Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарына қандай саяси баға беру керек?

31 мамыр 2011, 11:47


Талас ОМАРБЕКОВ, тарихшы:
– Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін мәселесіне ортақ саяси ба­ға берілмейді. Ашаршылық – сталиндік тоталитарлық жүйенің Қазақ­­стандағы экономикалық, әлеуметтік реформасының қа­те­лігі. Ал саяси қуғын-сүргін құрбандары – сол кездегі жүйеге қар­сы шық­қандар, жүйеге қауіп төндіргендер. «Саяси қуғын-сүргін құр­бан­дары» деген ұғымға ұжымдастыру саясатына қарсы кө­те­ріліске қа­тысқандар, Алашорда қозғалысына қатысқандар, 37 жылы троцкийшiлер, бухариндер, буржуазияшыл, ұлтшыл деп айып­­та­лып, 58-баппен атылғандар жатады. Ашаршылық – ста­линдік жүйе­нің басында отырғандардың сауатсыздығынан бол­ған қа­сі­рет. Сталиннің 7 кластық, Голощекиннің 4 кластық қана білімі бол­ған. Ашаршылықта қарапайым халық, ауыл халқы қы­рыл­ды. Ал саяси қуғындау – қасақана жасалатын нәрсе. Онда көзі ашық, білі­мі бар адамдар күшпен жойылды. Меніңше, ашаршылық пен сая­си қуғын-сүргін құрбандарына бөлек-бөлек баға беріліп, әр­­бі­ріне облыс орталықтарынан ескерткіштер орнатылуы керек.

Нұржамал АЛДАБЕК, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығыстану факультетінің деканы:
– Ашаршылық та, саяси қуғындау да – қазақ халқына жа­сал­ған қастандық қой. Бұл оқиғаларға саяси баға беріп, құр­бан­дарын еске алып, аза тұту, ең алдымен, жас ұрпақтың, жаңа ұр­пақтың санасын ояту үшін қажет. Сан жылдар бойы жүр­­гізілген отарландыру саясатына кері құбылыс – отар­сыз­дандыру сая­сатын жүргізу қажет. Өткен ғасырда құрбан болған ба­­ба­ла­рымызға дұрыс саяси баға берген болсақ, өскелең ұрпақтың ұлттық болмысы оянады. 1937-1938 жылдары, яғни бір жыл­дың ішінде 125 мың қазақ зиялысы қырылғанын білеміз. Бірақ сол репрессия құрбандарының көпшілігінің есім­дері қазіргі ұр­пақ үшін белгісіз күйінде қалып қойды. Ме­ніңше, саяси қу­ғын-сүргін көріп, атылып кеткен арыс­та­ры­мыздың есімдері Отан соғысының құрбандары секілді тақ­тайшада жазылып тұру керек. Әйтпесе «Көзден кетсе, көңілден ке­теді» дегендей, есім­дері айтылмаса, ескерткіштері аз болса, жас ұрпақ та олардан алыс­тап кетеді.

Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі:
– Саяси баға берудің басы бұл екі ұғымды бір-бірінен ажы­ратудан басталуы керек. Екеуінің саяси мағынасы да, ма­ңызы да бөлек. Ашаршылық мәселесіне келгенде украиндердің «го­ло­доморы» секілді мемлекеттік тұрғыда азалы күн белгілегеніміз дұрыс. Себебі бұл – тарихта қазақтың басына түскен ең үлкен қасіреттердің бірі. Алғаш Тәуелсіздік алған жылдары Мемлекет басшысы ашаршылықты еске алу ретінде үш күн азалы күн болсын дегенді ұсынып еді, бірақ ол жалғасын таппады. Ал саяси қуғын-сүргін құрбандарын өз алдына бөлек еске алу ке­рек. Бірақ оған тек 37-жылдардағы Алаш азаматтарын, 50-жылдары қуғындалған зиялыларымызды ғана жатқызу керек деп ойлаймын. Ал бертін келе, тіпті жел­тоқ­сан оқиғасының да қай­раткерлерін бұл күнмен ара­лас­тырмаған дұрыс шығар.