Ауылға «қолжетімді баспана» бағдарламасы керек пе?
Ғани ҚАЛИЕВ, «Ауыл» партиясының төрағасы:
– Ауылда «қолжетімді баспана» бағдарламасын жүзеге асыру үшін кешенді түрде көптеген жұмыстар атқарылуы керек. Ең алдымен ауыл халқына арнап жұмыс орындарын ашу керек. Екі қолға бір күрек тауып бере алмасақ ауылда халықты ұстау қиын. Олар қалаға қарай ағыла береді. Мейлі хан сарайын тұрғызып берсек те жұмыссыз халық ауылға тұрақтамайды. Сондықтан ауыл шаруашылығын дамыту бағытында, ауыл қаланың асыраушысына айналатындай, мал шаруашылығы, егін шаруашылығы бағытындағы талай істің бойына қан жүгірту керек. Ауылдық жердегі суармалы жердің 30 пайызы, жайылымдық жердің 70 пайызы игерілмей жатыр. Кеңес одағы кезіндегідей ауылдарымызды қалыпқа келтіретін болсақ әрине «қолжетімді баспана» арқылы салынатын үйлерге де сұраныс артар еді. Жұмыс орындарын ашсақ қана ауылға адам тарта аламыз. Көп жұмыс көп адамды қажет етеді. Жұмыс болса қалада пәтерде үйсіз-күйсіз жүрген жастар ауылға ағылады. Өз кезегінде бұл көш ауылдық жерде баспаналардың салынуын қажет етер еді.
– Қазір ауыл халқы толассыз қалаға ағылып жатыр. Жетіскеннен емес, ауылда жұмыс болмаған соң, өмір сүруге жағдай жасалынбаған соң көшіп жатыр. Егер ауылда кәсіп көзін ашып, халықтың өмір сүруіне жағдай жасасақ олар көшпес еді. Өйткені оларды қалада да құшақ жая күтіп отырған ешкім жоқ. Сондықтан ауылға халықты тұрақтандыру үшін «қолжетімді баспана» бағдарламасы керек. Ауылда қарапайым дәрігер, ұстазды табу қиын болып барады. Ұстаздың бәрі әмбебап, дәрігердің бәрі бесаспап. Егер аталмыш бағдарламаны жүзеге асырсақ ауылға маман тартуға да мүмкіндік туар еді. Ауылда жұмыс көзін ашсақ, баспанаға да сұраныс артары сөзсіз.
Амалбек ТШАНОВ, Қазақстанның құрметті құрылысшысы:
– Ең алдымен ауылға барып тұрам дейтін маман бар ма өзі? Сұраныс болмаса ол бағдарламаны жүзеге асырып қайтеміз? Құр айдалаға апарып үйлерді салып тастағанмен онда тұратын адам болмаса не пайда? Сондықтан үйлерді кімдер үшін саламыз? Қажеттілігі бар ма? Қажеттілігі болған күннің өзінде оларды сатып алатын адамдар бар ма? Ауыл халқының жалақысы мардымсыз, ендеше оларға банк те несие бермейді. Демек салған үйлер, құрылыс материалдары өзін өзі ақтамайды. Біз қазір «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы арқылы ауылға барған жас маманға ақша береміз, үй береміз, жұмыс береміз деп қыруар уәде үйіп төксек те ауылға тарта алмай отырмыз. Өйткені ауылға маман тарту үшін кешенді түрде қыруар жұмыс атқарылуы керек. Тағы бір айта кетер жайт «Қолжетімді баспанаға» қала халқының қолын жеткізе алмай отырғанда, ауыл халқына тиіспей қоя тұрайықшы.