Бахтияр САДЫҚ, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, академик:
– Биыл көктемде ел ішінде құдық қазу қолға алынды. Біздегі 180 млн гектар жердің 73,3 млн гектары әбден тозған. Міне, сол тозған жер мен елді мекендердің маңындағы және бос жатқан аумақтардың бәрінде жайылымдық мал шаруашылығын қалпына келтіру ісіне пайдалану жағы қарастырылып қойды. Ол үшін бөлінетін қаржы да қомақты: 2020 жылға дейін 22 млрд теңге игерілуі тиіс. Оның 815 миллионы келесі жылы беріледі. Бұл қаржы қандай мақсатқа жұмсалмақшы? Ең әуелі құдықтарды қалпына келтіру жұмысы қолға алынады. Өйткені жайылымды тиімді пайдалану үшін мал суаратындай жағдай жасау қажет. Бұл тұрғыда мемлекет құдық қазуға кеткен шығынның 80 пайызын өтеу жүйесін ұсынып отыр. Мәселен, құдық қазатын адам тиісті құжатын өткізеді де, оған кеткен шығынның 80 пайызын мемлекет төлейді. Сол сияқты несие алса да, пайызының жартысын ғана төлейді. Міне, осындай қадамдардың арқасында 2020 жылға қарай жайылымның 32 пайызы қалпына келтіріліп, онда 4000 суару бекеттерімен қамтылуы тиіс. Сол кезде бұл аумақта 2 млн бас мал бағуға болады деген сөз. Бұдан басқа да бағыттар белгіленіп, қолға алынып жатыр. Демек, біртұтас агросаясат жүргізуге бағыт алдық деуге негіз бар.
Амангелді МОМЫШЕВ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің кеңесшісі, қоғам қайраткері:
– Қазір Елбасының тапсырмасымен жайылымдық жерлерді жаңғырту жұмысы қолға алынып жатыр. Осы бағытта бірнеше бағдарлама қабылданды. Жайылымды жақсарту мақсатында құдық қазу сияқты жұмыстар қолға алынды. Әйтсе де жайылымды мемлекетке қайтару мәселесі әлі шешілген жоқ. Біздегі жайылымдық жердің басым бөлігі Орман шаруашылығының иелігінде. Ең әуелі оны заң жүзінде мемлекетке қайтару қажет. Жеке шаруа қожалықтары жерді жалға алғаны үшін Орман шаруашылығына ақша төлейді. Фермерге бұл қандай көмек? Ол малын баға ма, әлде жалға алған жердің қаржысын қайтарамын деп әлекке түсе ме? Сондықтан бұл салада біртұтас агросаясат жүргізу үшін жайылым тегіс мемлекет қолына көшуі керек. Бұл мәселені басқаша шешу мүмкін емес.
Көпмағамбет ЕЛЕМЕСОВ, ҚР ҰҒА академигі, Қазақстан мал өсірушілері қауымдастығының президенті:
– Еліміздегі жайылымдарды жақсарту үшін Үкімет тарапынан арнайы бағдарлама қабылдануы қажет. Әйтпесе қазір жердің көбі жеке меншіктің иелігінде, басқа ешкімнің жұмысы жоқ. Сондықтан жайылымдық жерлерді қалпына келтіріп, сақтап қалу үшін арнайы мекеме құрылғаны дұрыс. Жайылымға қарамаса, ол да азып-тозады. Мәселен, бізде су комитеті, Балық шаруашылығы комитеті деген арнайы мекемелер бар. Олардың әрқайсысы өзіне бөлінген салаға жауап береді, қараусыз қалдырмайды. Сол сияқты жайылымға да бас-көз болатын мекеме керек-ақ. Мұны жылдамдатып қолға алмасақ, жылдан-жылға тозған жердің үлесі көбейіп, жайылым азая бермек. Ал жайылымсыз мал шаруашылығын өркендету мүмкін емес. Бүгінде малдың бәрі ауыл арасында жайылады. Рас, Ауыл шаруашылығы министрлігі шағын фермалар құрып, сол арқылы осы саланы көтеруге кірісіп жатыр. Ол бастама жүзеге асса да, бұл бағыттағы іс те алға басар, бәлкім.