Алматыдағы мергеннің әскери дайындығына таңғалудың қажеті жоқ – Е.Карин
Бүгінде Алматыдағы атысты ашқан Руслан Күлікбаев атты қылмыскердің нақты бір діни ағымға қатысы бар-жоғы әлі анықталған жоқ. Дегенмен, оның атқан оқтарын дәл тигізгеніне қарап, әскери дайындығы жоқ деп айта алмайсын. Кешегі атыста бірнеше полицей қаза тапса, қалғандары ауыр халде жатыр. Саясаттанушы Ерлан Кариннің ойынша, қылмыскердің әскери дайындығына таңғалудың негізі жоқ, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Себебі көптеген радикалды топтардың мүшелері, шын негізінде, бастапқыда кәдімгі қылмыстық топтардың мүшесі ретінде бастайды. Яғни олар кәдімгі қылмыскер болғаннан кейін қару-жарақпен түрлі әрекеттер жасаумен бірге пайдалануды да меңгереді, үйренеді деген сияқты. Сондықтан да осындай қылмыскерлердің қару-жарақты қолдануына таңғалудың қажеті жоқ», - деді саясаттанушы Е.Карин бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Айта кетейік, күні кеше Алматының халқын дүрліктірген мергеннің оғынан үш полицей мен бірнеше бейбіт тұрғын қайтыс болды. ҚР Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымовтың айтуынша, Р.Күлікбаев осы қылмысқа полицейлерден өшін алу үшін барған. Оған қоса, аталған әрекетке дейін ол бір адамды өлтірген. Ал ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Владимир Жұмақановтың сөзіне қарағанда, қылмыскер түрмеде отырғанда сәләфиттерге жақын жүрген.
Арман АСҚАРОВ
baq.kz/kk/news/kogam/kilmiskerdin_askeri_daiindigina_tankaludin_kazheti_zhok__ekarin20160719_132800