Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Азиада ойындары қазақ жастарының қысқы спорт түрлеріне қызығушылығына түрткі бола ала ма?

29 қаңтар 2011, 16:54


Мэлс Елеусізов, «Табиғат» экоодағының төрағасы:
– Біздің қазақтың балалары көбіне қара күшті қажет ететін күрес, бокс сияқты спорт түрлерімен айналысады. Олар шаң­ғы теуіп, конькимен сырғанауға, хоккей ойнауға онша қы­зық­пайды. Былайша айтқанда, қазақ жастары командалық жарыстардан гөрі жеке өнер көрсететін спорт түрлеріне бейім. Мұның бәрі, негізінен, отбасындағы және ортадағы тәрбиеге байланысты. Елімізде қысқы спортты дамытып, оған қазақтың ұл-қыздарын тарту үшін тиісті мекемелер кешенді түрде жұ­мыс жүргізу керек. Әсіресе ауыл жастарын бейімдеуді қолға алу қажет. Әлем назары ауып отырған Азиада біраз жастарға ой салады деп ойлаймын. Спорттың басы-қасында жүрген шенеуніктер де ойлануы керек. Жалпы, қысқы спорт түр­ле­рін­де қандастарымыздың үлес салмағы көп болуы үшін оны да­мытуға байланысты шараларды ауылдардан бастау керек. Өйткені қазақтардың дені ауылдық жерлерде тұрады. Осы­лай­ша, болашақ жеңімпаздарды бала кездерінен дайындауға кіріспесек болмайды.

Есей Жеңісұлы, республикалық «Ұлан» газетінің бас редакторы:
– Елімізде өтетін Азиада ойындары қазақ жастарының қысқы спорт түрлеріне қызығушылығын оятуға түрткі болады деп толық се­німмен айта аламын. Өйткені оның аясында өтетін барлық жа­рыстар мен басқа да іс-шаралардың барысы республикалық те­леарналар мен баспасөздерден көрініс тауып отырады. Бұл жа­ғынан алғанда, қысқы спорт түрлерін насихаттау бағытындағы ақ­­параттық қолдаудан ешкім кемдік көрмейді. Меніңше, «Бұл ме­нің Азиадам!» деп ұрандап жүрген, еліміздің намысын қор­ғайтын өзге ұлт өкілдерін жеңіс тұғырынан көрген кез келген қазақ баласының көкейінде «өз туымды неге мен өзім желбі­рет­пеймін» деген намыс пен арман ояну керек.
Өкінішке қарай, біздегі мықты бапкерлер мен білікті спорт мамандарының барлығы дерлік – орыстілді азаматтар. Бұл мәселе де қандастарымыздың қысқы спортқа келуіне кері әсерін тигізуде. Ал алты ай қысы бар қазақ жерінде қазақ баласы шаңғы мен конь­кидің үстінде тұра алмайды деген – өте ұят нәрсе. Қалай бол­ғанда да, бапкерлердің де жайын ойласу керек сияқты.

Айдар Қырықбай, «Жас Отан» жанын­дағы «Заңғар» шы­ғар­машылық бірлес­тігінің төрағасы:
– Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары елімізде көптеген эконо­ми­ка­лық қиындық болды. Соның салдарынан әсіресе мәдениет пен спорт­ты лайықты дәрежеде дамытуға мүмкіндіктеріміз аз болды. Бірақ соңғы жылдары аяғынан тік тұрған жас мемлекетіміз бұл салаларға барынша көңіл бөліп келеді. Елімізде жиі өтіп тұратын халықаралық жарыстар соның бір көрінісі бола алады. Ал Азиаданың өтуі – бұл біздің елімізде спорттың дамып жатқандығының айқын дәлелі. Де­ген­мен еліміз бойынша қысқы спорт түрлерімен шұғылданатын қан­дас­тарымыз өте аз екені көңілге көлеңке түсіретіні рас. Бүгінде еліміздің әр қаласында бірнеше мұзайдындары жұмыс істейді. Бұл Азиаданың әсері екені даусыз. Ал қалаларымыздан басқа ауыл, аудандарда мұз­ай­дындары, шаңғымен жүгіру орындары жоқтың қасы. Мектептердегі денешынықтыру сабақтары да тиісті бағдарламалармен жұмыс істей бер­мейді. Сол үшін Туризм және спорт министрлігі елімізде кенжелеп қал­ған қысқы спорт түрлерін дамытуға қатысты арнайы жоба-жоспар жа­сау керек.