Алаш прозасы

Тұрысбек Сәукетаев: БҰЛАҒАЙ

  • Тұрысбек Сәукетаев: БҰЛАҒАЙ

    Тұрысбек Сәукетаев: БҰЛАҒАЙ

Тоғызыншы тарау

КҮНГЕ МАДАҚ
Таңғы зікір

Жер мен көктің жігі сызаттана сөгіліп, нығыз жауған күпсек қардың беті болар-болмас қылаңытқан шақта қоңыраулы даптың дабылынан жым-жырт тайга дүр сілкініп оянды. Ұшар басы көк сүзген зәулім самырсын-қарағайлар сықырлай шайқалып, бұтақтарынан қар саулады. Бір-біріне дыбыс беріп, өз тілінде үн қатып сайраған, шықылықтаған құстар қанаттары сусылдап, оңды-солды ұшып жүр. Табын шетінде жусаған кер бұғы серпіле тұрып, тұмсығын көкке соза керней тартып мөңіреп еді, ирек-ирек қалың бұта– мүйіз ілгерінді-кейінді жапырлай шайқалып көтеріле берді. Кеуегінен басын шығарып орқоян жан-жағына үрке қарады…
Тұр-тұрлаған дабыстан күллі тіршілік оянып, жаңа бір күннің үйреншікті қарбаласына кірісіп кеткендей. Дөңес басында сылдырмағын дабылдата қағып, зікір салған шаман ағаш ұшын қиғаштап қана шалатын тундраның аласа күні көкжиектен қызара сығалағанша тыным тапқан жоқ. Екі көзі тарс жұмық. Дабылдың ырғағына қосыла бірде баяу, бірде екпіндеп бүкіл денесін селкілдете билеп жүр. Ара-арасында “Хав-хав-хав” деп көтеріле айғайлап, шыр айналғанда, қардың беті ұшқындап, құйын ұйтқиды. Қуанышты дірілмен тарғыл дауысын созып, дамылсыз қырылдайды:
– О, Жаратқан!
Мың рахмет таңдарыңа әр атқан. Хэв-хэв-хэв!
Келе жатыр күн шығып,
Оян, оян, тіршілік! Хэв-хэв-хэв!
Қуанайық бәріміз,
Әуе тынық, қандай аппақ қарымыз! Хэв-хэв-хэв!
Қара түнде тұншықтым,
Естиінші үнін қарға, шымшықтың! Хэв-хэв-хэв!
Қайдасың, сен сұр көжек?
Құйғытып өт көз алдымнан бір мезет! Хэв-хэв-хэв!
Тығылма, аю, үңгірге!
Шыққан күнді қарсы алайық, кел бірге! Хэв-хэв-хэв!
Көкте – қыран,
Жерде – жылан,
Жортқан бұғы жосылып,
Бірге айтайық тірлік жырын қосылып! Хэв-хэв-хэв!
Сендер барда – мен бармын!
Сендерменен өмірімді жалғармын! Хэв-хэв-хэв!
Соқты, міне, борасын.
Тундрамды қабат-қабат ұлпасымен орасын… орасын… орасын! Хэв-хэв-хэв!..
Таң бозынан бебеулеп зікір салған шаман еліре билеп, есіре айғайлап, талықсып барып құлап түсті. Аузынан көбік ағып қимылсыз қалды. Екі қолы екі жаққа созылып шалқасынан жатыр. Қарды үйіре соққан желден екі езуіндегі едірейген екі тал ақшыл қыл дамылсыз діріл қағады.
Бұл тундраның төрт тарабына аты әйгілі Мундук Угдэ шаман еді. Түп атасы Турэн Мундук перінің қызының құрсағында ай сәулесінен жаралып, шұбар жолбарыстың сүтін еміп өсіпті-дүр; аң мен құстың тілін білген-дүр; өлі денеге жан салған бәлгер болыпты. Бұл – соның жібі үзілмей бүгінге жеткен жалғыз тұяғы. Кезінде мұны да иісі Мәнжи жұрты төбесіне тұтқан. Ата даңқына бас ұрып қана қоймай, атадан дарыған қасиетіне де тәнті боп табынатын. Ауырып-сырқағандар босағасында жатып дуаланатын, аңға шығып не сапар шегетіндер жолдарын ашқызып бата-алқауын алмай аттап баспаушы еді. Қайран, сол күндер-ай десеңші! Бүгін соның бәрі көрген түстей ғана, еске алсаң, шын ба, өтірік пе деп, өзің де сенер-сенбесіңді білмейсің.
Жер мен Көк жаралғалы тундрадағы өз ырғағымен жылжыған бір қалыпты өмір аз жылдың ішінде танымастай өзгерді.
Тэнкечтің орыс қатыннан туған баласы Афанасий қаладан оқып кеп, жаңа заман туды,жаңаша өмір сүреміз деп колхоз құрған. “Қызыл аңшы” деген. Аң-құс, орман… бәрі ендігі жерде мемлекеттікі, аң аулап, құс ату үшін бәрі колхозға бірігуі керек екен. Әйтпесе бұрынғыдай емен-еркін аң аулауға рұхсат жоқ. Бұл да мүше боп кірген амалсыз.
Афанасий іскер, балташы-ұста орыстарға қарағайдан қиып үй салғызып, дүкен ашты. Отты судың неше түрімен толтырып жасандырып тастады жаймасын. Соңғы жылдары ауызданып, өмірдің қызығы осы екен деп әбден дәнігіп алған мәнжилерге де керегі сол. Шөлмек көрсе жанын беруге әзір. Аз уақытта колхоздың аты дүркіреп шыға келді. Мұның да, басқалардың да омырауына жылтыраған темір қадап, “Социалистік жарыстың екпіндісісіңдер” деп мақтады. Ал аспаннан темір құс ұшып келіп, Афанасиді сонау жырақ қаладағы жиналысқа алып кетеді, жиналыстан алып келеді. Кеткенде темір құстың жуан қарыны асыл елтіріден аузы-мұрнынан шықса, келгенде жәшік-жәшік отты судан белі қайысып барылдап-бақырып әзер жетеді. Сұрмергендердің қанды сүргінінен үріккен аңның өлгені өліп, тірісі жан сауғалап безіп кетті. Отты судан ұрттап алып елірген аңшылар күн жортып, түн қатып тайганың түкпір-түкпірін тіміскілеп, аш қасқырдай аласұрды.

 

Қызыл түлкі

Ол кезде бұл да отты суды сіміретін бір кісідей-ақ. Аруақ қонған әулетке һарамның күнәсі ауыр тиетінін ұмытып, өзінің тек озат колхозшы екенін ойлайтын. Басқа аңшылардан қайтсем асып түсем деп жанталасумен болды. Бірнеше рет бабасы асатаяғын басына ойнатып, түсінде аян берген. “Нәпсіңді тый, балам. Аң-құс, орман-шөп, жанды-жансыздың бәрі – өзіңнің бауырың. Оларды жөн-жосықсыз қырып, обалына қалма, қарғысқа ұшырайсың!”деді. Бірақ оған ықтап, аяқ тартқан бұл жоқ. Сөйтіп жүргенде тайгаға Қызыл түлкі оралыпты деген сыбыс тарады. Қырық жылда бір соғатын киелі аң. Балақ жүнінен құйрығының ұшына шейін қан-қызыл. Түнде перінің қызына айналып кетеді-мыс. Қолға түсірген кісі бақытқа кенеліп не қасіретке ұшырауы бек мүмкін екен.
Қызыл түлкінің дақпырты үлкен-үлкен бастықтар тұратын үлкен қалаға да жетіпті. Жазға қарай Парижде өтетін Дүниежүзілік көрмеге тайгадан не сияпат апарамыз деп күпті ойға толғатып жүргенде, көктен іздегені жерден табылғандай қуанады. Сары шашы алтындай жарқыраған орыс сұлуы құйрығы жерге сүйретілген тайганың қып-қызыл түлкісін иығына асып, кербез басып сахнаға шыға келгенде, көрген жұрт аузын ашып, көзін жұмар. Бастықтар Афанасиге “өл-тіріл, қызыл түлкіні қолға түсір” деп бұйырады.
Афанасий тайгаға келісімен аңшы біткенді аяғынан тік тұрғызды. Қызыл түлкіні атып алған кісіге сыйақымен қоса, бес жәшік арақ беріледі деп талай сұрмергеннің сілекейін шұбыртты. Бес бұлғынның бәсі бір шөлмекке әзер татып тұрғанда, бұл деген батпан құйрық емей немене. Сол-ақ екен аңшы біткен ұлы сүргін дүбірге қосылды да кетті. Қызыл көзденіп бірін-бірі атып тастағандар да болды оңашада. Итарқасы-қияннан әдейілеп келіп, дүрмекке қаланың мылтықты мергендері де қосылды. Меңіреу тайганың жан баспаған аппақ қарын шаңғының ізі оңды-солды шимайлады. Бұқпа-қалтарыстан аң үркітіп сүрең салған дабылдың үні аспан астын жаңғыртты. Апта өтті, ай ауысты… Қызыл түлкі із шалдырмады.
Угдэнің жалғыз қызы Ойлэн туғаннан екі көзі су қараңғы зағип еді. Екіге жаңа толған сәби аяқастынан талмасы ұстап ауырып, әйелі екеуі не істерін білмей, үрейден өз бастарымен қайғы боп кеткен. Жүрегін шер буып, аһ ұра күрсүнгенде, еріндігі мүжілген бабасының кәрі сыбызғысы өз-өзінен ызыңдап сыңси жөнелді. Бір-біріне мұң шаққандай, әке жүрегі мен қара сыбызғы қосыла зар төгіп, ұзақ өксіген. Сиқырлы ызыңнан тыста жел оянып, байғыз сұңқылдады. Қарағай басы алай-дүлей сусылдап, ағаш күркенің сүйегі сықыр-сықыр теңселіп тұрды. Жүрек пен сыбызғы бірінен-бірі асыра жылап, ащы зарын төкпелей дабылдатқан бір сәтте, күрке ортасындағы түтіндеген қарағайдың шоғынан лап етіп қып-қызыл жалын атып тұрды. Төбеге дейін барып-қайтып – барып-қайтып шалқыған алаудан қып-қызыл түлкі созыла суырылып шықты да, қылының әр талынан от шашырай дүр сілкініп, сәбиді шыр айнала жүгіріп, үстінен арлы-берлі үш рет секіріп ғайып болды. Күрке ішінде бұлың-бұлың адасқан оймақтай сәуле айналаны дір-дір сипалап барып, сәбидің дәл маңдайына қонды. Үш күннен бері ес-түссіз сұлық жатқан бала селк етіп ұйқысынан оянғандай маужырай есінеп, басын көтерді. Екі бетінің ұшында қызыл ойнап, күлім қағады. Есі танған аңшы күркенің есігін мойнына кие атып шыққанда, созыла иретілген қызыл сәуле қара түннің қойнына сүңгіп бара жатты.
Күркеге қайта кірген Угдэде ес жоқ еді. Елеуреген көңілі қуаныштан аласұрып, жер-көкке сияр емес. Осындайда отты судан тартып жіберсең ғой, шіркін! Іргедегі ыдыс-аяқтарды қанша ақтарғанмен, ауыздары үңірейіп жел тартып тоңқайып жатқан бос бөтелкелерден басқа ештеңе таппай ындыны құрып, ерінін жалады.
– Эй, Бонжигэ! – деді әйеліне ежірейіп. – Басталмаған шөмлек бар еді, қайда кеткен?
– Э, сенен басқа адам бітеу ме екен? Сен аңға кеткенде, ішіп қойғанмын.
– Қызымыз аман қалды. Той жасап, Құдайға рахмет айтпасақ ренжімей ме! Мен Афанасидің дүкеніне барып, отты су әкелейін. Оған дейін үлкен ақ күшіктің басын шауып, жүнін үйте бер.
– Маған үш жұлдызы бар қызыл су әкел!
Угдэ шешесінің мойынына асылып еркелеген қызының бетінен алма-кезек сүйіп жолға шықты.
Оншақты қара бұлғынның терісін салып, қайыс дорбасын иығына көлденең асып алды. Афанасидің дүкені үрген иттің дауысы жетер жерде. “Қоян” жұлдыздың оң құлағын маңдайға алып, төтесінен тартсаң, таң қылаң бере қара көрсетіп қалады.
Табаны бұғының бүйрек майымен ысқыланған қайқы бас шаңғы күпсек қардың бетімен жеңіл сырғиды сықырсыз. Таяқпен анда-санда демей итеріп, екі жағына кезек теңселе, бір қалыпты екпінмен зырлап келеді. Отты судың күйдіріп-жандырып, бар дүниені ұмыттырып жанды арбайтын рахатын ойлағанда, арттан соққан желді алдынан естіріп, тіптен ентелей түседі. Ондайда тіл ұшына көңілді ыңыл үйріледі. Қарлығыңқы тарғыл дауысына үңірейген қара түн үрке жаңғырығып, қарағай басынан түнгі құстар шаңқылдап далп-далп ұшады.
Айнала сүттей боп ағарғанда, Афанасидің дүкеніне жеткен алып-ұшып. Қор-қорларын будақтатып, дүкеннің қалқасында топ адам үйіріліп тұр екен. Орталарында серейіп біреу жатыр. Кәрі аңшы Сэдэб. Көзі ақшиып шекесіне шығып кеткен. Мас боп далада жатып қалып, үсіп өліпті. Қор-қорын түтіндеткен топты еркек анда-санда бір ерін ұшынан енжар тіл қатады:
– Екі шөлмекті жалғыз ішіпті ғой! – деді біреу өзіне де обал жоқ дегендей кекесінмен.
– Сорлы… бізбен бөліссе ғой, тірі қалатын еді!..
– Афанасий рациямен баласына хабарлапты, итшанамен кеп алып кететін шығар.
– Өртеп жіберер ме екен, әлде ит-құсқа тастар ма екен?
– Отты суды жасырып ішетіні болмаса, былай жақсы адам еді. Бір түнде-ақ аң мен құс жеп қоятын шығар…
Әне-міне дегенше, бір қора итін абалатып Сэдэбтің баласы да жетті. Шанадан домалап түскен бойда қарға бір аунап тұрды да, дауыс сап, маңқасын жерге жеткізе созып өкіріп жылады. Айналадағылар риза боп, міне, бала болсаң, әкеңді өстіп жоқта десті іштей. Бәрі мәйітті жағалай тұра қалып, қос бүйірлерін таяна, оңды-солды теңселіп, бірінен-бірі асыра еңіреді. Жігіт біраз өксіп солығын басқан соң, бәрі мәйіттің үстіне төне бастарын иіп, іштеріндегі үлкені көңіл айтты:
– Әкең өлмейтін өмірге кетті. Харам тәнін таңға жеткізбей ит-құс талап жеп, жаны тезірек Құдайдың алдына барсын!
– Аруақ риза болсын! Бүгін ақ бұғы шалам құрбандыққа. Келіп ыстық қанынан ауыз тиіңіздер!
Мәйітті жөнелткен соң, тобымен шұбап дүкенге кірді. Дүкенші – бір бұты бір мәнжидей жуан сары қатын. Үш-төрт жыл бұрын қаладан келген. Афанасидің қатыны деседі жұрт. Бірақ қалай оның қатыны екенін түсінбейсің. Қаладан әне бір қызыл сақал аңшы келсе болды, соның қасынан шықпайды. Шашын да қып-қызыл ғып бояп, құлпырып шыға келеді. Моншаға да бірге түседі екеуі. Үстерінен құшақ-құшақ бу бұрқырап тыр жалаңаш атып шығады да, қалың қарға күмп етіп сүңгіп кетеді. Шыңғырып, сақылдай күліп, бір-бірін құшақтап, алысып-аунап жатқандары. Ауыздарын ашып, таң-тамаша боп тұрған бұларды селтиген аң не шыбық құрлы көрмей ойларына келгенін істей беретін.
Сары қатын бүгін де шашын қып-қызыл ғып бояп алыпты.
– Е, қызыл сақал тағы келген екен ғой! – деді кекселеу аңшы кекесінмен мәнжише күбірлеп.
– Афанасий сорлы қайда екен десеңші?
– Қайда болушы еді, ана үйдің бір бұрышында иттермен бірге жатқан да бұратылып!
Бұлар дабырлай бастап еді, сары қатын ақырып тиып тастады:
– Эй, собаки, прекратите гавкать! Говарите по-человечески, если нет – заткнитесь! Ей, иттер, әупілдемей доғарыңдар. Сөйлесеңдер, адамша сөйлеңдер, әйтпесе ауыздарыңды жабыңдар!
Мәнжилер жым болды. Бұл қатын жынданса, қуып шығудан тайынбайды. Ішіндегі тілі сынық жастау біреуі иесіне еркелеген иттей бұралаңдап, өзінше жалбақтап әлек:
– Ти карошэ баба гэвари ми. Волэса крэсни, жопэ балшэй-балшэй хэвали ми… Ти нашэ водкэ дашэ… (Сені жақсы қатын деп мақтап жатырмыз. Шашы қызыл, к…ті үлкен-үлкен деп мақтаймыз… сен бізге арақ береді…)
– Х…й ты получишь! Пошел вон!
Бүкіл мәнжиге орысша боқтауды үйреткен осы қатын. Алғашқыда өз сөзін өзіне айтам деп талайының аузы қан жалаған. Әй-шәй жоқ тұмсықтан салып кеп жібергенде, “әй, мына қаншықтың есі дұрыс па, сонша не айттық?” деп таңғалатын. Аман-сәлем, хал қалай… деген сөз екен деп көрген бойда тілдерін бұрап елпек қағатын. Кейін Афанасий боқтық сөз екенін түсіндіргенде барып бір-ақ білген.
Жаңағы мәнжи жауап қайырған жоқ, мақтау сөз естігендей ыржалақ қағып басын үсті-үстіне шұлғыды:
– Ти карош, ми плохэ… габнө… (Сен жақсы, біз жаман… боқ…)
Сары қатын арлы-берлі қойқаңдап, әр нәрсені түртіншектеп ұзақ жүріп, сарылтып барып саудасына әрең кіріскен. Әкелген терілерінің әрқайсынан мін тауып, кейбіреулерін лақтырып жіберіп, аңшы бейшараларды зар илетіп жатыр. Угдэмен де ұзақ саудаласып, кере құлаш мөлт қара сегіз бұлғынға бір коньяк пен “Экстраның” этикеткасын жапсырған бес шөлмек самогонды әзер берді. Көзіндегі лып еткен ұшқынды өшіре қойып, ренішті түрмен қабағын түйіп, бұрқылдап:
– Жүні жетілмеген… ауырған ба өзі немене?.. – әбден бұлданып бітті. – Бұл тышқандардың не бағасы бар? Мықты болсаңдар, ана қызыл түлкіні ұстаңдар! Соны атып әкелген аңшыға дүкендегі арақтың бәрін беремін!
“Шіркін-ай!” десті аңшылар іштерінен ауыздарының суын жұтып.
Угдэ Құдайдың ризашылығын алу үшін қасындағы аңшыларды түгел сыйламақшы болды. Жағаға шыққан тюленьдей бәрі қаз-қатар теңселе қорбаң-қорбаң шұбап, контордың ашық тұрған бөлмесіне келді. Ұзын үстел, екі жағында шөркеге шегеленген тақтай орындық бар. Аңшылардың осындай жиналғанда бас қосатын байырғы бөлмелері. Үнемі жандарынан тастамайтын тостақтарын толтыра бір-бір тартып жібергенде, құрысып бүрсең қаққан денелеріне қан жүгіріп, жадырап сала берген. Бұғының мұздаған шикі етін кертіп жей отырып әңгімеге кірісті. Бәрі “қызыл түлкіні мен ұстаймын” деген дәмелі аңшылар еді. Ай бойы тундраны оңды-солды сүзіп, әбден күдер үзген соң, “басқа біреу атып алған шығар” деген күдікпен бірін-бірі аңдып, дүкен басына үйіріліп жүрген.
– Қызыл түлкінің бұл жаққа келгені өтірік шығар, сірә!
– Иә, шарламаған жеріміз жоқ, ең болмаса, біреуіміз көрер едік қой?
– Дабыраға алданып, бәріміз босқа сандалып жүрміз осы!..
Көк түтіннің тұманынан айналасын сығырая бір сүзіп, Угдэ мырс етті:
– Мен көрдім!
– Қалай?
Бәрі таңырқасып, сенер-сенбесін білмей аңтарылып қалды. Самогон буынына түсіп былқ-сылқ ете бастаған Угдэ мақтана сөйледі:
– Сендер менің Турэн Мундук әулиенің ұрпағы екенімді ұмыттыңдар ма. Ондай қасиетті аң мына менің ғана көзіме көрінеді! – деп, осы түнде өзі куә болған хикметті айтып берді.
– Құдай оны оттан жаратқан екен. Ошақтағы лаулаған от оңды-солды созыла шалқып тұрды да, бір уақта лап етіп қызыл түлкіге айналып кетті! Шыр-көбелек жүгіріп, ес-түссіз жатқан қызымды үш рет айналды да, бойындағы дертті алып, төбедегі тесіктен ұшып кетті. Міне, қызымның аман қалған қуанышын сендермен бөлісіп отырмын.
Мәнжилер гулесіп, бастарын шайқап, таң-тамаша болысты.
– Қызыңды Мундук шаманның аруағы жебеген ғой!
– Құрсын, жебе кезейміз деп, киесі ұрып жүрер.
– Елес қуып босқа сандалдық десеңші!
Сөйтіп, Угдэнің әңгімесі ауыздан -ауызға көшіп, бүкіл тайгаға аңыз боп тарады аз күнде желдей есіп. Қауесеттің бір ұштығы Афанасидің де құлағына жеткен. Афанасий – жартылай орыс қаны бар, қала көрген адам. Жабайылардың ондай сандырағына сенген жоқ. “Угдэ қызыл түлкіні атып алып, астына басып отырған шығар. Өзі бір пысықай қу неме. Басқа біреуге қымбат бағаға зытырмақшы ғой залым!” деп ойлады.
Қызыл сақал келсе, бұған сор. Дусясын тартып алады. Шанаға жегетін иттерін баққызып қойып, үйге де кіргізбейді. Осы жатқаны – жатқан, қызыл түлкіні қолына түсірмейінше кетпейді. Тезірек құтылып, қатынымды қайтарып алайыншы деп жанталасты. Болжамын қызыл сақал “бажасына” айтып, екеуі жолға шыққан.
Сол күні Угдэ бұғының тебінінен емдік шөп теріп қайтпақшы еді. Аяз бір ұрғаннан кейін жинап алмасаң, шәуілдің қауызы ашылып, дәні төгіліп қалады. Дәнектің сығынды майы қара қотыр мен қышымаға мың да бір ем. Итшанасын сайлай бастағаннан-ақ екі жасар зағип қызы шыр-шыр жылап, етегіне жабысып айырылмай қойды. Тілі еркін шыға қоймаған сәби “тэймэ – әке!” деп, мені ала кет дегендей құшағын жая ұмтылады. Шешесі қанша жалынып алдандырса да, көнер емес. “Япырай, бұл балаға не болды!” дегендей ерлі-зайыпты екеуі дағдарып, бір-біріне тіксіне қараған. Ақыры амалы құрыған соң, аюдың бітеу терісінен тігілген қапқа салып, шанаға отырғызып алды. “Айта!” деп құрығын иіре ысқырып қалғанда, абалаған жеті ит шананың ізінен қар боратып ұшырта жөнелді. Қайырылып бір қарағанда, әйелі чум алдында жападан-жалғыз құлазып соңдарынан қарап тұр екен. Угдэнің жүрегін біртүрлі жайсыз сезім шым еткізіп, қайта-қайта жалтақтай берді…
***
Көп өтпей чум алдына ағызып кеп тоқтаған шанадан екі адам түсті. Афанасий мен еңгезердей қызыл сақал біреу. Екі бүйірін қағып ілгерінді-кейінді кетіп ентіккен кер бұғының танауынан шелек-шелек ақ бу атқылайды. Түстері қату, жүрісі суық еркектерден шошынып шегін берген әйел сыпайыгершіліктен жаңылмай басын иіп, чумның есігін ашты:
– Кіріңіздер!
Шашы мен сақалы тұтасып, қалың жүннің арасынан көкпең-көк көзі әзер жылтыраған алып еркек есіктен екі бүктеліп кіргенде, аядай қостың іші бір-ақ толып кептеліп қалды.
– Байың қайда? – деді Афанасий.
– Бұғының өрісіне кетті, шәуілдің дәнін жинауға.
– Шын айтасың ба? Қаладағы тері алушыларға кеткен жоқ па?
– Жоқ, шын айтам.
Афанасий қасындағы еркекпен бұл түсінбейтін тілде бірдеңе деп сөйлесіп алды да:
– Қызыл түлкінің терісі қайда? – деді. Әйел басын шайқады:
– Оны атуға болмайды!
– Неге?
– Ол бізге жақсылық жасады! Киелі аң. Баламызды ажалдан алып қалды!
Афанасий мұның сөзін қызыл сақалға аударып берді. Мына түрімен бұл қатын шынын айтпас деген оймен екеуі айлаға көшті.
– Арақ ішесің бе?
– Ішем!
Афанасий қысқа қамыт аяқтары ауада шеңбер сыза тыпыңдай жүгіріп барып шанадан бір шөлмек алып келді.
– Мен отты судың қызылын ішем!
– Ого, принцесса! – деді қызыл сақал кеңкілдей күліп. – Бар, ханымның тілегін орында!
Әйелге коньяк құйып, бір “Экстраны” екі еркек қақ бөліп тартып жіберген. Әйел тез масайды, жыртаңдап күле бастады.
– Ал енді шыныңды айт. Біз саған көп қызыл отты су береміз! – деді баланы кәмпитпен алдағандай, ессіз әйелді қызықтыра арбап. – Қызыл түлкінің терісі қайда?
– Жоқ дедім ғой сендерге.
– Саған коньяк беріп сыйласақ та шыныңды айтқың келмей ме? Ай-ай, мәнжидің әйелі өзін сыйлап келген қонаққа өстіп өтірік айта ма екен?
– Ағатай, өтірік айтсам, тілімді ит тістеп жұлып алсын!
Жабайының қулығына балап ашуы қозған қызыл сақал:
– Өтірік айтқан тіліңді ит емес, мен жұлып алам! – деп жақтан тартып кеп жібергенде, әйел ұшып барып, босағаның түбіне жалп ете түсті. Аюдың майын жаққан жып-жылтыр сұйық, ұзын шашы бетін жауып, бақырған күйі сыртқа қарай еңбектей қашқан пақырды сүйреп әкеп, екеуі қостың тіреу ағашына қайыс арқанмен байлап тастады. Күрке ішіндегі затты оңды-солды лақтырып, қорыс-қопасын шығарды. Қаттап жиылған тиін, қарсақ, бұлғын терісінен бөлек ештеңе жоқ. Енді қайттік дегендей, екі еркек бір-біріне шарасыздана қарап ентігіп тұр.
– Қызыл түлкінің терісін қайда жібердіңдер? – деді Афанасий әйелдің бүйірінен бір теуіп. – Күйеуің сатуға әкетті ме, әлде бір жерге тығып қойды ма?
Әйел бетін қинала тыржитып, басын шайқады:
– Біз түлкіге тиіскен жоқпыз. Төбеден ұшып шығып кетті.
– Қостың ішінде қайдан жүр?
– Оттан шықты. Қызымыз қатты ауырды. Әкесі сондай жақсы көретін. От басында тізерлеп жылап, күні бойы Құдайға жалбарынды. Құдай сонда бізге қызыл түлкіні жіберді. Созылып төбеге дейін лаулап жанған жалынның арасынан лап етіп шыға келді!..
Қызыл сақал езуі қисайып мырс етті: “Мына арақ әбден улаған жабайылардың көзіне неше түрлі нәрсе елестей береді екен-ау!”
– Әй, “дамбал бажа”, мынаның сандырағына сенесің бе?
Афанасий екі иығын құлағына жеткізе бір қиқаң еткізді:
– Білмедім. Бірақ небір сиқыр жасайтын шамандар болады. Угдэнің бабасы өлген адамды тірілтіп алатын шаман болған деседі.
Арақ басына шығып есірген қызыл сақал қабандай күркіреді:
– Ендеше біз де шаман боламыз! Кәне, от жақ. Мына қатын байының орнына сұңқылдап жыласын. Кәне, байың жылағандай ғып жыла! Әйтпесе, отқа қақтап өлтіремін! – деп ошақтағы түтіндеген шаланың ұшын әйелдің көзіне тақады. Зәресі ұшқан әйел сыңси бастады.
Афанасий маздаған ошаққа отынды құшақ-құшағымен үстемелеп салады. Самырсынның саңғыраған бұтағы мен бүрі сытыр-сытыр дүрілдей лаулады. Жалаңдаған жалын тілі созыла шалқып, күркенің төбесін жалап-жалап алады. Күркені жапқан шикі теріден май тамып, күйген құйқаның иісі мүңкіді. Байлаудағы әйел шыңғыра айқайлап жібергенде, жыбыр-жыбыр сытырлай лаулап қып-қызыл жалын төбеден саулап келе жатты. Екі еркек сыртқа атып шықты жан-дәрмен. Қарға аунай-аунай кетіп, үстеріндегі отты сөндіріп естерін жиғанда, төбесі ортасына түскен күркені, жемтігін жұлқылап арпалысқан қызыл жал арыстандай, қып-қызыл жалын тілі жалмап жатты…

х х х


Бұғы тебініне енді іліне берген дәл осы сәтте шанада отырған сәби өзінен-өзі шырылдап қоя берді. Қолды-аяққа тұрар емес. “Эйтә-эйтә!” деп анасын шақырып, артқа қарай ұмтылып, ағызып келе жатқан шанадан аунап түсті.
Угдэ әлденеден секем алып, өнебойы мұздап кетті. Баланың айта алмаса да, үйге қайтайық деген ишарасын біліп тұр. Сәбидің бұлай жылауы тегін емес. Періштесі сездіріп тұр ма? Өз-өзінен дегбірі қашты. Тезірек үйге жетпек боп, ит тұмсыған кері бұрған.
Бірақ алабұртып асыққан көңіліне құс боп ұшса да иттің жүрісі ілесе ала ма! Иттерді босатып жіберді де, тері дорбадан бабасының қара сыбызғысын алып, ойнақы дыбыспен толқытып, сызылта шалған. Табан асты солқылдап, айналаны тұяқ дүбірі кернеді. Қарсы беткейдің қыр арқасына қалың мүйіздің қара орманы қаптай өріп шыға келді. Одырайып тұра-тұра қалған шұбар шоғырдың ортасынан мүйізі еменнің бұтағындай көктеген бір ақтаңгер бұқа бұғы үзіліп шығып, бері қарай мөңірей жосыды. Орғып секіріп, ізінен қар борап ағындап келеді. Жеткен бойда “мен келдім” дегендей ішін тарта үсті-үстіне мөңіреп, анандайдан одыраңдай бір орағытып шығып тоқтады. Жұқа танауы желп-желп етіп, үркектей қарап, ентігіп тұр. Бүкіл денесі ақ қылшық қылаң да, тек маңдайында түймедей ғана қара төбелі бар. Угдэнің қолда өскен Қаратөбелі. Еркелегендей иесінің иығына тұмсығын үйкелеп, сүзгілеп қояды. Угдэ “қой, тентегім!” деп жағынан қағып, қалтасындағы қара тұздың бір түйірін аузына салды. Асығыс ноқта кигізіп, шанаға жекті де, “айтэ!” деп жүріп кетті.
Абалап алға түскен иттердің ізінен Қаратөбел құстай ұшты. Аздан соң ырсылдаған иттердің анда-санда бір үрген дауысы ғана ілесті ізінен.
Қар бетінде құйын үйіріп, чумға жетсе, түтіндеген орны ғана жатыр қап-қара боп. Шиырлаған ізге қарап, кісі қолынан келген қастандық екенін білді. Басы үйтіліп, езуі ырсиған мәйіттің әйелінікі екенін қолындағы жартылай балқыған білезіктен таныды. Өкіре жылап үстіне құлай кеткен. Қызының шыр-шыр қаққан дауысын естіп, тез бойын жинады. Қатал сұспен кектеніп, жан аяспас тәуекелге бекінген. Қоқ боп бырысқан өлікті айқыш-ұйқыш қанын шығарып тілгіледі де, пышағын қарға сүртті. Тезірек ит-құс жеп кетсін деген айласы.
Байыз тауып бір сәт қарақшының ізін бажайлады. Екі кісі. Бірінің ізі үлкен. Мәнжидің киетін унтасы емес. Шанаға бұғы жеккен. Қарымы ұзын, табаны жалпақ, ұшқыр бұғы. Тұяқ бедерін қылау әлі жасыра қоймапты. Жаңа да ғана із суытқан.
Угдэ шанаға қарғып мініп, делбені сермей қақты. Мүйізін арқасына жапсыра орғи жөнелген Қаратөбел желбіреген танауымен ауаны бор-бор тартып, сұр жебедей созылды. Қайқы бас шананың табаны жерге бірде тиіп, бірде тимей ұшып келеді. Тымық ауада жел гулеп, тұяқтан ұшқан қардан ақ түтек құйын ұйтқыды.
Селдір орман бірте-бірте қалың нуға ұласты. Тұтасқан көлеңке барған сайын қоюланып қарауыта түсті. Меңіреудің ішімен тағы да шай қайнатым соқтырта жосылтқан бір мезетте, қарақшылардың қарасы шалынды. Қызыл сақал мен Афанасиді бірден танып, қаны басына тепті. Ентелеп делбені үсті-үстіне қаққан.
Угдэ – оқ шалымнан қылт еткенді қалт жібермейтін қол мерген. Бұл кім дегендей еңсеріле бұрылған қызыл сақалды өндіршектен көздемей садақпен тартып жіберді. Екінші жебеден Афанасидің басы кекжең ете қалды. Үрке қашқан кер бұғының алдын орай кес-кестеп тоқтатты да, қамыт бауын пышақпен бір-бір орып, босатып қоя берді.
Ышқынған сайын жебе түбінен қан сигектеп, екі жендет жаны шықпай тыпырлап қорқырап жатыр. Угдэ екі жебені екі қолымен суырып алды да, ұштарындағы қанды бір-бір жалап, қарға үйкеді. Кекті жауының қанын қылғына жұтып, қайтадан жиіркене лоқсып тастады.
Бағанадан бері кекпен булығып аласұрған көңілін енді қайғының қара тұманы басты. Ешқашан айықпас қара түнек. Басындағы шын қасіретті енді сезінгендей ащы өксік көкірегін осып-осып жіберді. Бұғының басын кері бұрды. Әлсіз қолдарымен кеудесіне тас жабысып, тынымсыз шырылдаған сәбимен қосыла боздап келеді.
Жұртқа келсе, өртенген чумның орнында жеті ит жеті жерде шоқайып көкке қарап ұлып отыр екен. Екі мұңлық одан сайын егілді… Тізгін іріккен жоқ. Қайырсыз мекеннен боздай-боздай алыстай берген. Жылаған бала, өксіген әке, ұлыған ит. Қарауытқан түнгі тайга ішін тартып, қосыла күңіреніп тұрды.
Қараңғыда өкси шұбаған қаралы көш жауыздықтан қашып келеді. Отты сумен уланған, жат, қатігез әлемнен жерінген жүрекке медеу болар ештеңе қалмағандай. Угдэ ешкімді көргісі келмеді. Әділетсіздікке қарғыс айтып, бәрінен безінді. Тазалық мекенін іздеп күн жүрді, түн жортты. Жұлдыз жетінші рет туғанда, жан баспаған тайганың қиян түкпіріне тұмсық тіреген. Ну орман іші. Ұшқан құс, жортқан аңнан басқа сырласың жоқ оқшау өмір. Міне, осы меңіреуге ірге көмгеннен бері он бес жыл өтіпті.
Зағип қызы Ойлэн он жетіге толған. Екі көзі суқараңғы демесең, мәнжидің маңдайына бітпеген хаса сұлудың өзі. Қарашашы күлтеленген, имек қас, үлбіреген торғындай аппақ жүз. Әбден толықсып бойжеткен.
Угдэ қызының айрықша зейінді, сезімталдығына ғажаптанады. Мундук бабасының аруаға соған қонғандай. Бар дүниені алақанымен көреді. Екі алақанының ортасында көзі бар секілді. Алақандарын алдына тосып, ешнәрсеге соқтығып-сүрінбестен емен-еркін жүгіріп-ойнап жүре беретін бала күнінен. Іштен соқыр боп туса да, түс-бояуды ажыратып, айналадағы заттардың пішін-бейнесін көріп тұрғандай айтады. “Алақай, Айды қарашы, дөп-дөңгелек боп туып келеді!..”, “Қайыңның жапырағы ерте сарғайыпты…”, “Әке, кер бұғының оң жақ көзі қып-қызыл боп қанталап тұр!..” дегенде, Угдэ әуелгіде таң-тамаша болатын.
Отты судан тиылып, елден оқшауланғаннан бері Угдэнің өзі де бойы тазарып, түсінде Мундук бабасы асатаяғын қолына ұстатқан. Таңнан тұрып, дап қағып зікір салмаса, тұла бойын жын буып құрысып, жанын жай тапқызбайды.
Бүгін де таң бозынан дабылдатып, зікір салып, әбден сілесі қатқан соң барып, аузынан ақ көбігі ағып жерге шалқалай құлаған. Күн арқан бойы көтерілгенше сілейіп жатып, енді ғана басын көтеріп отыр ербиіп. Атысып-шабысып екі шықшытына қашып барып қонақтаған қиықша шапыраш көздеріндегі жаңағы ойнақшыған ыстық ұшқын жоқ, сүлеленіп бей-жай қарайды айналаға. Созалаңдап орнынан тұрды. Сыртта сықырлаған тымырсық аяз болғанымен, чумның іші ұядай. Ошақтағы шырт-шырт маздаған балқарағайдың жіңішке, бозғылт түтінін төбедегі шелек аузындай тесік тік суыра тартып тұр. Қызы қызыл шоққа құйрығын басып бажылдаған күйелеш шәугімнен шөптің тұнбасын ағаш тостаққа құйып, алдына қойды.
– Әке, жолға шығамыз деп ең ғой. Күн көтеріліп кетті.
– Үлгіреміз…
Күндік жерде кержактардың үлкен деревнясы бар. Анда-санда соғып, сол жерден керек-жарақтарын алып тұратын. Жұлдызға қарап алдағы күн райын ай бұрын болжайтын Угдэ кешеден бері жолға қамданған. Жамандығына басса, алда кісі бойы қар жаууы мүмкін. Одан ары тайганың ақ түтек бораны басталады. Күн қабағы бұзылмай тұрғанда, қыстық азық-ауқатын қамдап алған жөн. Қара түлкі, бұлғын мен құндыз терісін бір тең ғып шанаға тиеді де, жолға шықты.
Дүпке жұлқынған, қажырлы, шұнақ құлақ құба арланды жеккен. Бір-бірімен абаласып шулаған иттердің төбесіне ұзын таяғының ұшын үңілте жайқап, “Айта!” деп жөнеп берді. Шананың сырылы мен иттердің арсы-күрсі дыбысынан тым-тырс тайга жаңғырып, қарағай басынан қылау ұшқындайды.

 

Оныншы тарау

ҚҰЛДАР КӨТЕРІЛІСІ
Тайгадағы «Бухенвальд»

Сол күні таңертең полковник Ляховецкий жұмысқа кетерде үй ішінің әр бұрышына жалтақ-жалтақ қарағыштап, табалдырықтан бір түрлі қимастықпен аттаған. Былай шыға бере бұрылып қарағанда, терезеге бетін тақап, саусақ ұшын елбірете қоштасып тұрған әйелін көріп, көңілі одан ары өрекпи түсті. Бір тылсым түйсік “тоқта, қайт” деп тұрғандай. Жұмыста да өнебойын зіл басқандай, өз-өзінен еңсесі езіліп серпіле алмады. Жүрек тұсы сыздағандай ма, мазасы кете берген соң, тілінің астына нитроглицерин басып, орындыққа шалқалаған…
Күн кешкіріп, елдің бәрі жұмыстан қайтқаны қашан. Еден жуушы әйел дәліз бен басқа кабинеттерді жинап болып, арлы-берлі тықыршып біраз жүрді де, бастық шыға қоймаған соң, есікті сықырсыз ашып, жасқана сығалаған. Қараңғыда неғып отыр деп шамды жаққан. Бастық төрдегі орнында ұйықтап отыр ма, қимылсыз. Екі қолы салақтап, көздері әйнектей қатып, төбеге қадалып қалыпты. Әйел баж етіп, далаға атып шықты…
Қатыгез өмірдің батпағын қонышынан кешіп жүрсе де, жүрегіне кір жұқтырмаған қайырымды, қадырлы басшының қазасына таныс-білістерден қабырғасы қайыспаған ешкім жоқ шығар. Суық хабарды естігенде, Әзиз-Сұлтан да көңілі жүдеп күрсінген. Бір рет жүздескенде-ақ тағдыр тәлкегіне ұшырап осында тоқайласқан бейбақтардың әрқайсына қылмыскер емес, ең әуелі адам деп қарауға тырысатын ғазиз жүрек дегдарлығын аңдатып еді.
Қайғырмаған тек Фома ғана. Азалы үнмен кернейлеткен оркестрге қосыла күңіренген көппен бірге таз басын тұқырайтып мүләйімсінгенмен, қасындағы қоймашыға қабақ астынан ұрлана қарап, қас қағып қояды. “Саспа, бала, қызылкөз пәледен құтылдық… күніміз туады” дегендей жылтыңдаған қуақы ұшқын бітеу сарының былшиған бетін сипап-сипап өтеді.
Фоманың расында да аузының салымы бар екен. Екі апта араламай бастықтың жетімсіреген тағына Комаров деген бір май желке қонжиған. Домаланған сары самауырды арсы-күрсі пысылдатып креслоға қонжита салғандай. Екі құлағы таз төбесінен аса едірейген, қисық танау, жалқақ сары. Сілеусін көзінің бірін қысып, бір езуі салбырап, түзу нәрсені қыңырайтып қисық көріп тұрғандай, кісіге қыржия қарайды. Ере келген өкіл мекеме қызметкерлеріне: “Мундиріне дақ түсірмей Отанға қызмет еткен ардақты әскери әулеттің ұрпағы!” деп көтермелей мадақтаған. “Отыз жетінші жылы Бутаковкадағы атақты жазалау лагерінде бір өзі бір айда жеті мың халық жауын атқан қаһарман Комаровтың кіші баласы” екен! Әкесінің “ерлігін” айтқанда, екі беті нарттай жанып, “әне, біздің батькамыз сондай болған, біліп қойыңдар!” дегендей екі көзі шапыраштанып, айналасына масаттана қарады.
Іздегенге – сұраған, Фома екеуі бірін-бірі иіскеп тауып, тез табысты. Қабақ қағып, құп ұғысқан соң – болды, бітті, Фоманың аз уақыт банкрот болған синдикаты қайта жанданып жүре берді. Апта сайын артынып-тартынып ыңыранып түрмеге беттеген екі машинаның бірі жол ортадан бағытынан жаңылып жалт бұрылып, қалашықтағы азық-түлік дүкенінің артқы есігіне құйрығын кептейді. Қорап-қорап маргарин, макарон, сары май, консерві, қап-қап күрішті… үңірейген ұры ауыз сол сәтінде қылғыта салады. Соңғы қаппен бірге еңкеңдей сүңгіп жоғалған Фома бір уақытта сол есіктен шалқалай шығып келе жатады. Екі ұрты кезек бұлтылдап, арасында лоқси кекіріп, қос қалтасын сықырлата қысып-қысып қояды анда-санда. Сол бойда тура Комаровтың кабинетіне тартады. Аяқ алшаң, кеуде шалқақ. Бағынышты емес, жарылқаушыдай құйрығы қойқаңдап, бастығының алдында менмен. Бумасы бұзылмаған көк құлақты сарт еткізіп үстелдің үстіне тастай салғанда, майордың сілусін көздері соншалық бір елжіреген махаббатпен тұтанып, Фоманы шап беріп мойынынан құшақтай алады. Бет-аузынан сау жер қалдырмай шөп-шөп сүйеді. Қатыны курорттан сағынып келгенде де бүйтіп шөпілдетпейтін шығар. Соншалық бір аста-төк мейірім.
Мұндайда тышқан мұрынын қанатпаса болмайды деген кәдемен, сейфте “тұтқында” тұрған жылы-жұмсақтың бәрі “азаттыққа” шығып, бұрыштағы аласа үстелге қоныс аударады.
– Апыр-ай, қандай жақсы жігіт едің, Фомочка! Бұрынырақ неге жолымыз түйіспеді екен! – дейді майор мың жылдық аңсарымен жолыққандай елжіреп.
– Әлі де кеш емес, Сан Саныч. Бұл жердің қара тасынан алтын ағызуға болады!
– Саған сенем! Ақшаның артықтығы жоқ. Сен маған берсең, мен жоғарыдағыларға берем. Әйтпесе, бұл орынға мені кім әкеледі? Бәрі сатулы дүние!
– Білем ғой, білем!
Айнала тым-тырс, ел аяғы басылған шақта бір-біріне соқтығып шайқалақтаған қараң-құраң екі көлеңке іңір қараңғылығына сіңіп бара жатады.

* * *

Тайганың айлап сары жамбас боп жатып алатын тымырсық сызды аязы, тартқан демің кеңсірік тілердей буып тұр. Таңсәріден көз байланғанша ағаш кесіп, бұтап, сидалаған дөңбекті тау-тау ғып үйіп тыным таппайтын тұтқындар аяз қысып, аштан бұрлыққан соң аз уақыт ішінде әбден қалжырады. Бұрыннан түлкіқұрсақ талғажулары енді сұйыла-сұйыла қорек болудан қалды. Күнде су татыған жарма ботқа. Сорпа деп беретін қара суының беті балық көзденіп, шайынды сияқты. Сылдыраған шөп көжеден шіріген шабақтың басы мен құйрығын, зымырап қашқан қос түйір бұршақты күректей қасықпен қуып жүріп әрең ұстайсың.
Көздері үңірейіп, мойындары қылқиған өңшең міскін. “Не істейміз, бір жөнін айт” дегендей Әзиз-Сұлтанға жаутаңдайды. Паханның тауын шағып, Васядай дүлейге итаяқтан су ішкізіп қойғаннан кейін, бүкіл казарма Әзиз-Сұлтанның қабағын бағатын: бірі именсе, бірі құрметтейді. Әзиз-Сұлтан ләм деген жоқ. Қара тобыр арам қатар ма екен, әлде өліп бара жатып, тұяқ серпуге жарар ма екен деп аңыс баққан. “Қарындарың не десе, соны істеңдер” деген ымнан арыға ашылмай тым-тырс отырып алған. Бірақ қара құлда қыбыр болмады. Мелшиген мылқау. Бар, бүйт-сүйт деп, құйрығынан теуіп, желкесінен түймесең, тырп етер түрі жоқ.
Бір күні Әзиз-Сұлтан төңкерілген бөксесін босағада қалдырып, шеңбірек атқан қарынын төрге тіреп, божыған қамырдай тасып-төгілген жирен мұрт аспазға жирене қарап, мысқылдай мырс еткен:
– Мынау не жеп семіріп жүр-ей? Жарылғалы тұр ғой!
Сол-ақ екен, анталаған тобыр оны жаңа көріп, бар пәлені жаңа білгендей тарпа бас салсын. Бір жуан білек жағасына жармаса кетіп, жұлқа тартып тізесімен жерге шөгерді. Қалғаны үстіне міне түсті апыр-топыр. Жұдырық пен тепкі жарыса, бірін-бірі үстемелей сілтенді:
– Ух, кәззап, бордақыланған доңыздай дөңкиіп апты!
– Бәріміздің сыбағамызды осы жалмап жүр екен ғой! Жауыз!
– Бізге итке құятын жуынды беріп жүр!
– Аштан өлгенше, осы доңыздың өзін сойып жейік.
– Ой-ой, менің не жазығым бар? Фома әкелгенін пісіріп берем. Сендердің ештеңелеріңді жегем жоқ!
– Оттама, бәрің жемтіктессіңдер!
– Ай-ай, өлдім!
– Мә, саған ит неме!..
Дөңкиіп, етпетінен сұлап қыбырсыз қалған денені тастай бере, шабынып аласұрған топтың ауаны енді басқа тарапқа төңкерілді:
– Мынау Фома деді ме? Қайда ол шошқа?
– Бәрінің ым-жымы бір.
– Жүріңдер, түгел жусатайық!..
Жаңа темір тегеш, темір қасықтар қабырғаға сарт-сұрт соғылып, арлы-берлі ұша бастағанда-ақ шошынып шегіне берген қарауыл: “Бунт! На помощь!” деп айғайлап, дабыл түймесін басып-басып жіберген. Ашулы нөпірдің алды сыртқа лап қоям дегенше, қару кезенген бір топ әскер есікті теуіп ашып кіріп келді.
– Жат! Қолдарыңды желкеңе ұста! Қозғалма!
Әмірлідауыспен ілесе, автоматтың түйдектей төгіп-төгіп ысқырған оғы төбелерінен сипай оңды-солды осқылап өтті. Екі қолын желкесіне айқастырып, бетон еденге етпеттей-етпеттей кеткен тұтқындарды бронежилет киіп, мұздай құрсанған солдаттар ашбүйірден тепкілеп, автоматтың дүмімен басқа-көзге төпелеп, әне-міне дегенше қырыққан құрақтай қыбырсыз жусатып салды.
Ауыр етіктің үсті-үстіне тиген тепкісінен Әзиз-Сұлтан есеңгіреп кеткен екен, “Встать, падла!” деген алыстан күңгірлеп жеткен ащы дауыстан көзін ашып алды. Тынысы жетпей, кеудесі қысып лақ еткізіп қан лоқсыды. Теңселіп құлай жаздап, бойын әзер тіктеді. Көзі шатынаған Фома “Тұрыңдар!” деп қанша қышқырса да, селтиіп бас көтергендер бірен-саран. Бәрі қыбырсыз сұлап-сұлап жатыр.
Талтайып-талтайып, автомат кезенген алты жігіттің арасында Комаров екі мықынын таянып, көзі шатынай ентігіп тұр.
– Сапқа тұр! – деді ақыра үн қатып.
Әр тұстан селтиген оншақты адам айқұш-ұйқыш сұлап жатқан денелерді аттай-маттай теңселе басып, алға шықты.
– Бүлікті бастаған қайсың?
– Ешкім, – деді саптың орта тұсындағы сепкіл бет сары мұрынының қанын жеңімен сүрткіштеп.
– Ешкім деген жауап емес, айтыңдар кім екенін!
– Бәріміз! – деді Әзиз-Сұлтан майордың жүзіне тіктеле қарап. – Өйткені бәріміз бірдей ашпыз!..
– Рас! Рас!.. – деді бәрі жамырай шулап.
– … Пәленбай айдан бері аштан бұрлығып өлуге айналдық. Шошқа ішпейтін жуынды береді!..
– Доғар сөзді! Мұнда курортқа келген жоқсыңдар. Комфортты қылмыс жасамай тұрып ойлау керек еді!
– Соншалық қорлайтындай біз адам емеспіз бе?
– Сендерді адам деп кім айтты?
– Тем более азиат! – деді Фома сыңар танаулай осқырып.
– Енді кімбіз? Итпіз бе?
– Иттен садаға кет! Сендер – қылмыскерсіңдер! Қыл-мыс-кер!..
Иіріп апарып, аяққа қонуға жарағандардың бәрін сол бойда карцерге тоғытқан.
Сабайтынын сабатып, қамайтынын қаматып, есірген тобырдың жынын бір-ақ сәтте қағып алған қатал, қаһарлы басшының ажарын танытқанмен, Комаров іштей абыржулы еді. Жекелеген біреулердің басбұзарлығы емес, түп көтеріліп қарсыласқанға шын қауіп ойлап ығысып қалған. Үнсіз түйіліп, кеңсесіне беттеді. Кешке қарай бөтелкенің түбінде табысатын күндегі әдеттерімен көлеңкедей жабысып Фома кабинетіне ілесе кірді. Майор күжірейген желкесін беріп, терезеге қараған күйі темекі тұтатты. Қабақ танығыш Фома күндегідей алақ-жұлақ оң бүйірдегі үйреншікті аласа үстел жаққа ұмтылған жоқ. Төрге озбай екі алақанын ысқылап, екі аяғымен кезек тыпырлап, бүгежектеп тұр. Өтірік жөткірініп:
– Қалай, Сан Саныч, атап өтеміз бе? – деді үні жасқаншақтай. Саныч еңсеріліп, жыбырлаған көк түтіннің пердесінен Фомаға бір дем үнсіз тесірейе қарады:
– Сен, Фома, ештеңе ойламайсың-ау деймін осы?
– Мен ойламаймын, істеймін! – деді Фома екі езуі екі жаққа жайылып. Бастығының тілге келгенін беті бері қарағанға жорыған Фома әдеттегідей еркінсіп, қойнынан бір шөлмекті жылтың еткізіп суырып алып, үстелдің үстіне қойды:
– Қарабидайдың самогоны. Мөп-мөлдір, көздің жасындай! Бүгін құтырған зэктердің жақсылап тұрып сазайын бердіңіз!
Лапылдаған Фоманың аузы – сөзде, қолы – істе. Көзі мөлтілдеп алдына келіп қалған қырлы стаканның көңілін қайтаруға дәті жетпей Саныч еріксіз қол созды. Басын шайқап, күрсініп қойды:
– Бүлік шықты деген жақсы ат емес. Жоғарыға жетсе, бармай жатып былықтырып жатыр демей ме!
Фома қолын бір сілтеді:
– Бұлармен санасып жатқан кім бар! Жаңа өзіңіз айттыңыз емес пе, бұлар – адам емес, қылмыскерлер! Бунт деген түрмедегі әдепкі нәрсе. Талайларын қашты, қарсыласты деп қырып салатынбыз. Сұрап жатқан ешкім жоқ. Жаңа бір-екеуін атып тастау керек еді. Бүлік шығарған қандай болатынын көрсін!
– Бәрін бірдей атып тастай алмайсың. Жаңа әлгі басурманның не дегеннін естідің бе? Бастаған кім дегенде, “Бәріміз!” деген жоқ па. Бірлі-жарым емес, түгелімен өре-түрегелген – қатер!
– Бәріне дем беріп, құтыртып жүрген сол азиат! Тырнағымен кісі бауыздайтын жауыз екен. Сол келді де, шырықты бұзды. Біз арқа сүйейтін паханда бедел қалмады. Бәрі енді соның аузына қарайды.
– Жарайды, оның бір жөні болар. Әуелі мына жағдай ушығып кетпей тұрғанда, қауіптің алдын алмасақ болмайды. Сен әзірге саудаңды тоқтат. Тым асырып жіберген сияқтысың. Ертеңнен бастап норматив бойынша тамақтанатын болсын!
– Сан Саныч, не айтып тұрсыз? – деді Фома ақ кірпіктері жыпылық қағып. – Бір рет дегенін істесек, қорықты деп басқа шығып алады мүлдем. Жаман үйренеді. Бұларды аямау керек!
– Доғар сөзді! – Майор алақан қырымен үстел бетін сарт ұрды. – Артыңнан шықпас сүйекті жұтам деп қақалып өлме! – Шала ішілген самогонды іргеге шаша салды да, бос стаканды сарт еткізіп үстелге қойып, алақан сыртымен ары қарай итерді. – Әкет!
Апыл-ғұпыл серпіле көтеріліп орнынан тұрып кетті.
Бастығының кілт өзгергеніне Фома сенер-сенбесін білмей селтиіп тұрды да, үстелдің үстін жинастыруға көшті. Шөлмекті қағазбен тығындап, белін белбеумен буынған шолақ ақ тонның өңіріне сүңгітті. Өкпесін күжірейген желкесіне жапсырып, келесі сәтте есіктен шығып бара жатты.
Екі қолын кеудесіне айқастырып, бөлме ортасында талтайып тұрған майор бір түрлі іші суып, Фоманың ізінен үрейлене қарады: “Япырай, бекер-ақ осы итпен ілік болған екенмін. Құлқыны жаман екен, орға құлатпаса нет-ті!” деп өкініп тұр. Рас, бұл қызметке көтерілу үшін аз шығынданған жоқ. Тірнектеп жиған-тергенін тақырлап кетті. Қамқоршысы полковник Литвиновтің ақылымен жыл бойы талай генералды ресторанда суғарды. Ол аздай, бірінің қатынына гауһар жүзік сыйлады, екіншісінің мойнына зүаржаттан көз салған алтын алқа тақты, енді бірінің иығына құндыз тон жапты. Полковниктің өзінің жебей сауып, теспей сорғаны есеп емес. Әйтеуір, түбі қайыр, дегенін орындады. Жоғарыдан бекігені туралы бұйрық келген күні полковник: “Ты, Сашенька, смотри, – деген сұқ саусағын безеп. – Не подведи меня! Жолың мұндай ауыр болар ма. Беделімді салып, әзер өткіздім. Түрме деген күрделі мекеме. Қып-қызыл оттың ортасына бара жатырсың. Ұшынып кетуің оп-оңай!..” Литвиновтың қауіпі – дұрыс, пәле қайдан дерің бар ма. Заманның сұрқы мынау, бұрынғыдай еркіндік жоқ, қылмыскер екеш қылмыскерге де билігің жүрмейді. Мына қарғыс атқыр “Қалдыбай” – меченный Миша келді де, бәрін бүлдіріп жатыр. “Социализмге кісілік келбет” берем дейді, бұрын социализмде иттің бет-ауызы болғандай. “Демократия”, “Қайтақұру” деген бірдеңені ойлап тауып, жұртты әбден жынды ғып қойды. Сыртқа мұқыл есікті ашып тастады. Өзі канцлер Кольмен құшақтасып, қолтығының астына кіріп кетеді, ана Тэтчер қатынмен төсектесіндей сүйісетінін қайтерсің тіпті… Кешегі дұшпанның бәрімен әмпей. Капиталист иттер бір-ақ күнде өзгере қалды деймісің. Осының өзі Американың агенті болмаса неғылсын! Европарламент деген бір пәлені ішке кіргізіп қойыпты дегенді естіп жатыр. Халықаралық бақылаушы дей ме, солар келіп, совет түрмелерінде адам құқығы сақтала ма, жоқ па, соны тексеретін көрінеді. Ертең сол қызылкөздер мұнда келмесіне кім кепіл? Үскірік аязды пысқырсын ба. Капиталистер бір кірген жерінен бір пәле таппай өлсе кетсін бе. Дүниенің түкпір-түкпірінен жалаңдаған топ-топ журналистерін шұбыртып ертіп жүреді. Суретке басады, киноға тартады тіміскілеп. Сонда Бухенвальд тұтқынындай тыриған тірі аруақтарды көрсе, не дейді? Оған қоса, тұтқындардың кез-келгенімен сөйлесуі бек мүмкін. Әсіресе, ана азиаттың аузын қалай жабасың? Ондай күн туа қалса – хана, Литвиновтың да құтқарып қалуға құдіреті жетпес. “Пшёл вон, козёл! Өз обалың өзіңе!” деп, қайта соның өзі елден бұрын көтінен бір-ақ тебетін шығар… Қап, Фома иттің азғырындысына еріп не сор түртті екен!..
Өз ойынан өзі шошыған майор шам жағылмаған ала-көлеңке бөлмеде арлы-берлі теңселіп ұзақ толғатты.

 

Аса мәртебелінің саяхаты

Бірақ Комаровтың қорқынышы бекер болып шықты. Жоғарыдағыларда ондай алаң жоқ секілді әзірге. Қағанағы – қарқ, сағанағы – сарқ, сол баяғы бей-жай қалып. Есі-дерті той-тойлап, сайран құру баяғыдай. Литвинов рациямен хабар беріп: “Жақында бір аптаға демалуға барамыз, аса құрметті адам бар, жақсылап қамдан!” деді.
“Аса құрметті персона келеді” деген соң жан қалсын ба. Амалсыздан Фомаға қайтадан күні түсті. Мұндайдың талайын қолынан өткеріп әбден бабына ысылған пәтшағар: “ә, бәлем, Фоманың қадырын енді білдің бе!” дегендей, жыртиған көзінен жылт етіп жымысқы күлкі жырыла қашқанмен, обалы нешік, бәлсінген жоқ, сол сәтте-ақ қос білегін сыбанып, қанеки деп құнжыңдай кірісіп кеткен. Бұған көп салмақ салмай, жалғыз өзі-ақ бар істі аз уақытта тап-тұйнақтай қылған етек-жеңін дөңгелетіп: монша жағулы, аспаз бен қасап сайлаулы, иек қақсаң, торай сойылып, қаздың басын шабуға пышақ-балтасын қайрап жалаңдап тұр.
Уәделі күні қарауыта мүлгіген ну самырсынның арасындағы қонақжайдың алдына тым-тырс тайганы басына көтере дарылдап әскери вертолет қонды. Көктен кеп бақыт құсы топ ете түскендей жүгіріп жеткен майор вертолеттің айналасында үйірілген ақ боран айыққанша жүрегі алып-ұшты. Жерге түскендермен амандасып, әлгі аса құрметті адам қашан шығар екен деп, честь беруге әзірленіп дегбірсіздене ентелеп тұрған. Ең соңында екі солдат зембілге салып серейген біреуді алып шықты, өлік пе, ауыру ма, бетін бушлатпен жапқан. Сөйтсе, “аса құрметті” осы екен. Кеше түнде ішкеннен әлі есін жия алмай жатса керек. Литвинов шетке қақпайлай беріп, құлағына сыбырлады:
– Отличись, Аркаша. Барыңды сал. Екеуміздің тағдырымыз осының қолында!
Аса мәртебелі мейман екі-үш сағаттан кейін бойына жан кіріп, жастықтан басын барқылдап боқтай көтерді:
– Мат-перемат твою!.. несите быстрее!.. – деді сыңар езуінен сілекейі шұбыра, жығылардай арлы-берлі теңселе.
– Су ішесіз бе… су?
– Сам пей, педераст!.. Арақ әкел!
Мығым денелі, тапалтақ. Көгістенген әжімді жалпақ беті көлк-көлк етіп, әлі де өзіне келе алмай отыр. Қабақ астына тығылып қанталаған көздерін анда-санда бір лап еткізіп ашып алады. Үстінде әскери формасы жоқ, шені қандай екенін білмейсің. Полковник басымен Литвиновтың өзі бәйек болған соң, тегін адам емесі белгілі, бәрі соның қабағын бағып: “Натан Григорыч!” деп шыр-пыр өбек қағып өліп қала жаздайды.
Талай мәртебелі мейманды күтіп әбден ысылған Фома бұл жолы да бар өнерін салып бақты. Аста-төк дәмді дастархан. Бабымен жағылған қарағай моншадан қып-қызыл боп шыққан жалаңаш денелер аппақ буға оранып түтіндеген күйі үйілген ұлпа қарға күмп-күмп сүңгіп кетеді. Шипалы қолдың май сылағынан кәрі денесінің құрыс-тырысы жазылып, қутыңдай бастаған аса құрметті мейман үстел басында үйтілген торайдың сүбесін шайнаңдап отырып:
– Ты милый, мне нравишься! – деп Фоманың бетіне бетін тақап, арқасынан қағып қойды.
Екі күн тыныққаннан кейін меймандар аң аулаймыз деді. Қаруларын сайлап, екі-екіден аэрошанаға мініп жосылта жөнелген. Жалаңдап тайганы оңды-солды шарлағанмен, қатқақ, сүрі қардан із кесе алмады. Көздеріне түскенді атып түсіргенге шебер болғанмен, іштеріндегі ешқайсысы аңшылықтың қыр-сырын жете білмейтін.
– Моншаң жақсы, торайың тәтті, бірақ саят жағын ойластырмапсың. Ең болмаса, кәнігі аңшының бірін дайындап қоймадың ба жолбасшы қылатын? – деп Литвинов оңашада майорды біраз жазғырып алды.
Қалың қопаны жағалап біраз із кескенде, қабанның шиырына жолықты. Іштерінен иә, сәт, деп бір-біріне күлімдей қарасқан. Алдағы болар қызықтың елесі мың құбылып, көңілдегі құмарлық желігі ойнақ салады. Соқыр соқпақты баспалап, шұбыра тізіліп алға жылжыды. Аракідік демдерін ішіне тартып, қопаның сыбдыры, қабанның күркілі естіле ме дегендей тоқтай қалып, құлақ тігеді. Тым-тырс. Ұзақ жүрді салығып. Қарыны іркілдеген Григорыч әбден болдырған бір сәтте “к черту!” деп иегін кері қарай сермеген. Қопадан шыға бергенде, бір ор қоян алдарын орай ата жөнелді. Қар бетінде аппақ құйындай домаланып барады.
– Григорыч, атыңыз, атыңыз! – деді Литвинов айғайлап. Григорычтің оғы тимей кетті. Сол екі арада әлдекім тарс еткізіп жалпасынан түсірген. Онсыз да күйі болмай келе жатқан мәртебелі мейманның қабағы одан ары қыржия түсті. Құдай сәтін салғандай, төбеде үйіріліп бір топ қарға ұшып бара жатқан, ашуланып тапаншасын басып-басып қалып еді, қарауытқан кешкі аспанның қиқымындай екі қарға жалп етіп, бірінен кейін бірі жарыса тұмсығымен қарға шаншылды.
– Охо, вот это да! Вот это класс! – деп Литвинов жарамсақтана айғайлады. Шалабурыл Григорыч сонда ғана жадырап, бір жымың етіп қойды. Қайтсек көңілін табасыз деп жалбақтаған нөкерлер сол жерде Григорычті көтермелей мақтап біраз жерге апарып тастады.
– Біздің Натан Григорьевичтің мергендігі арап шейхтерінен де асып түсті. Шейхтар сарбазды оқ шалым жерге қойып, жем беріп үйретілген шымшық дулығаның төбесіне қона бергенде атып түсіреді екен!
– Мынау табылған ақыл! – деді Литвинов тұздай көздері әлдебір қуанышты ойдан ұшқын ата тұтанып. – Натан Григорьевич, бізді тағы да бір тамсандырыңызшы!.. Кәне, старшина, бері жүр! – Фоманы жеңінен жетектеген күйі отыз қадам жерге апарып, теріс қаратып тұрғызды. Құлақшынын жоғары қарай көтеріңкіреп, төбесіне арақтың босаған бөтелкесін тікесінен қойды. – Қозғалмай тұр!
Ештеңе түсінбеген Фома полковниктің бетіне аңтарыла қарады:
– Бұл не?
– Григорычтің мергендігін сынаймыз!
Бір дем сілейіп қалған Фома көзі алайып, өне бойы селкілдеп қоя берді:
– Жо-жоқ, бұларыңыз не?!!
– Жап аузыңды! Жанының тәттісін, керек болса, қазір өзім-ақ атып тастаймын сені!.. Қорықпа, резина оқпен атады, – деді Литвинов сөзінің аяғын сыбырлап.
Полковник Григорычтің қасына барып, өз тапаншасын ұсынды:
– Біздің сарбаздың төбесіндегі “тотықұсты” көздеп көріңізші!
Фома төбесіндегі шөлмек шатыр-шұтыр шашыла ұшқанда, қосыла баж етіп жерге етпеттей құлаған. Талып қалыпты. Бәрі жүгіріп келіп, шалқасынан аударғанда, біраз жатып көзін ашты. Қақалып-шашала апалақтап:
– М-мен… тірімін бе? – деді.
– Тірі болғанда қандай! – Комаров қалың сырма шалбардың ауындағы будақтаған аппақ буға қарап мырс етті. – Аузың ғана емес, төменгі жағың да тірі екен!
Дар етіп бірін-бірі іліп әкеткен дарақы күлкі кешкі тайганың тым-тырс шыңылтыр аязын көк шыныдай салдыр-күлдір күйретіп түсірді.

 

Салбурын

Тайганың тұйығында апталап ішіп азғындаған жүгенсіз тобыр әбден еркінсіді. Араққа уланып тұманданған ауыру сана небір есірік қиялға ерік берді. Ондайда ата-тегінен бері бойына сіңіп бұғып жатқан қанды тырнақ тағы жауыздық атойлап оянатын.
“Япырай, мына үлкен кісінің көңілін аулайтындай саят құра алмадық, ұят болды-ау!” деп өздерін кінәлі санап, қиналған бір сәтте, ойламаған жерден Фома ақыл тауып кетті. Осыдан бірнеше жыл бұрын алтын иық бір дөкей келгенде көрсеткен “құрметтері” есіне түскен. Комаровты оңашалап:
– Давайте, товарищ майор, организуем большую охоту, ұлан-асыр салбурын ұйымдастырайық! – деген.
– Қалай? Жоқ аңды қайдан табамыз?
Фома еріндерін жымқыра қисайтып, арсыздана мырс-мырс күлді:
– Түрменің ішінде толып жүрген жоқ па!
Әлі де түсінбей бітік көзі жыпылықтаған майорға Фома мән-жәйді бажайлап берген. Майор селт етіп сескенген жоқ. Отыз жетінші жылы Бутаковкада бір өзі он үш мың “халық жауын” атып, адамзат тарихында теңдессіз чемпион болған даңқты “қаһарманның” немересі қан құмартып “бұл неткен керемет” дегендей құнжың қақты сол сәтінде-ақ. Фомаға бірінші рет құрметпен қарады. Қос шекесі қушиған жұдырықтай ғана жұп-жұмыр басын мойынның жалғасындай көретін. Сөйтсе, кішкене қауашықтың іші бұғып жатқан ақыл екен:
– Молодчина! Жарайсың! – деп иығынан қаусыра ұстап сілкіп-сілкіп жіберді.
Фома сол даналықты таныта түсті:
– Мен білсем, нормативті шығын төрт процент болу керек?
– Иә, солай.
– Сіз келгелі екеу-ақ өлді. Әлі қаншама запас бар. Қашты, қарсыласты дейміз. Әнеукүнгі бунтты көрдіңіз ғой. Есесіне, ана басурман секілділерден құтыламыз.
Фоманың ақылы көкейіне бек қонып тұр. Қылмыскер – тұтқындарды кім адам санайды. Өлсе – есебі жоқ. Дөкейлердің қолымен бүлік басы пәлелерден құтылып алса – екі жеп биге шыққаны. Әсіресе ана басурманның әнеукүнгі көзін көрмейсің бе! Сол көз тіріде тыныштық бере ме?
Екі жендет бір-бірінің көмейін тез ұғысып, пәтуа осы деп сөз байласқандай, алдарындағы шіпілдеген айғыр стаканды шайқап-төге соғыстырды да, ауыздарына қылқ-қылқ төңкере салды.
Бүгін де таң-азаннан тұтқындарды тікен қоршау ішіндегі алаңқайда сапқа тұрғызған. Шолақ қара тонның түймесін шертіп шартиған қарынын қос тісті офицер белбеуімен шарт буған Фома сапты оңды-солды сүзе шолып өтті де:
– Сен… сен… – деп Әзиз-Сұлтаннан бастап жеті адамды екі адым алға шығарды. Бәрі де өткендегі бүлікте өршелене қарсыласып, ерекше көзге түскен жігіттер. Шеттерінен қайратты, өжет. Әзиз-Сұлтан бір жамандықты сезгендей іші қылп ете қалды. Артынша “әй, қойшы, не болса, ол болсын” деген бәріне көндіккен бей-жай шарасыздықпен көңілін тыныштандырған.
Жетеуін бөлек айдап асханаға апарды. Күндегіден әлдеқайда нәрлі, дәмді тамақ әрі мол. Әбден тойдырды. Оған үстеп бір-бір қалайы күрешкені толтырып самогон да берді. Аста-төк сый-құрмет. Аяқастынан жарылқап тастағандарына бәрі де таң.
“Вездеходпен” борандатып біраз жүріп, қалың самырсынның арасына жетті. Анандайда бір топ адам үйіріліп тұр. Бірі беліне, бірі иығына қару асынған. Фома соларға қарай “біз келдік” дегендей қолын үнсіз бұлғады да, тұтқындарды жерге түсуге бұйырды. Қатар тұрғызып қойып:
– Біз қазір үлкен “ойын” ойнаймыз! – деді кішкентай шошқа көздерін ойнақшытып. – Сендер – осы сәттен бастап адам емессіңдер. Бірің – түлкі, бірің – қабан, бірің – қасқыр… қысқасы, аңсыңдар! Ана тұрған – аңшылар. Өлесіңдер ме, тірі қаласыңдар ма – бақтарың біледі. Оққа ілінбей құтылып кетсеңдер, базар жоқ, ешкім іздеріңнен қумайды. Сол күйі кете бересіңдер. Тек жандарыңды салып қашып, бізге қызық сыйласаңдар болды!
Әзиз-Сұлтан мың ойланса, еске келмес мына зұлымдықты естігенде, жүрегі солқ етіп, мұздап қоя берді де, іле бойын билеп ала қойды. Өлемін деп титтей де өкінген жоқ, тіпті оны ойламады да. Қайта шексіз азап, бітпес қиянат-қорлықтан құтылам деп бойы жеңілдегендей тәуекелге бекініп тұр. Тек мына зұлымдардың аң орнына оққа тігіп өлтіретін жабайы мазағы жанына батты. “Ей, Аллам, сен маған өмір бермедің, жас өмірімнің жайнаған отын өшірдің. Ең болмаса, абыройлы өліміңді қи маған. Мына азған кәпірлердің көз алдында мазағына ұшыратып қор ғып өлтіре гөрме! Жақсы ит сияқты өлігімді көрсетпей алысқа барып өлейін!”
Айналасын байқастап, бір шолып қойды. Қасындағы орыс жігіті етпетінен түсіп, өкіріп жер тырналап жатыр. Жан бермек оңай ма, ыза мен шарасыздыққа булыққан Әзиз-Сұлтан қас-қағымда әр қиялдың басын бір шалып өтті. “Әйтеуір бір өлім. Осы тұрған бәріміз жендеттерді тарпа-бассалып, жастығымызды ала жатсақ қайтеді? Оған ана мұздай құрсанған кәпірлер мұрсат бере ме һәм мына есі-ақылы шыққан сорлылар ондай күш-қайратқа жарай қойса? Әлде жалғыз өзім атылып барып, біреуінің мойынын бұрап алсам ба? Бірақ мен үшін бәрін жусатып салады ғой сол жерде…” Шарасы таусылып ақыры, айналасына ақырын күбірлеп: “Қазір жан-жаққа шашырай қашайық!” деген.
Фоманың бір бұл емес, талай істеп жүрген машығы болса керек. Жолқапшықтан алып, барынша шынайы, әсерлі болу үшін “аңдардың” әрқайсына маска кигізді. Бірі аю, екіншісі қабан болды… Әзиз-Сұлтанның басына қабыланның маскасын кигізді.
“Аңшылар” қанжығамыз қанды болсын деп бір-бір стаканнан тартып алды. Көзін бір ашып-бір жұмып шайқалақтап тұрған мәртебелі дөкей:
– Мыналар кім? – деді тұтқындар жаққа иегін көтеріп. Майор Комаров миығынан мырс-мырс етті:
– Бұлар – тайганың жабайы шошқалары!
– Бәсе, өздеріңе ұқсайды екен!
Мәртебелі “қалай тауып айттым, ә!” дегендей жан-жағына ыржия қарады.
– Бастаймыз ба? – деді Фома Литвиновке жалтақтап.
– Бастайық. Біраз жер ұзап барып қашсын. Аң қуғандай рахаттанайық дұрыстап. Әйтпесе қызық болмайды.
Фома тұтқындарды оқ шалымнан сәл ұзатыңқырап апарып:
– Ал, қаш! – деді. Жігіттер келісіп алғандай, жан-жаққа шашырай тұра қашты. Әзиз-Сұлтан оң қапталды ала ытқи жөнелген. Алды – тұтаса өскен көлеңкелі қалың ағаш. Үздік-создық соңынан қуалай ысылдаған оқ ауаны осып-осып түсті. Қарайғанды сағалап бұлтақтай қашып келе жатып бір жалт қарағанда, әлгіндегі жер тырналап жылаған жігіттің мұрттай ұшқанын көз қиығымен шалып қалды.
– Бір қабан капут! – деген Фоманың есірік айғайы ілесе жаңғырды. Жанұшыртып қарауытқан нудың етегіне ілінгенмен, бет қабаты тоңқылдап күрт-күрт ойылған қасат қарды белуардан омбылап, біресе омақаса құлап, жүрісі өнер емес. Қуалай атылған оқ жарыса ысылдап, самырсынның бұта-діңіне алмакезек кірш-кірш қадалып жатыр. Қояндай бұлтақтап, бір ағашты тасаланып тұра қалып, екінші қарайғанның ығына ырғып түседі. Өкшелеген оқ бәрібір құтқармады. Оң топшысынан екпіндей соққан сұрапыл от жай түскен ағаштай опыра құлатты. Лақ еткен ыстық қан қойын-қоншын толтырып, балағынан шыпылдай қар бетіне төгілді. Етқызуымен жан-дәрмен алға ұмтылды. Иығы салбырап, жарты денесінен жан кеткендей шайқалақтап барып ағашқа сүйенеді де, қайта жылжиды.
Салбурын қуғын ұзаққа созылды. Тоят іздеп қиқулаған дауыстар бір жақындап, біресе жырақтап, соңынан қалар емес бәрібір. Тізбекті, жуан түп самырсындарды сағалап, жаралы тәнін сүйрете бұлталақтай қаша-қаша демі бітіп, бұрлықты. Көзі қарауытып, денесін тіктей алмай, анда-санда сүрініп барып әзер түзеледі. Қуғыншының қиқуы өкшелей шалынған бір сәтте өкпе тұсы мен қара санын қосарлана осқан екі оқ етпетінен ұшырды. Басы қарға көміліп, қимылсыз қалды…
Бұл шақта аңшылар да салбурынның қызығына тояттап болғандай еді. Көңілдері бек хош. “Аңның” алтауын бағана-ақ жер қаптырып қағып тастаған. Ұзақ алдырмай көп әуреге түсірген соңғы қабыланды міне, жайратып салды. Әлбетте, мәртебелідей сұрмерген қия бастырсын ба, пай-пай! Не дегенмен айлакер итжанды екен өзі. “Аңның” бәрі осындай болса ғой, шіркін! Қаншама қуғын сап, айғай-думен еліріп құмарларынан бір шықты-ау! “Сіздің оғыңыз жалпасынан түсірді!” деді жан-жағынан қолпаштай мәртебеліні.
Сағат бойы қарды омбылап арпалысқан оңай ма, қызыққа еліріп өкпелері өшкенін байқамапты. Іркілдеген семіз денелері солықтап, ілгерінді-кейінді кетіп екі иіндерінен дем алып тұр. Малақайларын шешіп, терін сүртінгенде, төбелері бұрқ-бұрқ бу шегеді. Фоманың қойнындағы құтыны ауыздарына бір-бір төңкеріп жан шақырды да, мылтықтарын иыққа асып, кері бұрылды. Жолай екі көзі ақшиып шалқасынан жатқан өлікті жанай өте бергенде, Фома бастан бір теуіп, қарқылдай күледі:
– Ха-ха, бүгін құзғын мен қасқырлар той жасайтын болды!..
Әзиз-Сұлтан қанша жатқаны белгісіз, бір уақытта есін жиды. “Аңшылар” өкшелеп келе жатқандай көрінді. Әне-міне қуып жететіндей. Тұрмақшы еді, қираған денесін көтере алмай қайта құлады қиралаңдап. Бәрібір жанталасын қойған жоқ. Ұлы денесі созылып, бір шынтақ, бір тізесімен демей қасат қардың бетімен жербауырлап жылжи берді. Күңгірт санасын жайлаған бір ғана тілек: “Ей, Алла, кәпірге өлігімді қорлата көрме. Алысқа, көз көрмеске барып өліп, ит-құсқа жем болайын!..” Қалай арпалысқанмен жыраққа бара алған жоқ. Дүние шыр-көбелек төңкеріліп бір шыңырауға құлап бара жатқандай, кекжиген басы қар бетіне сылқ ете түсті…

 

Он бірінші тарау

ТҰЙЫҚ
«Угдэ есепті біледі»

Тайганың меңіреу түкпіріндегі осынау шағын деревня Кукушкино деп аталатын. Бұл жердің қары да қара, бойынан тер будақтап, ертелі-кеш тыным таппайтын еңбекқор қалашық. Жарты тайганы жамбасына басып жатқан “Леспромның” ауласындағы тақтай тіліп дарылдаған пилораманың жағы күндіз-түні бір сембейді. Әйгілі БАМ-ның бір тармағы ну орманның ішімен сіңірі созыла-созыла шаршап жетіп жығылып, осы арада тұйықталады. Тылсым тайганы дулы тіршілікпен жалғастыратын жалғыз жіп. Дүйсенбі сайын ышқына боздап жұртты таңғы ұйқысынан оята салдыр-күлдір сілкініп жететін ұзын-шұбақ бос состав жексенбінің кешіне қарай тау-тау қарағай-самырсын тақтай, сыпталған бөрене тиелген ауыр денесін әзер сүйреп, ыңырси жылжып бара жатады.
Бұл жердегі дүкендер ақшаң болмаса, аңның терісімен де сауданы қыздыра береді. Бірақ “Селподағы” ана сепкіл бет, сары қатынның өңеші тым кең, көзін жұмып қыл-қыбырыңмен бітеу күйі жұта салады. Бір шөлмек самогонды бір құлаш бұлғынның терісіне бұлдап қайқы танауын көкке іліп тұрып алғанда, не деріңді білмейсің. Сары қатынның бір-екі рет қанды ауызына түсіп жүрегі шайлыққын Угдэ шана тұмсығын тері-терсек жинайтын ежелгі көзтанысы Тимофейдің үйіне қарай бұрды. Ауласы кең қоршалып оқшау орналасқан ағаш үйдің мұржасынан дірілсіз ұшқан ақ түтін аспанға тік шаншылып тұр. Шынжырын салдыр-күлдір сүйрете көкке шапшып арпылдаған күпсек жүн, тарғыл төбеттің дауысын естігеннен-ақ елеңдеп, Тимофейдің өзі де сыртқа асыға шыққан. Іле төбеттің үні өшіп, алдарынан көк қақпа “хош келдің!” дегендей езуі ырсиып әндетіп ашыла берді.
– О, кореш, тамыр! – Түрегеп тұрған аюдай қорбиған, қызыл сақал шанадан домалап түскен Угдэні мол құшағына бір-ақ көміп жұтып қойды. – Тайгада аң қалдырмапсың ғой түге! – деді көзінің алдына дейін қаулап өскен қалың қылшықтың арасынан көкшіл жанары жылт-жылт жымыңдап.
– Ишо мөногө-мөногө. Әлі көп-көп! – деді Угдэ саусақтарын тарбайта екі қолын аспанға сілтеп. Тимофей әуелден сыралғы Угдэнің аңды таңдап атып, терісін қалай баптайтынын жақсы біледі. Кең қанат шананың жартысын алып жатқан теңді ашып тексерместен домалатып апарып, темір торлы қоймаға кіргізді.
– Мөлшері өткендегідей ме?
– Кім санапты.
– Мә, ендеше. – Қалтасынан алып, бір бума жиырма бес сомдықты ұстатты.
– Ризасың ба?
– Тимоша сама знайтэ. Не берсең де ризамын!
Шанасын бұрып жүре бергенде:
– Мына кісі сені алдады ғой, әке! – деді қызы.
– Е, мейлі. Мені алдаса, өзін алдағаны…
– Қаншама еңбегің далаға кетті!
– Еңбегім зая кеткенмен, кісілігім өзімде қалды.
Иттерін абалатып, “Селпоға” келді. Есік алдында торуылдап үш мас жүр екен. Бір әйел, екі еркек.
– О, хозяйн тайгы приехал, наш ангел-спасатель!.. – деп етегіне оратыла кетті. Ілтифаттың кез-келгенін құрмет деп түсінетін “тайганың қожайыны” маңғаздана бас изеді:
– Карош чаливак иэ тож люви. Жақсы адамды мен де жақсы көрем!
Угдэні көргенде сары қатын жалпақ бетінің бар қыртысы жазылып, сарымайдай еріп қоя берді. Топырлап ере кірген үшеуге ажырая қарап, зекіп тастады:
– Дабырламай шығыңдар, кәне!
– Біз мына кісіге көмектесеміз! – деді әйел жасқаншақтап. “Көмегің белгілі ғой” дегендей, сары қатын бір мырс етіп күліп алды:
– Ендеше сол жерде тыныш тұрыңдар!
Қысқа жетерлік ұн, макарон, күріш, шай, қант, консервіні атаған сайын сары қатынның саусағының астындағы шоттың тасы жұптаса, кейде топтаса оңды-солды зыр жүгірді. Алған затты алған бойда үшеуі шанаға апарып тиеп жатыр. Еркектің бірі консервінің қалбырын жып еткізіп қарға сүңгітіп жіберіп еді, шанада отырған қыз:
– Әй, не істеп жатырсың, бері әкел! – деді зекіп. Соқыр кісі қалай көріп қойды деп таңғалғаннан анау аузын ашып тұрып қалды.
Угдэ үш көмекшіге бір шөлмек арақ пен тіскебасар алуды да ұмытқан жоқ. Бір бума ақшаның жартысынан көбі сусып сары қатынның қалтасына сіңіп жоғалды. Есіктен шыға бергенде, мас әйел кес-кестеп:
– Милый чукча, үшеумізге үш пачка темекі әперші. Мұрынымыз қаңсып өлгелі тұрмыз.
Угдэ қайтадан кіріп, бұйымтайын айтты. Сары қатын үш “Приманы” алдына тастап:
– Три двадцать пять. Үш жиырма бес, – деді.
Неге екені белгісіз, Угдэ сол жерде өзінің есеп білетінін аңғартып мақтанғысы кеп кетті. Қалтасынан үш жиырма бес сомдықты суырып алып, жайманың үстіне сарт еткізіп тастай салды:
– Угдэ не дурака, Угдэ умейте тэнги шитайта! Угдэ ақымақ емес, Угдэ ақша санай біледі!
Сары қатын езуінен өрлей қашқан күлкіні тез жиып ала қойды:
– Угдэ очень даже умный. Угдэ еще как умеет считать! Ақылды кіс Угдэдей болсын. Есепке қандай жүйрік десеңші! – деп, Угдэ тыпыңдап есіктен шығып кеткенше қасын керіп тұра берді.
Шана тұмсығы кері бұрылған соң, жегіндегі иттер үйге қайтарын сезіп, қуанышын бір-біріне абалай білдіріп, жетекті құлшына жұлқи тартты. Өзен бойлаған жалғыз, ұзын көшені өрлей, ит біткенді шулатып, жөнеп келеді.

Қызыл қанат

Қоңыр аюдың терісінен тіккен, екі кісі молынан сияр қаптамадан басы ғана қылтиған Ойлэн артындағы жүкке арқасын сүйеп, қалғып отыр. Тайганың жез табақтай жалтыраған жылусыз жасық күні қарағай басын шалып еңкейіп барады. Еті қызып еліріп алған иттер екпініне екпін қосып, қарыштай тарпыған табандарынан қар боратты. Сүрі қардың бетімен қаңғалақтай жеңіл сырғыған шана үстінде жайбарақат бір қырын жантайған Угдэ анда-санда бір “Айтэ!” деп дабыстап қойып, мәнжидің көне бір әуенін мұрын астынан ыңылдауға көшкен:
– Ай-эй, ойласаң жүрек сыздар-ды.
Қабылан мінген біз бар-ды.
Садағын сағымға ілген ұл бар-ды,
Сақылдай күлген қыз бар-ды. Эй-ай…
Кенет Ойлэн ышқына айғайлап, шошып оянды:
– Тоқтат, әке, тоқтат! – деді әмірлі дауыспен ақыра. Суқараңғы көздері алая төңкеріліп, түсі бұзылып кеткен. Кеудесі көтеріліп-басылып демігіп тұр. Апыл-ғұпыл тізесіне қонған Угдэ делбені шірей тартып, қызып алған иттерді абалатып әзер тоқтатты. Аң-таң күйі қызына қарады:
– Не болды, күнім?
Ойлэн екі алақанын көзіне тосып:
– Мына оң иықтағы жалғыз қарағайдың ұшында ілініп тұрған шоқ жұлдызды көрдің бе? – деді. – Соны маңдайға алып тура тарт.
Угдэ аңырып қызының бетіне қарады.
– Онда не бар?
– Менің қыраныма оқ тиді! Қансырап өлгелі жатыр…
– Ол неғылған қыран?
– Әке, жаңа түс көрдім. Түсімде қызыл қанат, гауһар тұмсық алып қыран біз көрмеген әлдебір қасиетті ағаштың дәнегін тістеп әкеп, менің төсегімнің үстіне тастап кетті! Қалықтап ұша бергенде, біреу атып түсірді. Қар үстінде қансырап жатыр. Тездет, әке, тездетші!..
Угдэнің әлдебір жақсылыққа емексіген кәрі жүрегі оқыс тулап, көкірегін бір ыстық толқын бұлқына соғып өтті. Иттер тура жолдан бұрылғысы келмей қыңсылап, абалап біраз әлек салды. Дүпке ауыстырып жеккен күпсек бөтре төбеттің төбесіне құрық үңілтіп, ақыра айғайлап әзер дегенде жөнге көшірген. Делбені үсті-үстіне қағып, қиқулай дабыстап жолсызбен жосылта жортып келеді. Табандардан борай ұшқан қар бетке соғады. Ойлэн сонда да дегбірсізденіп: “Тез, тез!” деп әкесін асықтырумен болды…

* * *

Үрпиген қалың жүннен шұнақ құлағы әзер қылтиған апайтөс, бурыл арлан сүлкілдеп ұзақ жортты. Қарайған шалынса, бұқпантайлап қарап, әр бұтаның түбін бір тіміскелеп, қардың бетін айқыш-ұйқыш шиырлап келеді. Кейде қалт тұра қалып иіс тартып, дыбыс бағады да, әлдебір дәмемен баспалай жылжиды. Белдеуленген дөңестен асып түскенде, аяз буған шыңылтыр ауадан жіңішкелеп жеткен қанның иісін сезгендей болды. Араны ашылып, аш өзегін суыра ыстық құйын ұйтқып өтті. Мың-сан обыр құрт қорқ-қорқ жыбырлап әкелде-әкел деп ішек-қарынын тырналап жатқандай. Тұмсығын төсеп, сыздықтаған иісті алақ-жұлақ қуалай бүлкек қаға жөнелді. Түйсігі алдамапты. Көрген бойда атылып барып, шор боп ұйыған қанды сатыр-күтір аузға бір-ақ қарбытты. Мол олжаның ізіне түскенін сезініп дүр сілкінді. Талтая сарып, артқы екі аяғымен қардың бетін бұрқырата тарпып-тарпып жіберді. Тұмсығын көкке созып, ішін тарта ұзақ ұлыды. Меңіреу тайга қаңқ-қаңқ жаңғырып, түнгі дауысты ала қашты. Соңғы жаңғырық бір қаңқ етіп талықсып барып кеңістікке сіңіп жоғалғанда, жемтік іздеп жосып жүрген ұяластары жан-жақтан үздік-создық қосыла ұлыды. Қуанысып қазір-қазір жетеміз деп жатқандай.
Көп өтпей әр тұстан жұлдыздай аққан қос жасыл жарық түн қойынынан суырылып-суырылып шыға келді. Бурыл арланмен иіскелей табысып, қыңсылап, баста бізді дегендей құшырлы қуанышпен қарға бір-бір аунап сілкініп алды. Ұялы қасқыр алақ-жұлақ иіскелеп сықырсыз баспалаған күйі тамшылаған қанның ізіне түсті. Бір-біріне арс етіп ырылдап, қатқан қанның түйірін таласа асайды. Лып-лып жанған түймедей-түймедей жап-жасыл бір шоғыр от қараңғы түнді оңды-солды осқылап, көз көрімдегі сұлап жатқан қимылсыз денеге төніп келеді…

* * *

Алақанын көзіне тақап Ойлэн:
– Әке, бол, тез!.. Қасқырлар тақап қалды! – деді жанұшыра ышқынып. Әкесін бол-болдың астына алумен қоса, “Еһе-ей!” деп өзі де үсті-үстіне айғайлайды. Тайганы ұйқысынан дүр сілкіп оятқан айғайды естіп топ қасқыр қалт тоқтады. Қанның иісіне арбалып, тоқішектер шиқ-шиқ желдетіп тұрса да, алға аттай алмады. Іле абалап, айғайлап ұлы сүреңмен тұңғиықтан суырылып шыға келген итшананы көріп, бір қырын ойқастап жылыстай берді.
Жеткен бойда шанадан ырғып түскен Ойлэн Әзиз-Сұлтанның алқымындағы күретамырын ұстап, “жаны бар екен!” деді. Қан қатқан сауыс-сауыс тоң денені екеулеп сүйретіп шанаға салды. Угдэ бұлғынның тоңазыған жұдырық басындай бүйрек майынан иттерге бір-бір асатып, делбені сілке қақты.
Ойлэн бүкіл денесі тастай түйіліп, Әзиз-Сұлтанның үстіне төне түсті. Екі алақанын жігіттің жүрек тұсына тосып, ұзақ отырды қимылсыз. Бір уақытта:
– Үһ, жүрегі сәл соға бастады! – деп бар қуатын сарқып берген әлсіз денесі сылқ етіп, жігіттің қатарына қылжия кетті…

 

Он екінші тарау

ҮСІГЕН ЖҮРЕК
Құздар құлағанда

Шымбұлақтың бөктері екен дейді. Сол баяғы Әзиз-Сұлтанмен соңғы ұшырасқан сағынышты, қимас күн. Жатса-тұрса есінен бір кетпей өксікке тұншықтырған оралмас сәулелі сәттер… Найза ұшындай көкке шаншылған топ-топ қарағай, күн көзіне шашылған күмістің ұнтағындай жалт-жұлт ұшқындаған ақ ұлпа қар. Әзиз-Сұлтан екеуі тобығынан қарға көміліп билеп жүр, кеуде кернеген шаттық ырғағымен қалықтап жүр. Қылаусыз көк торғын аспанда сыңғыр-сыңғыр күлкінің жаңғырығы қоңыраулайды. Бір сәт Әзиз-Сұлтанның омырауына басын сүйеп, құшақтай жабысып үнсіз тұрып қалған. Жігіттің салқам кеудесін тепкілей соққан асау жүрек бар сырын, бар шынын айтып тұр еді. Бір-бірін қатты қысып табысқан екеуі бірте-бірте бір тән, бір жанға айналып бара жатқандай…Кенет аспанды гуіл жайлап, айнала қап-қараңғы боп кетті. Шошына жалт қараса, Алатаудың құзар шыңы қақ бөлініп, төңкеріле құлап келе жатқандай. Бұлт боп көкке шапшып, жолындағы қарағай, бұта, тас-төбені қаусата жайпап қалың көшкін күркіреп, өкіріп қол созымға жетіп қалыпты. Жалт бұрылып қашам дегенше, қуып жетіп көтере соққан сұрапыл екпін екеуін екі жаққа лақтырып, үстінен жым-жылас сипап өте шықты. Тас-түнек. Жан-жағынан жаншыған күпсек қарды жанталасып үңги берді-үңги берді… Ес кетті, жан шықтыда жарық дүниеге шыққан. Шыңыраудың түбінде жатыр екен. Көз ұшындағы кенерде үш көлеңке теңселеді. Екі шеттегі Шықаң мен Ұлбану, ортадағы Әзиз-Сұлтан екен дейді. Ұлбану арлы-берлі дызақтап, шық дегендей қолын бұлғайды. Әзиз-Сұлтан желкесін беріп теріс қарап тұр. Шықаң арқан лақтырды төменге шиыршықтап. Серіппедей созылып барып шеңбері жазылған арқанның ұшы қар бетімен ирелеңдей сырғып келіп мұның қолына жетті. Беліне орай күрмеп, арқаннан қос қолдап ұстаған. Шықаң мен Ұлбану екі жақтап саумалай тартып өрлеп келеді. Әзиз-Сұлтан септесер емес, қимылсыз. Кенерге табан тірей бергенде, Әзиз-Сұлтан сол теріс қараған күйі шалқалап шыңырауға құлап түсті. Түпсіз тұңғиыққа жұтылып қалықтап барады. Бұл жанұшыра ұмтылып, шыңғырып жіберді:
– Әзиз!..
Шықаң мен Ұлбану қолтығынан іліп алып, қол-аяғын жерге тигізбей шыңыраудан аулаққа сүйрей жөнелген. Қанша жұлқынса да, босатар емес. “Әзиз… Әзиз!” Булыға ышқынады… Өз дауысынан өзі шошып оянған. Қиналған арпалыстан қара терге малшыныпты. Өксігін баса алмай, аһ ұрған демінен жалын бүркіп отыр.
Жаңағы қорқынышты елес көз алдын қамалап, көңілінен кетер емес. Қараңғы бөлменің қай түкпіріне қараса да, түпсіз тұңғиыққа айналып, Әзиз-Сұлтанның жансыз денесі құлдилап бара жатады. Тұншыға егіліп көз жасын тоқтата алмады. Жүрегі бір жамандықты сезгендей, үсті-үстіне өрекпи өксіп егіле берді. “Әй, бұл түсім тегін емес-ау, – дейді басын шайқай ішінен. – Әзизім бір пәлеге ұшырамаса неғылсын. Сақтай гөр, Құдайым, сақтай гөр!..”
Сүйретіліп барып шам жақты. Шеңбірек атқан хрусталь шамдалдың он екі емшек-көзі бірдей жарқ етіп, жарықтың тілі қараңғы түнді жалғыз-ақ жалап жұта салғанмен, көкірек буған үрейдің қара көлеңкесін өшіре алмады. Екі басы қызыл ағаштан оюлап жасалған екі кісілік кең, серіппе кереуеттің үстіне қайта келіп жайғасты. Жантайған жоқ. Қос тізесін құшақтай бүктүсіп, мелшиген күйі отырды да қойды. Аракідік ішін тартып өксіп-өксіп қалғанда, ыстық жасы мөлт-мөлт тамып кетеді.
Сәбираның бұл үйде тұрып жатқанына жарты жылдан асты. Басыбайлы өзінікі. Бұрынғы Ұлбанудың пәтері. Әуелі пропискаға отырғызып, өзі расширениеге төрт бөлме алған кезде, ескі жұртын үпит-сүпит бұл басып қалған. Бәрін тігісін жатқызып, реттеп жүрген Шықаңның өзі. Горисполкомдағы дөкей інісін желкеден басып отырып, бір-ақ күнде тындыра салды. Екі бөлме. Әзірге заңға томпақтау болмау үшін Ұлбанудың некесіз туған тұңғыш қызын пропискаға қоса отырғызып қойды. Түсінде көрмеген хан сарайы. Бұл кірместен бұрын жөндетіп, мүкамалмен жасандырып, жұтындырып қойыпты. Адам жанынан басқаның бәрі бар.
Бір күні кеште Ұлбану ойламаған жерден алтын шығырлы кілтті ұстатып: “Ал, пысмылда деп оң аяғыңмен атта!” деген. Бәрі ертегідегідей. Бірақ, Сәбира қуанған жоқ. Қуанайын десе де, қуана алмады. Бұл күнде сырты бүтін, іші өлген. Дүние қуанышынан шет. Ештеңеге қызығып селт етпейді. Құр сүлдерін сүйретіп жүрген қалпы ғана бар. Бір сүлесоқ хал меңдеп алғалы қашан. Жүріп-тұрғаны, ішіп-жегені, күлгені, сөйлегені – бәрі-бәрі бұған қатыссыз басқа біреудің іс-әрекеті секілді. Іші ғана өзінікі, тек сонымен ғана өмір сүреді. Міне, екі жылдан асып барады Әзиз-Сұлтанның жүзін көрмегелі, дауысын естімегелі. Бірақ бір минутын онсыз өткізген емес. Күндіз-түні ойлайтыны, елжірей сағынып, күрсіне сарылатыны бір ғана сол. Таныс болғаннан бергі әр сәтін, сөзі мен күлкісін, аймалап, өпкенін… – бүкіл елесін жүрегіне жиып, көз нұрына құйып ап, соны әлдилеп елжіреумен бар өмірін өткізіп келеді. Лас өмірдің кірі шалмаған қылаусыз, пак осы әлемде Әзиз-Сұлтанмен екеуінен басқаға орын жоқ. Ешкім оған кіре алмақ емес, есік-терезесі тас берік. Екеуі ғана оңаша табысып мұңдасады, сол бір қасқағым сәттің өшпес алауына шарпылып, қиялмен болса да, бақытқа бөленеді. Ал ана бір кезде кәпірлер былғаған арам тәнін итке лақтырған. Кім иемденсе де, кім илектесе де мейлі дейтін бір бейғам, бойкүйездікке бой алдырған.
Екі жылдан бері Шықаңның шылауында жүр. Қорланған әкенің суық қабағы мен ақ бұрымы жер сабалап жылаған ананың көз жасынан безініп, ең болмаса өлігін көрсетпес жақсы ит құрлы болайын деп, бақытын таптаған Алматыға амалсыз оралған. Ұясы бұзылып қырғидан қашқан торғайдай шырылдап жеткенде, Ұлбанудың алдынан жайған торына топ ете түсті. Ендігі күні – есірген бұзық шалдың ермегі. Құзғындай құнжыңдап, арам тәнінен тояттағанға мәз. Елағасы дейтін, әкесінен де үлкен кісінің жақсылық, шарапаты сатулы екен. Желтоқсанның қара құйынында жапа шегіп, қорланған қазақтың қаршадай бір бейшара қызы ғой, жылап келгенде саям түсіп қорған болайыншы демеді. Қайта шарасыздығын пайдаланып, адасып келген еліктің лағындай торға қарай қақпайлады. Шалда қазір ес жоқ, шексіз бақытты. Теріс қарап, дәрісін жұтып жіберіп құнжың-құнжың. Бақайын сүйіп, өлі тәнін аймалап, есі кете ыңырсып өксиді. Қайтсем көңілін табам деп жаны қалмайды. Астында министрдің машинасы, үлде мен бүлдеге көміп тастады, пәтері мынау. Енді мені жақсы көрмегенде, кімді жақсы көресің дейтіндей. Бақытты да, басқаны да сатып алам деп ойлайды. Неғұрлым сыйлықтың қымбатын берген сайын қадырым қымбаттай түседі дейтін саудагерлік.
Осы үйге алғаш кіргенде, залдағы сопақша кең үстелді жайнатып қойыпты. Қашанда бәрін өзі билеп-төстейтін Ұлбану ұшып-қонып ебелек қағып жүр. Сөйлейтін де, істейтін де – бір өзі.
– Ойбай, Шықа-ау, бұл үйде де министр боп отырасыз ба, еркек болып, мынаны ашпайсыз ба! – деп шөлмекті ұстатқан. Кісіге қызмет етіп көрмеген министр Шықаң қопал екен, шампанды әуелете ұстап, томағасын сыпырғанда, тарс етіп ақ көбік аспанға бір-ақ шапшыған. Әне төбедегі саталақ жолақ – содан қалған белгі. Еңкейтіп үш фужерге құям дегенше жартысы тасып-төгілді.
– Қап! – деді Шықаң қызарақтап. – Ұят болды-ау!
– Жоқ, Шықа, бұл – жақсы ырым, – дедіҰлбануүстелдің үстін сүртіп жатып. – Пай-пай, Сәбираштың ырысы ғой асып-тасып жатқан, шіркін, бақ дегенді қойсайшы!.. Міне, жәнім, сәтін салып үйлі болдың. Осыдан артық қандай бақыт керек!
Бұл өксіп-өксіп жіберді ішін тарта қыстығып. Сөйлеуге үні шықпады. Құсасын ішінен ғана күбірледі: “Апатай-ай, бақыт осындай бола ма? Бақыт деген осы ғана ма?!!”
Шал мен сілеусін көз қара қатын: “Кәйтсін-әй енді, қуанып отыр ғой!” дескендей қабақ қағып, бір-біріне күлімдей қарасқан.
Шықаң күнде болмаса да, күнара қара “Волганы” қарсы үйдің қалқасына қаңтарып қойып, аунап-қунап түн жарымында бір-ақ қайтады. Осыншама жалпақтаған шалды аяп кетіп, кейде жалтыраған таз төбесінен қалай сипап қалғанын білмей қалады. Ондайда Шықаң байғұс есінен айрылады. “Уһ, ақыры көңілін таптым-ау!” дегендей ыңырсып, еркелеп бітеді.
– Маған бөпе тауып берші, жаным! Ақ махаббатымнан жаралған қарағымды мойыныма салып өтейін! – дейді жылап жіберердей иегі кемсеңдеп. Бұл ішінен мырс етіп, ерінін шығарады: “Ақсақ иттің дәмесі әудем жерде!”
– Бала сүймей зарығып жүрген адамдай сөйлейсіз ғой. Екі әйелден жеті балаңыз, оншақты немереңіз бар емес пе?
– Аққолтығым-ау, сенің орының бөлек қой. Асыл құрсағыңнан шыққан алтын балапанымды иіскер күн бар ма екен?!! Құртақандай саусағынан ұстап жанымда жетелеп жүрсем ғой! Томпайған аппақ бетінен, міне, бүйтіп сүйер ме едім шөп-шөп!..– Өз қиялына өзі мас әпенді-домалай шал өңі түгілі түсінде жоқ баланы айналып-толғанып әлек.

* * *

Бұл алғашқы кезде шарасыз халіне көндіге алмай қорланып, көп жылап жүрді. Бірақ бірте-бірте ес жиып, бойына қаталдық бекіді. Жақсылығын, кісілігін саудалаған саудагер шалға неге тегін олжа болмақ? Арам тәнінің мысқалын алтынға пұлдап еселеп сатып, бұл да үлкен саудаға көшкен. Бұрын Шықаңның әр жолғы сый-сияпатынан қысылып, бетімен жер басса, енді ауылдағы әке-шешеме жіберем деп құтырған кәрі текені жебей сауып, уыс-уыс ақша алуды дағдыға айналдырған. Былтыр жазда Тәнзила екеуі Әзиз-Сұлтанның үйін іздеп барып, ауыру ата-ана, екі бауырының аянышты күйін көріп қайтқан. Талай күн көз жасына тұншығып өксумен болды. Содан бері ай аралатып ақша салып, оны-мұны сәлемдеме жіберіп тұрады. Бір-екі рет хат жазып, мұның бәрі Әзиз-Сұлтанның бірге оқыған достарының жинап бергені, сіздерге жасап жатқан көмегі деп ескертіп қойған. Қолынан басқа келер қайраны жоқ, бейшара жандарға сәл де болса саям түсті-ау деген үмітті көңіліне талғажу қылады.
… Әлгіндегі түс қайта-қайта көз алдына оралып, үрейден айыға алмай мәңгіріп отыр. “Жұмада көрген түс – аян, сол қалпы айнымай келеді” деп отыратын анасы. Ендеше Әзиз-Сұлтанның бір қатерге ұшырағаны анық. Неге түпсіз шыңырауға құлады? Келмеске кетті деген нышан ба? Әлде екеуінің енді мәңгі ұшыраспайтындығына көрінген тұспал ма? Көңілі әр саққа қиялап, “тек аман болса екен, ей, Аллам, сақтай гөр өзің!” деп, әншейінде айта қоймайтын Алласы аузына оралып, дамылсыз жалбарынумен болды. Ішін тартқан тым-тырс түнде демігіп, үздіге сыбырлаған үнінен төбедегі айшаңбақ хрусталь шамдал, серванттағы тізілген хрусталь бокалдар, чех шынысынан жасалған алтын жолақ асыл құмыра-табақтар… құмыға жаңғырып, осындай үйі, біздей мүлкі бар жанның жылағаны несі деп сыңғыр-сыңғыр, сылқ-сылқ күліп тұрғандай.
Кенет жарық жалп етіп сөніп, қара түнек түнді басына кигізе салды. Ештеңе көрмей біраз отырған соң ғана көзі сәл үйренгендей, кең бөлмедегі заттардың сұлбасы бұлаңытып қараңғыдан сүзіліп шыға бастады. Орнынан табжылған жоқ. Қос тізесін құшақтап, иегін сүйеген күйі меңірейіп отырды да қойды. “Жаным-ай, неге кірдің түсіме? Қиналып жүр ме екенсің? Тек аман болшы!” деп қыстыға өксігенде, ыстық жасы бұршақ-бұршақ төгіліп кетеді…
Қанша отырғаны белгісіз. Бір уақытта шығысқа қараған үлкен терезенің бетін таңның аппақ саусағы сипалай бастады. Өңі қашқан бұлыңғыр түнек арасынан үйреншікті ұлы тіршілік зорая түрегеп келе жатты.

 

Сүлдер

Пенсияның ауылы қайдасың деп отырған Шынарбай Әшотович бұл күнде жұмысқа тым сүлесоқ. “Өздерің бірдеңе қыла салсаңдаршы, балалар. Сендерден артылатын не бар!” деп қасын қайшылап сызылып отырғаны. Қол қоятын жерде кейде оқыс қабағын түйіп: “Дұрыстап қарадыңдар ғой? Смотрите у меня?” деп бар жауапкершілігін сонымен тамамдап, қалам ұшын сүйкей салатын.
Серілігі басылмаған сырбаз шалдың соңғы кезде сыны ерекше. Алдындағы қағазға қараудан гөрі айнаға қарауы көп. Крем жағып, маска салып бипаздап баптаған бетіндегі сай-сай әжім бәрібір “кәрісің, қақпас, кәрісің” деп мазақтап тұрғандай. Уақыт итке не дауа деп ішінен күрсініп қойды.
Емен есікті жұлқа ашып, көзі жылау, бет-аузы домбыққан Сәбира кіріп келгенде, үрке қарап жүрегі солқ етіп үзіліп кете жаздады.
– Жаным-ау, бірдеңе болды ма? – деп қосыла өксіп жіберді.
– Шықа, түс көрдім!
– Е, тәйірі… түс – түлкінің боғы.
– Жоқ, жаман түс!
– Ендеше жаман түлкінің боғы.
– Қойыңызшы күлкі қылмай. Қатты қорықтым.
– Түсіңде қорықсаң – өңіңде қуанасың! Үлкен бір қуаныш күтіп тұр екен. Жақында өзіңе норковый шуба әперейін деп жүр едім, соған көрінген шығар. Қап, алдын-ала біліп қойғаныңды қарашы! Әй, тұқымдарыңда көріпкел – әулие біреу бар-ау, сірә. Әйтпесе түсіңе кіріп бұлай аян бере ме?
Елпілдеп, қутыңдап құрақұшқан қара шұнақ шалға Сәбира алая қарап, қабағын шытты. Шықаң саудасының өтпей қалғанына бір түрлі жасып, “ойбай-ау, норковый шубаға қуанбағаны несі, қомсынғаны ма, онда не әперсем екен, а?” деп абыржып тұр.
Сәбира көрген түсін айтты. Әзиз-Сұлтанның атын естігенде, өмірі дес бермес бақталасы алдында тұрғандай іші суып, жүдеп қалды. “Шіркін, Сәбира үшін сол жігіттің бір тал шашына татысам ғой” деп өзінің дәрменсіздігіне налығандай, қыздың жүзіне жаутаң-жаутаң қарай берді.
– Бұл түс тегін кірген жоқ, Әзизіме бірдеңе болды! – деді Сәбира өң-бояусыз өлі дауыспен төбеге қараған күйі меңірейіп. – Бір хабарын біліп беріңіз, Шықа.
– Қайтып білем? Ол мүмкін емес қой… – Шықаң шырылдап, бір орында тыпыр-тыпыр қақты. – Ондай саяси тұтқынға сұрау салу қауіпті.
– Өйтіп өтірік айтпа. Саған мүмкін емес нәрсе жоқ. Қолың ұзын. Бәрін істей аласың. Әйтпесе, әперген үйіңнен кетем. Маған ештеңенің керегі жоқ. Өлгім келеді!
– Ойбай, ондай сөзді айтпа! Өлемі несі?.. – “Өлсең мен кіммен жатамын” дегендей Шықаң шар етіп Сәбираны құшақтай алды. – Сабыр ет, жаным. Сен үшін неден аянайын. Жаным садаға!
Шықаң – сөзіне берік, серттің адамы. Әсіресе, Сәбира дегенде жаны қалсын ба. Жоғары-төмендегі тілеулес таныс-біліс, сыйластың біріне өтініп, біріне бұйырып, бәрін жіңішкелеп іске жұмылдырған. Екі күнде тайгадағы түрмеден жедел жауап келді. Жарты бет телеграмма. Пәленше статья бойынша жазасын өтеп жатқан тұтқын түгенше зонада жұмыс істеп жүрген кезде, қашуға әрекет жасады. Күзетшінің ескертуіне бағынбай оқ тиіп, ауыр жарақаттан қайтыс болды депті. Дәл Сәбира түс көрген күні мерт болған. Өлгенін растайтын дәрігерлік қортындының номерін де көрсетіп, мөр басыпты.
Қаралы хабардан Шықаң абыржып қалды. Мұндай тосын жаманатты күтпеген. Көрмеген бөтен біреу болса да, қыршын жастың өлімі көңіліне қаяу сап, аяныш ұялатты. Ерінін жыбырлатып, асығыс бетін сипады. Сәбира естігенде не күйге түсетінін ойлап, тіптен сасқалақтады. “Апырай, әнеукүнгі сөзі жаман, өзіне бірдеңе істеп жазым боп жүрмесе неғылсын!” Әр саққа жүйткіген қиялы тиянақ табар емес. Кейде сұғанақ, әзәзіл бір ой да жылтың етіп бүйірінен түртіп қашқандай болады. “Бақталасыңнан құтылдың, қуан, Шықа. Сәбира енді түгелімен, басыбайлы өзіңдікі!” Ондайда өзінен-өзі түршігіп, күнәһар ойды сол сәтінде қызылтабан қуып тастағысы келеді. Коммунист болса да, жаны қысылғанда жасырын айтатын дұғасы есіне түсіп, іштей күбірлеп қойды.
Шықаң жаманат хабарды Сәбираға қалай естіртудің жөнін білмей тығырыққа тірелді. Әйтеуір, мұндайда қиыннан жол табатын жорға Ұлбану бар, соны шақырып алып, ақыл қосқан. Ұлбану ести салысымен орнынан ұшып тұрып арсыздана:
– Ой, пәздіравляю, Шықа! – деп қолын қысты.
– Не үшін?
– Енді ол қыздың тәні ғана емес, жүрегі де сенікі. Конкурент – долой!
– Қой, мұндай кезде ондай сөз айтпа! – Шықаң қабағын суытты. – Мунафих күнәһар болмайық!
– Қойшы, Шықа, аяқ астынан мұсылман бола қалмай! Шындықты айтқанның несі күнә?
– Болды, болды… Оданда қалай естіртеміз, соны айт?
– Естіртетіндей некелі байы өліп пе екен! Жылап-сықтап берекені қашырады десең, айтпай-ақ қояйық. Саяси қылмыскер туралы мәлімет бере алмаймыз, мемлекеттік құпия деп айтты дей сал.
– Жоқ, олай істей алмаймын, Сәбираны алдай алмаймын.
– Өйдөйт, бәрін істегенде, оны неге істей алмай қалдың? – деді Ұлбану көзін ойнақшытып. – Шірке-ен, махаббат-ай! Жарайды, бір ақылын табармыз.
Үшеуі кешке қарай Сәбиранікіне барған. Көпіршіген ыстық кофе мен коньякті демдеп ішіп, біраз жайланғаннан кейін Ұлбану сөз арасындағы жәй бір елеусіз нәрседей ғып:
– Өйбу, саған айтуды ұмытып кетіппін ғой, жүдә, – деп сумкасынан телеграмманы алды. – Әлгі Шықаңның сұратқанына жауап келіпті. Бұл кісінің беделі болмаса, мұндай қағазды бере ме!
Сәбира ұшып тұрып, сабырсыздана қол созды қағазға:
– Не депті? Тірі ме?
Ұлбану күмілжіп, қызды иығынан орай құшақтап өзіне тартты.
– Жайсыз хабар келіпті… сабыр етейік, жаным.
Сәбира сенбегендей қағазды қайта-қайта ежіктеп сәл тұрды да, артындағы диванға сылқ етіп шөкелей кетті. Жансыз бедірейген көздері шарасынан шыға алайып, шалқалаған күйі құлап бара жатты. Жанұшыра басын сүйей берген Шықаңда зәре жоқ, алақ-жұлақ етіп шар ете түсті:
– Ойбай, дәрігер шақырайық, дәрігер!..
– Саспа, Шықа, өлмейді. Өлсе тірілтіп аламыз! – Асүйге қарай беттеген Ұлбану сөзінің аяғын ызалана күбірлеп, ерінін сылп еткізді. ¬– Махаббатшылын қаншықтың. Біреуінің қойнында жатып, екіншісін есінен шығармайды!..
Ұлбану кесемен су әкеліп, ұртын толтыра бетіне бүркіп жібергенде, Сәбира селк етіп есін жиды. Не болды өзі дегендей аңырая қарап сәл отырды да, өкіріп қоя берді. Өнебойы солқылдап, шыңғыра өксіді. Жұдырығымен басын тоқпақтап, екі жағына кезек теңселеді:
– Жоқ, сенбеймін… Әзизім тірі, тірі! – дейді көз жасына тұншыға сыбырлап. Арасында үні өшіп, талықсып кетіп, қайтадан ышқынып боздай жөнелді. Екеуі үндеген жоқ. Ішін босатып жеңілдеп алсын деп отыр.
Сәбира ұзақ жылады. Иегі кемсеңдей ыңылдап, аһұра еңіреп, дамылсыз зар төгеді. Бір уақытта шарасына жас толған үлкен көздері алайып:
– Сендер мені алдап тұрсыңдар. Көргім келмейді. Кетіңдер, кетіңдер, жоғал! – деді жұдырығын түйе жұлқынып. Диванның бір шетін құйрығымен кертіп қана отырған Шықаң үрпиіп орнынан қалай тұра бергенін білген жоқ. Сәбира жұбатып, тоқтау айтқанға көнер емес. Долырып, “кет, жоғал!” деп екеуіне тап-тап береді. Сасқалақтаған Шықаң “не істейміз” дегендей жапақтап Ұлбануға қарады. Әйел есікті нұсқады:
– Сен кете бер.
– Ие болшы өзің, – деді шал жылап жіберердей жүдей сыбырлап. – Бірдеңеге ұрынып қалмасыншы ақымақтық жасап!
– Маған сен, Құдайға сен. Алаң болма…
Шықаң шығып кеткен соң, Ұлбану есікті бекітіп, кілтін қалтасына салып алды.
Зар еңіреп төсекке құлай кеткен күйі Сәбира түні бойы басын көтерген жоқ. Бауыры солқылдап, өксігін тия алмады. Диванға киімшең қисайған Ұлбанудың бір көзі жұмық, бір көзі ояу, қыздың қимылын бағып, сақ жатты…
Сәбира сол жатқаннан екі күн жербауырлап жатып алды. Нәр сызбады. Үшінші күні ғана басын көтерген қалқайып. Сүйретіліп, орнынан басқа адам боп тұрды. Көз жасы құрғаған. Ішінде сығып алса да бір тамшы қалмағандай, бәрі сарқылып біткен. Сол улы жас бойындағы бар қуат, нәрін шайып кеткендей, қайғының қара құрты кеміріп жеп тауысқан өң-бояудан ада қаусаған құр сүлдер тұрды.

 

Бақыт вальсі

Қолы босаса, елбірек қағып қасынан шықпайтын Шықаңа тағы бір міндет артқан:
– Соңғы тілегім, зар тілегім: Әзиз-Сұлтанның киімдерін алдыртып берші. Тері сіңген көйлегінің жыртық жағасы болса да. Әзизімнің иісін иіскеп мауқымды басайын.Тұмар ғып мойныма іліп жүрейін!..
Сәбира өтінген соң, байғұс шалға бас шайқау қайда. Қинала-қинала тағы да өткендегі жігіттерге жалынды. Олар да азарда-безер. “Мына шал жынданған шығар” деп таң-тамаша.
– Көке-ау, не басыңа зор туды? Қайдағы бір қылмыскердің қоқсығына жоқшы боп, музейге қоймақсыз ба?
– Әй, балалар-ай, шалды қинай бермей тындыра салсаңдаршы. Керегі болмаса, сендерді мазалап қайтем…
Аптаға жетпей жауап келді. Бұл жолы Сәбира жылаған жоқ. Телеграмманы оқығанда кең ашылған көздері шыныланып, мелшиді де қалды. “Тайгада көр қазып, өлікті көму мүмкіндігі жоқ. Сондықтан мәйітпен қоса киім-кешегін түгел өртеп жіберуге тура келеді” деп жазыпты. Көкірегі сілкініп, ышқына күрсінді: “Артында белгі болардай бір жапырақ шүберек те қалмағаны ма?..” Сырттағы салынып жатқан көп қабатты үйге көзі түсті. “Үстіне шығып, бір-ақ секірсем бе? Бәрі ұмыт, бәрі тыныш… Мен өлсем, Әзизімді кім ойлайды, кім сағынады?.. Жоқ, өлмеу керек. Мен өлсем, жүрегімдегі Әзизім бірге өледі ғой!.. Қайғыны қалай жеңемін? Ойлай бергеннен қайғы жеңілдемейді. Сабыр тауып, жұбана білсең ғана жеңесің.” Жандүниесі астан-кестең қопарылып, жалғыз-ақ сәтте өзгеше қалыпта құйылып шықты. Түсінік-танымы мүлде бөлек. Айнала-әлемге басқа көзбен қарайды.
Сол сәттен бастап ол ішпен, көңілмен өмір сүруді үйренді. Бұл бір қиялың қанша шалықтаса, сонша шарықтап кеңейе беретін шексіздік екен. Әзиз-Сұлтанмен бірге өткізген сәулелі сәттерінің әр минут-секундтарын түгел сол өзінің құпия әлеміне жинап әкеп, жасандырып қойды. Онда тек екеуі ғана сайрандайды. Әзизінің жүзін көреді, үнін естиді, құшақтайды, құштарынан шығады…
Өзінің мәңгілік сағынышымен сол бір жаздың қоңыржай шырайлы сәскесінде КазГУ-дің алдындағы гүлзарда ұшырасып еді-ау. Қос аққу жүзген көлшіктің жағасынан басталған жол арқылы шексіз арманға сапар шегеді. Қатігез тағдырдың ызғарынан қалтырап үсіген жүрегіне қорғанышты тек сол қиялынан табады.
Сәбираның қатты соққан қайғыдан бірте-бірте айығып, еңсе тіктей бастағанына елден бұрын Шықаң шүкіршілік етті. Тек кейде оңаша әңгіме-дүкен құрып отырғанда, құлағы сөзде болғанмен, көздері тұңғиықтанып, жүзі күлімдеп, елжірей құбылып өзімен-өзі боп отырғанын көріп, “япырай, осының миында бір шалық бар боп жүрмесін!” деп күмәнданып та қалатын.
Бүгін де, міне, бұзық шалдың лас төсегінен жирене сілкініп тұра бергенде, Әзиз-Сұлтан шап беріп құшақтаған күйі тік көтеріп, басқа тазалық дүниесіне ала жөнелді. Өздерінің гүлзарында шыр-көбелек билеп жүр. Қолынан түсірмей әуелете шайқағанда, үлбіреген ақ көйлегінің етегі дүниені аппақ нұрмен желпіп дөңгелеп-дөңгелеп кетеді. Үздігіп, еркелей ескен әуен көк жамылған гүлзарды тербетіп тұр. Жер мен көк әткеншек теуіп алма-кезек көз алдында теңселеді.
– Түсірші, Әзиз, басым айналып кетті.
– Вальске бас айнала ма екен!
– Бұл қандай вальс?
– Бақыт вальсі. Біздің вальсіміз!
– Кімнің музыкасы дегенім ғой. Керемет екен!
– Пәлі, білмеуші ме ең? Кенжебек Күмісбековтің “Мектеп вальсі” емес пе! Мектепте үлкен перемен кезінде ылғи осы музыканы қойып билейтінбіз.
– Бізде орысша музыка қоятын.
– Ауылдарыңда орыс көп екен ғой.
– Болмай қалсын! Бір орыс жоқ, ылғи қазақ…
Екеуі “Аққу” кафесіне кірді. Әр жерде жұп-жұбымен отырған қыз-жігіт. КазГУ-дің студенттері болса керек дені, кейбірі бас изеп, қол ұшын елбіретіп Әзиз-Сұлтанмен амандасқандай ишара жасайды. Мұнда тек балмұздақ сатады. Неше түрі бар. “Пломбир”, “Сливочный”, “Эскимо”, шие, бүлдірген, өрік… қосылған. Креманка – сирақты жылтырақ темір тостаққа қалауыңа қарай қасықтап әр түрінен салып береді. Екеуі шеткі үстелге келіп жайғасты.
– М-м, қандай тәтті, уылжып тұр. Шіркін, Алматының балмұздағы-ай!
– Балмұздағын, балқыздарын берген Алматым,
Жасыл қалам, жаннатым!
– Түу, ақын боп кеттің ғой?
– Сенің жаныңда ақын болмағанда!
Жігіт қыздың қолын ұстап, ұшынан ақырын қысып қойды. Балмұздақ сатушы өзі де балдай балбыраған әдемі орыс келіншегі екен. Қызыл магнитофонын қайта-қайта қосып, әлгіндегі “Мектеп вальсін” бұлар шыққанша әлденеше рет тыңдады. Ыңылдай қосылып, ақсары жүзі албырап, арманшыл кейіппен әлдебір тәтті мұңға шомғандай.
– Бұл қандай музыка? – деді Әзиз-Сұлтан жорта білмегенсіп.
Келіншек иығын көтерді:
– Білмеймін. Өзіме ұнайды. Керемет!
Әзиз-Сұлтан өзінен-өзі қуанып, жүзі алабұрта жайнап Сәбираға қарады:
– Міне, көрдің бе, жақсы нәрсенің жаттығы жоқ, ұлты жоқ, бәріне ортақ. Данышпан Абай неге бәрінен бұрын қазақты өнер-білімге үндеді? Өйткені дүниенің ендігі жалғыз қожасы сол. Біз тек өнер-білімімізбен ғана әлемді жаулай аламыз! Тырнақтай қырғызды Айтматов жалғыз өзі-ақ космосқа бір-ақ көтеріп, барша дүниеге танытты. Міне, өнердің құдіреті! Бізге де барлық салада Әуезов пен Олжастар керек. Сен оқуға тиіссің, Сәбира. Биыл түсе алмай қалдым деп жасыма, қалай да түсесің! Келесі жылы осы уақытта студент болғаныңды тойлап отырамыз әлі…
– Шіркін, сол күнге жетсек қой, Әзиз!
– Жетесің, күмәнданба. Тек қыс бойы дайындал… Мен – қойшының баласымын. Не көрдім? Үкімет қазаққа “қой бақ, қой бақ… қойдың санын елу миллионға жеткіземіз!” дейді. Төрт аяқты қой баққан адам келе-келе екі аяқты қойға айналады екен. Соған көзім жетті. Бірге өріп, бірге жусайсың. Басқа көріп-білерің жоқ. Мен өмірді екі жыл морфлотта служить еткенде ғана көрдім. Дос кім, дұшпан кім – көп нәрсеге көзім ашылды. Арпалысып жүріп, міне, химфакке түстім. Ғалым болғым келеді. Қалай да болам. Дүниені өзгертем, көр де тұр, төңкеріп тастаймын. Өйткені мен бақыттымын. Сенсің – менің бақытым! Бақытты адамдар ғана дүниені өзгертеді, өмірді бақытты етеді. Біз бақытты боламыз. Сенші, жаным, шексіз бақытты боламыз! Алдымызда арайлы таңдар күтіп тұр. Кел, билейік. Сол күндерге билеп барайық!
Сызыла ұйтқыған вальс құйыны үйіре жөнелген қыз-жігітке ақсары келіншек қызыға қарап, қуана жайнап қол соғып тұрды.
Сыртта да екі-екіден құшақтасып, шыр-көбелек дөңгеленген жұрт. Гүлдер шайқалып, жапырақтар діріл қағып олар да әсем ырғақа қосыла толқиды. Бүкіл әлем билеп тұр. Тек айдын ортасындағы жалғыз аққу ғана қимылсыз. Такаббар басын төмен иіп, үнсіз мүлгігендей.
– Өткенде екеу еді ғой, неге жалғыз? – деді Сәбира елеңдей қарап.
– Сыңарын біреулер ұрлап әкетіпті деп естідім.
– Неге ұрлайды?
– Өйткені ол – аққу! Егер орнында сауысқан не қарға болса, керек қылар ма еді? Адам тек жақсы мен әдеміні ғана өзімдікі болсын дейді. Сен – менің аққуымсың, асылымсың!
– Аққу демеші, аққуды ұрлап кетеді екен ғой. Қорқамын.
– Қорықпа. Ешкім ұрлап әкете алмайды. Өйткені сен – менің жүрегімдесің.
– Жүрегің сондай үлкен бе?
– Әрине, үлкен!
– Байқа, басқа қыздар да сыйып кетіп жүрмесін!
– Другим жилплощадь не позваляет!
– Мен өте қызғаншақын, смотри!..
Екеуі күлісіп, бір-бірінің құшағына тығыла түсті.
Бүкіл дүние шаттанып, кенеріне сыймай шалқып тұр. Тек көл ортасындағы жалғыз аққу ғана үнсіз мұңаяды. Кенет дүр сілкініп, өксіп оянған баладай сыңсып қоя берді. Қанатымен сабалап суды сыза, көлдің бетін кенерлей шырайналып, сұңқылдап, өксіп шарқұрды. Жылап, зар төгіп жүргендей. Осылай біраз аласұрып, іштегі шерін шығарып алғаннан кейін, шарасыз күйде мойынын иіп, қайтадан қимылсыз қалды. Көздерінен мөлт еткен қос тамшы судың бетін дір еткізді.
– Аққу да жылайды екен! – деді Сәбира дауысы бұзылып.
– Жалғыздардың бәрі жылайды.
– Менің де жылағым кеп тұр.
– Сен жалғыз емессің ғой?
– Бәрібір аянышты.
Өксіп-өксіп жіберген қызды құшақтай ап жігіт көзінен сүйді.
Гогольді бойлай қыдырыстап, Панфилов паркіне жетем дегенше, бой ұзартқан көлеңке тұтаса айналаны қымтап, көз байланды. Қара-көкшіл тартып тұнжырай қалған аспан іле қабағын серпе қағып, күлімдеп қоя берді. Әр тұстан жамырай оянған жұлдыздардың сұлу көзінен нұр саулап, жер мен көктің арасында ақ торғын мұнар діріл қақты. Жексенбінің кешінде әдеттегідей транспорт толас. Алдарынан салдыр-күлдір қиып өткен жалғыз трамвай аңылжыған бұлыңғыр көшені басына кие қоңыраулатып іңір қараңғылығын үңгіп барады.
Жұпарын желпіп, түнгі самалға бас шұлғыған жасыл бақ жайнаған шыраймен кел-кел деп құшағын жайды. Күлімдеп, сыңғыр қаққан бір ұлы қуаныш есіп-шалқып жүр. Бүкіл ғашықтар осында бас қосқандай, қолтықтасқан өңкей қыз-жігіт. Сәнді киінген, жүрістері жарасымды, ерке-назды.
– Бүгін адамдар қандай әдемі боп кеткен! – деді Сәбира жігіттің иығына басын сүйеп айналаға таңырқай қарап.
– Мұндағының бәрі – ғашықтар. Сүйгендер ғана сұлу бола алады!
Төбесін қызыл ағашпен кенерлей жапқан жазғы сахнадан твист, чарлистон, рок-н- рол, джаз кезекпе-кезек алқынып, екпіндей шалқып жатыр. Асфальт алаңның әр тұсында ән ырғағымен жұлқына билеп, құйындай ұйтқыған жұрт. Ендігі бір сәтте саксафонның майдақоңыр үздіккен үні бір сыңғырлы, сырлы әлемнің тұңғиығына үйіріп ала жөнелді. Тынысыңды буып сиқырлап алғандай. Әйгілі “Дос-Мұқасан” орындайтын “Алматы түні”. Сенің көзіңдегі суретті айтып тұрғандай; сенің жүрегіңдегі жырды шырқап тұрғандай.
“…Жұлдыздар жерге жақындап,
Байланып қалған секілді.
Қаз-қатар өскен жасыл бақ
Ойланып қалған секілді…”
Айналадағы қыз-жігіттің бәрі билеп жүр. Бұлар да қосылды. Қарағай басы теңселіп, олар да жарыса билейді. Қызыға қарап төніп, төмендеп келген жұлдыздар қабақ қағып, жамырай жымыңдасады. Кең тротуарды бойлай теңселе үйіріліп ұзай берген. Жып-жылы ай нұры сіркіреген түнгі бақта ерке жастық есіле шалқып билеп жүр…
Орындықта қол соғып кемсең қаққан қарияны көріп тоқтай қалды. Шолақ жең ақ жейде киген, ақ шашты, имек тұмсық, арықша шал.
– Неге жыладыңыз, әкей? – деді Әзиз-Сұлтан.
– Сендерге қарап, қуанып жылап тұрмын. Жастығымды сағынып жылап тұрмын, қарағым! Неткен сұлу жыр! “Менің де жастығым өмірім көшеде кетіп барады” дейді. Иә, иә, менің де жастығым осында жүр, қайтейін ұстатпайды!..
– Билемейсіз бе?
– Кіммен билеймін? Жастығымды іздеп анда-санда осында келемін. Міне, сыңғырлап айналамда қашып жүр қол жеткізбей. Екі айналып келмес қайран дәурен! Жастық шақта шалықтап билеп қалыңдар, қарақтарым, жайнаңдар, күліңдер!..
Бұлардың соңынан қолының ұшын елбіретіп қала берді.
Осынау сұлу ырғақты ерке әуен өз жүректерінің лүпіліне айналып кеткендей, өз көкіректерінен қайнап шығып жатқандай, өзге дыбыс, сөз атаулыны мүлде естір емес. Тек сол сәулелі әуенді тыңдап елжірейді, тек сол әуенннің ырғағына тербеледі… Ешкім сол күні үйге асыққан жоқ. Таң атқанша биледі.
“Алматы түні,
Алматы түні
Ұйқымды менің ұрлады.
Таң атқанша жүрегім бірге жырлады…”
Бұлар да ұйықтамай ұлы махаббатты қуана жырлады. Жапырақтар сыбырлап, сыңғырлай күліп қол соқты. Аспанның сұлу көзіндей сан-мың жұлдыз осынау шаттыққа қызыға төніп жымың қақты. Қимай қоштасқандай мұңайып, күрсіне сөнген соңғы жұлдызға қараған күйі екеуі тіл ұшынан бал татып ұзақ сүйіскен…

 

Алтын қарғы

Шықаң әдеттегідей тағы да келді артынып-тартынып. Ұлбану екеуі өз кілттерімен ашып кірген.
– Ку-ку, мәмічка пришлә, мәлочка принеслә! – деп Ұлбану ойнақылана әндетіп төргі бөлмеге аттай берді де, шалқалай шегініп, қалт тұрып қалды. Қақ төрде Сәбира тұр қарсы қарап. Әлдекімге құшағын соза беріп тоқтап қалған. Елжірей жымиған жанары кірпік қақпай бұлар жаққа қадалғанмен, ештеңе көрер емес. “Пысмылда!” деп ішінен ырымшыл Ұлбану желбегейінің жағасын тістеді.
– Осы қызда шынымен бір шалық бар!
– Көзін ашып ұйықтап тұр! – деді Шықаң Ұлбануға сыбырлай. – Сәбираш, ояншы!
“Ескерткіштің” қол ұшынан жасқана сипаған. Сонда ғана дір етіп, “ескерткішке” жан бітті.
– Әзиз, қайдасың?.. Тоқташы! – деді жанарындағы жып-жылы ұшқынды жалғыз-ақ серпіп. – Сендер кімсіңдер?.. Е-е…
Шықаңдар әлеміне оралғанына өкінгендей мұңайып терезеге қарады үн-түнсіз. Ұлбану иығынан қапсыра сипап өзіне тартты.
– Бүйтіп қорқыта бермеші… Бүгін сенің туған күнің ғой! Кәне, тойламаймыз ба!
– Әр күн – менің өлген күнім!..
– Қой, олай деме. Міне, Шықаңның не сыйлағанын қарашы!
Шықаң қара пүліш қорапшадан алтын шынжырлы алқа алып, Сәбираның мойнына тақты. Алтын жүрекшені айналдыра тарыдай жауһар қиыршықпен зер бастырған. Сәбира қуанып кеткендей, еденге төртаяқтай қалып:
– Аф-аф! – деп үрді.
– Мұның не, тұр, ойбай!
– Қалай, итіңізге алтын қарғы жараса ма екен?
– Ой, біздің Сәбираш әртіс қой! – деп Шықаң кеңк-кеңк күлді.
– Угәй-угәй – әніміз,
Арпа-бидай –дәніміз.
Күрең коньяк ішпесек,
Келер емес сәніміз!..
Ұлбану құйқылжыта әндетіп, мықынын шайқай билете басып кухняға қарай беттеді.
Дастарханды лезде жасантып, туған күнді үшеуі тойлауға кіріскен. Сәбира коньяктан тартынған жоқ. Қамшы салдырмай үш-төрт рюмканы Ұлбанудың кеу-кеуімен төңкеріп тастаған. Ойсоқты боп қалжыраған тәнде қайбір қауқар болсын, бірден басқа шауып, тез масайды. Тілі күрмеліп, тисіп, соқтыға сөйледі айналасына.
– Екеуің де жәдігөйсіңдер! Кетіңдер, кәне!
– Мә-ә, мынау өзіміз әперген үйден қумақшы! – деді Ұлбану қысық көзі қылиланып. – Сөзді көрдің бе!
– Үйіңмен қоса құры! Мен сендерді өмірімнен кетіңдер деймін!
– Жақсылықтан басқа не жамандық көрдің? Бар жазығымыз – қаңғып жүрген жеріңнен әкеп адам қылғанымыз ба?
– Иә, жетістіріп адам қылдың! Мен қазір осы тұрғанда адаммын ба?
– Ойбай, қойыңдаршы! – деді Шықаң шырылдағандай араға түсіп. – Ұлбану, сен қойшы, не болды саған маспен ерегесіп… Айналайын Сәбиражан, сәл қызып қалдың, жүр, төсегіңе барып демала тұршы…
Сәбира шалдың қолын қағып тастады да, үстелдің үстіне етпеттей кетіп, өксіп-өксіп жіберді:
– Қор болдым ғой, қор болдым!..
Тұлабойы солқылдап, ышқына өксіді де, қос жұдырығымен үстелдің бетін бір періп, басын көтеріп алды. Тарам-тарам тамырлары қанталап, кең ашылған үлкен қара көзінде өжет ұшқын лыпылдап тұр:
– Бәрібір сендерге жүрегімді бермеймін!
“Шалға жүректің керегі не, сұрағанын берсең болды” дегендей Ұлбану езуі қисайып арсыздана мырс етті.
– …Жүрегім тек Әзизімдікі. Жүрегімнің иесі сол!
– Әй, сенің жүрек-мүрегіңе таласып жатқан кім бар! – деді Ұлбану ашудан жыны қозып. – Оныңды кімге берсең де өзің біл. Шықаңа басқа жерің де жетеді!
– …Екеуміз мәңгі біргеміз. Ол менің жүрегімнің түкпірінде. Сендерге керегі менің арам тәнім ғой, мә, итке лақтырдым! Кәне, жеңдер, талаңдар!.. Әй, шал, мә, қолымды сүй, иіске, жала!..
– Сәбирашжан, өйтіп тентек болмашы… Сені сүймегенде, кімді сүйемін. Қолыңнан айналайын. Қолың түгілі тырнағыңды қисаң, жетеді маған. Тырнағыңның ұшынан садаға кетейін!..
Есірік шал тізерлей кетіп, қыздың сұлық түскен сұп-суық өлі қолын үсті-үстіне шөпілдетіп, ыңырсып, сыңсып, тіпті көзінен ыстық жасы ыршып кеткендей болды.

 

Он үшінші тарау

ДӨКЕЙ КЕЛЕДІ
Қазан жарыс

“Колбин жолдас облысты аралауға шығады екен” деген хабар зеңбіректің залпындай дүңк етіп аудан-ауданға жеткелі бері, әкім-қарадан ұйқы қашты. Аттың басын жіберіп бір көрініп қалатын жер осы деген жанталаспен бір-бірімен жарысып ала-шапқынға түскен. Әсіресе қатты қапылғанның бірі Алматымен іргелес Белтерек ауданының бірінші хатшысы Жансары Тоқмурзин еді. Жәкең – сары десе сап-сары, орыстың өзі ұялғандай жалқақ сарының өзі. Ұзынша шағыр көзі жалт етіп тіке қарайтын түсі суық адам. Ортадан қалқыңқы бойы бар. Май жиған денесі іркілдек, болбыр көрінгенмен қимылы шалт, қағілез. Екі қолын жігерлене сермеп, қысқа аяқтарын тыпың-тыпың басып қаздаңдай жөнелгенде, аяңшыл атқа жол бермейді. Ой-қиялы одан да жылдам, қылт еткенді қиядан шалып түседі. Осы ауданның екі тізгін-бір шылбырын ұстап келе жатқанына он бес жылдың мұғдары. Қулық-сұмдықтың ұңғыл-шұңғылын майлы ішектей айналдыратын ондай сұңғыланың бұл өңірден табылуы екі талай шығар-ау. Ана бір жылдары Алматының дүкен-қоймаларын жылан жалағандай үптеп, сатып алған ет пен майды қайтадан үкіметке өткізіп, жоғарының жоспарын артығымен орындағаны үшін Ленин орденін де алған. Қазір ол орден мен атақ-беделден қайыр шамалы, қайта Қонаевтің үкілеп, әлпештегені деп алакөзденуі бек ықтимал. Әне, талайын бықпырт тигендей ғып жатқан жоқ па. Пәленің алдын орап, осындайда бір көрініп қалу керек.
Жәкең хабар жеткен күні-ақ шұғыл қимылға кіріскен, жалаңдаған атқамінерлерін жинап алып ақыл қосты. Үстелдің үстін сом жұдырығымен тоқпақтап, әрқайсына тапсырма берді. Жан-жақтағы аудандарға жасырын жансыз шаптырып, ондағылардың не қам жасап жатқандарынан хабар алды. Солардың бәрінен асып түсуіміз керек деді. Кім сөйлейді, не айтады, Колбин жолдас сөйлеген кезде қалай ду қолшапалақтау керек, түстік пен кешкі ас қайда беріледі… бәрі тиянақталды. Күн сайын кешке қарай активтерді жиып алып, кімнің не бітіргенін сұрап, есеп алып отырды.
Жүктің салмақты басы үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Уәли Нұралиннің иығына түсті. Сөйлейтін адамдардың сөзін әзірлеу, залдағы адамдардың қалай отырып, қалай қолшапалақтауы керек деген сияқты тәртіп пен ұйымдатыру жұмыстарының бәрі соған жүктелген. Ауданда көзі тірі төрт қойшы – Социалистік еңбек Ері. Бірінің тісі түскен, бірінің көзі соқыр… бәрі сүйегі саудырап қартайған тірі аруақ. Амалсыз таңдау Ленин орденді шопан Жақыпбай Қарагөзевке түсті. Қойшы болса да сөзі ширақ, тақылдап тұрған кісі. Тек қасқа тісі кетіліп қалыпты, сөйлегенде дауысы ысқырып шығады екен. Дереу Алматыға апарып, сол күні-ақ тіс салдыртып ремонттап әкелді. Екінші сөйлейтін адам – Шілікті совхозының парторгі Есберген Кемпірбаев. Бұрын мектепте мұғалім болған, өзі де сөз құрап сөйлей алатын саяси сауатты азамат. Нұралин екеуінің сөзін жазып, жаттатқызып, бұлбұлдай сайратып қой деп, аудандық “Арай” – “Заря” газетінің редакторы Нағашыбек Қапалбековке тапсырды. Нағашыбек қаламы орысша-қазақшаға бірдей төселген, жүйткіп тұрған жүйрік жігіт. Жас болса да орысша бір роман, қазақша үш жинақ шығарып республикаға танылып үлгірген қарымды жазушының бірі. Біздің өңірден шыққан үлкен талант, дәмелі дүлдүліміз деп үкілеп отырған ел мақтанышы. Қоңырқай ұяң шашын шалқайта тарап, алтын сабақ көзілдірік киген, шарасы кең жанарынан от ұшқындап тұратын қызылшырайлы әдеміше жігітке қарсы ұшырасқан әйел заты жарқ етіп көз қиығын қадамай өтпейтін. Сондай жез қармақтың біріне желбезегіген ілініп қалғаны бар. Екі жыл бұрын бір ысқаяқ бойжеткен “қыз едім, бұзды-бүлдірді” деп шу шығарып, дау-дамай аупарткомға жетіп ушыққанда: “желіккен әйелдің етегінің желіне азаматымызды жығып беріп қоямыз ба? Алдаған жоқ, зорлаған жоқ, ышқырына ие болмай сүйкенсе, өз соры өзіне!” деп осы Нұралин араға түсіп арашалап қалған.
Нағашыбек екеуінің сөйлейтін сөзін екі-екіден төрт бет қып бір отырғанда-ақ сүйкеп тастады. Парторг орысшаға қамшы салдырмайды. Екі-үш мәрте қайталап оқып шықса болды, ой желісінен жаңылмай өз сөзімен-ақ тұспалдап алып кетеді. Қойшы ғана аздап әуреге салды. Жайшылықта сайрап тұрғанмен қағаз сөзіне шорқақ екен. Оның үстіне кириллицаны танымайды, мұның қайта-қайта ежіктеп оқығанын арапша жазумен теріс қарай сойдақтатып көшіріп алды. Оқығанда сөзбен сөздің арасын қоса алмай бытырлатып жібереді.
– Өз сөзіңіздей ғып, міне былай оқыңызшы! – десе,
– Балам-ай, китәб сөзіндей ғып айта алатындай мен қайбір молла дейсің. Кәлләмді қатырмай, жаттап алған бес-алты батам бар еді, Көлбініңе соның бірін зуылдатып жіберсем қайтеді? – дейді.
– Ойбай, батаң не айтып тұрған, құрсын! Сөзді қойып, осыны оқып бересің. Қайта-қайта дауыстап оқып, үйде жаттығыңыз. Бұл Тоқмурзин жолдастың тікелей тапсырмасы. Ертең келіңіз, тексеремін.
Екі-үш күнде Жақыпбайдың тілі сынып, кәдімгідей кәлимаға кеп қалды. Ырғақты қоңыр-барқын дауысы бар, кей тұста өлең оқығандай көтере созып әуездететіп жіберетіні болмаса, қағазға бір көзінің қиығымен қарап-ақ, тексті емен-еркін зуылдатып тұр. Бір-екі рет ырғағын келтіріп оқып берген соң, жорғасы түзеліп тайпалып шыға келді.
– Е, міне, енді дұрыс болды, өстіп оқу керек! – деді Нағашыбек көңілі тола ризашықпен күліп. – Өзіңіз кәдімгідей әртис екенсіз ғой. Халық театрында ойнасаңыз да болады екен!
Шал танауы делдиіп жалт қарады:
– Әй, қызыңды… осы жақтың оқуын оқымай қор боп қалдым ғой! – деді өкінгендей басын шайқап. – Әйтпегенде, әртіс болмасам да, қалам ұстаған бір қаратаяқтан кем болмас едім!
Мосқал тартса да Жақыпбайдың жүріс-тұрысы ширақ, күннен жасқанғандай сығырая ашқан көкшіл көзінен қуақы ұшқын шашырап, құрбы-құрдасы жолыға қалса, қалжыңмен қағытып, қутың қағатын әдеті. Арықша, еңкіш бойлы. Қылқиған мойыны ескі етіктің қонышындай қырыс-қырыс. Қушиған екі бетінің ұшы күн қағып қызыл-қошқыл тартқан. Бір құлағын ішке қарай жымқырып шілденің ыстығында да басынан тастамайтын ескі құлақшынын желкесіне қарай ысырғанда, әжімді, кең маңдайы бор жаққандай аппақ боп көрінеді. Өмір бойы ат белінен түспегендікі ме, имиген қамытаяқ. Жерге түссе,бұтының арасынан бұзау өткендей талтайып, екі жағына кезек шайқала басып, жығылып қалардай қалтаң-қалтаң қағады.
Шалдың сөзін түзеген соң, өзін түзеуге кірскен. Екі өңіріне орден-медалін самсата тағып қара-көк қымбат твид костюм киіп келіпті. Шалбарының ауы тізесіне түсіп, балағын екі қайырып, екі жағынан түйреуішпен түйреп қойыпты. “Емтихан” алуға алдына шақырған Нұралин шалқасынан түсе жаздады. Екеуі бір Құшмәметтен қыз алған, бажалығы бар, қатты сөйлеп ойнай беретін.
– Әй, бажа, зоопаркке қоятындай мына түрің не? Атың үркіп жығып кетпегеніне тәуба. Сен-ақ елде жоқ өнерді шығарады екенсің осы. Балағына сылдырмақ таққан сығанның биші қатынындай бұл қай сәнің, түйреуішің не-ей, ине-жіп жоқтай?
Жақыпбай қызарақтап, астындағы орындығы сықыр-сықыр етті:
– Әп-әйбәт мүлік бүлінбесін деп… кіші ұл іністөтке түссе, кие ме дегеніміз ғой…
– Сөзің бар болсын, жерге қарап отырсың ба! Тантымай қайынбикеме дұрыстап тіккізіп ал.
– Қайынбикең көк тебенді көтінен түртетіндей қайбір ісімер. Оданда сенің үйіңдегі балдызыма апарып тіккізіп алайын. Қарға аунаған түлкідей құлпырып кетіпті ғой антұрған өзі. Мықынынан түртіп қойып, қуырдағын асап жатпаймын ба жантайып.
– Жерсің жетістіріп. Боқ сасыған шалбарыңды басыңа кигізіп айдап шықсын… Әй, Нағашыбек, мына шалды бәдіктендірмей, құлағынан сүйреп быткомбинатқа апар. Сол жерде шалбарын тігіп, бәтіңкесін майлап берсін. Сақал-мұртын бассын. Толық капитальный ремонттан өткіз. Қутыңдап тұрған неме ғой, сақал-мұртын боятып жібер!
– Кет-ей, бояғаны несі қатын құсап! Қызыңды ұрайын, Көлбіннің қызына құда түсуге барамын ба. Жаман қойшыға осы да жарайды. Ешқайда бармаймын.
– Сөзді қой, бажа! Ертең Үлкен кісінің жанында телевизорға түсесің, сонда қотанның шетіне шаншыған қарақшыдай боп тұрмақсың ба ербиіп?
– Ойбай, тілбізірің құрсын, айтпа, айтпа! – деп шал шоқ басқандай тыпырлап шар етті.
– Не болды сонша шошып?
– Айнаға түсіріп алса, Қырым мен Қытайдағының бәрі көреді емес пе?
Қулығы қырық қатпар шалдың ойын-шыны екенін түсінбей, әрі шала бүлінгенін қызық көріп тақымдай түсті:
– Көре берсін, көз тиеді деп қорқамысың?
– Әй, бажа-ай, айтпайтынды айтқызасың-ау!.. Баяғыда, арғы беттен келгенде, бізді мақтаға салды емес пе. Мақта- аралға бардық. Тайлы-таяғы қалмай елдің бәрі атызда. Таңның атысы, күннің батысы әйел біткен тоңқаңдап мақта тереді. Еркектер тең-тең мақтаны тірәктірге тиейміз. Әуе айналып жерге түскендей шыжыған ыстық. Әйел бәтшағарлардың кейбірі тізкиім кимейді екен. Жас кезіміз, қанымыз ойнап құтырып тұрған. Елдің көзін ала бере, мақталықтың арсында тоңқаңдаған талай қыз келіншектің арт жағынан тақалғаным бар еді. Әй, солардың бір-екеуінен нежөлі бала болмады дейсің!..
Нұралин мен Нағашыбек отырған жерлерінде екеуі екі жаққа құлай кетіп, күлкіден өлді де қалды селкілдеп. Әсіресе анекдоттың неше атасын ағытып отырған жерін қыран-топан қылатын әзілкеш Нағашыбектің есіне бір бейпіл әңгіме түсіп, одан ары ішегі түйілді. Бір тілші мақташы әйелден сұхбат алып тұрып: “Жә, апай, еңбектегі озық тәжірибеңізбен әбден таныстық. Енді отбасыңыз, мына төрт балаңыздың әкесі жайлы бірер ауыз айта кетсеңіз?” деп сұраса, әйел: “Е, қарағым, күні бойы тоңқаңдап мақта тереміз, артымыздан қай еркек келгенін қайдан білейік!” депті.
– Әй, неменеге күлесіңдер? – деді шал өзі қосыла күліп. – Жас кезде не болмайды, тәйірі. Тілбізір дегенің өсекші емес пе сырыңды төрт құбылаға жаятын. Әне, әлгі “Бармысың, бауырым?” дей ме, қарап отырсаң, сонда ел қырық жыл жоғалтқан туысымен табысып жатқан жоқ па. Көлбіннің қасында қайқайып тұрғанымды көрсе, мә, мынау бай шал боп кетіпті, әлемент алайық деп, екі-үш қатын екі-үш баланы жетелеп жетіп келсе қайтем? Қайынбикең үйден қуып шықпай ма?
– Қуса, Қошмәметте жалаңдап отырған жесір қатын көп, соның бірін алып береміз.
– Құрсын, кемпірімнен Құдай айырмасын! Шын айтам-ей, тілбізірден сақтанбасаң, қалай деп пола ма…

* * *

Дөкей келеді деген күні қалпағы көзіне түсіп, аузы бір жағына қисайған мәдениет үйін көрген адам танымай қалды. Күн қақтап, бет-аузы ағал-жағал колхозшы әйел депутат болып, Мәскеуге бір барып сыланып шыға келгенде күйеуі: мә, біздің жаман қатынды қара-ей деп тосырқап қалмай ма, сол секілді есік-терезесі сырланып, аппақ жұмыртқадай жұтынып тұрған үйді көріп, арлы-берлі өткендер: апыр-ау, мынау шынымен біздің ескі клуб па деп екі көздері жыпылық қақты. Айналадағы қос қатар тізілген терек біткеннің балағы біркелкі ақталған. Сыртқы есіктің аузынан сиырдың тіліндей салақтаған қызыл жолақ-кілем баспалдақтан төмен қарай текшеленіп төгіліп жатыр. Баған басындағы айғайлаған ауыздай аңқиған ақ шелек – репродуктор ылғи бір асқақ, көтеріңкі әндерді әуелете шырқайды. Жайқаңдай кеп тоқтаған сылаң қара “Чайканың” есігінен безеу мұрын, жұқалтым сары кісі шыға бергені сол, жолдың қос жиегінде қаз-қатар тізілген бүрме етек қызыл көйлек, қынама бел оқалы қызыл кәмзол киіп, қызыл тақияларына үкі қадаған өңкей бір өңді қыздар, Нұралиннің дирижерлігімен, қызыл гүлдей иіліп тағзым етті. Тәртіппен иінтіресе қаумалаған жұрт овациямен ду қол қолшапалақтап тұрып алды. Бастарына қарқара тартқан екі келіншек екі жерден: “Добро пожаловать, Геннадий Васильевич!” деп хормен айғайлап, шашу шашты…
Колбин жолдас президумға жайғасқан соң, қазақша сәлемдесіп еді, хошаметшіл қауым мүлдем есі шығып, алақандарын от шашырата ұрып, ду қол шапалақтан зал іші жарылардай дүр сілкініп, төбедегі тақтайдың кейбір жымынан топырақ саулап кетті. Қолын көтеріп, әзер тоқтатып, сөзін ары қарай сабақтады. Республика көлемінде атқарылып жатқан іс-шаралар, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы кейбір проблемалар, алдағы міндеттер хақында кеңінен тоқталып, жарты сағаттай сөйледі. Сөздің түйінді тұстарында, Нұралиннің белгі беруімен, әр тұста он-он бестен жайғасқан штатты қолшапалақтаушылар жұртты ілестіре ду овация жасап отырды.
Сөз тізгінін алған Жансары Төлеутаевич Тоқмурзин өзінің байсалды жорға тілімен қамшы салдырмай көсіле жөнелді. Республикаға жаңа басшылық келгелі бері ел өміріндегі тың серпін, жасампаздық бетбұрысқа аудан еңбекшілері де белсене үн қосып жатқанын, жоғарыда атап өтілген партиялық әділ сын-ескертпеден лайықты қортынды шығаратынын қысқа да нұсқа тиянақтап өтті. Тағы бірнеше шаруашылық басшылары сөйлегеннен кейін, сөз кезегі еңбекшілер өкіліне берілді.
Алдыңғы қатарда орындықтың шетін құйрығымен кертіп қана, ұшатын құстай қопаңдап отырған Жақыпбай Қарагөзов өз аты естілгенде, екі-үш ұмтылып орнынан қисалаңдай тұрды, зерлі тақиясы төбесінде шошайып, баспалдақтан құлап қалардай екі бұты екі жаққа талтайып, соңынан ере шыққан Нағашыбектің қолтығынан демеуімен сахнаңа әзер көтерілді.
– Апыр-ай, мынаның пысы басты ма, қолым дірілдеп кетті ғой!
– Жүрексінбеңіз, аға! – деді Нағашыбек сыбырлап. – Асықпай оқи беріңіз.
Шетінен шымшып ұстаған қағазының дірілінен микрофон қытыр-қытыр етіп құлақ қыршыды.
– Маған не болды, көзім бұлдырап кетті ғой, тегі! – деп өз-өзінен күбірлей, қолындағы қалтыраған қағазды бір алыстатып, бір жақындатып, “бисмилла” деп бір жөткірініп алды да, шұбартқан қисық жазуының нобайын қуалап сөйлей жөнелді:
– Уа, аса хұрмәтлі Кәнадай Бәсілбіш жолдас, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған біздің құтты мекеніміз – жыл сайын Отанымыздың қоймасына мыңдаған бұт астық құятын, мыңдаған тона ет-сүт беретін берекелі-бай ауданымызға қайыр-хош келдіңіз. Мен осы тұрғанда қатты толқып тұрмын, жәй ғана толқып тұрғам жоқ, бақыттан басым айналып тұр! Сіз ұлы көсеміміз Ленін туған қасиетті топырақ – Уләнібскі уәлаятынынан келіпсіз. Мен Сізді Қазақстанға Екінші Ленін келді деп есептеймін! Сізбен бірге елімізге Әділет келді, береке-бірлік, теңдік келді! – Қағаздан көзін тайдыра беріп, – Әйтпесе біз сияқты жаман қойшы жақсы мен жайсаң бас қосқан жиында Сіздей ұлұғтың алдында өстіп сөйлер ме еді? – деп өз аузынан сөз қосып қойды. – Һім… Сіз келгелі қазақ жеріне шынайы дәмәкірәтиә орнады. Кәрбәшоб жолдастың Жедел даму, Қайта құру бастамасына қызу үн қоса отырып, еліміздің еканөмикасы мен рухани өмірі қайта түлеп жаңғыруда. Сіз әкелген дәмәкратия арқасында ой-пікірімізді ашық айтуға, еңбегіміздің әділ бағалануына зор мүмкіндік туды. Барлық тілдер сайраған, барлық гүлдер жайнаған осыдан артық қандай бақытты заман болсын! Міне, менің басым бүгін халқымның басына орнаған осынау ұлұғ бақыттан айналып тұр! – деп тершіген маңдайын жеңімен орай сүртіп, екпіндете кеп бір тоқтағанда, Нұралинннің иек изеуімен залдағылар орнынан дүр көтеріліп, ду қолшапалақтады. Геннадий Васильевич түсініңкіремей жан-жағына қарағыштаған. Нағашыбектің одан арман құтыртып, әрін келтіре аударған сөзін естіген соң, екі көзін жұмып, күлкіге тұншыға, басын ұзақ шайқады:
– Чабан жолдас, ықыласыңызға рахмет. Бірақ мені Екінші Ленин деуіңіз тым орынсыз сөз. Ленин біреу-ақ. Уляновскі обысында туып-өскендердің бәрі бірдей Ленин бола бермейді. Сізде кінә жоқ, жазып берушілер артық сілтеп жіберіпті.
Еті үйреніп батылданып алған Жақыпбай басын шайқап өзеуреді:
– Жоқ, бұл – менің өз жүрегімнің сөзі! Рәйкөмдағылар жазып бермесе де осылай айтар едім. Ленін де жұмыр басты пәндә. Сол кісідей әділетті, сол кісідей еңбекші халыққа қамқор Сіз секілді дана, парасатты адамды Ленінге теңмей кімге теңейміз! Жоқ, помайды оныңыз!
Ілесе аударған Нағашыбек “райкомдағылар жазып бердіні” көмейінде бүгіп қалды.
Қағазына қайта үңілген қойшы соңғы уақытта аудан шаруашылығында заман талабына сай ілгерлеушілік барын, мал басының өсіп, биылғы төл ау науқанының табысты аяқталғанын атап өтті.
– Мен өзі мақтауды да, даттауды да бүгежектемей тура бетке айтатын адаммын. Қысы-жазы жарғақ құлағы жастыққа тимей шаруашылықтың ыстығына күйіп, суығына тоңып жүретін басшылардың еңбегін бүгінгі биік тірбұннан айтпай кету қиянат. Бұл ретте рәйкөмнің бірінші хатшысы Жансары Төлеутайыштың еңбегі айрықша зор. Жеке басының барынша кішіпейіл кісілік қалпымен, еңбекқорлығымен ауданымыздағы үлкен-кішінің бәріне үлгі-өнеге көрсетіп жүр. Қарапайым қойшы, дихан демей, көрген жерде білек сыбанып, шаруаның бір шетіне кірісіп кетеді. Жазда рәзіңке етік киіп сушымен бірге атызда жүргені, қысқы боранда қияндағы қойшының қыстауынан көресің. “Ұлық болсаң, кішік бол” деп осындай елағасы азаматқа айтқан емес пе. Еліміздің екәнөмикәсін, әлеуметтік әл-аухатын арттыру жөнінде өзіңіз алға қойып отырған міндеттерді жанқиярлықпен атқарып жүрген Тоқмурзин жолдас секілді іскер басшыларға партиямыз барынша қолдау көрсетеді деп сенеміз…
Ақ парақтың ортан белінен енді құлдилаған Жақыпбайдың көкшіл көзі сөздің әлі талай жауһарын теретін еді, Колбин жолдас үзіп жіберді:
– Жарайды, чабан жолдас. Үлкен бастығыңызды да, кіші бастығыңызды да жер-көкке сыйғызбадыңыз. Түсіп қалған күні болмаса, сіздерде бастықтың жаманы жоқ-ау деймін. Бұл әңгімені ары созбай-ақ қояйық. Мен еңбекші, малшы қауымның мұң-мұқтажын білгім келеді. Әлеуметтік жәй-күйі, тұрмыс жағдайы қандай? Отырған үйі, мал қорасы жайлы ма? Жем-шөбі жеткілікті ме? Мәдени-медициналық қызмет уақытылы көрсетіле ме? Балаларының оқуына лайықты жағдай жасалынған ба? Осы жағын айтыңыз.
– Бұл ахуалдан ешқандай шатақ жоқ. Қойшы деген қазір құдайдың еркесі. Бәрінің астында – бір-бір “Жүйгіли”. Қорасы жылы, қошқары семіз.
– Жақсы, енді жеке өзіңіздің қандай арыз-арманыңыз бар? Көп жыл еңбек еткен озат чабан екенсіз. Еңбегіңіз лайықты бағаланып келді ме? Өкпе-өтінішіңіз болса айтыңыз.
– Апыр-ай, Көлбін жолдас, қиналған жерім осы болды-ау. Айтсам – ұят, айтпасам – өкініш.
Қойшының қипақтап тұрғанын көріп, Колбин тақымдай түсті:
– Айтыңыз, жасқанбаңыз!
– Айт десеңіз айтайын, Кәнадай Бәсілбіш. Мен осы тұрғанда қара ешекпін. Еңбегім – адал, етім – арам. Жәрті ғұмырым осы сапхоздың отымен кіріп, суымен шығумен өтіп келеді. Қой соңынан салпаңдағаныма міне қазір тұп-тұғыра жігірмә сегіз жыл. Мына қастөмді өмірімде бірінші рез иығыма іліп тұрмын, әйтпесе бөйтіп адам сияқты жүру қайда бізге. Мына балдар үлкен кісі келеді деген соң жеті күн моншаға түсіп, алдыңызға жылмиып келіп тұрмын. Азаптан басқа не көрдім? Бір күн тыныш ұйықтадым ба екен? Жастыққа басым тисе де бір көзім – жұмық, бір көзім – ашық, құлағымда қой маңырап, қасқыр ұлып жатады. Екі мәрта жүз саулықтан жүз сексен қозы ап, рәсбопликаның рәкөтін жасадым. Алты мәрта жүз саулықтан жүз алпыс сегізден қозы бердім. Аудан, уәләят көлемінде жиырма жыл ішінде алдыма түскен ешкім жоқ! Биыл да Тоғанақ сапхозының озат шабаны, Сәтсиәлістік Еңбек Ері Мәлгәждаріпті Сәтсиәлістік жарысқа шақырып, жеңіп шықтым. Төл басы жүз саулыққа жүз жетпіс екіден айналып тұр. Бірақ менің еңбегімді бағалап жатқан кім бар? Менен көрсеткіші төмен төрт қойшы Сәтсиәлістік Еңбек Ері атанды. Маған бергені өрден дей ме, Леніннің басы салынған қоянның тіліндей қаңылтыр ғана. Сонда тағатын кінәсі не дейсіз ғой, Қытайдан келгенімді бетіме салық қылады. Сыртымнан қытай дейді. Оу, ағайын, әке-шешем жетіскеннен Қытайға қашып па екен? Стәлин мен Кәләшөкін дейтін ит отыз екінші жылы тігерге тұяқ қалдырмай тартып алған соң аштан бұрлығып ісіп-кепкен жұрт басы ауған жаққа қаңғымады ма. Әкемді Қорғастың шекарасында атып өлтірді. Айтқандай, осы күні қазит деген тәңірі жарылқағыр ештеңені жасырмай шындықты жазатын болды ғой. Әнеугүні балдарға оқытсам, әлгі көріңде өкіргір Шерненкә ма еді кім еді, сол неме отызыншы жылдары Қорғастың шекарасында пәгірән болып ойран салыпты ғой. Тентіреп Қытай аспақшы болған біздің Албан-Суан, Шапыраштының алты жүздей адамын пөлеметпен жайпап салыпты. Соның ішінде менің де әкем кеткен. Кісінің қаны жіберсін бе, өзі де ит өлімімен өлді ғой. Кенсек болып, жәрті жыл қызығын көрмей, демікпе ме, желікпе ме немене өзі, көгеріп-сазарып тұншығып өлді емес пе… Әй, шырағым, немене өзі… түрткілемей тыныш тұршы! Қолың қандай қатты еді, бүйірімді тесіп жібере жаздады ғой… Ой, Алла, дәл ат тепкен жеріне тигенін қарашы!..
– Ойбай, аға, саясатты доғарыңыз! – деді Нағашыбек жыларман боп сыбырлай.
– Доғармаймын, ауыздан қағып о несі-ей! Сендер-ақ көлеңкелеріңнен қорқа береді екенсіңдер осы. Одан да сөзімді дұрыстап аудар! Дәмәкірәтиә заманы, сайра, сөйле деп отырған жоқ па. Жоян кісінің өзі айт деп тұрғанда, неге айтпайды екем, ішімдегі запыранның ақтарамын бәрін! Содан кейін қол-аяғымды байлап, Қытай асырып жіберсеңдер де мәйлің!.. Қап-ай, не айтайын деп ем? Мына бала сөзімнен жаңылдырып қарашы!.. Ім… иә… Иә сонымен, ес білмей жетім қалған менішешем байғұс жалғыз өзі ит сияқты аузымен тістеп жүріп өсірді. Кейін ес жиған соң елге оралдық, өлсек өлігіміз туған жерде қалсын деп. Мұндағы ендігі күніміз мынау, көргеніміз – көзтүрткі. Ыптарой сорт адамбыз. Еңбегіміз ел сияқты бағаланбайды. Мені бір қытайдың ішпиөні деп ойлайды. Ішпиөн болсам, қой соңында салпақтап жүрер ме ем? Ана бір жылдары көрші-қолаңдарға жансыз ғып аңдытып қоятын, тегі. Жәнтекей мен Қасабай деген қойшылар, үйге сырттан біреу келсе, шәй ішкен боп төрде сұлап жатып алатын. Қонақ не деді, біз не айттық – аузымызды аңдитын… Осындағы басшыларға өкпем жоқ, қадари-халінше еңбегімді бағалап әлпештеді, барлық жағдайды жасады. Керойға да ұсынған екі-үш мәрта. Бар пәле жоғырғыларда. Тіпті қызыңды ұрайын, сол алақандай темірге қарап қалған күнім жоқ. Мәсала – ықылас-пейілде. Осы әділдік пе өзіңіз айтыңызшы? Мұқыл кемсітіп, қорлағандарына күйінемін. Әйтпесе маған сол көк темірдің пұты беш-ақ тиын. Міне Сізге айтар ғарзам осы, Кенәдай Бәсілбіш. Сіз айт дедіңіз, мен айттым, айыпқа бұйырасыз ба-жоқ па, өзіңіз білесіз! – деп Жақыпбай ентіге тоқтаған. Көк барқыт зерлі тақиясын желкесіне қарай ысырып, алдындағы жамиғатқа қасқая қарағанда, айтақыр төбесінен аппақ бу ширатыла бұрқ етті.
Жақыпбай сөйлегеннен-ақ зал іші сыбыр-күбірге көшкен:
– Мә, мына қытайың құтырды-ей!
– Сөзді көрмейсің бе? Бұларға сенім жоқ, сатып кетеді!
– Оттамашы-ей, айтып тұрғанының несі өтірік? Күйінбей қайтсін!
– Қалай болса да, геройды алатын болды.
– Алсын байғұс. Жөн де, жол да осынікі болатын баяғыдан. Обал жасап келді ғой.
Жәнтекей өзінің есімі аталып, жан-жағындағылар жалт қарасқанда, басын төмен салып, бұға түскен. Қатар отырған Жайлаубай шынтағымен түртып қалды:
– Сондайың бар ма еді-ей, сен сойқанның?
– Ит болдық қой… Парторг емес пе, қызыңды ұрайын… – Жәнтекей апыл-ғұпыл керзі етігінің қонышынан шақшасын суырып, алақанына қағып-қағып жіберді, салпайған астыңғы ерінін саусақ ұшымен шымши созып, насыбай салды да, сөйлемеуге сылтау табылғандай, аузын жымқырып үнсіз отырып қалды.
Геннадий Васильевич қойшының жүріс-тұрысын, киім киісін әуелгіде қызық көріп ішінен бір жымиып алған. Құс кеудесін қомдай жұлқынып, қызынып, дауысы шаңқ-шаңқ айғайлап шыққанға, бұл не айтып тұр, ұрсып тұр ма деп те ойлаған. Нағашыбек қызарып, қиналып, қияңқы шалдың қиқар сөздерінің тігісін жатқызып жуасытыңқырап, жалпақ нобайын қиялап қана аударды. Жақыпбай ештеңе ұқпаса да, жаман көзімен жалт қарады:
– Әй, тез шолтаң еткіздің ғой, сөзімді шала аударып тұрған жоқсың ба?
– Жоқ, орыстың сөзі мағналы, қысқа болады. Қазақтікі секілді арқан ескендей шұбатылып жатпайды, – деді сыбырлап.
– Әй, түрің жаман жылпылдатқан, қайран сөзімнің талайы мына ұлықтың құлағына жетпей қалды-ау, жүрегім сезіп тұр!
– Сенің-ақ жүрегің сезгіш екен, антенна ма, немене? Тыныш тұршы!
– Міне, дұрыс сөз! – деді Геннадий Васильевич Нағашыбектің аудармасын тыңдап болған соң құптай басын изеп. – Мен сіздердің осындай арыз-армандарыңызды тыңдағым келеді. Жасқанбай-жасырмай ой-пікірлеріңізді айтыңыздар. Чабан жолдас шынында да күйінсе, күйінгендей екен. Совет адамын бұлай алалауға болмайды, қисынсыз күдік артып кемсіту, қорлау – қиянат, тіпті қылмыс бұл. Әркімнің отан алдындағы еңбегі әділ бағалануға тиіс. Мен бұл мәселені тікелей өз бақылауымда ұстап, әділ шешімін табуға тырысамын!
– Мә, шалыңа енді сәлем беріп көр! – деді залдағылар сатырлата шапалақ ұрып жатып.
– Әй, не болды, не болды? – деді ештеңе ұқпаған Жақыпбай жан-жағына жалтақ-жалтақ алақтап.
– Герой алатын болдың! Бозқасқаңды даярлай бер!..
– Е, мәйлі, бермесе де көңілім баяғыдай! – деді Жақыпбай шалқалай орындықтың арқалығына асып қойған брезент сулығын қаудыр еткізіп бір сілкіп. – Айтатын сөзімді айтып қалдым, қызыңды… Қалай сөйледім өзі?
– Колбинге дайын тұрған орынбасар екенсің ғой. Сені жұмысқа шақыртып әкетіп, қой бағатын кісі табылмай ғап жүрмесін әлі. Әй, осы сен шпион десе, шпион шығарсың, сарнап тұрсың ғой!
– Ана Нағашыбекке жыным келгені, ішіңді ұрайын! Орысшасы жетпей ме әлде қимай ма, күйлеген шыбыштың құйрығындай шолтаң еткізе салады. Тошнө сезіп отырмын, талай сөзім ана кісінің құлағына жетпей қор боп кетті-ау, тегі!..
Келесі сөз Шілікті совхозының парторгі Есберген Кемпірбаевқа берілді. Екі ұрты суалып, екі көзі шүңірейген қарасұр парторг салған жерден орысша аңқытып, КПСС ОК Апрель пленумының қарарларына сәйкес, бүкіл Совет одағындағы, оған жалғас Қазақстандағы, одан қалды аудан көлеміндегі жүргізіліп жатқан саяси-идеологиялық жұмыстардың барысына ұзын-сонар шолу жасай келіп, сөзінің түйінді тұсында кейбір олқылықтарға шұқшия төнді:
– Біздегі интернационалдық тәрбие, шын мәнінде, сөз жүзінде қалып отыр, лайықты дәрежеде көңіл бөлініп, тыңғылықты пәрменді шаралар атқарылып жатқан жоқ. Мәселен, біз өмірде өзімізді совет адамымыз, бір-бірімізбен дос, бауыр, жолдаспыз дейміз. Бір заводта, бір мекемеде, бір коллективте жұмыс істейміз. Бірге ойнап-күлеміз, кешіріңіздер, бірге арақ ішеміз, бірге тойлаймыз. Сөйте тұра өлгенде неге бөлінеміз? Христиан, мұсылман деп неге бір-бірімізді алалаймыз? Қазақстанның кез-келген түкпіріндегі ауылға барып қараңызшы, бір жотаның басынан мұсылманның, бір жотаның басынан христианның зиратын көресіз. Бірінің басында ай, бірінің басында крест қалқаяды. Бұл не? Бір-бірімізді жатырқау, жатсыну деген осы емес пе? Сонда біздің бірміз, тұтаспыз, бәріміз бірдей совет адамымыз дейтін коммунистік идеалымыз қайда қалады? Мұның бәрі дініи дүмшеліктен әлі де арыла алмаған надандығымыздың көрінісі, атеистік – интернационалдық тәрбиенің дұрыс жолға қойылмауының кесірі. Кешегі Желтоқсан оқиғасы кезінде жастардың ұлтшылдық пиғыл танытуының түпкі себебі де осындай мешеулік санадан тамыр тартып жатыр деп білем. Сондықтан мұндай жат көріністермен күресуіміз керек. Өмірде дос, жолдас екеміз, өлгенде де бірге жатайық. Бейітіміз бір болсын. Қабір басына ай, крест емес Қызыл Жұлдыз орнатайық. Бұл біздің шынайы совет адамы екенімізді айғақтайтын коммунистік идеалымыздың символы болмақ…
Қанын ішіне жұтқан қарасұр еркек сұңқылдаған сайын өткен Пленумдағы Қайырлиннің сөзі құлағында қайта жаңғырғандай қалың қасын кезек-кезек қарғытып қабағы түксиіп отырған Геннадий Васильевич шыдамай алдындағы микрофонды саусағымен қаққылады:
– Түсінікті!.. Шетін сұрақ қойғаныма ғафу етіңіз. Сіздің әкеңіз бар ма?
– Қайтыс болған.
– Әкеңізді қай зиратқа жерледіңіз?
– Мұсылман зиратына.
– Басына не қойдыңыз? Қызыл Жұлдыз ба?
– Жоқ, ай орнаттық.
– Неге өйттіңіз?
– Жәй елмен бірге надан боп…
– Сіз өзіңіз істемеген, істемейтін нәрсені неге басқаларға істе деп насихаттайсыз?
– Жақында Қазақстан КП Орталық комитетінің Апрель пленумында Қайырлин жолдас осы мәселе жөнінде бастама көтерді емес пе? Мен жергілікті партия ұйымы тарапынан сол бастамаға үн қосайын деп…
– Ол жеке адамның пікірі, Орталық комитеттің позициясы емес… Анаңыз тірі ме?
– Иә. Сексен жетіде.
– Құдай қуат берсін. Жүзге келсін! Күндердің күнінде сол кісі өмірден озса, орыс зиратына жерлеп, басына Қызыл Жұлдыз қоясыз ба?
Кемпірбаев күмілжіп, төмен қараған.
– Міне, көрдіңіз бе, өзіңіз де олай істегіңіз келмейді. Мен де сөйтер едім. Ата-анамды мен орыс зиратына қойдым. Өйткені мен – орыспын! Бастарына крест орнаттым. Екі жыл бұрын қызым қайтыс болды. Оны да христиан жоралғысымен аттандырдым. Өз ұлтыңның тілін, дінін, әдет-ғұрпын қадырлегеннің не сөлекеттігі бар? Қайта бұл сенің адамдық болмысың емес пе. Оданда жақсы мен жаманның ара-жігін айқындап, адамгершілікке жат әрекеттермен күресейік. Жоқ жерден проблема ойлап тауып жұрттың басын қатыратын айғайшыл жалған патриоттықтың күні өткен. Демогогияны доғарайық, парторг жолдас, халықты үйретуден гөрі халықтың данлығынан көбірек үйренуге тырысайық!.. – деп тағы да бес-он минут сөйлеп барып Бірінші хатшы жиынды қортындылаған.

 

Торайдың танауы

Мәртебелі мейманға қонақасы беру, күту, демалыс шараларын ұйымдастыру толайым Шілікті совхозының директоры Әлішер Майкөбековке жүктелген. Бұл өзі тапсырған ісіңді ойыңдағыдан асырып, апырып-жапырып істейтін, майға салған пышақтай лыпып тұрған азамат. Жуан мойын, тік кеуде, көз тойғандай тұлғасы бар, ақсары өңді. Жоғарыдан қонақтар келгенде, Тоқмурзин оны ылғи тамада ғып сайратып қоятын. Анекдоттың неше атасын желдей жүйткітетін күлдіргі. Ана бір жылы Димекең келгенде, гармоньмен татарша частушка айтып, билеп мәз-майрам қылған.
Әлшекең қос білегін сыбанып, Тоқмурзиннің тапсырмасына сол күні-ақ кірісіп кеткен. Басқа еш жерде жасалмаған сый көрсетпек. Сюрприз! “Жеңіс” бағының ортасындағы алаңқайды эксковатормен қаздырып, ауқымды көлшік жасатты. Кемерін малта таспен шегендеп, айналасын көк шыммен текшеледі. Әр тұсқа шалқайма орындықтар орнатты. Жағалауда еспелі қайық. Су бетінде бір қара, бір аққу жүзіп жүр. Анда-санда сұңқылдап, қанатымен су сабалайды. Қонақтың келуіне екі күн қалғанда, Түргендегі “Форель шаруашылығынан” водовозбен екі тонна ұзындығы жырта қарыс “патша балық” алдырып, көлге төктірген. “Жем беруші болмаңдар, әбден ашықсын” деп күзетшілерге нықтап тапсырды. Әзірлік қамын өз көзімен көріп тиянақтап кетуге келген Тоқмурзин риза көңілмен:
– Жарайсың, жампозым. Білмейтінің бит ішінде-ау сенің! – деп арқасынан қаққан.
Аудан басына жиылған жақсы-жайсаң тобы бұзылмай түгелімен Шіліктіге төңкерілді. Әлішер меймандарды күтуге Алматыдан филармония, театрлардың орысша білетін өңді қыздарын алдырған. Өңкей бір бұратылып, күлім қаққан арулар. Үстеріне белі үзілген қос етек көйлек, оқалы камзол, бастарына үкілі тақия киген соң, нұқыл қызыл гүлдей құлпырды. Қарама-қарсы тігілген сегіз қанат төрт ақбоз үй. Ортасындағы ағаш сахнада оркестр күй құйқылжытып, артистер кезек-кезегімен ән шырқап, би билеуде.
Үлкен үйге үлкен кісімен бірге іріктеліп оншақты мейман жайғасқан. Елдің алдын киіп-жара ақын Атшабаров Колбиннің оң тізесін баса отырды. Баяғыда ұмытылған Наурыз мейрамын өткен бірінші рет тойлауға мұрындық болып жұрт арасында даңқы дүбірлеп тұрған ақын. Орнынан маңғаз көтеріліп, айналасын көз қиығымен бір шолып өтті де, жұдырығына күрк-күрк жөтеліп тастады:
– Осы ғанибетті дастарханның беташарын сөз патшасы –жырмен бастаған дұрыс шығар. Рұхсат болса, Геннадий Васильевич, өзіңізге арнаған жырымды оқып берейін! – деп орысша өлең оқи жөнелді. Иығын бір жағына қисайта, құс кеудесін алға созып, шаңғы тепкен адамдай қолын кезек-кекзек сермейді. Бидай қуырғандай орысшаны белден басып бытырлатып жатыр. Көлденең үстелде бір қырын отырған Жақыпбай қабағын алақанымен қалқалай күн сала қарап:
– Мынау әлгі тілебізірден күшеніп өлең оқитын бала болды ғой? – деді қасындағы Нағашыбекке сыбырлап. – Сөзінің ләмі жақсы осының, өзіме ұнайды. Па, шіркін, орысшаға қандай ағып тұр, сужорға ғой. Болайын деп тұрған азаматым-ақ екен!
Нағашыбек төмен қарап жымиып қойды.
– Ұғып отырған шығарсың?
– Ұқпасақ та сеземіз ғой!
– Ұқпасаң қалай сезесің?
– Әне, мықтының өзі басын шұлғып мәз боп отырған жоқ па!..
Өлеңнің хошаметіне сатырлай қолсоғылды.
Әлішер Күртідегі түйе совхозынан арнайы бапталған шұбат алдырған. Көк зеренде майы тоғытылған жұпар шұбатты қоңыраулы күміс ожаумен сыңғыр-сыңғыр соза сапырып, сырлы тостағанды Үлкен кісіге өз қолымен ұсынған. Колбин қарбыта ұрттады да, жиіркенгендей қайта бүркіп жіберді.
– Иттің ішіне сарымай жақпайды! – деді Жақыпбай мырс етіп. Нағашыбек санынан түйіп қалды:
– Қағынбай отыр, шал!
Колбин бет-аузын тыржитып, қолындағы тостағанды кері ұсынған. Атшабаров лып етіп қағып алып, жақсының сарқыты дегендей, түбіне дейін төңкере салды.
– Тәйт ары! – күңкілдесе де Жақыпбайдың дауысы қатты шығып кетті. – Тексіз неме екен ғой! Итаяқ жалағандай онысы несі-ей!..
Қуырдақ жеп жеңіл тамақтанғаннан кейін қонақтар аяқ жазып тысқа шықты. Әлішер Үлкен кісінің тобын көлшік жағасына бастап апарған. Колбин жолдас құс атып, балық аулағанды бала кезден жаны сүйетін. Балық аулаймыз дегенде қабағын серпіп қуанып кетті. Жағаға тұра қалып, жеңін түріп “ни пуха, ни пера!” деп қармақты соза лақтырған. Қармақ жанасқан бойда су беті жапырлай шолп-шолп шоршып, қалтқы бірден бата жөнелген. Геннадий Васильевич жалма-жан жағадан шегіне тартқанда, судан сопаң етіп суырылған кере қарыс патша балық алтын қанаттары жалт-жұлт аспанда тыпырлап барып анандай жерге топ ете түсті. Әлішер қармақтан ағытып: “Үйірімен үш тоғыз!” деп жерге бір періп, шелекке салды. Дайын тұрған жігіт дереу қалбырдағы жауынқұртты қармаққа ілді. Лақтыра салысымен тағы да қапты. Бірін-бірі жердей боп екі күн бойы ашыққан балық қармаққа таласа ұмтылды. Құрық ұшын майыстыра алтын балық ауаны қанатымен сатыр-сұтыр шапалақтаған сайын Колбиннің екі көзі оттай жайнады. Он бес-жиырма минутта темір шелектің құлағына жетер-жетпес толған балық бірін-бірі тепкілеп шоршып жатты. Таң-тамаша болған балықшы:
– Сендер балықты жадылап қойғансыңдар ма, немене? – деді айналасына жалтақтап. Қаумалаған көпшілік қоғадай жапырылды:
– Қолыңыз жеңіл екен, Геннадий Васильевич!
– Өзіңіз кәнігі балықшы екенсіз!
– “Патша балық” патшаны таниды ғой! – деп Атшабаров онсыз да күлкісі кеп тұрған жұртты ду күлдірді.
“Геннадий Васильевичтің олжасынан тәбәрік татамыз” деп сол жерде әйелдерге уха жасатып, бір бөлігін қуыртқан.
Бірер сағат сейілден соң киіз үйге қайта оралды. Дастарханға үш жерден үйме табақ ет қойылды. Үстінде туырылған білем-білем мейіздей сары қазы, кәде жілік. Бас мейманнның алдына бөлек табақпен әкеп бас тартқан. Маңдайына крест шекіп, құйқасы былбырап піскен қара қойдың басы. “Герой алатын болдың” деген соң, желік бітіп, дөкейдің алдында ешкімнен ықпай еркінсіп алған Жақыпбай қылқиған мойынын пенжагінің жағасынан бұрай суырып, жан-жағына құнжыңдай қарады:
– Ал, басқа бата жасап жіберейін! – деп қолын жая беріп еді, Нағашыбек тізесімен санынан түйіп қалды:
– Жыбырламай тыныш отыршы, сен шал!
Қаңтарылған қолын еріксіз түсіріп, Жақыпбай жәбірлене күңк етті:
– Үлкен асты батасыз ішкенді қай атаңнан көріп ең?
– Батаң да, атаң да құрысын, желпілдеме, ойбай. Осында қалмайтын адамдай не болды, тегі, әлде Алматыға еріп кетейін деп пе едің!
– Алматы аяқ жетпейтін жер ме екен соншама? – деді Жақыпбай доқ көрсете шақарланып. – Керек болса, кез келген уақытта барып мына дөкейдің есігін тақылдатам таяқпен!..
Колбин басқа тесіле қарап, қабағын кіржитті. Сол жақ құлақтың қуысында шала үйтілген қылдың тұқылы тікірейеді. Саңырайған кеңсірігіне тіпті қарағысы келмеді. Шопан ауылдарын аралағанда, мұрынынан боғы ағып тұрған қойларды талай көрген. Сол сурет елестеп кетіп, алдындағы табақты тыжырына кері итерді:
– Кешіріңіздер, суппродукті асқазаныма жақпаушы еді!
– Ендеше бері әкел! – деді Жақыпбай даяшы балаға бұйырып.
– Күйеу бас ұстамайды! – деді қарсы отырған Нұралин қағытып.
– Қайдағы күйеу?
– Қайын жұртыңды ұмытып қалдың ба? Шілікті – Құшмәметтің атақонысы.
– Е, Құдай-ай, одан бері қай заман. Кәрі күйеу – жиен деген. Оның үстіне бұл – Құшмәметтің емес, сәбеттің қойының басы!.. Әкел кәне!
Жақыпбай аузын жыбырлатып бетін бір сипады да, басты ата кәдесімен турауға кірісті. Езуінен молырақ кесіп “пысмылда” деп әуелі өзі асап жіберді. Құлағын кесіп Нұралинге ұсынды:
– Әй, бажа, біз сияқты жасы үлкен шалдардың, басы үлкен бастықтардың ақылын тыңдасаң, қор болмайсың. Жақсы сөзді көп тыңдап, ақылыңа ақыл қос.
Таңдайын Нағашыбекке берді:
– Мә, шырағым, таңдайың тақылдап тұрсын.
Бір көзін ойып озат қойшы Жанмұратқа қолын созды:
– Ескі көз жалғыз құрдасымсың ғой, бір бастың екі көзіндей тату жүрейік…
Бас қонақ бастан бастартқан соң, Тоқмурзин қабағы ойнақшып, “япыр-ай, енді қайттік” дегендей аңтарылып қалған. Әлішер бап білгіш бағлан жігіт қой, айналайын. Алдын ала бәрін ойластырып қойыпты. Атасының жеңсік асы ғой, бір кәдеге жарап қалар деген оймен, Энгельстегі шошқашы Трофимді алдырып, семіз торайдың ұшасын бітеу күйі вертельге қақтатып, неше түрлі дәмдеуішпен бабын келтіре былбыратып пісірткен. Әлішер асығыс шыға жөнелген, сәлден кейін сексеуілдің шоғына қызарып піскен семіз торайды ағаш астауға салып, бір жігіт қайқаңдай көтеріп келді. Танауын таңырайтып Колбиннің алдына көлденең қойды. Қонақ сабалақ қасын қарғытып, көзінің оты ойнап сүйсіне қарады:
– Вот это другой коленкор! Міне, мұның жөні бөлек!
Үлкен іске кірісетіндей пенжағын шешіп, орындықтың арқалығына кигізді. Ақ көйлегінің жеңін шынтағына дейін түрді. Пышақты қолына алып, жон терісінің майы сыртына шыға қызылқошқыл бүртік-бүртік қабыршықтанып буы бұрқыраған торайға ұмсына берді де, ішіне бір қулық бүгіп, жымың етті. Жаңа шопан шалдың бас турағанына қызықтай қараған. Жалпы, осында келгелі елдің салт-дәстүріне көңіл аудара жүретін әдеті. Бастың сыйлы қонаққа тартылатынын, оны тураудың кәделі жоралғысын да жанындағылардан сұрап біліп алғаны бар. Торайдың таңырайған майлы танауын түбінен шорт кертіп, уыс толтыра қарсы үстелде отырған Есбергенге ұсынды:
– Мінеки, парторг жолдас, асап жіберіңіз!.. Фамилияңыз кім еді?..
– Кемпірбаев, – деді Тоқмурзин лып етіп.
– А, иә, Кем-пирбаев жолдас, осы танаудай иісшіл болып, алдағы уақытта да партиялық қырағылығыңыз арта түссін!
Бірінші хатшының бағанағы сынынан кейін мойнына су кетіп мүлдем сүмірейіп қалған Кемпірбаев ұшып тұрып емпеңдеп жетіп барды. Алуын алса да, асай салуға батылы жетпей, бір қызарып, бір бозарып көзі жыпылық қақты. Колбин күлімдей қарап тақымдай түсті:
– Ну-ка, товарищ парторг, покажите свой интернационализм на деле, а не только на словах! Кәнеки, парторг жолдас, өзіңіздің интернационалдық бастамаңызды сөз жүзінде ғана емес, ісіңізбен де көрсетіп жіберіңіз!
Шеткі үстелде жағалай отырғандар бірін-бірі шынтақпен қағып, төмен қарасып күбір-күбір етті:
– Аузынан қағынып, сауап өзіне. Рауа болды.
– Сабаздың сасқан жері осы шығар?
Топ ортадан әлдекімдер естірте ақыл қосты:
– Жемей жүрген харамың ба, немене, қылғыта сал!
– Үлкен кісінің қолын қақпа, арақпен жылжытып жібер!
– Бол, қызметіңнен айрыласың әйтпесе!
– Арақ құйшы! – деді Кемпірбаев қасындағы кісіге еңкейіп. Содан соң үлкен бір ерлікке тәуекел еткендей түсін суытып, көзін ежірейтіп, уысындағы танауды майын ағызып-тамыза бір-ақ асап, күтір-күтір шайнап қылғыта салды да, апыл-ғұпыл кәсе толы арақты басына төңкерді. Тамашасы жұрт ду қол шапалақтады:
– Жарайсың!
– Нағыз коммунист!
– Шынымен жеп қойды ма-ей? – деген Жақыпбайдың дауысы қатты шығып кетті. Екі қолын кеудесіне айқастыра шошынғандай шалқалады. – Алла-Алла, кәпір екен ғой мынауың!..
Кемпірбаев орнына кеп жайғасқан соң қағытпаға жауап қатуға шамасы келмей көзі алайып, қол-аяғы дірілдеп, көпке дейін ықылық атып отырды.
Колбин айызы қанып сылқ-сылқ күліп, тәбәрігін ары қарай үлестірді.
– Таңдайың тақылдап, жұрт алдында оқитын өлеңің көп болсын! – деп таңдайын үзіп Атшабаровқа ұстатты. Ақын екі езуі ырсиып, сығырая күлді:
– Ыспасиба… Ым… уыздай екен!
Екі құлағын Тоқмурзин мен Әлішерге ұсынды:
– Ел ағасы азаматсыңдар. Жұртшылықтың мұң-зарына құлақтарың түрік жүрсін!
Әлішер лып еткізіп, сүйсіне асады. Тоқмурзин алуын алғанмен, айтақыр төбесі лап қызарып, сәл сазарып тұрып қалды да, қолындағы құлақты қайтадан астауға салды:
– Кешіріңіз, Геннадий Васильевич, Сіз сияқты менің де асқазаныма суппродукті жақпаушы еді!
Колбин үндеген жоқ. “Кәрі қасқырсың-ау” дегендей, елеусіз ғана көзінің құйрығымен бір сипап өтті.
Жақыпбай ештеңе ұқпай жалтақтап:
– Не деді? – деп Нағашыбектен сұраған. Нағашыбек аударып берген соң риза қалыппен басын үсті-үстіне изеді:
– Бәсе-ау, біздің Жәкең кісі екен ғой! Қасқыр тобықты емес пе!
Уыз татыған торайды тақырлап жеп, тағамның неше түрімен ықылық атып, дуылдасып сыртқа шыққанда, ымырт үйіріле бастап еді. Қыз-жігіттер алтыбақан теуіп, сахнада эстрадалық ансамбль гитарасын сабалап, саксафонын құйқылжытып, әуелете әндетеді:
– … Өз елім менің –
Өзегім менің,
Жырыма қосып жүремін.
Төрім деп менің,
Жерім деп менің
Соғады мәңгі жүрегім!..
Түлегі сендер.
Тілегі сендер,
Тірегі сендер сол елдің…
Елдің алдымен жүгіре басып шыққан Кемпірбаев бұл кезде анандай жердегі қарағаштың тасасында шөкелей кетіп лақылдата лоқсып жатты.
Екі күннен кейін “Кемпірбаев ұшынып бәлніске түсіпті. Алматыға әкетіпті. Қатты жатқан көрінеді…” деген суық хабарды естігенде, Жақыпбай екі езуіндегі бес тал жирен қылы едірейіп, өзінің бейпілауыз қылжағына басып ыржаң етті:
– Е, олай-бұлай боп кетсе, қайда қояды екен? – деді қамшысын екі бүктей етігінің ақжем болған қырыс-қырыс қонышын қаққыштап. – Орыстың бейітіне көміп, басына Қызыл Жұлдыз орнатын болар, тегі?..

 

Он төртінші тарау

ҰЛЫ ЖҰМБАҚ
Өмір шырағы

Әзиз-Сұлтан екі апта бойы есін жиған жоқ. Аузына айна тосып, буланғанына қарап тыныс алғанын білмесең, басқалай еш тіршілік белгісіз сұлық жатты. Қатты қансыраған. Оң жақ топшы мен бүйірден тиген оқтар ұлы денені тесіп өтіпті. Жанбастың қалың етіне бойлап кірген үшінші оқты суыру қиынға соқты. Угдэ жараның аузын пышақ бойы кеңейте тіліп, шынашақ ұшындай қорғасынды әзер алған.
Үзбей шытырлап от жағылған чумның іші ұядай жылы. Жараның аузы сары шырыштанып тартылғанша жас қаншық иттерге кезек-кезек жалатты. Угдэ мен қызы жаз бойы неше түрлі шипалы шөп, жабайы жидектерді көп қып жинап, кептіріп алатын. Солардан тұнба қайнатып, науқастың денесіне дүркін-дүркін жағады. Содан кейін күніне бір рет бұғының іш майымен сылап, жылы орап тастайды. Аузына нәр сызбайтын сырқат денесімен қорек тартып қуаттанатын. Угдэ таң бозынан дабыл мен асатаяғын кезек қағып, зікір салады. Чумды шыр айналып жын-перілерді қуады. Ұлы шамандардың аруағын шақырып, науқасқа шипа бер деп аузынан көбік шашып құлап түскенше Көк тәңірісіне жалбарынады.
Ойлэн бұл күндері бір сәт сабыр тапқан жоқ. Көк тәңірінен дарыған тылсым қасиет айрықша күшпен оянып, бойын буып алғандай, екі алақаны от шашып, лапыл қақты. Сырқатты қайтсем құтқарам деп жанұшырды. Ғадетте Ойлэн әкесі науқастанса, не иттер мен бұғылардың бірі ауырса, ауырған жеріне алақанын тосып, лезде сырқатын пышақпен сылығандай жұлып алатын. Мына сырқаттың беті қатты, жөні бөлек, оңайшылықпен бел алдырар емес. Қылқанынан жұпар бұрқырап, жаңа бой созып келе жатқан балапан балқарағайдың түбіне тізерлеп, денесін тіктеп сағаттар бойы отырады. Екі алақанын тосып, қара жердің тереңінен тартқан балғын ағаштың өзегіндегі бар қуатын бойына сіңіреді, жып-жылы толқын шымырлап денесін қуалай құйылып жатқандай. Әлгінде ғана жап-жасыл боп тұрған қылқандар қурап, сарғайып алдына төгіле бастағанда, орнынан тұрады. Алақан ортасындағы көзді жігіттің жүрек тұсына кезек-кезек бағыттайды, ыстық толқын шым-шым жайылған сайын әлсіз қаққан жүрек оқыс бұлқынып, бірте-бірте кеудені дүрс-дүрс тепкілей жөнеледі. Содан соң үржалаңаш шешініп, жігіттің денесіне тас жабысып қимылсыз жатады. Бойындағы нәр-қуатын сарқып береді де, әлсіреген тәні сылқ түсіп, сұлық қалады. Осы әрекетін күніне неше дүркін қайталайтын.
Әзиз-Сұлтан он жетінші күні ес жиды. Бозамықтанып таң жаңа ғана қылаң беріп келе жатқан шақ екен. “Маған не болды? Қайда жатырмын?” Ештеңені бағамдай алар халде емес. Тұман арасында малтығып жүргендей санасы бұлыңғыр. Төбедегі шелек аузындай қуыстан көз суырған таңғы аспанның тұңғиығына қадалып жатып қайтадан талықсып кетті.
Қанша уақыт өткені белгісіз, тұла бойын балбыратып, шым-шымдап жайылған жылы шуақтан маужырап көзін ашқанда, қойнында құшақтай жабысып жатқан жалаңаш әйелді көрді. Денесі әлдебір қуатты қызумен лапылдап тұр, жанасқанда сытыр-сытыр от шашады. Шошынып қалды. “Сен кімсің? Ары кет!” деп итерейін десе, қауқарсыз тән қимылдауға ырық бермеді. Екі көзі су қараңғы соқыр қыз. Ұзын қара шашы жарыла төгіліп, жүзін көлегейлейді. Дірілдеген қос анар, аппақ дене. Қыз қымсына теріс айналып, тез киініп, серпіле түрегелді.
Қыздың дыбысынан ішке кірген самауырдай ғана бойы бар, домаланған қамытаяқ шал жігітке қайта-қайта иіліп жымиғанда, екі езуіндегі екі тал қыл құйрығын көкке шаншып, жалпақ беті одан сайын жайылып, шелпек болып кетті:
– Насэ бөженка-мата Сэри Алэн тифэ жижэн падаркэ дала! Біздің Сэри Алэн құдай-анамыз саған өмір сыйлады! – деп адам ұқпайтын орысшасымен, бұған не болғанын, мұнда қалай келгенін өліп-талып түсіндірген болды.
Табиғаттың өзіндей таза, қарапайым жандардың тіршілік қалпына қарап, мүлде бір тосын әлемге тап болғандай таңырқады. Угдэ сол арада ұшы жалындаған балқарағайдың шырасымен мұны айналдыра аластады. Көмейінен қырылдап ұзақ зікір салды да, “бар пәлекет осымен кет” дегендей шаланы ошақтағы отқа лақтырды. Дабылды дүрілдете қаққанда, жалын да лапылдай көтеріліп, әуеннің ырғағымен шалқып-шалқып кетеді. Кенет оттың үстінен арлы-берлі секіріп-секіріп кетті де, екі бұтын екі жаққа қанатша керіп, жалын тілін кескілей шырайналып тұрып алды пропеллерше. Өне бойын шарпыған қызыл жалын лап-лап етіп ысылдай шалқыды.
– Кетті! Кетті! – деді қызы айғайлап. Сонда ғана Угдэ жерге дік етіп екі аяғымен қонды. Еш жерін от шалмаған. Кетті дегені – жын-шайтан, ауыру-сырқау отқа жанып кетті дегендері екен. Шынында да сол сәт Әзиз-Сұлтан бойы жеңілдеп қалғандай сезінген өзін.
Ойлэн емін жалғастыра берді бұрынғыша. Жалаңаштанып жанаспаса да, бойындағы қуат-нәрін алақандағы көз арқылы жігіттің жүрегіне сіңіреді, барын сарқып бергендей өзі әлсіреп, біраз уақыт ес жия алмай талықсып қалады. Науқастың беті бері қараған соң, емнің түрін өзгертіп, әр күні әр қилы ағаштың нәрімен қуаттандырып отырды. Бір күн – қарағай, бір күн – самырсын, арғы күні балқарағаймен алмастырды, балапан шыбығынан бастап жасын да өсіре берді бірте-бірте.
Науқас нәр сызуға жараған сәтте, құрдың төс етін ұзақ қайнатып, шипалы шөптердің тұнбасымен демдей, ақжем ғып езіп ішкізді. Әлденуіне қарай біртіндеп астың да қуатын өсіре берген. Угдэ шанда бір төбе басына шығып, неше түрлі әуезбен құбылта толқытып, сыбызғы шалады. Ондайда айналадағы орман арасында дыбыс жетер жерде жүрген еліктер әупілдеп, бұғылар мөңіреп, бұландар ышқына боздап үйір-үйірімен жетеді андағайлап. Сыбызғы үніне сиқырланғандай елігіп, үрке қарап тұра қалады. Жаутаңдаған жануарлардың ешқайсысын көзі қияр емес, бірақ амалы жоқ. Қиянат үшін қара шаманның аруағынан кешірім сұрап, дұға қылады да, таңдаған біреуін сол сәтінде жебе ұшына іліндіреді. Қалың үйір жан-жаққа дүркірей шашылғанда, төрт аяғы аспан теуіп сереңдеп, қар үстінде бір жануар қорқырап жатады. Қақ жүрекке қадалған жебені бойлай сигектеген ыстық қанға дереу ағаш тостағын толтырып өзі ішіп жібереді де, екіншісін апарып науқастың аузына тосады. Әзиз-Сұлтан көпіршіген жылымшы қаннан жүрегі айнып, екі-үш рет зордың күшімен әзер ұрттайды. Соның өзі әл.
Атқаны екі жасар бұлан екен. Етін сылып, тек сүйекті қайнатып, бір ай бойы сорпалады. Одан ары күйекке түсер кезде жараған бұлан мен бұғының бұқаларын атып алып, шыбығы мен ұмасын қайнатып берген. Күн санап қуаттанып, аяқ-қолы қимылға келе бастаған. Тек оң жақ топшысы шор боп қисық біткен екен, қолтығы еркін жазылмайды. Угдэ көп итінің бірін сойды. Шарбысымен иығын орап, сыртын шүберекпен таңып тастады. Түн асқан соң шеміршектей боп жұмсарған топшыны сипап отырып жанын кетіріп, біткен жерінен ауыртпай опырып қайта салған.
Тайганың қары сөгіліп, айнала дүр көктегенде аяғына қонған. Шал мен қыздың иығына сүйеніп, бірінші рет сыртқа шықты қалт-құлт етіп. Қарға адым жер аттағанға тер бұрқ етіп, жүрегі қағып, басы зеңіді. Төңірек мұнарта қоршаған орман, жебедей шаншылып өскен зәулім самырсын мен балқарағай. Төбеңде тек дөңгеленіп аспан көрінеді. Әлі қайрат жия қоймаған күн нұры көк шыныдан тайғанап әлсіз жылтырайды. Бір өліп-тіріліп қайта табысқан тіршілік ажарына тамсанып, ұлы сағынышпен елжірей қарайды. Жиектей қоршаған қалың орманның бірқыдыру аумағындағы көптеген ағаш сап-сары боп қурап, көзге оғаш ашлынып тұр. Һәм қаусаған кәрі емес, өңкей бір еңселі, өссем, өркендесем деп тіршілікке талпынған балапан балқарағайлар. Ойын оқып тұрған Ойлэн:
– Бұлар өздері өліп, саған өмір берді! – деді.
– Қалай?
Ештеңеден бейхабар жігітке біраз жайды түсіндірген.
– Бұлардың бойындағы барлық нәрді мен сарқып алып, сенің тәніңе құйдым, – деді. – Енді сен осылардай қуатты, күшті боласың!
– Ағаштан қуат алуға бола ма? – деді Әзиз-Сұлтан таңырқап.
– Айналадағы дүниенің бәрінде қуат бар. Бірінде – аз, бірінде – көп. Тіпті көзге көрінбейтін, қолға ұсталмайтын дыбыс, иістің өзінің құдірет-күші қаншама? Бұлбұл сайрап, бұлақтар сылдырлап, қайыңның жапырағы желмен сыңғыр қаққанда, жүрегің қалай алып-ұшпасын! Ал ит ұлып, бұғының жетім бұзауы мөңіресе, қосыла жылайсың емес пе. Гүлдің жұпарын жұтқан сайын, жаның рахаттанады. Қара ажырақтың иісінен уланып өлесің. Егер ауа жұтпасақ, су ішпесек, аңның етін, орманның жемісін жемесек, жарық көрмесек… өмір сүре алар ма едік? Әр заттың өзіне тән қуат-қасиеті бар. Шөп тез лап ете түседі, ағаш ұзақ жанады, қызуы мол. Мына балқарағай, шырша, самырсын… он-отыз құлаш тереңнен тамыр тартады. Жердің қойнау-қыртысында не жоқ? Шипалы су, нәрлі топырақ, асыл тас… бәрі бар. Солардың барлық құнарын бойына сіңіреді. Сені құтқару үшін осылардың өмірін алдым.
Әзиз-Сұлтан қураған ағаштарға мұңая қарап қабағын шытынды. “Мені атқан жауыздар бір оқпен қаншама өмірді қиып түскен! – деді ішінен. – Кектеріңді аламын әлі-ақ, құтқарушыларым!”
Ойлэн басын шайқады:
– Кектенбе!
“Мынау тажал шығар, – деп ойлады жігіт шошынып, – ойыңдағыны қалай біліп қояды!”
– Жүрегіңді ізгілікке аш, мейірімге толтыр. Сонда тез сауығасың!
– Қиянатқа қалай кектенбеймін?
– Өмірден тазалық ізде, сонда ағарасың.
– Өмірдің өзі қап-қара күйе болса, қалай ағарам?
– Өзі аққа күйе жұқпайды. Өзіңе осынша шарафатын сыйлаған өмірге риза емессің бе? Оның несі күйе? Шүкіршілік ет. Сен түгілі бір күн жарық дүниені көрмеген мен де өмірге ризамын!
– Әлсіз тәніме өмірдің өлеусіреген шырағын жаққан әкең екеуің алдындағы қарызымды екі дүниеде өтей алмайтын шығармын!
– Сен жақсы адам болған соң, Көк тәңірі бізге жолықтырды. Сол ізгілік жолыңнан жаңылма!
– Кек алу зұлымдық па?
– Кешірім – ізгілік.
– Кешірімнен зұлымдық азаймайды, ізгілік көбеймейді. Түбі бір шағатын жыланды өлтіру керек көрген жерде.
Ойлэн жауап қатқан жоқ ары қарай сөз таластырып. “Екеуіміздің ойымыз жараспайды екен” дегендей басын шайқап, күрсінді.

 

Қызыл сақалдар

Әзиз-Сұлтан ошағынан от үзілмейтін жып-жылы чумның іргесінде аю терісінен тігілген қаптың ішінен басын ғана қылтитып жатып, әкелі-балалы екеудің тірлігіне таңсық көзбен тосырқай қарайды. Бала кезден кітаптан оқып, ауыз-екі әңгімеден естіп, жабайы бейнесі ақ қағазға үрлеп басқан мөрдей боп миға әбден бекіген: мәдениеттен мүлдем мақұрым, “Құрып-бітуден совет үкіметі ғана құтқарған” тайгадағы тағы адамдарды, міне, өз көзімен көріп отыр. Рас, сырт ажары қораш, көріксіз, тірлік қалпы да тым қарабайыр. Дұрыстап тамақ пісіріп жеуді де білмейтіндей. Даланың аңы сияқты, дағдылары жабайы. Бұғының етін қарға көміп қойып, шикідей жонып алып талшықтап жей береді екен. Асып, не отқа қақтаса, еттің нәрі өліп қалады-мыс. Басқа ортада өскен бұған бәрі тосын көрінгенмен, бірте-бірте көзі ашылды. Бар асылын ішіне бүккен ұлы жұмбақ екен. Өздерін табиғаттың қожасы емес, баласы санайды. Жоюшы, пайдаланушы емес, аялаушы. Бір бұтақ мезгілсіз сынса, сүйегі сынғандай жаны ауырады. Тұтас дүниенің ажырамас бөлшегі сияқты. Аң-құстың, жапырақты, желдің… тілін біледі, жанын ұғады, сөйлеседі, мұңдасады. Сен болмасаң, менің күнім не болар еді, мен болмасам, сен қайтер едің деп бар тіршілікпен тұтасып жүрегі лүпілдей табысады.
– Баяғының адамы бөлек еді, біз ғой азып-тозған! – дейді Угдэ тұман ораған кәрі жартастай бұрқ-бұрқ махорканың түтініне көміліп. Құлақ қыршыған шала орысшасымен, арасында күрк-күрк жөтеліп алып, міңгірлек мұңлы дауысын созып, ұзақ бір әңгімеге кіріседі. Ол кезде тайганың қары бұдан да аппақ, ағаштары бұдан да зәулім, қырандары бұдан да биік шарықтап ұшатын болыпты-дүр. Адамдар бүгінгідей киім киіп, от жағып, күрке тігуді білмеген. Жалаңаш-жалпы араласып аң-құспен бірге жүріпті. Түнде қасқырдың не аюдың апанында бүйіріне бүйірін төсеп, мамық жүніне көміліп бірге жатыпты. Ет жемеген, тірі жанды өлтірмеген. Тиіндер балқарағайдың басындағы жаңғағын шағып адамдардың аузына тосыпты. Жеміс-жидек жеген, шөппен, балмен қоректенген. Бұғының бұзауы бір емшегін емсе, екінші емшегін адам еміпті. Қасқырды да, аюды да, бұланды да емген. Неше түрлі аңның сүтін еміп, жылуын бойына сіңірген соң, сол аңдардай суыққа тоңбайтын, ауырмайтын төзімді, қайратты болыпты. Ағаштарды құшақтап, арқасын төсеп, жасыл шалғынға аунап, ыстық қайнарға шомылып бойларына қуат жинапты. Аң-құс, жел, жапырақпен сөйлесетін болған. Бүркіттер иықтарына қонақтап, бұлбұлдар құлақтарына қонып сайрайды екен-дүр… Несін айтасың, ол бір аң-құс пен адамның бір-біріне өшпенділігі жоқ, бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүрген заманы еді ғой. Сол уыздай ұйыған тіршіліктің шырқын абалаған итке шана жегіп түстіктен келген, үстеріне алба-жұлба тері киген, түрі жат, қызыл сақалды адамдар бұзды. Өздерімен бірге аузынан от құсатын қару мен отты су ала келді. Әлгі шынтақтай-ақ қару шаңқ етіп от бүріккенде, аюың да, қасқырың да, бұланың да тоңқалаң асады. Аң мен құсты шетінен жусатып қыра бастады. Үріккен аңға ілесіп адамдар да қашқан. Оларды да аяған жоқ. Аман қалғандарын ұстап алып, мәмлеге шақырды. Отты су берді. Онысы сиқырлы су екен. Есіңді алып есіртіп жібереді екен. Бір татып алған соң тағы да ішкің кеп ындының құрып тұрады. “Сендер аң-құстың тілін біледі екенсіңдер, көптеп ұстап берсеңдер, отты суды көп қып береміз” деді. Отты суға құмартып алған тайганың адамдары ештеңеден тайынған жоқ, кешегі өзінің бауырларына жауша тиді. Сөйтіп аң-құс пен адамның арасында өшпенділік туды. Бұғы мен бұлан, түлкі мен қоян адамды көрсе, қашатын болды. Тіс-тырнағы өткір, айбарлы қасқыр мен аю, жолбарыс пен қабылан адамға шапты. Тасадан тап беріп, жарып өлтірді. Аузы қанға малынып дәніккен соң, олар да жауыз бола бастады. Үлкені кішісін, күштісі әлсізін талап жеді. Қызыл сақалдылар отты сумен бірге тайга адамдарын талай өнерге баулыды. Ет жеуге үйретті. Әуелгіде өз бауырларымыздың етін қалай жейміз деп сескеніп еді, отты суға тойған соң бәрін ұмытты. От жағып тамақ пісіруге, жылы күркенің ішінде тұруға, аң терісінен киім киюге үйретті. Қызыл сақалдылардың бар тірлік қалпын қабылдап, солардай тамақ ішіп, солардай киім киіп, солардың істегенін істеп үйренген соң, бұлар да солардың өздеріндей жауыз, қатігез боп шыға келді.
Қазір оттың күйесі мен түтіні сіңген тайганың қары бұрынғыдай аппақ емес. Жауыздығы жоқ адам мен жан-жануардың кіршіксіз жүрек жылуымен көктейтін балқарағайдың ұшар басы бұрынғыдай шайқалып аспандағы бұлтты сапырмайды. Такаббар көк қыраны да шырқауда шаңқылдап ұшпай, жемтік іздеп төменге шүйілетін болған…


Қара сыбызғы

Қыс бойы қар астында бұйыққан тайга шуылдап жеткен ұзақ-қарғаның қарқылынан селт етіп оянып, ақ көрпесін серпіп тастады. Елжірей сүйген күнге кәрі денесін тосып, алты айрығынан тер жосып бусанып жатыр. Көк дүр көтеріліп, айнала көк теңіздей шалқыды. Жер де – көк, бұлтсыз аспан да – көк. Орманда бұғы мөңіреп, елік әупілдеп, көкек құйқылжыта мұң төгіп, бұлбұл сайрап… көгілдір әлем мың-сан үнмен қоңыраудай күмбір қағады. Тайганың аз күндік әдемі шағы туған еді.
Кәрі Угдэ қайтагүлдеген кәрі ағаш секілді, көктеммен бірге құлпырып, бірге қуанды. Қыс бойғы салыққан салқын жүз, жадау кейіптің ізі де жоқ. Күлміңдеп, алабұртып, өз-өзінен жасарып кеткендей, көзінен бір асау жалын жарқ-жұрқ ұшқындайды. Еріндігі мүжілген, жиырма төрт көзді қара сыбызғысы қолынан түспейді. Іргедегі жотаға шығып, толқыған көк майсаға тізеден көміліп, ылғи бір құйқылжыған сазды әуенді сызылта шалады. Ондайда аспанның бір пұшпағын сырлы мұңға толтырып, қиялай ұшып бара жатқан тырналар тізбегі қайрыла оралып, сиқырлы сазға арбалғандай, тырау-тырау үн қосып, қанаттарымен оңды-солды төңкеріле ырғалып, төбесінде шыр айнала үйіріліп жүріп алатын.
Әзиз-Сұлтан осынау қарт пен қызды танып-білген сайын таңырқай түсті. Пайда, кәсіп қуған көлденең көк атты келімсек біреу болмаса, тамыры тереңнен өнген шын тайга адамының бітім-болмысы мүлдем бөлек екен. Оларда пендеге тән уайым жоқ. Ішер ас, киер киімнен артық байлықты, сән-салтанатты іздемейді. Сондықтан олардың өмірі соншалық қарапайым, азап пен арпалыстан ада. Тек жан қызығымен әуре. Көңілдері жадырап, рахат күй кешсе болды, одан басқа ештеңені ойламайды. Бар нәрседен жақсылық, әдемілік іздейді. Желдің уілі, еліктің жаудыраған көзі, қарағайдың уылжыған жұпар иісінен қуаныштың тамшыларын жинап, жүректерін сарқылмас сыңғырлы қазынаға толтырады.
Угдэ аңның да, құстың да тілін біледі. Жаймашуақ ашық күндері орман ішін ұзақ аралайды. Сыбызғы шалып құстармен сөйлеседі. Сайрауық құстар сыбызғымен жарыса неше түрлі үнге салып құйқылжытқанда, қара орман қосыла жаңғырып, дүркірей шулап, мың-миллион жапырақтар қуана қол соғып теңселіп тұрады.
Ойлэн қоста отырып-ақ суқараңғы көзімен айналадағының бәрін, көз жетпес жырақтың өзін айнадағыдай көріп отырады. Бір күні орман жаққа алақанын тосты да:
– Әке, қоңыр бұғының бұзауы ауырып жүр екен, – деді. – Емдемесе өліп қалады-ау!
– Барасың ба, әлде осында әкелейін бе?
– Осында келгені дұрыс.
Угдэ желдің ығына қарай бағыттап ұзақ сыбызғы шалды. Бір уақытта қарсы беттегі қырдың арқасынан ормандай өсіп қалың мүйіз өріп шыға келді. Қалың шоғыр бұғы мөңіреп, бұқасы күжілдей өкіріп, чумды қоршай арқан бойы таяп келіп, үдірейе-үдірейе тоқтай қалысты. Ең соңында ілбіп ерген, маңдайында теңгедей төбелі бар қоңыр бұзау расында жүдеу екен. Көздері іріңдеп, қос бүйірі қабысып қалған. Әлі құрып, алдыңғы екі аяғын алға созып, шөптің үстіне жата кетіп еді, Угдэ сыбызғы тартып ұйықтатып тастады сол бойда. Ойлэн тізерлеген күйі бұзаудың әр жеріне екі алақанын бір алыстатып, бір жақындатып алма-кезек тосты. Шай қайнатым сол қимылын қайталап тапжылмай отырды. Бір уақытта:
– Болды, жазылдың! – деп бұзауды сауырынан алақанымен салып қалған. Бұзау ытқып тұрды. Көз оты жарқырап, қунақ. Қостан серпіле шегініп, анандайда шалғынды бырт-бырт үзіп, жайбарақат шашырай жайылып жүрген табынға қарай бір-ақ қарғып ата жөнелді.
Әзиз-Сұлтан аяғына қонып, буыны бекіп жүруге жараған соң қоста отырмайтын болды. Угдэге еріп орман аралап, өзен бойлап күн ұзын қыдырыстап кетеді. Угдэнің мінез-қалпы қызық. Мұндай кездері тым-тырс үндемейді тымырайып. Жапырайған танауының етегі қусырылып, сұс жиып сұрланып алады. Көзі жұмулы. Қурайдың өзегінде уілдеген желдің ызыңына, оңды-солды шайқалған қарағай басының суылына, көкектің мұңлы сұңқылына … сағаттар бойы құлақ тосып, қаққан қазықтай қимылсыз селтиіп тұрғаны. Бұл бірдеңе деп сөйлейін десе, үндеме дегендей қабағын тыржитып қолын көтереді:
– Тыс-с, дыбыс аулап тұрмын! Тайга жырлап жатыр!..
Бір уақытта бет-аузы жыбырлап, бір жымиып, бір түнеріп, өне бойы қалш-қалш дірілдеп бара жатады. Бүкіл денесі дыбыс аулайтын антеннаға айналып кеткендей. Көкірек буып буырқанған ала тасқынның алдын бөгей алмай, қолы дір-дір етіп апыл-ғұпыл асығыс сыбызғыны ерніне тосқан. Есіліп, еркелеген әсем үнді сызылта шалқытып-шалқытып жібереді…
Су жағаласа да сол қылық. Күркіреген сарқыраманың барқынында ұшқын атқан ақ көбікке көміліп, кемпірқосақ сәулесінің мың-сан жарқылына жүзін тосып сілейіп тұрады. Ұшар биіктен денесін сылқ тастап, шаншыла шапшыған ақ бұрқақ өкіріп, өксіп бір әуенді тынымсыз қайталайды. Ағысты қуалай құлдилаған сайын сарыл мен сарын бәсең, сылқ-сылқ күлкі, сыңғырға ауысады. Үлкенді-кішілі, қожыр немесе жылтыр малта тастарға соғылған толқын сылдырап, күбірлеп, сықылықтай қашады. Мың түрлі күлкі мен мұң, сыңғыр мен сыңқыл, уіл мен дірілді кеудесіне тұндырып, ыстық демін кәрі сыбызғының өзегіне үрлегенде, тайга аспаны гауһармен зерлеген күмбездей күмбірлеп қоя береді. Әзиз-Сұлтан сол сәт шұғынақтың көзін жарқ еткізіп ашқандай, жапырақтары жайнап, әуен ырғағымен теңселе жөнелгенін көрді. Жапырылып жатқан қау құрақ пен түйежапырақ жан біткендей тік көтеріліп, биіктеп барады.
– Міне, жел болмаса да, шөп-бұталардың өзінен-өзі жыбырлап, қозғала бастағанын көрдің бе? – деді Угдэ. – Өйткені олардың бойына дыбыстан қуат дарып жатыр. Шөп болсын, шөңге болсын дүниедегі өсіп-өнетін нәрсенің бәрінің тілі бар. Соның тілін табатын – дыбыс. Бала ананың әлдиіне неге маужырап ұйықтайды? Ақырған қатты дыбыстан адам неге шошып оянады, кейде жүрегі жарылып өліп кетеді? Дыбыстың бойында сиқырлы күш-құдірет бар. Дыбыспен тіршілікті емдеп өсіруге болады, тіршілікті өлтіруге болады. Мен сыбызғы шалып ауырған ағашты емдеймін, асау бұғыны жуасытамын… Бабамнан қалған сыбызғыға орман, судың, желдің, аң-құстың бәрінің дыбысы құйылған. Сол арқылы олардың жанын сөйлетіп, тілін сайратамын.
Тоғайдың әр тұсында шоғыр-шоғыр боп өскен мойыл, сиыр бүлдірген, жидек, қарақат, жатаған тастақ адырдың жақпарында шоқтанған тошала, таңғурай бар екен. Угдэ бұған дыбыстың сиқырлы күшін тағы да көрсетпек болды. Сол жерлерді аралап сыбызғы шалатын неше түрлі сазбен құбылтып. Күзге қарай әлгі жердің миуасы ерте пісті. Басқа алқаптағымен салыстырғанда әлдеқайда ірі әрі дәмді. Таңдайында уылжыған шырынды талмап отырып Әзиз-Сұлтан еріксіз таң-тамаша ғажаптанған.

Ең жақсы адам

Ойлэннің екі көзі суқараңғы демесең, көргіштігі сау адамнан бетер. Іштен зағип боп туып, бұл дүниенің жарығынан еш түсінік-хабары болмаса да, кез-келген заттың түс-бояуын, пішін-бейнесін ап-айқын айтады. Екі алақаны телевизор секілді, көз алдына тосса болды, жер түбіндегіні көре қояды.
Кешқұрым чумның ортасында шытыр-шытыр ұшқындап қоздай жанған отты көсеп қойып, қыз бен жігіт ұзақ әңгімелеседі.
– Ойлэн, сен тайгадан басқа жаққа барып көрдің бе? – дейді Әзиз-Сұлтан.
– Жоқ.
– Үлкен-үлкен қалалар, онда қабат-қабат биік үйлер бар екенін білесің бе? Алматы, Ташкент, Москва, Қазан секілді әйдік қалалар бар.
– Білем.
– Барғың келе ме?
– Барып қайтем. Бәрін көріп қойғам.
– Қалай?
– Алақанымды жайсам, қазір-ақ көрем.
– Тайга жақсы ма, қала жақсы ма?
– Бәрі де жақсы. Жақсы болмаса, адамдар тұра ма? Тек аю, түлкі, бұғы, бұландарды торға қамап қоятыны жаман екен.
– Қаланың несі жақсы?
– Адамдар көп. Одан кейін біз тон киіп жүргенде, олар көйлекшең жүреді.
Өзіне беймәлім, таңсық дүниені көз көргендей танып отырған қызға таң-тамаша боп, одан ары сөйлете түскісі келеді.
– Ойлэн, сен бәрін көре алады екенсің. Бірақ сен менің жүрегімді көре аласың ба?
– Мен сенің көзіңнен бәрін көремін.
– Қандай адаммын?

– Біреуді өлердей жақсы көресің. Сүйе білген адам – ең жақсы адам. Алғаш есіңді жиғанда, “Сәбира…” деп сандырақтап жаттың.
Әзиз-Сұлтан қалай күрсінгенін білген жоқ. Мұңайып төмен қарады.
– Ол да сені сүйеді. Өте қатты сүйеді. Бірақ сені қазір өлді деп ойлайды. Сонда да сені ұмыта алмайды. Көп жылайды. Күндіз-түні сені ойлаумен өмір сүреді. Қасында жаман адамдар бар, өте жаман. Солар азғырып жүр. Бірақ жүрегін азғыруға әлдері келмейді.
Жігіттің көңілі бұзылып, үнсіз қалған соң, әңгімені басқа жаққа аудармақ болды.
– Үй-ішіңнің жәй-күйін білгің келе ме?
– Арада қаншама мыңдаған адам мен үйлер бар. Солардың арасынан қалай танып білесің?
– Тұрған үйлеріңді көз алдыңа елестетші. Солар туралы ойлан. Айналасында не бар? Тау, орман?..
Ойлэн жүзін оңтүстікке бұрып, екі алақанын дөңгелете ұзақ ысқылап, көз алдына тосты. Оңды-солды баяу қозғалтып барып бір сәт қимылсыз қадалып қалды.
– Міне, міне, таптым. Қожыр тасты ирек-ирек жоталар, әне біреуінің төбесінде үш бұтты мосы ағаш шошаяды. Бергі бетіндегі жалпақ өзекте қалың аппақ ши. Шығысқа қарай үлкен кәрі терек өсіп тұр. Түу, қарғалар не деген көп, шыр айналып дөңгелеп ұшып жүр…
Көзіндегі суретті айнытпай айтып тұрғанына таң-тамаша аңтарылған Әзиз-Сұлтан:
– Иә, иә! – деп ентелей түсті. Адам бойындағы телепатиялық құбылыс туралы бұрыннан естіп-білгені бар. Баяғыда мектепте оқып жүргенде, “Лениншіл жас” газетінде “Әлемде талай қызық бар” деген тақырыпта неше түрлі ғажайып оқиғаларды жазатын. Бір жолы Монғолиядағы он үш жасар баланың алақаны арқылы мыңдаған шақырым жердегіні көретін ғажайып қасиеті туралы оқыған. Сонда көңілі сенбегенді, енді міне, көзімен көріп тұр.
– Үстірттегі мына жалғыз үй сенікі ғой, ә? – деді Ойлэн алақанындағы суретке үңіліп. – Іргедегі көлеңкеде арық сары ит жатыр. Тілі салақтап әрең дем алады, ауыру ғой деймін.
– Күн ыстық қой, ит ыстықта тілімен салқындайды.
– Қандай қызық, ә, біз тоңып, от жығып отырмыз, андағылар ыстықтан қайда тығыларын білмейді… Екі бала арбадағы шөпті қораның төбесіне лақтырып үйіп жатыр. Белуарына дейін жалаңаш, денелері қап-қара. Анау әкең шығар, еңкіш бойлы ұзын қара кісі қолын көтеріп, балаларға бірдеңе деп тұр. Оң аяғын сүйретіп басады, бет-аузы бір жағына қарай сәл қисайған.
– Апам көріне ме?
– Иттің жанында бүктүсіп бір әйел отыр. Аппақ шашы жайылып кеткен, жүзін көрсетпейді. Беліне арқан тағып, бір ұшын трактордың ескі дөңгелегіне байлап қойыпты…
Одан арғы сөзді Әзиз-Сұлтан естіген жоқ. Өзегін өртей соққан ащы запыран кеңірдегіне кептеліп, өксіп-өксіп жіберді. “Бейшара анам-ай, сорлап қалған екенсің ғой! Ақ сүтіңді ақтағаным осы ма? Не көрсеттім сендерге… қасіреттен басқа. Бәрі менің кесірім. Кешіріңдерші, қос мұңлығым! Қартайғанда сүйеу бола алмадым!..” Бетін басқан алақандардың жігінен ыстық тамшы мөлт-мөлт тамды.

Он бесінші тарау

ҚЫЗЫЛ ҚҰЙЫН
Сарнауық балқарағай 

Тас бетін аю шөп пен мүк басып, орман-тоғай желек жамылып, тайга көкке көмілгеннен бері өсіп-өнуге талпынған тіршілікпен бірге Әзиз-Сұлтан да бойына қайрат жиып, науқасынан бірте-бірте айыға бастады. Түрлі шөптің нәрінен қуат алған Ойлэн алақанының ыстық толқынын жіберіп, жігітті күніне неше дүркін емдейтін. Қай өсімдіктің қасиеті қандай дертке дауа екенін дөп басып, бүйрек пе, бауыр ма, шала біткен сынық па… әлсіреген мүшені жеке-жеке қуаттандырады. Қайың сауып, шырынын ішкізеді, түрлі шөптің тұнбасын сусын қылады.
Әзиз-Сұлтан әл жиып, буыны бекігендей болған бір мезетте, үшеуі жолға шықты. Қараңғы қалың норды ұзақ шиырлап, жалғыз өскен бір алып балқарағайдың қасына тоқтаған. Діңіне екі адамның құлашы әзер жетердей. Ұшар басы бұлт сапырып, көз суырған зәулім. Балағындағы бұтақтары салбырай жайылып, үй орнындай ауқымды көлеңкемен қымтаған. Өз-өзінен үн шалып, өзегінен әлдене жоғары-төмен күркіреп аққандай қоңыраулап сыңғыр қағады. Айналасы ақ сәулеге оранып, бойынан жылт-жылт ұшқын болар-болмас будақтай дірілдейді. Әзиз-Сұлтан маужырап, қайта-қайта есінеп, бір қуатты өріс сай-сүйегін шымырлатып, рахат раймен балбыратып бара жатқандай сезінді.
Угдэ жеткен бойда қысқа қайырып сыбызғы шалды. Дұғасын іштей күбірлеп, үшкілдеген қолдарын маңдайына тіреп, үш қайтара тағзым етті.
– Бұл – сарнауық балқарағай. Қасиетті ағаш. Міне, ызыңдап, зар төгіп тұрғанын көрдің бе? Бойымдағыны ал дейді. Қуаты тасып, өзегіне сыймай тұр. Мың жасаған. Тамыры жүз құлаш тереңнен нәр тартады. Міне, айналасы құрғақ, қу тақыр. Қар болмайды, қыста бу шегіп жатады. Өзегінде барлық дерттің емі бар. Бұтағына қыран қонып, діңіне бұлан мен бұғы, қасқыр мен аю сүйеніп, ауыруын жазып, бойына қуат жинайды. Біз де жылына бір рет келіп, ауыру-сырқауымыздан тазарып қайтамыз. Бұл менің түп бабам – Қара шаманның көзін көрген. Осы ағаштың түбінде түнеп, жындарын шақырыпты. Қыста жалаң аяқ жүреді екен, табаны тигенде қар пыш етіп еріп, ізінен бұрқ-бұрқ бу шығатын көрінеді. Бұл ағаштың қуаты күшті. Әлсіз денеге ауыр тиеді. Сені әбден буының қатайып әл жинаған соң әдейі әкеліп отырмыз. Ал, Құдайдан ізгілік тілеп, мейіріміне бөленейік. Тек жақсы ой, ақ ниетке беріл!
Үшеуі балқарағайды маңдай, кеуде, тізелерін тигізіп, үш жағынан қапсыра құшақтады. Діңді бойлай сытырлап зыңылдаған дыбыс лүп-лүп денесіне сіңіп, жып-жылы ағыс тамыр-тамырын қуалай жөнелді. Шай қайнатымнан соң арқаларын төсеп шалқалап тұрды. Әлі құрып балбырап қалғып кеткен… Көзін ашса, аюдың тұлыбына оранып бір шетте жатыр екен. Түн озып, таң атыпты. Тұлыпты серпе лақтырып, маужырай керілді. Бой-бойы шығып терлеген екен, денесі қунап, бір түрлі ширақ тартқандай сезінді. Балқарағайдың бұтағына қалың құс қаптай қонақтапты. Көзі алайған бір арық, ауыру бұғы діңіне сүйеніп тұр.
Әзиз-Сұлтан балқарағайдың түбіне түнеп қайтқаннан бері тез сауыға бастады. Бойы сергек. Ет жиып, бұрынғы қалпына келгендей болды.
Талай ай бойы қуатын науқастың бойына құйып, тынымсыз арпалысқан қыз әбден жүдеп еді. Бұлтиып тұратын бетінің қызылы өшіп, ұрты суалған. Үстіндегі киімі қолқылдап, денесі солып, қушиып қалған. Енді алаңсыз өз күтіміне көшті. Бабын келтіріп, табиғаттың шексіз қуаты мен сұлулығын қалауынша өз тәніне сіңірді. Орман арасындағы алаңқайларда гүлдердің не бір дүриясы өседі шоғыр-шоғыр боп: шоқтай жанған қызыл райхан, толқыған ақ жауылша, қалың бұйра сары тарлауық… Ойлэн күн сайын солардың ортасына барып, алақанын айналдыра тосып, сағаттап отырады. Үлбіреген торғындай ақ гүлдердің жұпарына денесін шомылдырады, қызыл райханның албыраған реңін ажарына қондырады. Солқылдаған ақ қайың мен жас шынардың өзегінен суырып қуатын алды. Сөйтіп, ажар мен нәрді бойына сіңіре берді, сіңіре берді. Жігіт жүрегіндегі өшпейтін анау бір қыздың бейнесі бақталастай боп көз алдында тұрып алды. Сондай болсам, содан асып түссем деген бір егес пайда болғандай. Өлі денеге жан салатындай құдіреті болғанмен жүрекке әлі келмейтінін біледі, әлбетте. Бірақ сонда да жігіттің алдында әдемі боп көрінсем деген бір тілек көңіл түбінен еріксіз көлбеңдей беретін.
Әзиз-Сұлтан қыздың күн санап көз алдында өзгеріп бара жатқанын көрді. Шикі майдың күлімсі иісі шығып тұратын денесі тазарғандай, жанай өткенде танау қытықтап қобыраған шашынан тайга гүлдерінің нәзік жұпары желпіп өтеді. Ұшына жұқалтым қызғылт жүгірген екі беті уыздай боп бұлтиып тұр. Кеудесі көтеріліп, мойыны мен иығы жұмырлана түскен.
Балапан қайыңның қасында тұрған қызға қарап:
– Сен әдемі боп барасың, Ойлэн! – деді жігіт әзілдей тіл қатып. Ақ қайың жапырағы сылдыр қағып теңселіп қояды. – Міне, рас, рас деп қайың да басын изеп тұр.
– Бәрі бір сенің жүрегіңдегі қыздай бола алмаймын!
– Сен өзіңше сұлусың!
Қыз үнсіз иегін көтеріп, суқараңғы көздерін әлдебір алыс нүктеге қадады. Ажары суып, көкірегі сілкіне күрсінді:
– Мына қайың қазір ғана жайқалып тұр. Ертең-ақ қыс келгенде суық ұрып, жапырағы төгіліп қурап қалмай ма?!.
Қыз көңіліндегі бұлаңдай қашқан құпия тілекті аңғармаған сыңаймен Әзиз-Сұлтан одан арғы сөзден тез бой тартып ала қойды.
Жапырақ жайған жас қайыңдай он тоғыздағы толықсыған бойжеткеннің бойындағы ана болуға талпынған табиғаттың бұла күші өссем-өнссем деп кенеріне сыймай бұлықсып жатыр еді.

Ұятты түн

Жаздың ортасы болатын. Тайгада сирек болатын май тоңғысыз жылы күндердің бірі. Әзиз-Сұлтан түн ортасында тосын дыбыстан шошып оянды. Не дыбыс екенін түсінбей аңтарылып құлақ тосса, іргеге қарап бүктүскен Угдэ басын бүркеніп, тұншыға өксіп жатыр. Айдаладағы жетім қос жаңғырып қасіретке қосыла үн қатқандай. Төбедегі шелек аузындай тесіктен дөңгеленіп түскен айдың жарығынан айнала ала-көбең бұлаңытады. Қарсы іргедегі Ойлэннің орыны бос. Аю терісінен тігілген жамылғының шеті де түрілмепті.
– Угдэ ағай, не болды? Ойлэн қайда! – деді мойынын соза орнынан көтеріліп. Шал мұрынын тартып, қыстыға егілді:
– Бар… Баршы тез! – деді есікке қарай қолын сілтеп.
“Бірі жылайды, бірі жоқ. Бұларға не болды?” деген әңкі-тәңкі оймен Әзиз-Сұлтан сыртқа шықты. Тайганың толған айы иыққа ауып барады екен шеңбірек атып. Болар-болмас самалдың желпіген сыбыры, жапырақтың сыбдырын баса-көктеп әлде-қайдан жеткен бір ерсі дыбыстан тұла-бойы түршігіп кетті. Ыңырсып, алқынып, арасында шыңғырған өксік араласады. Дыбысқа қарай жүрді. Қостың алды түйетайлы еңіс болатын. Емпектеп түсе берді де, шошына қалт тұрып қалды. Етектегі мүк басқан жалпақ аютастың үстінде аппақ боп біреу жатыр керіліп. Ойлэн! Тыр жалаңаш. Төңкерілген кәседей тіп-тік қос анарын алақандарымен уыстай қысып, жиырылып-созылып арпалысқан күйі етпетінен аударылып түсті. Қобыраған қара шашы жарты денесін жауып, жыртыла төңкерілген тоқ бөксе ай сәулесіне айрықша шағылысады мені көр дегендей. Екі аяғын көсіліп, тасты құшақтай, ұлы денесін үйкелеп, алқына арпалысады. Жігіттің дүрсілдей соққан асау жүрегі атқақтап кеудесіне сияр емес. Ербие төнген қап-қара көлеңкесі аппақ дененің үстіне қона кетіп, қыз қимылына қосыла изеңдеп тұр. Қыз:
– Келші! Келші! – деді құшағын соза сыбырлап. Жігіт шошынып шегіне берді. Өзін зорлай жалт бұрылып, жылдамдата басты аяғын. Көзіндегі елестен, құлағындағы дыбыстан тезірек аулақтағысы келеді. Бірақ өксіген, ыңыранған, демігіп жалбарынған, ызаланған… мың түрлі күйікті шердің жаңғырығы өкшелеп соңынан қалар емес. Екі құлағын басып жүгіре жөнелді.
Ай астында аппақ боп жарқырап кел-кел деп жатқан қыздан бұла күші бұлқынған жігіт басымен неге тұра қашты? Жоқ, бұл қашқан жоқ, Сәбира мұны “қарама оған, ештеңені естіме!” деп білегінен шап беріп ала-қашты. Жаңағы азапты сәттердің бәрі ұмытылып, сол бір аңсарлы, сәулелі күндерге қарай жүгіріп келеді, жоқ, жүгірген жоқ, ынтыққан жүрегі қиялдан қанат байлап, құстай ұшып келеді. Орман ішін ендей қанша жүгіргенін білмейді. Өкпесі өшіп, алқынып барып бір-ақ тоқтаған.
Сол түні де Алатау аспаны дәл осындай мөп-мөлдір еді-ау. Беткейге қаптай өріп бара жатқан малдай жал-жал қарағайлар қарауытады. Алаңқайға тігілген шатыр ішінде Сәбира екеуі ғана. Айлы түн. Алқынған жүрек. Демдері дірілдей, ыстық еріндер өртене табысып, алғаш рет ұзақ сүйіскен. Бір-біріне құмарта қараған тұнжыр көздердің тұңғиығында жарқ-жұрқ етіп қызғылт құйын ұшқындайды.
– Мен сенен қорқамын! – деді Сәбира есін жиып алған бір сәтте.
– Неге?
– Тиіспейсің бе?
Бұл нан тураған қара пышақты қолына алды:
– Маған сенбегенің үшін жүрегіме пышақ салам!
– Қойшы, кісіні шошытпай!
– Қалжыңдаймын, – деп пышақты төсектің ортасына қойды.
– Бұл не?
– Серт. Баяғыда сақ жауынгерлері жорықта жүріп, қыз бен жігіт еріксіз қатар түнегенде, адалдық үшін араларына семсерлерін қойып жатады екен. Біз де көшпенділердің ұрпағы емеспіз бе.
Сәбира күліп, мойнынан тас құшақтай алған. Сол жабысқан ыстық, адал құшақ таңертең маужырап оянғанша жазылмап еді-ау!..
Сол бір уылжыған уыз сезімді жүрегінде әлдилеп, көл жағасында қанша отырғаны белгісіз. Иіріле толқып, айдың тозған табағын дамылсыз тербеткен айдын беті бірте-бірте қара-көк тартып, тұңғиықтана берді.
Тайга таңы ұялып атты. Қылтиған күн қып-қызыл бетін жал қарағайдың қалқасына жасырып, қорғалақтап тұр.
Құспен бірге оянған Угдэ жотаға шығып, сыбызғы шалды. Жүрек суырған дірілді, мұңлы саз. Ұғынған көңілге көп-көп шерін шағынғандай. Өкініш зарын өкси айтып, өртене төгеді. Құс біткен үнсіз, шөп басы қимылсыз. Жапырақтар құлағы салбырап, сілкіне алмай тұнжырап, мүлгіп қалған. Тайга аспаны зар тұнып үнсіз күрсінеді.

«ЖҰЛДЫЗ» журналы




Көрілген: 13624    Пікірлер: 0

жұма, 12.03.2021, 08:03

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    21 Қаңтар, 13:46
    Нұрғали Ораз: Жеңіліс

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31