Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Өзен-суларға жақын орналасқан елді мекендерді селден қорғаудың арнайы бағдарламасын қабылдау керек пе?

21 қаңтар 2011, 11:54


Бақберген ДОСПАНБЕТОВ, Сенат депутаты:
– Өзен-суларға қатысты қабылданған нормативтік актілерде елді мекендерді өзен-суларға жақын жерге орналастырмау жөнінде арнайы жазылған. Сол жазылған заңды талапқа сай орындап отырар болсақ, бізге басқа бағдарлама қарастырудың мүлдем қажеті болмас еді. Сондықтан, менің ойымша, өзен-суларға жақын орналасқан елді мекендерді селден қорғаудың арнайы бағдарламасын жасаудың қажеті жоқ. Тек жер кодексі туралы заңда жазылған талаптардың орындалуын қатаң қадағаласақ болғаны. Ал осыған дейін бұл талапты сақтамай, өзен-суларға жақын қауіпті жерлерге үй салған тұрғындардың мәселесін жергілікті билік шешуі қажет. Айта кетер жайт, табиғаттың өзгеруіне байланысты тек біздің елімізде ғана емес, дүниежүзі бойынша өзен-сулардың көлемі ұлғайып, қауіпті болып бара жатыр. Сондықтан өзен-суларға үнемі мониторинг жасалып отыруы тиіс. Егер олардың айналасына қоныстанған халыққа қауіптілігі сезіле бастаса, уақтылы алдын алу жұмыстарын жүргізіп отырған жөн.

Мұхтар БАЙБАТШАНОВ, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты:
– Өзен-суларға жақын орналасқан елді мекендерді селден қорғаудың арнайы бағдарламасын қабылдау керек. Өйткені соңғы жылдары ғаламдық жылынудың әсерінен жалпы дүниежүзі бойынша өзен-сулардың көлемі күрт артып барады. Ал осыған дейін тіршілігі өзен-сулармен тығыз байланысты талай халық оларды жағалап қоныстана берген. Егер біз арнайы бағдарламалар қабылдасақ, осы халықтың мүддесін қорғағанымыз болар еді. Сондықтан өз басым бұл бастаманы қолдаймын. Соңғы кездері Мәншүк Мәметова атындағы №6 көл  секілді түрлі көлдердің ха­лыққа қауіптілігі жиі сөз болуда. Халықты үнемі үрейде ұстап отырмас үшін аталмыш бағдарламаны қабылдап, болар қауіптің алдын алған жөн. Және бағдарламада арықтардың үстіне үйлердің тұрғызылмауын, халықтың өзен-суларға қоқыс қалдықтарын тастау арқылы өз өмірлеріне қауіп төндіруге жол бермеуін, өзен-су арналарының таза болуын, зауыт қалдықтарының ағынды суларға төгілмеуін атап көрсетсек екен.

Амангелді МОМЫШЕВ, Мәжіліс депутаты:
– Соңғы кездері уақтылы өзен-суларға мони­торинг жасап отыру мәселесі көп қозғалып жүр. Және бұл жұмыстар жүргізіліп те жатыр. Сондықтан егер өзен-суларға уақтылы зерттеу жұмыстары жүргізіліп, олардан келіп-кетер қауіп есептеліп отырса, онда селден қорғаудың арнайы бағдарламасын жасаудың не қажеті бар?! Бүгінде селден қорғаумен айналысатын арнайы мекемелер де бар. Ендеше, селден қорғау жұмыстарын жүргізіп отыру олардың міндеті саналады. Ал міндетті жұмысы үшін арнайы бағдарлама қабылдау, міндеттерін бағдарлама арқылы естеріне салып отыру – артықтау нәрсе. Тек жоғарыдан олардың өз жұмыстарына салғырт қарамауын қадағалап отыру керек.