Алашты алаңдатқан сауал

Шаруашылық мақсатқа бөлінген жер теліміне үй салуға рұқсат беру керек пе?



Қуаныш АЙТАХАНОВ, Сенат депутаты:

– Негізі елімізде жер әртүрлі жағдайда беріледі. Үй салу үшін, ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізу үшін, өзіндік қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін де үлестіріледі. Бірақ шаруашылық мақсатқа бөлінген жер теліміне үй салу үшін алдымен аудан әкімінің шешімімен ол жердің мақсатын өзгерту керек. Одан кейін барып үй салуға рұқсат алған жөн. Осылайша бәрі заң шеңберінде жүзеге асқаны дұрыс. Ал қалай болса солай, басқа мақсатқа берілген жерді басып алып, үй сала беруге болмайды. Бірақ бұл ретте біздің заңымызда аздаған кемшілік бар. Әсіресе суармалы жер шаруашылығына қатысты. Көбіне мұндай мәселе халық тығыз орналасқан аймақтарда, Оңтүстік Қазақстан облысында көп байқалады. Мәселен бір шаруа қожалығының бір немесе бес гектар жері бар. Оның жанында өзінің үйі бар, тіпті ол шаруаның бес-алты бала-шағасы болады. Балаларының бәрі бір үйге сыймайды, бөлек-бөлек енші алуы тиіс. Енші алу үшін жер керек, оған үй салу қажет. Алайда жер бөлінбейді. Өйткені жаңа заң бойынша, жер бөліну үшін алдымен оның инфрақұрылымы жасалуы тиіс. Ол жерге жол, электр энергиясы, су тартылуы керек. Осыдан кейін ғана заң бойынша жер телімі бөлінеді. Бірақ қазір алдымен инфрақұрылым тарту үшін көп жағдайда қаржы жетіспей жатады. Осының салдарынан жекеменшікке үй салуға жер аз бөлінуде. Бұл қазір ірі қалаларда болсын, облыс орталықтарында, ауданда үлкен мәселеге айналды. Бұл негізі дұрыс емес. Егер инфрақұрылым тартылу керек болса, ол жоспарлы түрде орындалуы тиіс. Қалайда халыққа үй салуға жер телімін беруіміз міндет. Өйткені халық өсіп жатыр. Бір отбасыдан бірнеше отбасы құрылуда. Өседі, өнеді, олар бір үйге сыймайды. Бұл ретте шаруашылық мақсатында жер алған қожалық иесі аудан әкімдігіне барып, «Мен өзімнің сатып алып, ауыл шаруашылығы дақылын өндіріп отырған жерімнен балама үй салу үшін он соттық жер бер. Осындай шешіп шығарып беруіңізді сұраймын»,- деп әкімнің атына өтініш жазуы керек. Көп жағдайда бұл ұсыныс орындалады. Бірақ кейбір азаматтар: «Ауыл шаруашылығы мақсатына бөлінген жерге үй салуға рұқсат беруге болмайды»,- деп мәселе көтеріп жүр. Тіпті, заңға өзгерістер жасалып та отырған секілді. Бірақ бұл заң жобасы әлі бізге келген жоқ. Мен мұны дұрыс емес деп есептеймін. Мұндай жағдайда тіптен үй салу тоқтап қалады. Ал баспана мәселесі шешілмесе, демографиялық ахуалымыз да тұралап қалады. Егер шаруашылық мақсатқа бөлінген жерге үй салуға рұқсат бермеймін болсақ, онда оған басқа жерден жер беруіміз тиіс. Ол үшін алдымен оның инфрақұрылымы жасалуы керек. Ал инфрақұрылымға аз қаражат бөлінуде. Сонда халық қайда барады? Сондықтан бұл мәселені шешу үшін шаруашылық мақсатқа бөлінген жер теліміне үй салуға рұқсат беруіміз керек деп есептеймін.




Серік ҮМБЕТОВ, Мәжіліс депутаты:

– Шаруашылық мақсатқа бөлінген жер теліміне үй салуға рұқсат бергеніміз жөн. Мәселен қожалық иесіне өзінің шаруашылық мақсатындағы берілген жерінен 15-20 шақырым қашықтықта орналасқан аймақтан жер берілсе, онда оның арлы-бері қатынауына қиындық тумай ма? Негізі менің түсінігімше, ақыры жер бергеннен кейін «сый қылсаң сыпыра қыл» демекші, қазаққа өзінің шаруа қожалығына қарайтын үй салуына рұқсат бергеніміз артық емес. Қазір бізде қалай, уақытша жер береміз де, артынан үй салуына рұқсат бермейміз. Сонда не болды? Мен мұны түсінбеймін. Егер үй салуына рұқсат бермесек, онда ол айдаладағы егініне, малына қалай қарайды? Оның бала-шағасы бар, олар да өседі, бөлек үй болғысы келеді. Айналып келгенде өзімізді өзіміз қинап қойып отырған секілдіміз. Мен депутат ретінде де, азамат ретінде де шаруашылық мақсатқа берілген жер теліміне үй салуды қолдаймын. Бірақ бұл ретте өз жерімізді мүмкіндігінше өзіміздің қарагөздер иемденгені дұрыс. Ал ол жерді шетелдіктер жалға алатын болса, қалайда оларға үй салуға рұқсат бермеуге болады. Өйткені қазақта мынадай аталы сөз бар: «Жерге ие бола алмасаң, елге де ие бола алмайсың». Қазақтың жерінде өз қарагөздеріміздің жағдайын жасауымыз міндет.




Амангелді ДӘУРЕНБАЕВ, Қарасай ауданының әкімі:

– Ол былай: негізі жер учаскелерін жекеменшікке берудің өзінің тәртібі бар. ҚР Жер кодексінде «Өзіндік қосалқы шаруашылығын жүргізуге арналған жер учаскелері» деген арнайы бап бар. Негізі ауылдың өзінің бекітілген бас жоспары бар, ауылдың ұлғайтылған жері болады, осыған үй салынса, ол әрине болады. Ал егістіктің ортасына үй салып алып, ауылы ана жақта, үйі мұнда болатын болса, оның жолы қайда, суы қайда, жарығы қалай болады? Кейбіреулер өзіндік қосалқы шаруашылығын жүргізуге болады деген заңды пайдаланып, үй салып алады. Алайда жер теліміне берілген Мемлекеттік актіде жердің қандай мақсатта берілгені жазулы тұрады. Әрине ауыл шаруашылық немесе өзіндік қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін берілген жерге қожалық иесі егін еге ме, мал ұстай ма, оның бәрі өз еркі. Бірақ кейін ол келіп: «Менің отбасымда күйеу балам бар, қызым бар, балаларым мен келіндерім бар, немерелерім өсіп келеді»,- дейді де, әрқайсысы жерді бөліп алады. Сосын ол жерге үй салады. Айналып келгенде оның жолы жоқ, суы жоқ, жарығы жоқ, содан «қаланың іргесінде тұрып, жарықсыз, сусыз отырмыз» деп шу шығарады. Сондықтан мұны шешу үшін бұл мәселені жан-жақты зерттеп, елеп-екшеп, «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтындай» жол тауып, кешенді іс-шаралар атқарғанымыз жөн.




Көрілген: 3139    Пікірлер: 1

сәрсенбі, 12.03.2014, 16:25

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30