Алашты алаңдатқан сауал

Халықтық наурыз VIP-наурызға айналып кеткен жоқ па?



Жәди ШӘКЕН, жазушы:

– Қазақ наурызды Самарқанның көк тасы еріген күн деп сипаттайды ғой. Күн мен түн теңескенін бай мен кедей, бүкіл халық бірге қарсы алған. Бүгінде бұл күн мемлекеттік мерекелердің қатарында тұрға­нымен, оны атап өту барысында бірқатар кем­ші­ліктер байқалып жатқаны рас. Орталық алаңдарда іші сан түрлі әбзелдермен жабдықталған киіз үйлер ті­гіледі. Бірақ соған халықты жолатпайтыны кейде қы­зық көрінеді. «Ойбай, мынаған кірмеңдер, қазір рек­тор келеді», «әкім келеді», «бастық келеді» деп, жұрт­ты киіз үйдің маңына жолатпай қояды. Сол қонақтары уақытында келмесе, жұрт бес-алты сағат бойы босағада телміріп күтіп тұрады. Сол киіз үйлерді шенеуніктер өздері отырып, көже ішу үшін тіктіргендей көрініс береді.




Серік АБАС- ШАХ, телепродюсер:

– Вип-наурызға айналып бара жатыр деп ойламаймын. Киіз үй дегеніміз – жай ғана алаңның сәнін келтіріп тұру үшін тігіледі. Оған үлкен ақын-жазушыларды, қоғам қайраткерлерін, шенеуніктерді ғана кіргізіп жатса ренжуге болмайды. Себебі бүкіл халық симайды. Үйде қонақ күтсек те, оны сыйлауға тырысамыз ғой. Мені алаңдататын басқа нәрсе. Біз наурызды «жалпыхалықтық мереке» деген статусынан айырып жатқандаймыз. Неге? Себебі біз наурызда көже ішіп, басымызға жараспайтын қалпақ киюмен шектеліп қаламыз. Кез келген телеарна, баспасөздерге назар аударсаңыз наурыздың шығу тегін, оның тарихын, қазақтардың қалай тойлағанын жарыса жазып жатады. Өткен шақтың мерекесі ретінде ұсынып отырмыз. Одан қалса, тек қазақтың немесе мұсылмандардың мерекесі сияқты сипат жасап береміз. Соның кесірінен ол бүгінгі күннің мерекесі ретінде жалпыхалықтық деңгейде емес, шағын топтың архаикалық мерекесі ретінде аталып келеді. Мүфтидің құттықтауымен шектеліп қалуға болмайды, өйткені біз мұнымен «бұл – қазақтардың мерекесі» деген сияқты басқа халықтарды итермелеп тұрмыз.




Алтай ТАЙЖАНОВ, философия ғылымының докторы, профессор:

– Біраз уақыт үзілістен кейін Наурыз мерекесін 1989 жылдардан бастап қайтадан атап өте бастадық. Колбиннің кезінде Наурызды қалай атап өткен болсақ, қазір де солай атап өтіп жүрген сияқтымыз. Ол кездері аудандарды күштеп қалың қардың үстіне ағаш үй тіккізеді. Сол үйлер еш уақытта халық үшін тігілмейді, оған тек партияның адамдары мен шенеуніктер кіретін. Сосын олар келмейінше той басталмайды. Мұғалімдер мектеп оқушылары мен студенттерді күштеп шақырады. Олар шенеуніктердің келуін күтіп, тоңып далада тұрады. Кетіп қалуға тағы рұқсат жоқ. Сосын шенеуніктер келген кезде этнографиялық мереке басталады. Қазір де сол көрініс қайталанып келеді. Бұл дұрыс емес. Наурызды – жаңа заманның халықтық мерекесіне айналдыру керек. Киіз үй мен ұлттық киім наурыздың атрибуты бола алмайды.




Көрілген: 1511    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 24.03.2014, 10:13

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30