Психология

Адам болу рецепті

  • psychology-for-me.ru

    psychology-for-me.ru

Жетімдіктің ащы дәмін татқан бір жолдасымыз бар. Сол ілгеріде, енді перзент сүйген кезінде оқта-текте ішіп алып, бізге мұңын шағып: «Сендер бала тәрбиелеуді өз тәрбиелеріңе қарап оңай жүргізесіңдер. Мен кітаптан оқып бала тәрбиелеу керек пе, әлде бала тәрбиелеп кітап оқу керек пе – білмей дал болам…» деп жылайтын.

Әлгі «шарасыздың» қазір ата сақалы аузына түсті. Өзі де, балалары да жаман болмады.

Қазақта әдемі сөз бар: «Әкенің малы балаға мал болмайды» деген. Осыны біз көптен бері қате түсініп жүрміз. Дәл бүгін бәріміз «адам болу рецепті – мал табу мен дүние жинау» деген пәтуаға келгендейміз.

«Адам болудың» қарапайым мағынасы – ақылды болу. «Алтынның серігі («спутнигі») – уран» дегендей, ақылдың серігі – еңбек. Еңбекшілге, ізденгенге мал мен дүние қарапайым тұрмыс һәм қорек үшін ғана керек. «Арпа, бидай – ас екен, алтын, күміс – тас екен».

Мына заманда жетімек түгіл әке-шешесі бар жүгермек те, сыпайы түрде айтқанда, «еншім қайда?», «маған не қалдырдыңдар?» дейтін болды.

Кеше теледидардан кәмілетке толған бір жетім бала: «Өкіметке қапалымын. Бұрынғы заңда біз секілділер 18-ге толғанда үкімет жеке баспана беруі тиіс болатын. Енді ол маған мейірімсіз. Мен қалай мейірімді боламын?» деп сайрап тұрды. Сонда қалай, бүгін ата-анасы барлар бас-басына үй алып жатыр ма екен?..

Еңбекпен тапқан нәрсенің өте тәтті болатынын жетімдер ғана емес, бәріміз де білсек қой!

Байқадыр есімді мұғалім бүй дейді: «Осыдан 30 жыл бұрын потребительский көзқарас жастарды 10-20 пайыз шарпыса, қазір 40 пайызға дейін «дуалап қойғандай». Бұл қайдан шықты? Байдан шықты! Бай-бағыланның жаман тәрбиесінен өрбіді».

Сардарбек ныспылы арғы-бергі тарихты жақсы білетін азаматтың ойы әлгі деректі басқа қырынан байыптатады. «Мен қызық жағдайды байқадым,- дейді ол.- Кеңес тұсында үлкен қалаларға, жоғары оқу орындарына, биік қызметке арып-ашып жеткеннің 95 пайызы кәдімгі кедей-кепшік, жалаңбұттар еді. Солар «біздің жолымызды бермесін» деген дәстүрлі тілекпен балаларын тойындырды, киіндірді. Бұл шамадан тыс жүйесіз жүрді. Аштықтан зорыққан адам көп тамақ ішсе бірден өліп қалады. Біздікі соның кері болды. Ал, бұлар өзінің жасанды тойынғанын балаларына (кедейдің немересіне) «тектілік» ретінде көрсетті. Кеңес өкіметінің трагедиясы осында. Қазір осы процесс сәл басқаша жүріп жатыр…».

«Адам болу рецепті» дейміз-ау, біздің ауылда Мұсылманбек есімді қария жасады. Өзі соғысқа да барған, аянбай еңбек те еткен. Адал жұмысының арқасында ілгеріде ферма да басқарыпты. Оның көп қызы және жалғыз ұлы болатын. Бір қызығы, сол ұл немересі құралыптас кенжесі еді.

Ауылда жұмыс шашетектен. Сондықтан ер адамға көмекші керек. Мұсекеңде ол жоқ. Бала жас. Сол себепті бар жұмысты ол өзі митыңдап атқаратын.

Бұл кісі 70-жылдары әбден шау тартты. Ауыл алақандай. Бар жаңалық белгілі. Бір шамада Мұсекеңе пошта арқылы екі-үш айда бір ақша келе бастайды. О заманда ауылдан ақша салу бар да, ауылға ақша алу (пенсиядан басқа) өте сирек қой. Мұны пошташыдан естіген жұрт аң-таң.

Сөйтсе, Мұсылманбек соғысқа дейін үйленген екен. Алғашқы әйелінен бір ұл сүйіпті. Бірақ дәм-тұз жараспаған да, ол апамыз баласын жетектеп алыс жаққа көшіп кеткен… Мына «батпан құйрық» ақша – сол ауылдан тарыдай болып амалсыз аттанған баланың ақшасы екен.

Құдайдың құдыреті, үлкені бар, кішісі бар – ауыл мына мейірімділік пен қайы¬рымдылыққа таң қалды. Әкенің ыстық ықыласына тоймаған, ауыл парасатының уызына жарымаған, «ел айырылып» түу алысқа аттанған «жартылай жетімек» сан қызын ұзатып, жұртта қалғандай болған шалға ақша салады. Бұл не деген керемет?..

Шағын ауыл осының жұмбағын таба алмай тұрғанда, Дәукен есімді Мұсекеңнің ағасы сынды ақсақал бүй деген-ді: «Алла разы болсын! Негізі, ит жылы кеткен анау келін жаман емес еді. Текті жердің қызы болатын. Сол бейбақ баланы әкесіне қарсы қоймай тәрбиелеген боп тұр ғой, шамасы!».

Бүгінгі орыстың «Жди меня!» деген хабарындағыдай, әлгі алыстағы бала өзін баптап ұшыра алмаған ауылына ақыры бір соқты. Мұсылманбек сап-сары адам еді, мына ағамыз да оның аузынан түскендей шикіл сары, жұқа кісі екен. Мұны естігенде қаймана ауыл адамдары, әсіресе кемпірлер жағы «Е, қайтсін бейшара! «Ат айналып қазығын табады» деген, бұ сол ғой!» деп қуаныштан жылап жүрді.

Бірақ ешкім Мұсылманбектің құдай берген осы баласынан «адам болу рецептін» сұрамады. Сұраса да ол айтпас еді.

Филология ғылымдарының

докторы, профессор Дихан Қамзабекұлының

«Қазақ болмысы…» мақаласынан алынды.


akikatkaz.kz

 




Көрілген: 2402    Пікірлер: 0

бейсенбі, 29.01.2015, 14:54

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    5 Мамыр 2015
    Қыздың қулығы
    25 Наурыз 2015
    Әр минутта бақыт бар
    27 Ақпан 2015
    Әже махаббаты
    20 Ақпан 2015
    Мінезіміз қандай?
    3 Ақпан 2015
    Фотосы бар материал Адам неге жылайды?
    30 Қаңтар 2015
    Неліктен жалғызсыз?
    29 Қаңтар 2015
    Адам болу рецепті
    28 Қаңтар 2015
    Темперамент
    27 Қаңтар 2015
    Әке туралы сыр...
    26 Қаңтар 2015
    Фотосы бар материал Мұғалім имиджі

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30