Алашты алаңдатқан сауал

«Балалар үйінің басшылары азаматтардың бала асырап алуына мүдделі емес» деген пікірмен келісесіз бе?



Аманкелді АЙТАЛЫ, қоғам қайраткері:

– Мұндай әңгіменің айтылып жүргені рас. Дегенмен, жалпыға бірдей топырақ шашуға болмайды. Олардың ішінде өз мүддесін ойлайтындар да бар шығар. Бірақ, балалардың мүддесін жоғары қоятын адал жандардың да бар екенін жоққа шығармауымыз керек. Асырап алушылар талап етілетін құжаттардың көп екенін айтып, шағымданып жүреді. Бірақ, бұл жерде талап  етілетін құжаттар тізімін балалар үйінің басшысы емес, үкімет дайындайтынын ескеруіміз керек. Егер қажетсіз құжаттар талап етіліп жатса, бұл үкімет тарапынан жіберілген қателік. Соңғы кезде балалар үйін жауып, жетімдерді жаппай патранаттық тәрбиеге беру жайлы сөз қозғалып жүр. Мен балалар үйін жаппай жауып тастап, бірден патронаттық тәрбиеге көшу дегенді құптамаймын. Қазіргі таңда патронаттық отбасылар жұмыс жасап жатыр. Алдымен, солардың қандай нәтиже беретінін байыптап алуымыз қажет. Шынымен-ақ олар өз тиімділігін дәлелдеп жатса, онда ақырындап сол жүйеге көшуге болады. Ал, балалар үйінің бәрін бір сәтте жауып тастау әлеуметтік мәселе туындатуы мүмкін.




Асылы ОСМАН, Мемлекеттік тілге құрмет бірлестігінің төрайымы:

– Жетімі мен жесірін жылатпаған қазақ қоғамында балалар үйі болуының өзі көңілге қаяу түсіреді. Бірақ, бұл – бүгінгі өмірдің шындығы. Ал, бала асырап алу мәселесіне келсек, осы жағдайдан да пайда тапқысы келетіндердің бар екенін есітіп жүрміз. Өткенде теледидардан бала асырап алғысы келетіндерден балалар үйінің басшысы ақша сұрағаны туралы айтылды. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деп дана бабаларымыз тегін айтпаған ғой. Әрдеңені сылтауратып, баланы асырап алуға бермеу үшін кедергі жасап бағатындар да бар көрінеді. Бәлкім, оларда «ертең адамдар балалардың бәрін асырап алса, жұмыссыз қаламыз» деген үрей де бар ма екен, кім білген?! Әйтсе де, бала асырап алушы шет елдіктердің бар мәселені ақшамен шешетіні де сөз болып жүр. Оларға көмектесетін делдал компаниялар да бар екен. Бірақ, мен, өз басым қазақ балаларын шет елге асырауға беруді қолдамаймын. Меніңше, Үкімет жетімдердің балалар үйінде емес, отбасыда тәрбиеленуі үшін бар жағдайды жасауы тиіс. Сонда, мынадай мәселе туындамайды.




Дос КӨШІМ, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы:

– Мен бұл саланың ішкі жағдайымен жіте араласып көргем жоқ. Сондықтан бұл сауалнамаға маман ретінде емес, азамат ретінде жауап беремін. Егер балалар үйінің басшылары азаматтардың бала асырап алуына қандай да бір кедергілер жасап жатса, онда біздің заңымыз соған мүмкіндік тудырып отыр. Бұл жерде балалар үйінің басшысынан гөрі, асырап алушыдан талап етілетін қажетті құжаттар тізімін жасап отырған Үкіметтің кінәсі көп сияқты. Кей талаптар азаматтың бала асырап алуына кедергі жасайды. Міне, осындай жағдайда жемқорлық орын алуы ықтимал екендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан бала асырап алушыларға қойлатын талаптарды сараптап, қайта жасау керек. Қазіргі күні ашылып жатқан патронаттық  отбасылар көңілге қонымды. Туған болмаса да, баланың ата-ана мейірімін көріп өскені дұрыс. Сондай-ақ, мен, шет ел азаматтарының бала асырап алуына да қарсы емеспін. Біздің азаматтарымыз мүгедек балаларды асырап алғысы келмейді, ал шет елдіктер оған қарамайды. Шет елдік отбасыларда тәрбиеленіп жатқан, Қазақстаннан асырап алынған балалардың жағдайын теледидардан көріп жүрміз. Оларға барлық жағдай жасалған. Cондықтан, мен шет елдіктердің бала асырап алуына қарсы емеспін. Әр бала отбасыда тәрбиеленуге, ата-ана мейірімін сезінуге, бақытты болуға құқылы. Ол үшін мемлекет бар мүмкіндікті жасауы, ал қоғам одан қалыс қалмауы тиіс.




Көрілген: 1996    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 10.02.2014, 13:57

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30