Қазақстандық әуекомпаниялар жарты жылда қанша жолаушы тасымалдады?

08 тамыз 2022, 17:21

2022 жылы 6 айдың қорытындысы бойынша жолаушылар тасымалы саласында өсу көрсеткіші байқалады, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Ведомство мәліметінше, қазақстандық авиакомпаниялар тасымалдаған жолаушылар саны 2021 жылмен салыстырғанда 7 пайызға артып, 4,6 миллион адамды құрады (2021 жылғы 6 ай – 4,3 миллион адам). 2020 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 119 пайыз (2020 жылғы 6 айда – 2,1 миллион адам).

 
Биыл жартыжылдықта отандық авиакомпаниялар халықаралық желілерде 1,2 миллион адамды тасымалдады, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңінен 60 пайызға артық (2021 жылғы 6 айда – 0,75 миллион адам), ішкі желілерде – 3,4 миллион адам тасымалданды (2021 жылғы 6 айда – 3,6 миллион адам).

"Air Astanaның жолаушылар ағыны шамамен 1,8 миллион жолаушыны; FlyArystan – шамамен 1,4 миллион; SCAT – шамамен 1,7 миллион; Qazaq Air – шамамен 238 мың жолаушыны құрады. Әуежайларда қызмет көрсетілген жолаушылар саны осы кезеңде 10 пайызға артып, 8,9 миллион адамды құрады (2021 жылдың 6 айында – 8,1 миллион адам)", - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта ішкі авиарейстерді 5 отандық авиакомпания аптасына 687 рейс жиілігімен 57 маршрут бойынша орындайды.

Халықаралық ұшулар 28 елге аптасына 115 бағыт бойынша 518 рейс жиілігімен орындалады (Түркия, БАӘ, Өзбекстан, Грузия, Тәжікстан, Ресей, Қырғызстан, Беларусь, Германия, Египет, Оңтүстік Корея, Нидерланды, Польша, Армения, Ұлыбритания, Мальдив, Таиланд, Әзірбайжан, Катар, Кувейт, Моңғолия, Үндістан, Иран, Чехия, Греция, Италия, Қытай және Сауд Арабиясы (2022 жылғы қыркүйектен).