Шымкентке.

– Ал мен Алматыға барамын ғой. Сонда басқа қалада тұрып, мені қалай орналастырасыз? Мені жұмысқа дегенім ғой...

Мәлік ағай қызыл иегін жалаңаштай, кеңкілдеп тұрып күліп алды.

– Дегенмен, өзің бәлекет қыз екенсің. Айтайын, мен Шымкентте тұрсам да, бұл дөдеңнің таныстары Алматыда ғана емес, Астанада да жетеді. Солардың кез-келгеніне айта аламын. Ол жағынан саспа.

Жол бойғы әңгіменің ең маңыздысы да, үлкені де осы болды. Пойыздан түспей жатып-ақ Сәния сол бір аспандағы айға қол жеткізгендей күйде еді. Мәлік қызбен перронға түсіп тұрып қоштасты. Пойыз орнынан жылжи бергенде жаңа танысқан жас бойжеткенді қарулы құшағына орап алып, бетінен екі мәрте құшырлана сүйді. Бұдан Сәния бой тартып, үрке қойған жоқ. Бөтен жігіттің күтпеген жерден тарпа бас салып, оспадарсыздау құшақтап алып, ерін тигізгені сол қалпы көз алдында.

«Қазақтелеком» деген қалааралық сөйлесу пунктінің қайда екенін біліп алған. Келгелі ауылымен де бір-екі рет сөйлескен. Кезек тез өтеді мұнда... Ақыры естілді-ау күткен дауыс. Бірден таныды. Сол дауыстан айырылып қалардай бөгде сөзге орын қалдырмай, тоқтаусыз сөйлеп кетті.

– Ағай!.. Мәлік ағай!.. Мен Сәния ғой. Пойызда танысып едік қой. Сіз қол ұшын беремін дегенсіз. Сонан кейін звандап жатырмын. Ағай, тез көмектеспесеңіз, ақшам да таусылып барады. Сөйтіңізші, ағай!..

Жоқ, ағайы ұмытпапты. Сәниядай сұлу да ақылды қызды ұмыту мүмкін емес екен. Көмектеседі, әрине. Сөзсіз жәрдем береді. Тек ертең кешкі бесте қайта звандауы керек. Сонда айтады не істеу керектігін.

Өзі де ақымақ қой осы Сәния. Келе салып Мәлік ағайға неғып звандамаған? Ешкімге ілігін артпай, салмағын салмай, өзі тауып ала қоймақ болды ғой. Енді байқаса, онысы құр далбаса екен. Келе салып, Мәлік ағайға звандағанда ғой...

Келісім бойынша Сәния ертеңгі кешкі бесті тағатсыздана күтті. Жұмыс іздеп, әбден қалжыраған ол сол күні тыпыр етіп қозғалғысы келмеген. Телефонның ар жағындағы кешегі қоңыр дауысты таныған кезде қуанып кеткенін айтып сұрама. Өкінішке орай, Мәліктің жауабы қысқа ғана болды, бір телефон номерін жазғызды да, өз атынан хабарласа беру керектігін жеткізді.

Шәрлі жерде жиі кездесетін кәдімгі жалдамалы жұмыс. Аптасына үш рет барып бір ауқатты адамның үйін жинастырып тұруы керек. Алғашқы естігенде, қатты қайран қалғаны рас. Әлгі ішектей созылып, жуырмаңда таусыла қоймайтын Мексика сериалдарында бір үй жинаушылар жүруші еді ғой. Сәнияның түсінігінше, ондай шаруа тек шетелде ғана болуы тиіс сияқты еді. Сөйтсе...

Қаланың жоғары жақ бөлігіндегі бір ауқатты кісінің үйі екен.– Куәлігің бар ма? – деді толықтау келген қысқа мойынды қазақ әйелі. Үй иесі болса керек, өзін-өзі ұстауы тіптен мығым. Өзінен бойы сәл қалқыңқы Сәнияға астамси қарап тұрғанын көрмеймісің. Қанша пысық болғанымен, ауыл қызын қаймықтырар өктемдік.

– Бар. Қайсысын айтасыз, тоғызжылдықты бітіргенім туралы куәлік пе?

– Маған қай жылдықты бітірсең де бәрібір. Жеке бас куәлігіңді айтамын. Паспорт. Ну, и мамбетка.

– Иә, бар.

Түрі жұпынылау болса да, жаңа деген аты бар кішкене қоңыр сумкасының ішін ақтарып жіберіп, тез тауып алды да, жып еткізіп ұсына қойды.

– Іһі, қай жерде тіркелгенсің? Пропискаңды айтамын.

Ауылдан шығып көрмегендіктен бе, қанша алғыр болса да, тіркеу дегенді түсіну Сәнияға ауырлау соқты. Өктем әйелдің ашуы да жан қалтасында жүретін адам екен, қыздың ауызын ашып, сәл кідіріп қалғаны үшін-ақ дауысын да қолма-қол көтеріп үлгерді.

– Ну, и ты мамбетка. Тормоз что ли?

Жеке куәліктің ауылда тіркелуі ашушаң қожабикенің көңілін орнықтыра қойған жоқ. Салат түстес бозғыл жасыл куәлікті сосиска тәрізденген саусақтарымен қыса тұрып, шұқшия үңіледі. Көптен бері ұстатпай жүрген қылмыскерді қолға түсірген полиция қызметкері бұдан садаға кетсін, тіпті:

– Ерболсынова Сәния Мекебайқызы. 1989 жылы туған... Өзің бір жаман облыста туыпсың ғой. Білем, ол жақтың халқы көбінесе надан болып келеді. Так, так... Қалада тіркелмегенсің, тұрақты үйің жоқ. Бір күні бәрін сыпырып алып, қашып кетуің де мүмкін ғой... Сондықтан мына куәлік менде болады. «Кетем» деген күні қайтарып беремін. Тек ондай жағдайда ойыңды екі апта бұрын айтуың керек. Біздің үйде осындай қыз істеп жатыр деп данныйларыңды учасковойға да беріп қоямын. Так что, ешқайда қашып құтыла алмайсың.

– Апай, мені Малик біледі ғой...

– Сол Малик айтқаннан кейін алғалы тұрмын ғой. Әйтпесе сендей мамбетканы маңайымнан жүргіземін бе?

Қожабикенің манадан бері қорлай айтқан сөздерінің барлығына тілін тістеп алып, төзіп тұр еді, енді құтын қашырып жібергені – «құтыла алмайсың» деген сесі. Табанынан таусылып жүріп, әрең тапқан жұмысынан қашып құтылатындай не көрініпті бұған?

Алматы ертегідегідей ғажап қала болғанымен, мына қожабике жақсы әсер қалдыратын адам деуге ауыз бара қоймас. Не деген қатқыл, зорлықшыл жан еді!

Бірақ Сәнияның бұнысы алғашқы әсер ғана екен. Жұмысқа кірісіп кеткеннен кейін ол кісімен тығыз араласудың реті келе бермеді. Алғашқыда ызбарлы сөйлегенімен, бұған қытымырлық көрсетті, қанаушылық жасады десек, күпіршілік болар. Соншама бай тұрып, түсі сирек жылитын кісі екен. «Сіз не жұмыс істейсіз?» деп, сұрауға батыла да бармады, тіпті оның қажеті де жоқ екен. Тиісті еңбекақысын уақытында төлеп тұрса, болды емес пе.

Үйренді... Адам үш күннен кейін көрге де үйренеді дейді ғой. Ал бұл көр емес, керісінше, жер бетіндегі жұмақ десе де жарасар. Алғашында аузын ашып, көзін жұмған. Қаланың жоғары бөлігіндегі екі қабатты, көп бөлмелі үй. Ішінде жанға керектінің бәрі бар. Тек ішінде ғана болса бір сәрі ғой... Бұл – теледидардан тамашалағанын есепке алмағанда, өңі түгіл түсінде көрмеген нәрсесі. Жаңадан қылтиған ендігі арманы – «Шіркін, осының бір бұрышында мен де тұрсам ғой!»

Ауылды жерде үй тіршілігіне пысып-ширап қалыптасқан еті тірі қыз емес пе, қала байларының күтушісі болуға шапшаң бейімделіп алды. Тек ауылдағыдай арсың-күрсің етіп жұмыс жасауға болмайды екен. Абайлап, ептілікпен істеу керек. Ара-арасында осындағы адамдардың қас-қабағына қарап отырмасаң, тағы қиын. Жасыңқырай сөйлеген жас қыздың өзін-өзі ұстау қалпын, қимылының ширақтығын, пысықтығын байқап, көңілдеріне жаққан сыңайлы.

Бұл жерде шелек пен шүберекті ұстаудың да жөні бөлек екен. Қысқасы, Сәния өзіне таныс жұмыстарды шаршамай-шалдықпай, ынтамен атқарып жүрді.

Көңілге демеу болатын тағы бір нәрсе – Мәлік ағайымен күн ара хабарласып, жағдай білісіп тұрады. Анығырақ айтқанда, хабарласып, осы үйге телефон шалып тұратын Мәлік ағаның өзі. Әдемілеп иінін келтіре сөйлейді. Әзіл-қалжыңын араластырып, Алматыға баруға ынталы-ақ екендігін, өткендегі екеуі бірге келген сапардан кейін тыныштығының бұзылып жүргенін жіңішкелеп сездіре қояды. Алғашында қалжыңға балаған. Бірақ ағасы әр сөйлескен сайын осы әңгіменің шетін шығаруды ұмытқан емес. Мұндайда телефонның бер жағындағы қыз аузына маржан салып алғандай, тырс етіп дыбыс шығармастан, үндемей қалады. Соны байқаған Мәлік кейде мұнысын әзілге сайып, жуып-шая бастайды.

Ақыры айтқанында тұрды. Қызбен бетінен сүйіп амандасты. Өзі көптен сағынып қалған адамдай Сәнияның жүзіне ұзағырақ қарап қалды. Бәлкім, тіпті көз ала алмай қарайтын шығар. Жігіттердің өзіне тесіле қарауына ептеп үйрене бастаған кезі. Өйткені сыныптағы өңді қыздардың біріне саналатынын, мүсіні де қиқы-жиқы емес екенін бұрыннан білетін. Кейбір ұлдар кәдімгідей өзіне ғашық та болып жүретін. Сондықтан жігіттердің сүзіле қарап қалуы бір түрлі жазылмаған заңдылық сияқты көрінуші еді. Мына мелжемді жігіттің де қайта-қайта көз тоқтата қарауында оғаш ештеңе жоқ сияқты көрінгені сондықтан. Қарасын, қарай берсін. Тек жасы үлкендеу демесең...

Сонан кейін... сонан кейінгі осы, он сегіз жасқа келгенше көрмеген қызықтарын көрді. Әрине, жолда құдай кезіктіре салған Мәлік ағасының арқасында. Алдымен мейрамханаға апарды, көздің жауын алып, жарқыраған ғимарат, өзі атын білмейтін дәмді тағамдар... Онан кейін желдей ескен шетелдік автокөлік... Алматының әсем жерлері, Медеу, Көктөбе... – ауызын ашып, көзін жұмды. Тіпті бұлай деп суреттеудің өзі олқы, ғажайыптардан көрген әсерінен ес жия алмай, есеңгіреп қалды. Өзі туып-өскен ауылда мұның бірі жоқ қой. Өзін жұмысқа орналастырған, өмірі көрмеген қызықтарын көрсеткен, өзіне бар мейірім-шапағатын төккен Мәлік ағасына енді қалай енжар қарауға болады. Неткен дархандық... Автокөлік ішінде құшақтап, аймалаған кезде түк көрмеген ана бір жабайы, жадағай қыздар құсап үрке қашқан жоқ... Керісінше, мол денелі азаматтың бауырына тығыла түсті... Тіпті өзіне тартып тұрған мейірімі мол осы жылы бауырдан шыққысы келмейтін де сияқты. Жас жүрегі дүріс-дүріс соғады, тәні қалағаннан тіпті де қашқысы келмейтіндей. Қайта рахатты басқа жігіттен гөрі, осындай жаны жомарт, мейірбан ағасынан көргені дұрыс сияқты.

Қол ұстасқан қалпы келген жерлері – қонақ үй емес, жеке пәтер. Кәдімгідей күнделікті тіршілікке керектінің бәрі бар, сайлы баспана. Сәнияның:

– Бұл кімнің үйі, аға? – деген сұрағын Мәлік жас қыздың кезекті аңқаулығына балағандай мырс-мырс күліп қойды.

– Айттым ғой, Алматы да менің қалам деп... Ештеңеден қысылма. Мұның бәрі өзіміздікі.

Оңашадағы ұсыныстардың ешқайсысынан бәлсініп, тартынған жоқ. Әдемі бокалға құйылған жеңіл шараптан да, жанын шығара қысатын қарулы құшақтан да... Тұла бойы дірілдей түсіп, тамылжығандай болып, әлсірей берді. «Болса, болса екен... Онда тұрған не бар?.. Шіркін-ай!.. Бұл неғылған алапат күш әкетіп бара жатқан! Қарсыласудың... не керегі бар?.. Мұндайда өзіңді тежеу барып тұрған ақымақтық екен-ау!.. Жоқ, шыдай алар емеспін... Не болса да...» деген сияқты арғы жағынан өзек талдырып, ышқына жеткен бір керемет құмарлық.

Бүкіл жас денені уысына ұстап, бұлтартпай сығымдап әкетіп бара жатқан жаңағы жігіт те емес... шексіз құштарлық.... Ештеңені ойландырмайды да, бір сәт өзіне-өзі: «Осы мен не істеп отырмын?» деген салиқалы ойды ес таптырмай сабалап, тым-тырақай қуып әкетіп бара жатқан бір тылсым күш... Адамның өз ішінен басын қақшаң еткізіп, өрби түрегелген, өзі мекен етіп отырған денені аяқ астынан буындырып, әлсіретіп, сілекейін шұбырта, есінен тандырып әкетіп бара жатқан... тыныс алдырмастан, құмықтырып апарып, құмарлықтың құдығына тастап жіберген – сол... сол бір құдіретті қуат. Енді сол құдықтан сілекейін шұбыртып тұрып қанып ішпей, мейірін қандырып, өңезесі кепкен қу нәпсінің өңешін әбден тығындап алмай... сол құдықтан шығып кетемін деу... – құр әурешілік, бұл қазір тұла бойын исіндіріп, уылжытып әкетіп бара жатқан сол қу нәпсінің құлы, отымен кіріп, күлімен шығар күңі ғана... Бұлыңғыр тартқан санасына әлдеқандай қараңғы түпкірден келіп, айналып соғып кетіп тұрған: «Бітті, бітті... жоқ, мен біттім... Ой, жаным-ай, бұл не қылған масқара өрт еді! Адамның жанын кіргізетін тылсым күш қой мынау...» деген сыңайдағы үзік-үзік бірдеңелер.

Айтып-айтпай не керек, осыдан кейін-ақ қыз бен жігіттің жігі жымдасып, жұбы жарасып кеткендей болды. Көзқарас кереғарлығы, жас алшақтығы, тағы басқадай үйлесімсіз жақтары қандай... деген мәселені ойлап жатқан бұлар жоқ. Естияр азамат қой, бәлкім, жігіттің ойлауы да. Ал бірақ, Сәния үшін бұндай ұғымдардың ауылы алыс. «Бізді ортақ етіп, соншалықты жақын етіп тұрған не нәрсе?» дегенді парықтайтын сыңайы да жоқ. Ол жағын ойлайын десе, басы басар емес. Бар білетіні, Мәлікпен көбірек болғысы, бірге қатар жүргісі, күндіз-түні айырылып қалмағысы келеді. Бәлкім, тіпті көрмесе, тұра алмайтын да сияқты.

Алайда, уақыт шіркіннің қашанда өлшеулі екендігін ескермепті ғой... Бір жайма-шуақ күні Мәлік аяқ астынан Шымкентке қайтатын болып қалды.

– Е, неге? – деді Сәния шаралы жанарлары жыпылықтай қарап.

– Негесі қалай, жұмыс, семья... Осылайша салаңдап жүре береді дейсің бе?

Ой сияқты бір нәрсенің Сәнияның басына көптен бері келгені осы кез: «Расында да солай екен-ау!..»

– Ал мен қайтемін?

– Қайткені несі? Жұмысың бар... Баспананы әлі де қатырамыз. Екі қаланың арасы онша қашық емес. Келіп тұрамын ғой. Әлі талай беймарал отырып, демаламыз.

Осыны айтты да, жігіт қыздың ернінен үзілдіріп тұрып сүйді. Қатты да, ақырын да емес... Тұла бойды тамылжытып, исіндіріп әкететін бір бапты сүйіс. Жоғарғы жағын қалың мұрт басқан кеберсіген қоңыр еріндер. Сүйген кезде әбден сіңісіп қалған темекінің дәмі келді.

Ұялы телефонның ұялмастай сыңғырлай әуендетіп қоя бергені осы сәтте. Мәліктің қарлығыңқылау келген қоңыр үні ар жағынан ентіге жеткен көп сауалдың тігісін жаймалап, сауал иесін сабырға қарай қайырып әлек:

– Кішкене есіңді жишы енді. Иә, иә, билет алып қойдым. Бүгін кешке «Отырарға» отырамын. Жұмыс бітпей... Барғаннан кейін айтармын. Айттым ғой кішкене ауырып қалдым деп... Құда қаласа... Беймарал жатып алған жоқпын. Үйге жеткенше асығып... Ой, қаяқтан... Кім болушы еді... Өздерің қалайсыңдар? Көкем ше?

Трубканы орнына қойғаннан кейін өзін мөлдірей қарап тұрған кірпікті жанарларды және шөп еткізді.

Қаншалықты болбырау дегенімен, Қанаттың да заты жігіт емес пе, бір күні ол да құшақтаған. Мәлік құсап өзімсіне ожар қимыл көрсетпесе де, біртіндеп жанасып, ұзақ икемдеді. Сондай сәттердің бірінде қыздың арғы жағынан әлдеқандай құштарлық ұшқыны жылт ете қалғандай болды.

Мәлікке қарағанда өз қатары десе де болады. Бірақ көңілін тербеп, жүрегін қозғамайды. Оның үстіне тегеурінді құштарлықпен келіп, тарпа бас салатын Мәліктей емес, ананы-мынаны айтып, ұзағынан орағытып тұрып алады. Мәлікті аңсап жүрген күндерінің бірінде Қанаттың да қайрат көрсетіп, жігіттік танытуға талпыныс жасағаны. Сол-ақ екен, жас денесіне ие бола алмай, ана жолғыдай... тағы да еріп бара жатқанын сезді. Тіпті екеуара қатынасқа Қанаттан бұрын өзі мұрындық болған сияқты ма, қалай?

«Ештеңе етпес, – деді Сәния өзін-өзі жұбатып. – Қай кезде де көзіме Мәлікті елестетіп жүр емеспін бе? Менімен болған Мәлік деп санайыншы».

Сонан аз уақыттың ішінде Қанат та өзінің қызға ғашық болып қалғанын айтып, күн құрғатпауға айналды. Несі бар, бірер жас қана үлкендігі бар қатары, басы бос бойдақ. Бірақ ана Мәліктей айналаға ықпалы жоқ, әлі қалыптаспаған босбелбеу жігіттердің бірі. Сөйтіп жүргенде ниет танытып, ықылас көрсеткен тағы біреулер тағы біреулер пайда болды. Олар да үйіріліп түсті деуге болар. Өңі тәуір қызға кім көңіл бөлмейді. Оның үстіне жігіттердің ешқайсысына тоң теріс мінез танытпай, қай-қайсысымен де майыса сөйлесе...

Кейбір түндерде, оңаша қалған сәттерде өзі аңсап қалатын, тәтті сезімге елітіп, әлдеқайда шым батырып нәпсі ұйығына қарай ұйытып әкете жөнелетін сол бір алапат күш. Еріп бара жатты... «Осылай ери берсемші, қимылдасаңшы» деп ойлады. Бір кезде қараса, ырқынан тыс ыңғайға жығылып... тасқындаған сел сезімнің ырқында... ығып барады екен; ындыны құрып, барлығын осы жолда ысырап қылғысы келгендей... ынтызарлықтың бет қаратпас жалынына тірідей өртеніп барады екен.

Өліп-өшті...

Уақыт ұзара бастаған сайын, жаңағы тәтті сәттер алыстай түскен сайын... ләззат жібінен айырылып қалардай қайтадан қалады. Танауы рабайсыз шуылдап, ішкі жағынан әлдеқандай жағымсыздау дыбыстар сыртқа қарай лап қоюда. Өзі ұзынынан сұлап... ұмытылып жатты. Бір кезде қараса, мұның талмаусыраған мүшкіл халінде жігіттің шаруасы жа жоқ, өзі тойып алса болғаны, басқаның уайымына бас ауыртпайтын баспақ сыңайлы қалып. Қыры сынбаған сымын оқтай қылып киіп алған, тоқмейіл жүзінде үлкен бір шаруаны тастай ғып тындырып тастағандай мардымсу басым. Сол үлкен шаруаның әлі бітпегенімен, керісінше енді ғана басталып келе жатқанымен, мүлде шаруасы жоқ секілді.

Ай, сонда жек көргені-ай сол бір Қанат деген немені. Еркек денесін иемденіп жүрген болбыр байғұсты. Жастықты жұмарлай бауырына басқандай дыбыс шығарып, аласұрды-ау жараған аттай болып тұрған денсаулығы мықты балғын бойжеткен. Қандай дыбыс шығарып, қалайша боздағанын айтып жату әбестік болмаса да, артық болар-ау.

Сонан... жек көріп кетті. Өлердей. Тіпті иттің етіндей. Неше күн бойы қарағысы келмей, қашып жүрді. Әсіресе бетіне. Бұны ысырап қылып, мүлде тоздырып жібергенін қалай ғана ұмытсын, қайтіп қана кешірсін. Шиыршық атып, өртеп жібередей болып тұрған шағында ұрғашы екен-ау деп есіркемей, сұлу екен деп сұғын қадамай, елеместен, ит рәсуасын шығарды да тастап... тайып тұрды емес пе. Әлдеқандай деловой кездесуі бар екен. Шіркіннің деловойын. Құрысын өйткен кездесуі.

Бірақ Мәлік болса, алыста. Есесіне соңынан қалмай, салпақтап келіп жүргені. Қанша қарағысы келмегенімен, дені сау жас тәннің өз қажеттілігі, өз құштарлығы бар. Ойға жеңдіріп, басып-жаншып, енді қайтып тілеместей тұншықтырып тастағысы келсе де... ақылға көнбейтін, уағызға уанбайтын жаны сірі неме екен. Ештеңеге бағынбайтын өзінше бір өгей патшалық. Мәлік болса алыста. Амал жоқ, сондай сәттерде Қанатты қайыра бір көруге аңсары ауа қалады.

Мүмкін, бұл жолы... дұрыс болып кетер. Тәжірибесі аз жас жігітті жазғыра беру де артық шығар. Бірақ үміті құрғыр қашан ақтала берген. Тағы да көңілі қалды. Ендігіәрі бойына мүлде жолатпастай болған. Басқаны емес, Қанат есімді сол бір өлез немені. Кейде бір нәрседен жолың болмас, екінші бір шаруаның орайы келе кететіні бар ғой. Мәлікті аңсап, жастықты құшумен қалжырап жүрген күндерінің бірінде... жолыға кеткені бар емес пе.

Қай жерде танысқанын, аты кім екенін, қалай тіл табысып, қалай жанысқанын тәптіштеп айту шарт емес болар. Бүгінгі заманда ол жағы проблема ма, тәйірі? Ең бастысы – жігіттің өз көңілінен шыққаны. Талайдан бері бой бермей, лағып ала қашып жүрген нәпсі деген сумақай немені аз да болса бұғалықтап, жыланын қайтаруға көмектескені. Екеуі түте-түтелері шығып арпалысып жатқанда, шыр-шыр етіп телефонның-ақ мазасы кете қалғаны. Болмай әкетіп бара жатқан соң, құлағын көтермеске амал қайсы?

– Сәния, – деген дауысты естіген сәтте... не күйге түскенін білмейді. Өзіндегі ой жобасына қарағанда жүрегі жарыла қуануы керек еді. Құштарлықтың құшағына берілмей, бой-бой болып терлемей, қалыпты халде тұрған жағдайда санын шапалақтап, алақайлай қуанарына иманы кәміл. Ал бірақ қазір... закон подлости деген осы-ау. Сәл кідіріп барып:

– Мәлік! – деп, өзіне жат дауыспен қышқыра айқай салды. – Сен екенсің ғой...

– Иә, мен. Неғып сонша уақыт телефонды көтермедің?

– Жай, әшейін... Жеткенімше сол болды.

– Неғып ентігіп тұрсың. Дауысың да бір түрлі ғой өзі.

– Астыңғы этаждан көтерілгенше... Сасып қалдым. – Толық алып болмаған ләззаттың жыланын қайыра алмай, арпалысқа түсіп тұрғанын Мәлік қайдан білсін.

– Жақсы-жақсы... мен сені сағындым. Шыдамай жүрмін.

– Өтірік, – деді қыз телефон тұтқасын құлағына жанталаса жапсырып. Онысы арғы жақтағы сөзді қасындағы адам естіп қоймасын деген далбасасы еді. – Мүлдем хабарсыз кеттің ғой.

– Енді әңгіме былай... Буынып-түйініп даярлана бер. Скоро алып кетемін.

Қыз телефонның сөзқағарын тершіген алақанымен жапты да, жамбас жағында жымдасып жатқан жігітке қарап:

– Қазір... – деді ақырын ғана. – Ағайым ғой... Семейный мәселелер... кішкене шыдай тұршы. – Қайта айғайға басты. – Неге? Қой, шын ба? Жоқ қасымда ешкім жоқ дедім ғой... жай, сасқалақтап тұрғаным... Шын айтам, кім болушы еді...

Бұл жолы да жолы болмады. Бірақ алуға тиісті ләззатым күйіп кетті деп өкінудің реті жоқ еді. Телефонмен жеткен қуанышты хабар ондай өкінішке жол бермеді. Ләззатты күйді басынан кешкені – әлгінде ғана ортақ ләззатты бөліспек болған шала таныс жігітті шығарып салғаннан кейін. Екі қолдың саусақтарын ілгішек ете, төбесінен аса созып керілді де, диванның арқалығына қарай шалқая берді. Шынында да бұдан өткен нендей қуаныш болсын...

Бірер күнде Мәлік келетін болыпты. Жай келмейді, Сәнияны өзімен бірге ала кетеді. Жақсы жұмыс тауып қойыпты. Сырттай оқуға да түсірмек екен. Ең бастысы – баспана тауып, қасында ұстайды. Өйткені Сәния оған өте керек екен. Неге деуге бола ма, махаббат жаңа ашылған жанартаудай аспанға жалын атып, жанын жаулап әкетіп бара жатса...

Майрамен ауылда кездесті. Кездейсоқ емес, екеуі ұялы телефон арқылы неше рет сөйлесіп, жолығуға сөз байласты емес пе. Құрбысының бұрынғыдай емес, едәуір өзгеріп қалғанын Майра бірден байқады. Сымбатты денесі сәл-пәл толысып, бұрыннан өңді ажары одан әрмен құлпыра түскен бе қалай? Әр тұстан ноқаттанып тұратын болмашы безеулері енді қараса, әдемі беттен мүлде безіп, зым-зия жоғалыпты.

– Неғып сонша байсалды болып қалғансың? – деді Майра оның осы қалпына қызыға да қызғана да барлай қарап тұрып. – Осыдан үш ай бұрынғы тыз етпе Сәния қайда кеткен? Айтпайсың осы уақыт ішінде біраз қиыншылық көрген жан деп. Ел көрген деген жақсы ғой, қызымыздың мінезі түзеліпті деп мамаң мәз. Жаздағыдай емес, «Енді қалаға қорықпай жіберемін» дейді. Тек мына қалпыңмен Алматыдан ары асып кетіп жүрмесең болғаны...

 




Көрілген: 2874    Пікірлер: 1

дүйсенбі, 01.02.2016, 13:47

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    29 Мамыр, 15:40
    Кәрім Мәсімов: ТАМЫР
    29 Қыркүйек 2015
    Майра ФАЗЫЛ: Ұйқы

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    шілде
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30 31