Алашты алаңдатқан сауал

Халықтың шындыққа емес, сыбысқа көбірек сенуіне не себеп?



Тоқтамыс МЕҢДЕБАЕВ, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылым академиясының академигі:

–Кезінде Ұлттық банктің төрағасы болған Марченко да ылғи «теңгенің құнсыздануы мүмкін емес, оған ешқандай негіз де жоқ» деп халықты сендірген болатын. Одан кейін үшінші ақпан күні ғана Келімбетов баспасөз жиналысын өткізіп, теңгенің құнсызданбайтынын жария етті. Бірақ бұдан кейінгісін халықтың өзі көрді, теңге бір-ақ күнде девальвацияға ұшырады. Мұның барлығы халықтың шенеуніктерге деген сенімсіздігін тудырады. Осыны пайдаланып әлдебіреулер «банктер банкрот болады» деп қауесет таратып еді, халықтың бәрі байбалам салып, салған депозиттерін қайтарып алып жатыр. Бұл ең бірінші, жауапты органдарға халықтың сенімі мейлінше азайып кеткендігін көрсетеді. Мұның алдында да теңге құнсызданғанда халық жинаған ақшасынан бір-ақ күнде айрылып қалған болатын. Мұның бәрі халықтың есінде. Біздің шенеуніктер де қызық. Газет-журналдарға сұхбат бергенде болмаған нәрсені айтады. «Мұндай өндіріс орны ашылды, мұнша адамды жұмыспен қамтыдық, жұмысшыларға керемет жағдай жасадық, пәтер бердік»,- дейді. Дәл осы туралы сондағы жұмысшылармен сөйлесетін болсаңыз, оның бәрі өтірік, козбояушылық екеніне көз жеткізесіз. Демек, күнделікті өмірде де әкімдемдің, шенеуніктердің айтатын өтіріктері өте көп. Сондықтан халық оларға сенбейді. Есесіне, бір қауесет шықса, халық оған иланып, дау тудырады. Демек қоғамда сенім жоғалды. Оны қалпына келтірудің жолын іздеу керек. 




Атамұрат ШӘМЕНОВ, экономика ғылымдарының докторы, профессор:

–Қазір қоғамда сыбыс, сымсыз телефон дегендер белең алды. Бұған шенеуніктердің өзі итермелеп қойды. Халықты бірінші өздері алдайды, сосын өздері туындаған дауды баса алмай әбігерге түседі. Әйтпесе, көрші Ресейде де рубльдің құны төмендеді. Бірақ ол жақта дүрбелең болып жатқаны байқалмайды. Сондықтан мемлекеттік органдарда отырған шенеуніктер де кезінде «алдағы уақытта девальвация болады-ау, теңге құнсыздануы мүмкін» деген секілді қауесеттерді таратып отыруы тиіс еді. Халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізгенде, мұндай дау-жанжал болмаған болар еді. «Әкесі өлгенді де естіртеді» демекші, түбі болатын жағдайда «болмайды» деп айтудың керегі жоқ. Әйтпесе, теңгенің құнын ұстап тұру үшін алты айда 6 миллиард доллар жұмсаппыз. Осы бізге керек пе? Одан да халыққа үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, «осынша қаражатты одан да экономиканың басқа саласын дамытуға жұмсайық» дегенде халық түсінер еді. Сондықтан халықтың қауесетке, сыбысқа көбірек сенуіне Ұлттық банктің өзі себеп болды деп есептеймін.




Ерасыл ӘБІЛҚАСЫМОВ, қоғам қайраткері:

–«Ұзынқұлақ» деген қазақта атам заманнан бар. Оның үстіне қазір жұртшылық шенеуніктерге сенуден қалған. Олар халықты жиі алдайды. Сондықтан қарапайым көпшілік шындыққа емес, сыбысқа, қауесетке сенетін болды. Егер олар шын мәнісінде халыққа жаны ашитын болса, мұндай дүрбелеңнің туындауына жол бермес еді. Осыдан бес жыл бұрын теңгеміз 25 пайызға құнсызданған, енді міне, арада бес жыл өткенде тағы төмендеді. Әйтпесе, ақшаның құнсыздануы тек бізде ғана емес, Түркияда, Бразилияда, Үндістанда, Ресей де болып жатыр. Мен мұны дұрыс деп есептеймін. Егер теңгені бұрынғы қалыпта ұстап тұрсақ, жағдай бұдан да жаман болар еді. Бұл жерде тек бір-ақ мәселе, халықтың табысын индекстеу керек еді. Теңге 20 пайызға төмендеді ме, халықтың табысын да соған сай көтеру қажет. Сонымен бірге азық-түлік, тағам түрлерінің бағаларына бақылауды күшейткен жөн. Бірақ бізде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасына толық бақылау жасалынып отыр деп айта алмаймын.




Көрілген: 1491    Пікірлер: 0

бейсенбі, 20.02.2014, 14:52

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30