Алашты алаңдатқан сауал

Оқушылар мен студенттер арасындағы әлімжеттікке қалай тосқауыл қоямыз?



Айгүл ШӨПШЕКБАЕВА, ІІМ еңбегі сіңген қызметкер, Алматы қалалық әкімдігі жанындағы гендер­лік саясат комиссия­сының мүшесі:

– Дәл қазіргі таңда оқушылар мен студенттер арасында тәрбие­мен, тәртіппен өте үлкен жұмыс жасау керек. Негізі, мәртебесі жоғары, ауыз толтырып айтарлықтай беделі бар университет студенттері арасында әлімжеттік көп орын ала бермейді. Өйткені онда біршама мәдениетті, көргенді, тек қана білім іздеген студент­тер барады. Ал мектеп оқушылары мен колледж студенттері ара­сын­да мұндай тағылық әрекет өте көп кездеседі. Олардың әлі ақылы толыса қоймаған әрі балалықпен әлімжеттікке барады. Сосын оны ұялы телефондарына түсіріп, ғаламтор арқылы тарат­қан­ды, қыздар төбелесін, ер балалар арасында қару ұстауды қызық көре­ді. Өздеріне әлімжеттік арқылы бедел жинағысы келеді. Сон­дықтан студенттердің, оқушылардың бос уақытын қалдырмай, әртүр­лі үйірмелік жұмыстарға тарту керек. Оларды сана-сезім, ақыл-ой жағынан толыстыру үшін түрлі жұмыстар жүргізу қажет. Спорт жарыстары мен білім сайыстарын жиі ұйымдастыру керек. Сон­дай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты жазаны әлі де болса кү­шейту керек секілді.




Ғалия ӘМІРТАЕВА, «Ар-намыс» республикалық оқытушылар мен ұстаздар бірлестігінің төрайымы:

– Жасыратыны жоқ, қазір мектептерде мектеп инспекторлары жетісе бермейді. Мыңнан астам баланы бір инспектордың ұдайы қадағалауда ұстауға шамасы жете бермейді. Сондықтан оқушылар оңаша қалса, ойларына келгенін істеп, әлімжеттік көрсетіп, киімін, ұялы телефонын, ақшасын тартып алғанды қызық көреді. Тіпті бүгінгі күні мектептегі ер балалар төбелесе қалса, қалтасынан тапанша суырып алуды, қыздарды төбелестіруді сәнге айналдырып алған. Мұның бәрі бүгінгі күні телеарналар арқылы небір сұмдықтардың насихатталуы ғаламторға шектеудің болмауынан деп ойлаймын. Оқушылар ғаламтор арқылы небір сұмдықты көріп алады да, соны өздері қайталағысы, сол арқылы өзін лидер сезінгісі келеді. Өзгені өзіне бағынышты еткісі келеді, сол үшін әлімжеттікке барады. Сондықтан неше түрлі зұлымдықты, өлімді, порнографиялық көріністерді насихаттайтын сайттардың ашылуына тосқауыл керек. Компьютер арқылы баламыз үйден шықпай-ақ бұзылатын болды. Кішкене кезінде атыс-шабыс ойындарымен сусындаса, өсе келе ғаламтордан небір сұмдықты көрген бала әлімжеттікке, төбелеске құмар болмағанда қайтеді?! Сондықтан ғаламторға, теледидарға тосқауыл керек. 




Ғалия ҚАЙДАУЫЛҚЫЗЫ, ҚР білім беру ісінің үздігі:

– Ер балаларды қойшы, қыз балалар арасындағы төбелестің бүгінде ғаламторда толып кетуі сұмдық нәрсе. Бұрын ер балалар арасындағы әлімжеттіктен шошитын едік. Енді қыз балалардың шаш жұлысып төбелесуінен шімірікпейтін болдық. Бұл, расымен де, сұмдық нәрсе. Бұрын мектепте қыздар жиналысы болатын. Қыздардың сәл шектен шыққан әрекеті дереу талқыға салынатын. Бізге мектепке осы дәстүр жетіспейтін секілді. Сондай-ақ оқушылар мен студенттер арасындағы әлімжеттікке қатысты жазаны күшейту керек. Қажет болса, олардың ата-аналарына да шара қолданып, қызметтен босататын әрекеттер жасау керек. Өйткені көбіне мұндай әрекетке тойынған жанұялардың балалары барады. Бүгінгі күні әскердегі ие бермей отырған әлімжеттіктің түп негізі осы мектептен бастау алған деп білемін.




Көрілген: 943    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 11.12.2013, 13:39

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30