Алашты алаңдатқан сауал

Банктер табысынан айрылған адамдарға несие өтеу шарттарын өзгертуі керек пе?



Камал Бұрханов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Әр адамның әлеуметтік жағдайына қарай қайта құрылымдау процесі кезінде несиені жеңілдетіп отырғаны әрине дұрыс. Банктердің пайыздары өте жоғары.Дамыған елдерде сыйақы мөлшерлемесі 2-4 пайыз ғана. Бізде 12-14 пайыз. Оған тағы қызмет пайызы мен комиссияларды қосыңыз, сонда жылдық пайыз мөлшерлемесі 20-дан да асып жығылады. Мен мұны үлкен проблема дер едім. Негізі ең дұрысы, екінші деңгейлі банктер несие берерде адамның әлеуметтік статусына айрықша мән берулері тиіс. Жалпы, шарттарды жұмсартудың жолдарын заңмен бекіткен дұрыс. Иә қазір банктерге осы сынды талаптар қойылып, ол заңдастырылған. Алайда банктер көп жағдайда оны орындамауға жанын салады. Өйткені банктерге бұл тиімсіз. Сол себепті әрбір несие алушы тұтынушының өзінің сауатты болғаны абзал. Өзіне заңмен берілген артықшылықтарды банктің орындауына қол жеткізіп отырғандары дұрыс. Мұндай тұйыққа тірелген жағдайды тек банкроттық арқылы ғана шешуге болатын сияқты. Ондай болса, елімізде банкроттық институт ашу керек. 




Дәурен Арын, заңгер:

– «Банкроттық туралы» Заң бізде 1997 жылы қабылданған болатын. Бұл тұрғыда тәжірибеге Дүниежүзілік банктің бірлескен экономикалық зерттеулер бағдарламасы алынған-ды. Еліміздегі банкроттық мәселелерін құқықтық реттеуді жүзеге асыратын заң әзірге біреу. Заң – заңды тұлғаны банкрот деп танудың және оны таратудың, сондай-ақ соттан тыс тарату рәсімінің шарттары мен тәртібін белгілейді. Қазір енді  «Жеке адамдарды банкрот деп тану туралы» мәселе көтерілуде. Мұндай заң әлемнің көптеген елдерінде бар. Десек те, банкрот деп - несие алғандардың бәрін бірдей емес, тек табысы көзі тоқтап, денсаулығынан айрылған азаматтар ғана танылуы қажет. Әңгімені бірден банкроттықтан бастап кетудегі себебім, сіздер айтып отырған проблеманы шешудің ең тиімді жолы осы ма деймін. Өйткені қазірдің өзінде банктерде табысынан айрылған адамдарға несие өтеу шарттарын өзгертудің бірнеше құралдары бар. Алайда банктер оны орындағысы жоқ. Ондай болса, бәлкім аты бар, заты жоқ заң талаптарын орындатудың және банктердің жауапкершілігін арттырудың тетіктерін жасау керек шығар? Әйтпесе, орын алып отырған түйінді мәселе одан бетер ушыға түсе ме? Проблемалық несиелер қазір 27 миллиард долларға тең. Теңгемен шаққанда 4,3 триллион.




Олжас Құдайбергенов, Макроэкономикалық зерттеулер орталығының директоры:

– Әрине керек, мен мұндай ұсынысты талай мәрте көтергенмін. Әсіресе ипотекалық несие алғандардың көпшілігінің қалі мүшкіл. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң жобасына  жеке тұлғалар банкроттығы мәселесі енгізілсе деймін. Сондай-ақ, бұл заңда борышкердің несиесін қайта құрылымдап, сыйақы мөлшерлемесін төмендету, жеңілдік мерзімдер ұсыну, егер адам жұмысынан шығып қалса, онда ол тағы бір жұмысқа орналасқанша өсімпұлды немесе басты қарызының бір бөлігін шегеру секілді тиімді шарттары қарастырылса, тіптен жақсы. Сонымен қатар, айталық,  қарызының бір бөлігі шегерілген банк тұтынушысы қандай да бір санкцияларға бой ұруы тиіс: белгілі бір кезеңге дейін несие ала алмайды немесе 2-5 жыл бойына шетелге шығуға тыйым салу дегендей. Шегерім мерзімі қаншалықты көп болса, шектеу де сонша уақытты қамтуы тиіс. Әрине, барлық жағдайда адам өзінің материалдық жағдайындағы өзгерістер туралы банкті хабардар етіп, есеп беріп отыруы қажет. Егер қайта құрылымдау процесі барысында борышкердің несиені жағдайы бола тұра, қасақана төлемегендігі анықталса, онда оған соттың шешімімен қандай да бір қатаң шара қолданылғаны дұрыс.




Көрілген: 1639    Пікірлер: 0

бейсенбі, 23.01.2014, 15:25

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30