Алашты алаңдатқан сауал

Әскери міндетті атқару тұратын жерінен өзге аймақтарда жүзеге асырулуы тиіс деген пікірмен келісесіз бе?


Әмірбек ТӨГІСОВ, генерал-майор, әскери сарапшы:

– Менің ойымша бұл дұрыс шешім емес. Әрине, сол ауылда қызмет атқарсын демеймін. Бірақ, тұратын жерінен 100-200 шақырым жерде қызмет атқарғаны дұрыс. Қазіргі уақытта азаматтарымыз бір жыл әскери қызмет атқарады. Мысалы, қыста 5-10 градустан артық суық болмайтын оңтүстік өңірде туып-өскен баланы 40 градус аяз болатын солтүстік аймаққа апарғанда ол жерді жерсініп, суығына бейімделгенше жарты жыл өтеді. Керісінше солтүстіктің баласы оңтүстіктің 40 градус ыстығына бейімделуі қиын. Арасында бейімделгенше жиі-жиі ауыратындар болады. Бар болғаны бір жылды, бейімделуге емес, әскери қызметтің қыр-сырын үйренуге жұмсау керек қой. Оған қоса, арасында ата-анасының барып, баласының жағдайын біліп тұруына да қолайлы болады. Туған-туысының жиі хабар алып тұруы, базбір келеңсіз жағдайлардың да алдын алар едік. Жақын жерде қызмет атқарса, сарбаздар сұраусыз кете береді дегенмен келіспеймін. Қай жерде болмасын, сарбаз әскери бөлімнен сұраусыз кете беретін болса, онда ол әскери бөлімде тәртіп жоқ деген сөз. Әскерде темірдей тәртіп болуы тиіс. Тәртіп бұзғандар әскери жарғы бойынша жазалануы тиіс. Әскери бөлім командирлері өз міндеттерін сержанттарға жүктеп, өздері өз шаруаларымен жүрмеуі тиіс. Егер командирлердің өзі тәртіпті сақтамаса, ондай бөлімде тәртіп дұрыс болмайды.



Айтқали ЕСЕНҚҰЛОВ, Әскери қызметкерлер одағының төрағасы, запастағы генерал-майор;

– Менің ойымша, әскери міндетті тұратын жерінен өзге аймақтарда ғана атқару туралы шешім дұрыс болды. Кеңес Үкіметі кезінде әскери міндетті 500 шақырымнан жақын жерде атқаруға рұқсат болған жоқ. Оның бәрі зерттеліп барып, бекітілген болатын. Өйткені, жақын жерде қызмет етсе, сарбаздардың үйіне кетіп қалу жағдайы жиілеп кетеді. Оған қоса, туыстары да қайта-қайта сұрап алып кетеді. Мен министрдің орынбасары болып тұрған тұста, Арыстағы әскери бөлімдердің бірін тексердім. Ол әскери бөлімде қызмет атқарып жүргендердің арасында 40 бала Арыс қаласынан шақырылған екен. Түнде казармаға барсақ, 21 сарбаз жоқ. Бірі сұранып, бірі қашып, үйіне кеткен болып шықты. Сонымен қатар, егер сарбаз әскери бөлім ауағынан шығып кетіп, қандай да бір төтенше жағдайға тап болса, оған әскери бөлім басшылығы жауап береді. Сондықтан әскери міндетті тұрғылықты жеріне жақын маңда атқару дұрыс емес. Мәселен, түнде әскери бөлімде дабыл қағылса, үйлеріне кеткен сарбаздарды қалай жинап алады?! Ал, өзге аймақта қызмет атқарса, олар ешқайда кетпейді. Әр кез казармадан табылады. Әрі шыңдала түседі.



Құбаш МЕҢДІҒАЛИЕВ, саясатанушы:

– Сараптап қарасақ, тұрғылықты тұратын аймақта әскери міндетін атқарғаннан келер зиян жоқ. Қайта, тиімді сияқты. Ең алдымен, егер ата-анасы, туған туысы жиі хабар алып тұрса, командирлер өз жұмысына жауаппен қарайтын болады. Әскери бөлімдерден орын алып жататын келеңсіздіктер азаяр еді. Егер сарбаз әскери бөлімнен өз еркімен кетіп қалса, бұл сол бөлімдегі әскери тәртіптің әлсіздігі. Демек командирлер өз міндеттерін дұрыс орындамайды деген сөз. Сонан соң, мұның қаржылық жағынан да тиімді болатынын айта кеткен жөн. Мысалы он мыңдаған баланы 100 шықырым жерге тасымалдауға жұмсалатын қаржы мен екі мың шақырымға тасымалдауға кететін қаржының айырмашылығы аз емес екенін аңғару үшін қаржыгер болудың қажеті жоқ шығар. Мысалы, еуропаның көптеген елдерінде азаматтар әскери міндетін тұрғылықты жері бойынша өтейді. Тіпті, әскери қызметті күндіз атқаратын елдер де бар. Ең бастысы әскери бөлім командирлері өз міндеттеріне жауапкерлікпен қарап, дұрыс атқаруы қажет. Ондай болмаған жағдайда, сарбаз әскери міндетін қай жерде орындамасын, дұрыс нәтиже болмайды.




Көрілген: 1935    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 14.04.2014, 14:07

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30