Балалары қандай да бір қылмыс жасаған шенеуніктерді қызметінен босату керек пе?
Мейрам ҚАБДРАХМАНҰЛЫ, сарапшы-маман:
– Кезінде кеңестік жүйеде шенеуніктер бір ғана баласы үшін емес, жиған-терген байлығы үшін де жауап берді. Мысалы, ол кездері бір басылым бетінде қандай да бір шенеуніктің «мынанша жиғаны бар екен» деген ақпарат жарияланса, оны дереу мемлекеттік тексеруге алатын. Бұл қаржыны ол қайдан алды, мемлекеттің қазынасын жымқырған жоқ па, осының барлығы қатаң електен өткізілетін-ді. Сондай-ақ ол тұстары баласы үшін әкесінің жүзі қызарған, әкесі қызметтен шеттетілген, заң алдында ата-анасы жауап берген жайттар да кездесті. Қазір де біз үшін толық сондай әдіс-тәсілге көшудің, әрине, аса қажеті бола қоймас. Дегенмен өркениетті қоғамға ұмтылған мемлекет ретінде шенеуніктерге белгілі бір жауапкершілік жүктелгені жөн. Олай етпесек, расымен де, ата-анасының лауазымын пайдаланып, шенеуніктердің балаларының кеудемсоқтанып жүргені баршылық. Ендеше, бұған бір мемлекеттік қадағалау қажет. Тоқтам мен тыйымнан саналы тәрбиенің бастау алатынын ескерсек, мұндай тыйымның артықтығы болмайды.
– Негізі, 18 жасқа толған әр азамат өз ісіне өзі жауап беруі керек. Мысалы, кәмелеттік жасқа толған қандай да бір азамат қылмыс жасады делік, ол әкесінің болмаса туысының қызметіне кері ықпалын тигізбеуі тиіс. Біздің еліміздің заңы бойынша мұндай жағдайда сол қылмысқа жол берген азаматтың өзі әкімшілік жауапкершілікке тартылуы қажет. Бұл сауалды сіздер алты адамды бірдей қағып, жол апатына жол берген шенеуніктің баласына қатысты қойып отырған боларсыздар деп ойлаймын. Осы бір жол апатына себепкер болған жігіттің әкесі ЕХРО-2017 ұлттық компаниясының құрылыс жүргізу департаментінің директоры екені мәлім болды. Ескерсек, жігіттің жасы 24 жастан асқан. Ендеше, кәмелет жасынан асып кеткен азамат өзінің қолымен істегенін мойынымен көтеруі керек емес пе? Бұл жерде баласы үшін әкесін айыптап, оны қызметінен босату әрекетіне барудың қажеті жоқ. Себебі біздің елде заң бойынша кәмелеттік жасқа толған баласының жасаған қылмысын ата-анасына кінә етіп тақпайды. Ол азаматтың жас мөлшерін ескерсек, ол өз ісіне заң алдында өзі жауап беруі тиіс.
Аймара ТІЛЕУКИНА, әлеуметтанушы:
– Шенеуніктердің азаматтық парызы халық үшін қызмет ету екенін ескерсек, сол шенді-шенеуніктердің ел алдындағы жауапкершілігін арттыру үшін мұндай шара бізге керек. Баласының істеген әрекеті әкелерінің қызметіне әсер етпесін десе, ол шенеуніктің баласы еліміздің заңына бағынуы тиіс. Мәселен, жүргізуші куәлігі жоқ болса да көлік тізгінін ұстайтындар да сол шенеуніктердің балалары, әкесінің мансабына сеніп әртүрлі шектен тыс әрекеттерге баратындардың да бір парасы сол шенеунік мырзалардың балалары. Мен бір мысал айтайын, Швеция заңдарында шенеуніктердің өздеріне арналған белгілі бір пункттер бар. Егер қылмыс жасаушы немесе қылмысты ұйымдастырушы белгілі бір лауазымды қызметтегі тұлғаның баласы тіпті туысы болса, оған тағылар айып та бөлек. Ол елде баласымен қоса әкесі де жауапқа тартылады, баласы қылмыс жасағаны үшін әкесі қызметінен алынады, шенінен айырылады. Сондықтан бізде де мұндай бір шаралар болуы қажет. Олай етпесек, біздің шенеуніктердің балалары қоғамның, әлеуметтің алдындағы жауапкершіліктерін тасада қалдырып жататыны жасырын емес.