Еліміздегі бизнестің өз қызметкерлері алдындағы әлеуметтік жауапкершілігіне көңіліңіз тола ма?
Альмира Ізбасарқызы, Ұлттық ақпараттандыру орталығының президенті, педагогика ғылымының докторы, академик:
– Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары көптеген компаниялар нарықтың иірімдерін білмеді де, жүйесіз жұмыс істеді. Тек соңғы жылдары ғана оң өзгерістер байқалуда. Алайда мен өз басым бір жақты айтпас едім. Оң істер де бар, кемшілік те жоқ емес. Негізі алғашқы рет бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі турасында Елбасы Н.Назарбаев 2005 жылғы халыққа Жолдауында және ІІ Республикалық кәсіпкерлер конференциясында айрықша тоқталып өткен болатын. Әлеуметтік жауапкершіліктің маңыздылығы іскери стандарттар және жалпы басқару; білім және адам потенциалын дамыту; адам құқығы, еңбек стандарттары және еңбек дауларының алдын алу; экономикалық даму; денсаулықты жақсартып, қоршаған ортаға оң ықпал ету. Аяғынан тік тұрып кеткен ірі компанияларда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жолға қойылып келеді. Ал кішігірім, яғни жыртығын жамай алмай отырған кәсіпкерлер бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі дегеннің өзіне жауапсыз қарайды. Олар өзге тұрмақ, өздері дұрыс қамтамасыз етіп отырған жоқ. Түрлі айла-амалдарды тауып, қулық-сұмдыққа баратындар солар. Десек те, біздің елде корпоративтік мәдениет біртіндеп дамып келеді.
– Халықаралық деңгейде қалыптасқан түсінік бойынша, әлеуметтік жауапкершілік саясаты дегеніміз – қауіпсіз еңбек ахуалын қалыптастырып, әлеуметтік жоғары жалақы тағайындау, экологиялық сауаттылықпен қоршаған ортаны қорғау, жергілікті жерлерде маман кадрларды даярлауға көңіл бөліп, «әлеуметтік қамсыздандыру жасау, тұрғындардың бүгінгі және болашақтағы сапалы тұрмыс жағдайына қол жеткізу. Ал енді «осы айтылған іс-шаралардың барлығы бізде жасалынып жатыр ма?» деген сауал қояйықшы... Күмілжіп қаламыз. Демек, бізге әлі көп нәрсені жүзеге асыру керек. Қазір жақсы болды, 2008 жылдан бері Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» конкурсы ұйымдастырылып жүр. Бәйге компанияларды бір жағы – ынталандырса, екінші жағы – бәсекелестікті арттырып отыр. Өкінішке қарай, әлеуметтік жауапкершілік тұрмақ, жұмыскерлердің тиесілі жалақысын бермей, артын дауға ұластырып, адам құқығын бұзып жатқан кәсіпкерлер жоқ емес. Осындай компанияларды қатаң жазаға тартып, олардың әлеуметтік жауапкершіліктерін арттыру кей кездері кемшін тартып жатады. Қазақстандағы әлеуметтік жауапкершілік сапасын жақсартамыз десек, алдымен соларды жолға қою керек.
Құнанбай Тобатаев, экономист-сарапшы:
– Әлеуметтік жауапкершілікті арттыру үшін әр компанияның өздеріне тән белгілі бір өлшемдерін қарастырған жөн сияқты. Әлеуметтік жауапкершілік саясатын кәсіпорындардың бәріне бірдей қолданған дұрыс емес дер едім. Айталық, ірі бизнестің әлеуметтік бағыттағы шығындарының басым бөлігі жұмыскерлерінің біліктілігін жетілдіріп, ерікті медициналық сақтандырумен қамтамасыз ету болса, шағын кәсіпорын үшін жұмысшыларына жалақыны уақтылы төлеп, жұмыспен қамтамасыз етіп отыруының өзі – әлеуметтік жауапкершілікті білдіреді. Осы тұста айта кетейін, көпшілік шетелдік компаниялардың әлеуметтік пакеті жоғары. Өкінішке қарай, біздің елде бизнес пен қоғам арасындағы өзара қатынастың тиімді тетігін қалыптастыратын стратегия жақсартуды қажет етеді. Тіпті мына нарықтық қатынас жағдайында мұндай саясатты халықаралық стандарттарға сай жүргізу керек дер едім. Ондай болса, жаңа талаптар туындап жатқанда бұрын қабылданған әлеуметтік бағдарламаларға өзгерістер енгізсе тіптен жақсы.