Алаш прозасы

Шерхан МҰРТАЗА: Жүз жылдық жара

  • Шерхан МҰРТАЗА: Жүз жылдық жара

    Шерхан МҰРТАЗА: Жүз жылдық жара

Әлде қайда жолың түсіп Молдавияға бара қалсаң, Кишинев деген астанасының дәл ортасындағы бауда Пушкин көрді де­ген бір ағаш тұр. Оның да паспорты бар...

Дәл осындай Байшынар біздің Мың­бұ­лақ­тың Шоқыбас сайының өңірінде де бар. Мыңбұлақ Бостандық емес, әрине. Таби­ға­ты да қаталдау. Шынар жарықтық сонда да өскен. Ал бұл ағаштың паспорты өзгеше. Қаңылтыр тақта қағылмаған, жазу жазыл­ма­ған. Бұл Шынардың ел-таңбасын адам­дар тарих қамын ойлар салған жоқ. Тарих қамын ойлау қайда...

Ақпан айының «ақ мылтығы фашис­тер­дің оғындай қаңғыбас, қағынды болатын». «Ақ мылтық әсіресе қырық үшінші жылдың қысында құтырып кетті. Батыстағы қара мылтықтан қалыспаймын дегендей, апта­лап алты күн қатарынан соғатын сойқанды шығарды». «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен», Мыңбұлақтың өрісі боран болды.

Мыңбұлақтың отқа жағары таусылды. Ақ боран азынап тұрса, отын таусылып, пеш­тің құдығы уілдеп ұлып тұрса, адам бай­ғұс өз сирағын шауып жаққаннан кем бе екен. Ал бірақ өз сирағын өзі шаба ал­май­ды. Енді не істейді? Сұрапылдан бетер азынаған азын аулақ малға адамдар тоқал тамдарының бұтағындағы ескі қамыс пен сабанды суырып бере бастады. Бұғат ағаш­тың өзін отқа жақты. Ал Бұғат ағаш пен Бұғат қамыс таусылғанда не істейді жұрт?

Соғысқа дейін бұл ауылда түтін басы сайын бір-бір киіз үй бар еді. Бәрі бірдей алты қанат ақ боз үй болмаса да, әркімнің басына шошайтары бар болатын. Сәуір туа сол үйлер Аспантау алқымындағы қызғал­дақ жамылған жайлауға көшетін. Көшпенді өңірдің соңы сол болған шығар, өйткені қырық үштің қысында жұрт киіз үйлерінің сүйегін – керегесін, уығын отқа жаға бас­тады. Бұл жақсылық емес екенін біле тұра, бүгіннің өлмес қамын ойлады. Ертеңнен де үміткер: ертең соғыс бітер, ақжарылқап күн туар, сонда киіз үй де табылар деген. Бірақ соғыстан кейін ешкім қайтып киіз үй тікпеді. Бұл елде бір кезде киіз үйлер болғанының еміс-еміс елесі ретінде әлі күнге дейін кейбіреулердің мал қорасының төбесінде көне шаңырақ ілулі тұрады. Соғыспен боран қанша қасарысса да, Мыңбұлақ­тықтар киіз үйдің шаңырағын отқа жағуға дәті шыдамаған. Шаңырақ жағылғанша, сирақтары шабылғаны артық.

Отқа шаңырақты қимаған жұрт Мың­бұ­лақ­тың қарқарадай қасиеттісі, бөркіндегі үр­кідей аяулысы – Бақтияр баба бағына ауыз салып, балта шаба бастады. Әуелі бір-бірінен: «Әй, аруақ-құдайдан қорықсаң­дар­шы» – деп еді, артынан бұл сөз отын болмайтынына көздері жеткен соң тілдерін тістеп, Бақтияр бағына жаппай тиіскен. Әуелі майда шілік қиылды. Содан сүмбілтал мәжнүнтал, сөгетітал сөгілді. (Енді киіз үйге уық-кереге қайдан болсын!) Артынан ақ терек, көк терек қырқылды. Ал айналасы тып-типыл жалаңаштанып, жалғыз өзі аспандап қалған Байшынарға балта шабуға ешкімнің батылы бармады. Сүмбіл талды балта мен отаған түні әлде кімдер боран арасынан ыңырсып, кейде шың­ғы­рып жылағандай болды деседі. Талда жан жоқ болмаушы ма еді, бар ғой, бірақ оны бі­лініп-түсіну үшін адам сезімі әлі жетіліп бол­маса керек. Адам баласы әлі балаң шақта шығар. Әлі ақыл-есі толаспаған бо­лар. Ал тал-барақ дүниеге адамдар әлде қайда ерте келген. Өзінен көп кейін туған адамға сая болғаннан бастап, қару-жарағы, тіпті туасы қара бесігі болғаннан басқа жазығы жоқ. Жа жапырақ жайып, ауаны жұпарымен байытып, адам тынысын ашқаннан басқа, бауыры иіп, тамырынан бұлақ ағызғанынан басқа не кінәсі бар? Ағаш баласы өзінен-өзі адамға барып тиі­сіп­ті, басын жарып, көзін шығарыпты де­генді ешкім естіген емес.

Бақтияр бағында жазда бүлдірген ел­жіреп пісіп, пісігі өтіп кеткенде езіліп, қыз­ғылтым жылға болып ағар еді. Тал талдың ара­сында баланың бөркіндей қозықұйрық төніп тұратын. Қозықұйрықтың қадірін орыстар мен немістер біледі екен, Боранды бекеттен келіп, қап-қабымен алып кететін. Бақтияр бағының шипалы шөптерінің ша­пағатын Мыңбұлақ халқы Кенжегүл кем­пірден көрер еді. Кенжегүл кемпір орман­нан шәйшөп, дермене, көшәла, шашыратқы, адыраспан, киікоты, теке сақал, қылша, көке марал теріп, ылғида:

.......................................................

......................................................

деп ыңылдап жүргенде ешкім елемейді де, бала-шағасына тұмау, көк жөтел тиіп, дім­кәс­танса-ақ болды, Кенжегүл естеріне тү­сіп, тәуіп кемпірдің жарты кеш үйіне қарай жү­гіретін.

Бау іші тола түйе жапырақ өсіреді. Түйе­жапырақ – Мыңбұлақтың соғыс кезінде жа­нып кеткен киіз үйлерінің туыр­лық­тарындай қалың, бозғылт болып келеді. Сан­сыз құстардың саңғырығынан түйе жапырақ ақтаңданып жатар еді. Жапырақ саңғырықпен қоса шіріп, топыраққа сіңіп, жерді тыңайта беретін. Кейін колхоз сол жерді жыртып, картоп еккенде, бұрын-соңды еш елде, еш жерде болмаған өнім алып, звено бастығы Герой атанады ғой.

Қайран Бақтияр бауы... Қысы жазы құс ба­зар сонда. Әсіресе жас баласы құстың сал­ған ұясы көппе, әлде ағаштардың жа­пырағы көппе – айырып болмас ну еді. Ер­теректе ғарышқа, ителгі, тұрылтай ұялайды екен. Әсіресе үкі көп болады екен. Ал үкі жүр­ген жер киелі деседі. Үкіні қыз-келін­шек­тер, сал-серілер тек сәндікке ғана тақ­пас. Сәндік үшін үкіден гөрі қырғауылдың яки көк қарғаның қауырсыны әлде қайда әде­мі емес пе. Бірақ қырғауыл тағып жүр­ген кім бар? Үкі бойтұмар сияқты ертеден қалған бір наным ғой. Біз білмейтін қасиеті бар шығар. Ол киелі деседі. Сол соғыс Мыңбұлақ бөркінін төбесіндегі бір шоқ үкіні де үйітіп жіберді. Жалғыз шынар әскері түгел тып-типыл қырылған генерал­дай состиып, есеңгіріп тұрған. Ойраңдалған ор­манның орны ойқы-шойқы, аш қасқыр жеп кеткен есектің қабырғасындай ырсиып жайрап жатты.

Бауырларынан айырылған Байшынар енді боранды, желді күндері күңіренеді. Бұрын жан-жағында жағалай жамағайыны барда Байшынардың шуылы көпшілікпен араласып, аса дара білінбейтін. Енді оның үні керең құлаққада шалынатын болыпты. Бүкіл орман шуласа, тұтас ғасырлар әуенін­дей, бір қимас қиысса жырланып жатқан­дай құлаққа жағымды естілетін.

Байшынардың ендігі үні – нағыз жоқтау: ежелгі ересең жоқтауды ұмытқан соғыстың жесір әйелдерінің кемістігін осы Байшынар толтырмақ болғандай ыңырана теңселіп тұрып боздайды, жарықтық. Бақтияр бауы – Мыңбұлақтың омырауындағы зөмірет алқа-танасы. Орман ортасында қой қо­ра­ның аумағындай көлшік бар болатын. Жаз­да көкқасқа бақалар қойдай шулап, тіпті көк ала үйрек те ғайыптан келіп қонған. Шынашақтай шабақ балықтары да бар еді. Көлшік жағалай үкілі қамыс, мәжнүн тал тұнық суға төніп, өз суретіне өзі сұқтанып, өмір бойы мұңайып тұратын. Мәжнүн тал­дың суға тиер тимес солқылдақ шыбығына зы­мыран құс пен сарғалдақ ұя салар еді. Сөйтсе, ол жерге жылан жете алмайды екен ғой. Жылан жете алмайтын жерге жел өкпе, сылқым инелік барып қонады. Жұды­рық­тай ғана ұясында жұмыртқа басып жат­қан зымыран құс дәл тұмсығының астында отыр­ған инелікті көріп шыдай алмай, жылтың етіп ұясынан зымырап шығып, әлгі аңқау, сәнқой инелікті қақшып алады. Біреудің аңғырттығынан біреу пайда табу қиянат-ақ. «Біреу өлмей, біреу күн көрмес» деген сөзде көп сұмдық бар. Жыланнан қорқып, ұясын мәжнүн талдың суға төнген солқылдақ шыбығының ұшына салып, шыбын жанын шүберекке түйіп жүрген бас бармақтай зымыранның өзі маса-шіркей қақшып, тамақ асырайды. Ал сойталдай инелік ұстау зымыранға соғым сойғанмен бірдей ғой.

«Ыли да сиыр мөңіресе, таудағы ар­қардың мүйізі сырқырайды». Дәл сол қыста фашистер Смоленскіні тастап қашқанда, айнала ну орман танкілердің таптауынан, зеңбіректердің снарядінен, аспаннан жау­ған бомбалардан жапа шекті.

Жуанқұл бадырақ көз, қалқан құлақ, ен­сегей бойлы дәу қара кісі-тін. Ауылда ер аза­матсыз қалған көдедей көп әйел колхоз бастыққа әлдеқалай залы кезде:

– Германмен соғысқа осыны неге жі­бер­мейді? Дәу десе дәу, күшті. Жаудың же­ну­ге де күшті адам керек емес пе? – дер еді. Ор­таларындағы кекселеу келген қуақы Баян бүлк етіп бір күліп алып:

– Кәмиссия көзі үлкен деп алмапты ғой, – дейді.

– Е, көзі үлкен болса, мерген болмай ма екен? – деп Сәрсенкүл деген адуын қатын екілене түседі.

– Байқұс-ау, көзі үлкен адам қорқақ болатын көрінеді ғой.

– Қорқақ болса, бізге неге қоқандайды, қараң қалғыр! – Сәрсенкүл кішігірім са­мау­рындай қызылшаны арбаға ашулана лақ­тырып тастап, шапши түседі.

– Ойбай-ау, аудандағы военком осы дәудің тамыры, әлгі тері жиғыш Да­да­бай­дың баласы көрінеді.

– Е, бәсе, әйтпесе мұның жаны біздің азаматттарымыздан артық па, сондай бір пәлесі бар ғой...

Соғыс жыллдарында колхоз бастық бол­ған еркектер бақытсыздау. Әрине, ажал­дың аузында, оқтың өтінде жүрмегені рас. Сөйтсе де олар әлденеден секемшіл, он екі мүшесі түгел бола тұра әлдеқалай мүгедектеу... Бастықта іштей бір азап бар, же­гідей жеген тозақы азап. Содан да бо­лар, кейде Жуанқұл ауданға барғанда, Дадабай досының үйінен араққа сылқия тойып алып, боз айғырды қансорпа қылып, ауылға ақиланып қайтатын. Ондайда оның жолында ербиіп тұрмаған анық. Адам емес, албасты көргендей боз айғырға омыраулата таптатып кетеді.

Бір күні Жуанқұл Дадабай досы екеуі ауданнан қос ат жеккен шанамен келді. Қастарында Қабасақал бар. Боз айғыр ар­баның артына байлаулы. Шана әдеттегідей бас­тықтың үйіне тоқтамай, Шоқыбас сайы­ның өрінде Мыңбұлақтың кемтар ауы­лы­ның сақшысындай болып тұрған Бай­шы­нарға қарай беттеді. Бұл жүрісті жұрттан бұ­рын көріп қойған Кенжекүл кемпір жар ба­сындағы жартыкеш үйінің үстіне ыршып шығып:

– Аттан, Бақтияр, аттан! Бақтияр, Бақ­тияр! – деп айқай салады. Оның бұл алас-қалас ұранының Бақтияр баба естіді ме, естімеді ме, ол тірі жанға белгісіз, ал пірі­лер­ден әлгі Кенжекүл кемпірдің әзірейіл дау­сын темір дүкендегі ақсақ Ахмет анық есітті.

Әзірге Мыңбұлақтан майданға кеткен алпыс азаматтан елге айтқан екі-үш ақсақ-тоқсақтың бірі осы – Ахмет. Балдағына сүйеніп, үш аяқтап есіктің көзіне шығып еді, қызыл шұнақ аяз алаулаған көмір шоқтан қып-қызыл темірді кеспектегі суық суға салғандай қарыды. Ащы айқайына бүкіл ауылдан ербиіп ұста Ахмет шыққанын кө­ріп, Кенжекүл: – Аттан, Ахмет, аттан! Гер­ман­мен соғысып, аяғыңды аямаған да, енді саудагер Дадабай мен имансыз Жуан­құл­дан қорқасың ба! Аттан! – деп жан­та­ласты. – Ахмет! Бір аяғың немісте, бір ая­ғын кебісте. Аттан!

«Аттан!» дегенде міне салып шабатын аты жоқ. Жаяу талай жер. Әрі десе күртік қар, балдақпен үш аяқтап жету қайда... «Ат­тан!» дегенде ата жөнелмей, Ахмет «әліптің артын» бақты. Бақса, кемпірдің байбаламы рас екен: Жуанқұл, Дадабай, жандарында Қабасақал ебіл-дебіл дереу іске кірісіп те кетті. Кісі бойы келетін өткір ара қыстың қызусыз күніне жарқ етіп бір шағылысты да, Байшынардың бауыздау алқымына барып тірелді.

Айбалта мен өткір ара жалаңдатқан үшеуді қосақтай буғанда, үшеуінің жуан­ды­ғы Байшынардың жуандығына жетпес еді. Үшеуі де масандау, әйтпесе дай арамен мұндай Байшынарды құлату оңай шаруа емес екенін білер еді ғой.

Мас болса да Қабасақал естілеу екен: – О, алып қой мынау! Мұны қайтып құлата­мыз? – деп күмәнданады. – құлат­қанның өзін­де қалай кесектейміз? Бір колхоз жи­налмаса, біз тындыратын шаруа емес. Біз кім? Пілдің жанындағы тышқан сияқтымыз.

– Әй, Қабасақал, сол пілдің тышқаннан қорқатынын білмеймісің. Әйда! – деп Дадабай араның бір басын өзі ұстады.

Байшынар көп заманды көрген. Көпті көрген көсем болады. Ал көсемдік қайғы-қасіретсіз болмас. Сондықтан да піл сауыр­лы қабығы қатпар-қатпар әжімге толы еді. Тауқымен тартқан, тіршілікте көп кимхет көрген адамның маңдайындағы әжімнен де Башынар қабағының әжімі қалың бо­ла­тын. Сол қатпар қабықтың өзіне алмастай ара әрең-әрең тіс салады.

Мына үшеудің аузынан мүңкіген арақтың иісінен басқа бір түйір қоспасы жоқ саф ауа алғаш тартылғанда дір ете алды. Ташкеннің базарындағы саудагер сарт матаны кездемеге салып-салып, дар-р-р еткізіп жыртып кеп жібергендей бір дыбыс тынық ауаны тіліп түсті. Байшы­нар­дың тұла бойы дір-дір етті. Жауыр жара­сына шыбын қонған аттын арқасы осылай дірілдер еді.

Жалаңдаған ара қасірет әжімді қалың қабықтан өтіп, жалаңаш етке тигенде, ара үнімен қосылып сынсыған бір дыбыс бүкіл Мыңбұлақтың аспанында сусыды.

Әне, сонда барып, ақсақ Ахмет темір дүкеннің алдындағы қисық арбаға шығып: – Әй! – деп саңқа етті. Аязды ауада шым­шықтың шиқ еткені ана мен сонаға естіледі. Ал ақсақ Ахметте біраз дауыс бар болатын. Әрі десе жай айқай емес, іштен дүмпіп, атқи шыққан ашулы дауыс еді. Байшынарды бауыздап жатқан үшеу темір ұста жаққа жалт қарады. Ақсақ Ахмет бір балдағын жоғары көтеріп, сілкіледі.

– Тоқтат, найсаптар!

Жуанқұл жолдастарына ыржия қарап: – Ә-ә, – деді де, қолы бір сілтеді. – Түк те жоқ, алаң болмандар.

Жар басындағы жартыкеш үйдің төқбесінде Кенжекүл кемпір:

– Аттан! – деп даусы қырылдап барып үзі­ліп кетті. Үні шықпай қалған шығар. Жарты кеш үйі өртеніп бара жатқандай. Сатымен түсуге де дегбірі жетпей, күресін күртік қарқа кемпір басымен секіріп түсті. Қолтығына дейін батып кеткен қардан әрең малтығып шығып: – Алас, алас! – деп қырылдап алға ұмтылды.

Жуанқұл, Қабасақал, Дадабай үшеуі кезектесіп, болат араны Байтеректің тәніне батыра түсті. Бірақ бірнеше жүзжылдық ағаштан бір сұмдық шиқыл шықты. Мына араның бұл сұрапыл ағашқа әл-дәрмені жетпейтіні белдігі болды.

– Мен Сібірде талай қарағайды құлатып едім, мынадай нәлетті көрген емеспін, – деді Қабасақал.

Сөйтіп ол басын көтеріп, маңдайының терін күректей алақанымен сүрте бергенде, жарқ етіп Аспантау көзіне шалынды. Талай жылдан бері осы таудың бауырында өмір сүріп келе жатса да, оны Қабасақал тұңғыш рет байқағандай ішегін тарта таңғалды: – О, құдайым-ай, міне, нағыз ара! Мына нә­лет ағашты қырқуға әне анандай ара керек, – деп достарына Аспантауды нұс­қады. Көбінесе бұлт бүркеп мұнар тартып тұратын Аспантау бүгін әппақ күмістей жарқырап, ап-анық асқақтап кетіпті. Шоқылы шың­да­ры араның қатар-қатар өткір тісіндей тізіліп тұр екен.

– Амал жоқ, ондай ара табылмапты, – деді Қабасақал Аспантаудың сұсынан сескенгендей, көзі тез тайқып, шалымы кетпендей дәу балтаны қолына алды. – Араның әлі келмейді. Балталаймыз.

– Қане, қан, шап. Сені текке жалдадық па, – деп Дадабай ұмсына түсті. Араның ауа сусылдатқан ызыны тиылып, енді шаңқ-шаңқ еткен тажал дауыс шықты. Өт­кір балта ағаш тәнен кейде бірер сантиметр ба­тып, кейде шаңқ етіп тайып кетеді. Тасқа тигендей тайып кеткен балта бірде Қабасақалдың тобығына қадала жаздады. Тағы да болса қалың пима жанын сақтап қалды. Енді Қабасақал аяғын алыс ал­шай­тып тұрып, сақтана соғатын болды.

Балта тиген сансыз бұтақшалар болар-болмас сілкініп дір-дір етеді. Бұтақшаларға байланған қызыл-жасыл, көк-сары шү­беректер пейіштегі тотықұстың қауыр­сын­да­ғы­дай кемпір қосақ тартып, желбірей түседі.

«Ұра берсе құдай да өледі» демекші, бір жерге қайырымсыз қара күшті төбей бер­ген соң, Байшынардың бүйіріне кә­дімгідей үңгір пайда болды. Қабасақал ақы­ры әлдәрмені бітіп, балтаны лақтыра тас­тап, тапталған жентек қарға отыра кетті. Отыра кетті де қарамайдан жылтыраған фуфайкасының қалтасынан махорка алып, газет қиындысына жуан орап, сіріңке жа­ғып, шылымын тұтатты. Ащы көк түтін аузы­нан бұдақ-бұдақ шыға беріп, қалың қаба сақалдың арасына біразы сіңіп кетіп, қалғаны ауада қалқып жүріп, ғайып болып жатты. Қабасақал басына бір керемет ой келгендей емпеңдей түрегелді де: – Мен қазір... – деді.

Пимасы қарға малтығып, шанаға бар­ды. Бағанадан бері мүлгіп тұрған аттар пыс­қырынып, құлақтарын қайшылады. Шанадағы шөптің астында жатқан дорбадан бір шиша жермай алып шықты. Жуанқұл мен Дадабай арақ екен деп қалып еді, Қабасақал ай-шайға қарамастан жермайды балта шапқан қуысқа түгел төкті де, отты қойып жіберіп, өзі тұра қашты. Қуыстан қып-қызыл арыстан шапшып шыққандай отты шарлар лап ете қалды, артынша қара түтін бұрқ етті. Алғашқы қарқыннан соң от әлгі қуысты кеулеп, біразға дейін маздады.

– Ой-бай, сорлы-ай, бүкіл ағаш өртеніп кетсе қайтесің? – деп Жуанқұл сасып қалды.

– Қайтам, – деп Қабасақал шылымды қарға түкіріп тастады. Бұлар оттың әлегімен байқамаған екен, ойылған қардың сықыры жер сілкіндіргендей болғанға жалт қарасып еді, айнала толы адамдар аңталап келіп қалған екен. Алдында екі балдағы қарға бойлай кіріп кетіп, арасынан жалғыз аяғы серең-серең етіп, Ахмет ұста келеді. Селеу шашты жайып жіберіп, екі қолын үкініің қанатындай қақырата сермеп Кенжекүл кемпір зікірін салып, аттандап, азынап, омбы қарды теңіз кешкендей еседі.

Көбіне түсініксіз зікірдің арасынан ара тұра зарлы қарғыс естіледі.

– Аяғыңа аш ішкегің шырмалып, тобы­ғыңа тоқ ішегің оралсың! Жұлыныңды қа­рабас аққұрт кемірсің!

Бастарын орамалмен шандып алған айыр, күрек, көсеуге дейін қаруланып, қаһарланып алыпты. Жуанқұл, Қабасақал, Дадабай танкілер таптар кетердей жаман қорыққаны сонша, ара мен балтаны алуға да шамалары келмей, шанаға таласа-тармаса мініп, жайбарақат жалығып тұрған аттарды аямай сабалап, көздерін ақилатып, зытып берді... Тек былай шыға бере Жуанқұл: – Сендерді ме, сендерді трудар­мия­ға айдатамын! – деп жұды­рығын ілтеді.


* * *


Содан бері де қырық жылдан асып кетті. Енді бұл дүниеде Ахмет те, Кенжекүл кемпір де жоқ. Жатқан жерлері жәннат болсын! Ал Жуанқұл әрі тірі. Баяғы Байшынар тірі. Қасқайып тұр. Бірақ екеуі де жарадар. Байшынардың бір бүйірі әлі үнірейіп, қап-қара шор болып тұрады. Тоғыз тарау төбесі түгел жапырақ жайғанда көлеңкесіне бір колхоздың адамы түгел сиып кетердей әлі жайқалады, жарықтық! Тек қыста Шақпақтаудың атақты «ақ мылтық» дауылы соқққанда, Байшынардың сансыз бұтақтары баяғыдай маңырап, шулап жатады. Сол қалың шудың арасынан құлаққа ынырсыған сарын естіледі. Баяғы балта шапқан жара сықырлайды. 


Сол кезде төтөсегінде Жуанқұл да бебеулеп жатады. Сонау қырық үшінші жылдың қысында ауданнан боз айғырды сабылтып, кештетіп келе жатып, Бай­шы­нар­дың тұсынан өте бергенде, шынардың бүйіріндегі үңгірден бір үкі қалбаң етіп ұшып шыққанда, боз айғыр кісінеп жіберіп, шалқалай жалт бұрылғанда, Жуанқұл аттан тұңғыш рет қалпақтай түсіп, белі мертіккен. Омыртқасы опырылып, жұлынын қысып қалған деседі. Содан бері төсектен тұрмайды. Бірақ құдайдан күндіз-түні өлім тілесе де, құдай құлақ аспайды. Оны мүлде ұмытып кеткен сияқты. Өлім келмейді. Әсіресе дауылды түндері Жуанқұл сарнап шығатын көрінеді.

Жуанқұл айтқан көрінеді: – Бәрі де өзім­нен болды. Ешкімге налам жоқ. Тек тілегім – менің төсегімді Байшынар көрі­не­т­ін терезенің тұсына салып беріңдер, – депті дейді.

Сол терезеден далаға көз салып, Байшынарды көреді. Одан әрі көк аспан көрінеді. Жуанқұл күні-түні Байшынарға: – Кеш, кеше гөр! – деп жалынады.

– Жайрағыр, жай түсіп, жайрасаңшы! Сен жайрасаң, менің де демім таусылып, жаным жай табар еді, – деп зарлайды дейді.

Бірақ екеуі де ұзақ жасап келеді. Ал­да­рында әлі қанша жарық сәуле бар, ешкім болжай алмайды.




Көрілген: 17099    Пікірлер: 0

сейсенбі, 21.03.2017, 18:30

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    29 Мамыр, 15:40
    Кәрім Мәсімов: ТАМЫР
    29 Қыркүйек 2015
    Майра ФАЗЫЛ: Ұйқы

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30