Алашты алаңдатқан сауал

Мемлекеттік қызметкерлердің қызмет көлігі той кортеждерінде жүруі этикалық кодекстің осалдығын білдірмейді ме?



Сайын Борбасов, саясаттанушы:

– Мемлекеттік қызметкерлердің қызмет көлігін жеке мақсаттарда пайдалануы этикалық кодекстің осалдығын ғана емес, біздегі мәдениеттің кемдігін көрсетеді. Қазір мемлекет кез-келген бастыққа бір-бірден көлік мінгізіп қойды. Мысалы, университеттердің ректорлары мен проректорларын алыңыз... Оларға көлік тек ертеңгісін жұмысқа келуге және жұмыстан қайтуға ғана қажет. Яғни, ертеден қара кешке дейін университетте болады деген сөз. Демек, мұндай тұлғаларға жеке-жеке қызметтік көлік беріп, жеке жүргізуші ұстағаннан ұтарымыз бар ма? Қаншама қаржы шығын болып жатыр. Бірінші басшының жеке көлігі болғаны дұрыс шығар, бірақ кез-келген мекемеде екінші, үшінші деңгейлі басшыларға һәм қызметкерлерге арналған 2-3 ортақ көлік болса жетіп жатыр. Бірінші жағынан үнемді, екінші жағынан тиімді. Әйтпесе, шенеуніктердің қызметтік көлігі той кортеждерінде жүргені  өте – ұят іс. Мұндай жағдаяттардың болмауы үшін осындай әрекетке барғандарды заңдық тұрғыда жазалауымыз қажет.




Елнұр Бейсенбаев, саясаттанушы:

– Шенеуніктердің қызметтік көлігі – мемлекеттің машинасы. Ол көліктер халықтың игілігі үшін, елдік проблемаларды оңтайлы шешу үшін пайдаланылуы тиіс. Оны жеке мақсаттарға пайдаланып жатса, біріншіден, бұл этикалық кодексіміздің әлсіздігін көрсетеді. Екіншіден, сол қызметкердің немқұрайлылығын байқатады. Үшіншіден, біздің шенеуніктер әлі де болса, өте қымбат көлік мінуге құмар. Мемлекеттің көлігі экономикалық тұрғыда арзан, тиімді, шенеуніктердің жүріс-тұрысын қамтамассыз ете алатындай дәрежеде болса, жетіп жатыр. Бұл орайда мәселенің екінші қырына мән берген жөн. Мемлекеттік қызметкерлер қызметтік көлікті мақтан үшін немесе жеке басыңның пайдасы үшін мінбейтіні белгілі. Сондықтан, оларға қандай көлік мінгізем десе де, мемлекеттің өзі біледі. Егер де олардың қызметтік көлігі қарапайым әрі арзан болса, ол көліктер бүгінгідей той кортеждерінде тайраңдап, жүрмес еді деп ойлаймын.




Гүлшат Нұрымбетова, саясаттанушы: 

– Той кортежі – мемлекеттің жұмысы емес. Мемлекеттік қызметтегілердің қызметтік көлігінің бұлай жүруін жүгенсіздік деп бағалаймын. Бұл көліктер мемлекеттік мақсатта ғана қолданылуы тиіс. Өйткені, әр көліктің әр қадамы үшін мемлекет ақша төлеп отыр. Этикалық кодексті былай қоялық, бізде мұндай мәселелерді түпкілікті шектейтіндей заңдар бар. Бірақ, сол заңдарды орындата алмай отырмыз. Сондай-ақ, бұл шенеуніктеріміздің пендешілігін де көрсетеді. Қызметтік көлікті былай қоялық, көп жағдайда шенеуніктеріміз басқа да көптеген пендешілікке бой алдырып жатады. Бір-ақ мысал келтірейін. Қазір көптеген шенеуніктеріміз қызмет бабын пайдаланып, жол ережесін бұза береді. Мұның бәрі конституциямызда жазылған құқықтық мемлекет екенімізді ескере бермеуімізден болып отыр. Сондықтан, бар заңдарымыз пайдаланып, барлық олқылықтарды түзеуге болады деп ойлаймын.


Арнайы «Алаш айнасы» үшін Қанат Бірлікұлы




Көрілген: 2224    Пікірлер: 0

бейсенбі, 13.03.2014, 15:41

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30