Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Санақ науқанының елдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуына пайдасы бар ма?

07 маусым 2011, 18:11


Алдан СМАЙЫЛ, Мәжiлiс депутаты:
– Санақ науқаны жүргiзiлгенде тек халықтың жалпы саны ғана есепке алынбайды. Елдегi әлеуметтiк топтардың нақты саны мен олардың тұрмыс деңгейi айқындалатын болады. Науқанның нәтижесi бойынша мемлекет өзiнiң жүргiзiп отырған әлеуметтiк-экономикалық саясатын сәйкестендiредi. Бiз Мәжiлiсте өткен жылдың қазан айында «Атаулы әлеуметтiк көмек туралы» және «Әлеуметтiк жәрдем беру туралы» заңдарды қабылдадық. Сол құжат негiзiнде, санақтың қорытындысы бойынша қаржы бөлiнетiн болады. Өздерiңiзге белгiлi, биыл тұңғыш рет үш жылдық бюджеттi рәсiмдедiк. Осы санақтың нәтижесiнде қоғамдағы әлеуметтiк топтардың нақты категориялары анықталғаннан кейiн бюджетке де өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн. Сондықтан бұл шараның үлкен әлеуметтiк мәнi бар. Он жылда бiр рет өткiзiлетiн санақтың елiмiздiң әлеуметтiк-экономикалық дамуына пайдасы осындай.

Светлана ЖАЛМАҒАМБЕТОВА, сенатор:
– Әрине, елдiң дамуына пайдасы бар. Өйткенi мемлекет бiлiм, денсаулық сақтау сияқты жекелеген салаларға бөлiнетiн қаржының көлемiн есептеп, жоспарлайтын болады. Санақтың нәтижесi бойынша, халықтың әлеуметтiк ахуалының нақты көрсеткiшi белгiлi болады. Мүмкiн мемлекет  халықтың жағдайын жақсы деп пайымдағанмен, азаматтар өздерiнiң өмiрiне, әлеуметтiк жағдайларына көңiлдерi толмайтын шығар. Сондықтан алдағы жылдарға дұрыс жоспар жасап, кешендi бағдарламалар қабылдау үшiн санақ өткiзу ауадай қажет. Тәуелсiздiк алғаннан кейiнгi алғашқы 1999 жылғы санақтың қорытындысындағы көрсеткiштер осы уақытқа дейiнгi дамуымызды айқындап бердi. Үкiмет бағдарламаларының барлығы да сол алдыңғы санақтың нәтижелерiне байланысты жүйелi түрде қабылданып отырды. Менiң ойымша, санақ нәтижесiнiң ұстанып отырған саясатымызға өз ықпалы мiндеттi түрде болады.

Әзiмбай ҒАЛИ, саясаттанушы:
– Бүгiн басталатын екiншi ұлттық санақтың маңызы жоғары болады. Науқан арқылы ел тұрғындарының нақты есебi, дiни сенiмi, көзқарасы, бiлiмi және тағы басқа мәлiметтер анықталатын болады. Ағымдық статистика көп жағдайда нақты мәлiметтер бере алмайды. Шынымен де, қазақтың жартысы өз ана тiлiн бiлмей ме? Әлде ол асыра айтылған сөздер ме? Мiне, осындай ұлтымызға, дiнiмiзге қатысты өткiр сауалдарға жауап аламыз. Кейiнгi жылдары орыстардың елден кетуi жиiледi. Ал олар тiркеуден өтпестен қоныс аударуда. Қазақтың үлес салмағы 60 пайыз дегенмен, одан да көп болуымыз мүмкiн. Себебi табиғи өсiмнiң көрсеткiшi жоғары деңгейде. Сондықтан осы санақ нәтижесi ұлттық саясатымызға өз әсерiн тигiзедi деп ойлаймын.