Алашты алаңдатқан сауал

Бағдарлама бойынша салынатын үйлердің шаршы метрін қымбаттату дұрыс па?



Меңлібай Мырзахметов, техник-ғалым, ҰҒА академигі:

- Бағдарлама бойынша салынатын үйлердің әр шаршы метрін қымбаттату туралы ұсыныс тектен-текке шығып отырған жоқ. Нарық заңына сай мәселе осылай орын алып отыр. Келешекте «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы аясында салынатын баспананың құнының әрбір шаршы метрі 10 мың теңгеге артпақ. Бұған елдегі құрылыс материалдарының қымбаттауынан басқа  түрлі себептер толып жатыр. Мәселен, құрылыста істейтін жұмысшылардың жалақысын өсіру, құрылыс сапасы  артуы үшін арнайы маманданған жұмысшыларды қызметке алу, құрылысқа сапалы өнімдерді пайдалану қызметінің барлығы дерлік ауқымды қаржыны талап етеді. Осындай себептерді алға тартып барып  Өңірлік даму министрілігі  тұрғын үйлердің әр шаршы метрін қымбаттату туралы баса айтып отыр.  Бұл жайттарды ескерсек, нарықтың заңына орай мұндай қадам бізге керек болып отыр. Демек, бұл қымбаттатуды дұрыс деуге тура келеді.




Ғабиден Жайлин, заңгер:

- Бағдарламаның әу баста жобасы жасалып, жоспарлы экономикаға негізделгеннен кейін бұл жерде нарықтық баға туралы сөз қозғаудың өзі негізсіз. Себебі бағдарлама алдын-ала жоспарланды, сол жоспар бойынша тұрғын үйдің бағасы орта есеппен есептелді емес пе?! Бір ғана «Қол жетімді баспана 2020» бағдарламасы 2020-шы жылға дейін жоспарланғанын ескерместен, елдегі тұрғын үй бағасын жыл сайын қымбататтып отырсақ, бұл бағдарламалар өзін-өзі ақтамай қалады. Болашақта «қолжетімді» деген бағдарлама халыққа «қолжетімсіз болмасын» десек, тұрғын үй саласындағы негізсіз баға өсіміне шектеу енгізу керек. Жалпы, соңғы 12 жылда елімізде баспана бағасы 600 пайызға дейін қымбаттаған. Бұл - әлемде жоқ көрсеткіш. Бізге осыбір салаға қатысты қатаң қадағалау, бақылау жұмыстарын енгізу қажет. Себебі қазірде мемлекет қазынасынан ең көп қаржыландырылатын да осы сала. Сондықтан бұл салаға құйылып жатқан қаржыға мемлекеттік бақылауды күшейткен абзал.




Артық Сейітқалиева, «Адал» тұтынушылардың құқын қорғау бірлестігінің төрайымы:

- Қазірде қарапайым халықтың ең үміт артып отырған бағдарламасының бірі осы «Қолжетімді Тұрғын үй-2020» бағдарламасы.  Бұл бағдарлама бойынша салынатын тұрғын үйге қол жеткізу үшін қаншама қауым банктерге салым жинап жатыр?! Біздегі бұқараның жанын ауыртар тұсы баспана екенін біле тұрсақ та, елде әлі де ауқымы кең, сауатты бағдарламалардың бары күмәнді. Себебі халықтың, әсіресе ауылдан қалаға күнін көру үшін жұмысқа келген  жастардың баспана мәселесі мүлдем шешілген жоқ.

Бұған қоса қаншама жылғы «табан ақы, маңдай терін» жиып, оны банкке жинап, қиналып баспана алған елдің де сенімі ақталмай отыр. Себебі жаңадан «элит класс», «эконом-класс» деп салынған баспаналар іргетасымен қоса опырылып, құлап жатыр. Ал мұндайда біз тұтынушылардың қандай құқы жөнінде айтуымыз керек? Егер бағаның өсірілгеніне қарай ол баспана сапалы етіп салынса, құрылысқа сапалы материалдар қолданылып, техникалық сапасы 100 пайыз кепілдікке ие болса, онда бағаны өсіре берсін. Бірақ ең күлкілісі, сол сапа стандартын меңгере алмай отырып, бағаны аспандатып жіберуге құмармыз ғой. Бұған бір шектеу қойылуы керек. Осы саладағы мемлекеттік бақылау нығаймай, тұтынушы өз деңгейіндегі сұранысқа ие бола алмайды. Сондықтан жоғарыдан бір мықты қадағалау керек. Сонда ғана біздің атқарушы билік іске кірісер еді.




Көрілген: 1806    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 20.01.2014, 15:48

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30