Алашты алаңдатқан сауал

Отандық туризм қолжетімді болуы үшін не істелінуі керек?



Марал Төртенова, экономист-сарапшы:

– Енді біраз уақыттан соң бұқараның демалыс орындарын іздеп сабылып кететіні рас. Ең қынжыларлығы, біздегі туризм құнының халықаралық бағамен теңдігі. Мәселен, Бурабайдағы не болмаса Сарыағаштағы демалыс орындарын алсақ, бағасы Түркия, Чехиядағы атақты демалыс орындарының бағасымен тең. Бұл дұрыс емес. Тым құрығанда қызмет көрсету сапасы соған сай болса ғой. Бірақ біздегі сапа жағы да ауыз толтырып айтарлықтай емес. Осыдан келіп халықтың басым бөлігінің арнайы демалыс орындарына баруға мүмкіндігі жоқ. Өйткені мұғалімдер, дәрігерлер, тағы да басқа орташа ғана жалақысы бар жандарға елдегі туризмнің есігі жабық. Кезінде кәсіподақтар тегін жолдама беруші еді. Қазір ол да жоқ. Бұған қатысты бағаны реттеп отыратын бақылау орны керек. Еліміздің осы салаға жауапты министрліктері бұған назар аударатын кезең жетті. Сондықтан жекелеген туризм ошақтарына бақылау орнатып, жауапкершіліктерін арттыру керек.




Дәурен Арын, заңгер:

– Қазіргі кезде елдегі туристік саланы өркендету үшін 2010-2014 жылдарға арналған Мемлекеттік үдемелі индустриалдық-инновациялық бағдарлама негізге алынған. Индустрияландыру картасына, мәселен, туристік «Бурабай» орталығы енгізілген. Ол бойынша инвестицияның жалпы көлемі 450 млрд теңге деп белгіленіп, жоба 2021 жылы іске қосылмақ. Одан басқа, Кендірлі демалыс аймағына 345 млрд теңге жұмсалады. Ол 2015 жылы іске қосылуы қажет. Шығыс Қазақстан облысында Алакөлдің жағасында ірі қонақүй кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Қызылорда облысында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолының бойында «Қорқыт атаға тәу ету» кешені салынып жатыр. Оның құрылысы 2012 жылы аяқталуы тиіс еді, бірақ әлі күнге дейін біткен жоқ. Оған жұмсалған инвестиция – 220 млн теңге.

Жалпы, туризмді дамыту жұмыстары елде баршылық. Ал енді оның қолжетімділігін арттыру үшін әрине халықтың қалтасын көтеретіндей баға болуы керек. Негізінде бұл сала арқылы көптеген елдер пайдаға белшеден батып отыр. Туризм саласын халыққа қолжетімді ету үшін әрбір аймақта әлеуметтік демалыс орындары болуы керек деп есептеймін. Бұдан соң медициналық туризм түрін дамыту керек. Осы арқылы денсаулығы төмен адамдарға жағдай жасалынуы керек. Сол тәрізді тарихи құндылықтарды да туризм арқылы насихаттауға болады. Бізде қойнауы тарихқа толы өңірлер баршылық. Сол өңірлерде туризмді дамыту арқылы, қазақтың көсемдері, ақындары, батырлары туып өскен жерлерді туризм орталықтарына айналдыру арқылы халықтың демалуына мүмкіндік жасалуы керек. Жалпы, баға мен сапа үйлесуі қажет. Сапа мен баға үйлеспесе болмайды.




Тоғжан Шаяхметова, эконмист-ғалым:

– Туризм саласына кезінде кеңестік жүйенің аса мән берушілікпен қарағанын байқаймыз. Мәселен, Кеңес өкіметі тұсында Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағында 220-ға тарта туристік мекемелер болыпты. Ал қазір Қазақстандағы туристік компаниялар мен шипажайлар саны жүзге де жетпейді. Жалпы, өткен жылы шамамен Алматыдан шетелге 58 мың адам барса, келгендерінің ұзын-саны 42 мыңды құрайды. Дерек көздері өткен жылы Қазақстаннан Ыстықкөлге демалушылар аз болғанын, есесіне Бурабайға барушылар көбейгенін айқындайды. Рас, Қазақстанда демалыс орындарына деген сұраныс жылдан-жылға өсіп келеді. Бүгінде туризм саласына шетелден инвестиция құюға Үкімет өзі мүмкіндік беріп отыр. Қазір шетелдік туристік фирмалардың көбісі Іле Алатауының баурайына курорт салуға, Қапшағай мен Шучье-Бурабай аймағына ойын-сауық кешендері мен шипажайлар салуға ықылас білдіріп отыр. Бірақ біздің елде әлі де болса шетелдік менеджерлер қазақ жерін жерсінетін жобаларды әкеліп отырған жоқ. Туризмнің басы-қасына шетелдіктер келіп жатқан соң оның бағасы да шетелдегідей аспандап тұр. Сондай-ақ туризм саласында жүрген отандық мамандардың 30 пайызы ғана осы сала бойынша арнаулы білім алған. Сондықтан біз туризм индустриясын дамытамыз десек, алдымен  отандық маман біліктілігін арттыруымыз керек. Отандық туризм халыққа қолжетімді болуы үшін елдегі туризм жобалары мемлекеттің қадағалауында болуы керек. Мемлекеттік бақылауды күшейтпесек, күні ертең дөң астында тұрған көлге шомылудың өзіне рұқсат жоқ болып қалуы мүмкін. Ендеше қадағалау мен бақылау жұмыстары нығаюуы қажет.




Көрілген: 1964    Пікірлер: 0

бейсенбі, 24.04.2014, 12:58

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30