Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Қайта тіркеуде кейбір діни конфессияларға кеңшілік беруіміз қаншалықты негізді?

29 қараша 2012, 14:01


Досай Кенжетай, философия және теология ғылымдарының докторы, профессор:
– Бізде заң жүзінде конфессияларға кеңшілік жасалмайды. Заңның барлық міндеттемелерін орындаған конфессиялар тіркелуге құқылы. Яғни діни ұйымдарды тіркеуге алу деген – үздіксіз үрдіс. Мысалы, бүгін бір діни ұйым құрылып, өз лидерін сайлады делік. Он жылдан кейін қазақтың 100-200 мың азаматын артына ертсе, оны қалай тір­ке­мей қоя аламыз. Тіркеледі. Сол себепті де конфессияларды тіркеуде ешқандай кеңшілік бермеу керек. Керісінше осы өзімізде бар заңның бап­тарын күшейте түскен жөн. Бұл орайда дінге деген жауап­кер­ші­лігімізді де арттыра бермек ләзім. Яғни қазақы сөзбен айтқанда, сенім тұрғысында қызғаныш сезіміміз болғаны жөн. Менікі деп меншіктей қорғайтын құндылығымыз болса деймін. Ондай сезіміміз болмаса, біз мемлекет емес, діни сенімдерді ары-бері өткізіп жіберетін «көпір» секілді күйге түсіп қаламыз. Кез келген мемлекеттің құқықтық негізде өлшеніп қойған өзінің иммунитетін, ұлттық құндылықтарын сақтайтын нормативтері бар. Меніңше, ең алдымен, Әділет министрлігі мен Діни істер агенттігі бірлесе отырып, ұлттық құндылықтарды сақтау меха­низм­дерін жасауы қажет.


Айдар Абуов, ҚР Дін істері агенттігі Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының директоры:
– Жалпы, діни ұйымдар мен конфессияларды тіркеу мәселесі тікелей заңға негізделе отырып жүзеге асырылды. Ал тіркелмеген діни бірлестіктерге келсек, олардың жар­ғы­лары, алға қойған мақсаттары жаңа заң талаптарына сәйкес келмеді деген сөз. Ол конфессияларға ұлттық мүдде, рухани қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету немесе дәстүрлі діндер тұрғысынан қарап көріңізші. «Тіркелмей қалған діни ұйым­дардың саны мұнан да көп болуы керек еді» деп ой­лайсыз. Яғни, меніңше, конфессияларға кеңшілік берудің негізділігі емес, керісінше, талапты бұдан да қатайта түсу керектігі аңға­ры­лады. Сонымен қатар діни бірлестіктерді тіркеу осымен аяқ­талып қалмайды. Олар болашақта құжат­та­рын заң талап­тарына сәйкестендіріп, мемлекеттік құзырлы орындарға өтініш беруі тиіс. Десек те, ол бірлестіктердің қағидалары, тұжы­рымдамалары мемлекеттік идеологияға, қауіпсіздікке және басқа да түрлі заңдарымызға қайшы болмауын қадаға­лаған жөн.

Мұқан Исахан, дінтанушы:
– Дін туралы заңда діни бірлестіктер аймақтық, жергілікті, республикалық болып үш тұрпатта құрыла алатыны жазылған. «Діни конфессиялар 2012 жылы тіркеліп болуы керек» деген шектеулі мерзім жоқ. Олар жергілікті, аймақтық, республикалық кө­лемде жеткілікті мүше жинап, құжаттарын дұрыс рәсімдей алса, қай кезде болса да, тіркеуден өтуге құқылы. Бұл орайда, меніңше, кеңшілік жасау, қысым көрсету деген сынды жағдаяттарды жасауға болмайды. Діни ұйымдарды тіркеуде тек заңдық талаптар ғана қойылып, сол талаптарға сәйкестілігі басшылыққа алынуы керек. Соның негізінде ғана діни бірлестік деген статус берілгені жөн. Енді жеке субъективті пікіріме келейін. Қолдан келіп жатса, елі­міз­дегі дәстүрлі емес діни ағымдарға бөгеттер қойып, жұмыстарына шек­теу қойған абзал. Бірақ бұл да заң шеңберінен аспауы керек. Қазақстан зайырлы мемлекет болғандықтан, заң алдында барлық діндер теңестірілген.