Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Базар бағасын қолдан көтерген алыпсатарларды ауыздықтаудың амалы бар ма?

14 маусым 2011, 17:44


Мырзагелдi КЕМЕЛ, Президент жанындағы Мемлекеттiк басқару академиясының академигi:
– Нарықтық бағаны реттеу қиын. Дегенмен, реттеуге болмайды деп қол қусырып қарап отыруға болмайды. Жергiлiктi әкiмшiлiк, құзырлы басқару органдары бағаның не себептi қымбаттап отырғанын анықтап, негiзсiз болса, алыпсатарлардың жүгенсiздiгiне тосқауыл қою шараларын жасауы тиiс. Менiңше, бағаны тұрақты ұстау үшiн әрбiр ауданда коммуналдық көтерме базарлар қызмет көрсетуi керек. Мәселен, ауылшаруашылығы өнiмдерiне қатысты бiр жылға 500 тонна ет аламын, оның 300 тоннасын Қарағандыға апарамыз деген сияқты қожалықтармен келiсiмшарт жасаған жөн. Осындай нағыз еуропалық үлгiде нарықтық қатынастарға көшетiн кезге жетiп қалдық. Өз басым аграрлық экономист ретiнде ет өнiмдерiнiң қымбаттауына қарсылығым жоқ. Өйткенi қазақтың көбi ауылда тұрады, ауылдағы ағайын өз еңбегiнiң жемiсiн көруi керек. Астанаға 10 жыл бұрын келгенiмiзде еттiң келiсi 120 теңге едi, қазiр 700 теңге болды. Ет бiзде ғана емес, Еуропада да 5 еуродан 10 еуроға көтерiлдi. Бiрақ девальвация екен деп бағаны құтыртқан алыпсатарларға кешiрiм жасалмау керек.

Серiк ӘБДIРАХМАНОВ, саясаткер:
–    Алыпсатарлар бағаны мәжбүрлi түрде өсiрiп отыр. Себебi олардың саудаға шығарып отырған тауарлары мен заттарының көп бөлiгi сырттан келедi. Алма қытайдiкi, көкөнiстер өзбектiкi, мiне, тағамдардың өзiнiң 70 пайызы сырттан әкелiнедi. Ал тиiсiнше шеттен келген дүниенiң шығыны да көп болады. Шекарадағы кеденшiлердiң «тонайтынын» қосыңыз. Екiншiден, базарлардың басым бөлiгi әкiм, қаралардың жекеменшiктерi. Сондықтан базарлардағы орындардың жалдама құны да қымбат. Үшiншiден, теңгенiң құлдырауына байланысты баға да қымбаттайды. Бұл – экономиканың заңы. Бұл мәселенiң алдын алу үшiн ауылшаруашылығына дұрыс көзқарас қалыптасу керек. Аграрлы секторға қанша ақша бөлiнетiнiн бәленбай жыл депутат болсам да бiлмей кеттiм.

Тасбай СИМАМБАЕВ, сенатор:
–    Бағаны күшпен ұстап тұруды нарық заңы көтермейдi. Базарларды аралап, ауылшаруашылығы өнiмдерiнiң бағасын өсiрмеудi қадағалап жүргендер экономика заңын бiлмейтiндер. Елдi мекендердi аралап келдiк. Сонда байқағанымыз, ауылдық азаматтардың өнiмдерiнiң өтпей жатқандарын көрдiм. Бұл шағын және орта бизнестiң дамуын тежейдi. Бағаны қадағалауға қауқарлы болатын болса, әкiмдер жанар-жағармайдың бағасын түсiрсiн. Мұнайдың әлемдiк бағасы төрт есеге төмендедi, ал жанар-жағармай бағасы он пайызға ғана арзандады. Тағы бiр айтатын мәселе, электр энергиясы қымбаттап кеттi. Үкiмет осы саладағы бейберекетсiздiктi реттеуге күш салу керек деп ойлаймын.