Алашты алаңдатқан сауал

Инвесторларды әлеуметтік тұрғын үйлер салуға ынталандыру мүмкін бе?



Меңлібай Мырзахметов, техника ғылымының докторы, профессор:

- Егер сауатты жүйелей алсақ, бұл мүмкін нәрсе. Инвесторлардың барлығы елімізге мұнай-газ өндіруге ғана келіп жатқан жоқ қой. Құрылыс саласына да инвестиция құйып одан табыс көзін тауып отырған инвесторлар бізде баршылық. Егер сол инвесторларға арнайы міндеттеме қойып «біз инвестиция құюға елде қолайлы жағдай жасап, белгілі бір жеңілдіктер қарастырамыз, ал сіздер өз тараптарыңыздан әлеуметтік тұрғын үйлер салуға ықпал етесіздер» деп оларды ынталандырып отырсақ, бұл мәселе шешімін табар еді. Қазірде елде мемлекеттік бағдарламалар бойынша салынатын Тұрғын үйлер  тіптен аздық етіп отыр. Мысалы,  еліміз бойынша 2012 жылы баспана кезегінде  тұрған 147 мың адамның 4 мың 901-і, яғни, 3 пайызы ғана Тұрғын үйге қол жеткізген. 2013 жылы бұл кезек қайтадан 200 мың адамға толыққан. Соның 6 мыңы ғана баспанамен қамтылған. Бұл да 3 пайыздық меженің айналасы. Сонда жыл сайын кезекке тұрғандардың 3 пайызын ғана қамти алатын болсақ, біз қалайша елдегі баспана машақатын шеше аламыз?! Сондықтан бұл жерде осы тәсілге жүгіну арқылы пәрменді жобаларды ойластырған абзал.



Алмас Тұртаев, Мәжіліс депутаты:

- Бізде халықты арзан баспанамен қамту мақсатында «Қол жетімді Тұрғын үй 2020» бағдарламасы бар. Егер осы бағдарламаны орындауда ешқандай заң бұзушылыққа жол берілмей, істі ұйымдастыру сауатты жүйеленетін онда халықты баспанамен қамту сәл де болса жеңілдер еді. Біз инвесторларды әлеуметтік тұрғын үй салуға жұмылдырғымыз келеді. Әрине, бұл өте ұтымды дүние болар еді. Елдегі алпауыт компаниялардың акция пакеттерін иемденіп отырған инвесторлар мұндай шараларға ат салысып отырса қанекей. Шағын біріккен кәсіпорындарға инвестиция құятын инвесторлардың шама-шарқы бұған келмес, ал ірі инвесторларды бұған жұмылдыру керек. Олар әлеуметтік баспаналар тұрғызып, өндіріс орындарында жұмыс істейтін жұмысшылар осы арқылы арзан баспанамен қамтылып жатса бұл - дұрыс. Ендеше бұл жерде инвесторларды ынталандыратын механзимдерді ұйымдастырған жөн. Оларға салықтық жеңілдіктер қарастырып, инвестициялық жобаларын мақұлдауда түрлі жеңілдіктерге рұқсат беріп отырсақ, бұған олар ынталы болады. Демек бұл мәселені зерттеп, ойланған жөн.



Мұрат Ғылманов, ҰҒА академигі:

- Өкінішке қарай, бұл біздің инвесторлар мен ірі компаниялардың құлағына әзірге жетпей жүр. Оларға арзан үй тұрғызғаннан гөрі 16 қабатты үй тұрғызып, оның әр пәтерін 100-200 мың АҚШ долларына сату әлдеқайда тиімді. Сондықтан ондай инвесторлар «арзан пәтерлер тұрғыза қояды» дегенге сену қиын.  Жалпы, қазірде, тұрғын үй нарығындағы алыпсатарлар тіптен өршіп кетті. Бүгінде олар арзан үйді қос-қостап алып қояды. Бір адамның басында оннан аса тіпті  одан да көп баспанасы бар жайттарды да көріп жүрміз.  Тұрғын үй арзан кезде қарпып алып қойып, енді қайтара сатарда оның бағасын жасанды жолмен көтеріп,  пайдаға белшеден батып жатқан осы алыпсатарларға тыйым болуы керек.  Ол үшін қайтара сатылатын тұрғын үйлерге жоғары салық салынуы қажет. Бұл ретте нақпа-нақ «сатып алған пәтеріңді  қайтара сатпайсың, қайыра сатқан жағдайда жоғары салық төлейсің» деген міндеттеме қойған абзал. Инвесторларға үміт артқаннан гөрі осындай тетіктерді қарастырған жөн деп ойлаймын. Егер Тұрғын үй нарығында алыпсатарлар азайып, қайтара сатылатын пәтерлердің бағасына реттілік енгізілсе, елде пәтер бағасы біршама арзандап, әлеуметтің қолы арзан баспанаға жеткілікті бола түсер еді.




Көрілген: 1440    Пікірлер: 0

сейсенбі, 04.03.2014, 10:30

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30