Алашты алаңдатқан сауал

Банк алдындағы ата-анасының қарызын кәмелеттік жасқа толмаған балаларға жүктеу дұрыс па?



Бейсенбек ЗИЯБЕКОВ, қаржыгер:

– Біздің елде бизнестің пайдасын ғана ескереді де, оның әлеуметтік, моралдық жауапкершілігін ұмыт қалдырады. Немесе ондай жауапкершіліктен жалтарудың неше түрлі жолын ойлап табады. Кәмелет жасқа толмаған балаларға ата-анасынан қалған банк алдындағы несие қарызын жүктеу де осындай құйтырқылықтың бірі. Кәмелет жасқа толмаған балаларға ата-анасынан қалған банк алдындағы несие қарызын жүктеу деген адамилыққа да жат қой. Кез келген банк несие берерде болуы мүмкін тәуекелдерді ескеруі керек. Сонан соң сақтандыру деген бар емес пе? Менің білуімше ондай жағдайлардан сақтандырылады. Барлық банктердің өздерінің сақтандыру компаниялары бар. Несие берген кезде банк борышкерден сақтандыру жарнасын ұстап қалады. Сол сақтандыруға ұстап қалынатын қаржы қайда жұмсалады? Мысалы мың адам несие алса, соның біреуі қайтыс болуы мүмкін. Сол мың адамнан ұстап қалынған сақтандыру жарнасы осындай жағдайларда қайтыс болған борышкердің қарызын жабуға жұмсалуы тиіс. Банктердің «ондай қарыздарды кеше берсек, банкротқа ұшыраймыз» деуі де қисынсыз. Осыдан біраз уақыт бұрын еліміздегі банктердің бірі анасынан қалған несие қарызды екі жасар баланың мойнына артқан болатын. Таяуда ғана 11 жасар қызға анасының қарызын жүктегені туралы айтылды. Кәмелетке толмаған баланың жауапкершілігін ата-анасына жүктеу деген болушы еді, ал ата-анасының жауапкершілігін кәмелетке толмаған балаға жүктеу қай жағынан алғанда да қисынсыз.



Есберген АЛАУХАНОВ, заңгер:

– Заңда кәмелет жасқа толмаған баланың жауапкершілігін ата-анасына жүктеу деген бар, ал ата-анасының жауапкершілігін кәмелетке толмаған балаға жүктеу деген заңға қайшы. Алайда, бұл тұста банктер қулыққа барады. Несиелік келісім-шартта «борышкер қайтыс болғанда, несие қарызы борышкердің мұрагеріне өтеді» деп көрсетіп қояды. Ал, мұндай әрекет заңға қайшы емес. Қазақта әкесінен қалған қарызды баласы, яғни, тікелей мұрагері өтеуі тиіс деген ұстаным бар ғой. Заң бойынша да мұрагерге дүние-мүлікпен бірге қарыз да мұраға қалады. Банктер заңның осы бабын өз мүддесі үшін пайдаланады. Сондықтан заңға банктер үшін бұл баб жұмыс істемейтіндей қосымшалар мен түзету енгізу керек. Сонда банктер кәмелет жасқа толмаған балаларға ата-анасынан қалған несие қарызды жүктей алмас еді. 




Серік ОСПАНОВ, Мәжіліс депутаты:

– Еліміздегі банктердің бірінің11 жасар қыз балаға қайтыс болған анасының банк алдындағы несие қарызын өтеуді міндеттеп отырғаны туралы мен де естідім. Жалпы бұл ақылға сыймайтын жағдай екен. Сонда кәмелет жасқа толғанда, ол бала өмірін қарыз өтеуден бастауы керек пе? Бұл баланың болашағына балта шабу емес пе? Меніңше, мұндайға жол беруге болмайды. Несие келісім-шартынан мұндай тармақты мүлде алып тастау керек. Банк – ламбард емес, ол қаржы институты. Ата-анасынан қалған қарызды кәмелет жасқа толмаған балаға аудара салмай, несие берерде банк барлық тәуекелдерден сақтану жолдарын қарастыруы тиіс. Банктер үлкен несие берерде кепіл талап етеді. Ол жерде ешқандай мәселе туындамайды. Ал кепілсіз несиенің мөлшері 5-10 млн теңге болуы мүмкін. Мәселе осы жерде туындап отыр. Бұл банк үшін теңіздегі тамшыдай ғана. Ал, бала 18 жасқа толғанда оған ата-анасынан қалған 10 млн қарызды артып қойса не болады?  Оған банктің пениясын қосыңыз. Негізі банктерде қайтымсыз несие, яғни, несиелердің белгілі бір пайызының қайтпау ықтималдығы қарастарылған. Міне осындай жағдайдағы несие қарызы қайтымсыз несиеге жатқызылуы керек.   




Көрілген: 1890    Пікірлер: 1

сәрсенбі, 02.04.2014, 14:48

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30