Алашты алаңдатқан сауал

Шет елдерге оқуға баратын қазақ қыздарының жасына шектеу қою керек пе?



Зейнеп АХМЕТОВА, Батыр Баукеңнің келіні:

–Міндетті түрде шектеу қоюымыз керек. Мен мұны талайдан бері айтып келемін. Мектепті бітіре сала, мейлі ол ұл болсын, қыз болсын, оларды шетелге оқуға жіберуге мен өз басым қарсымын. Өйткені олардың ой-санасы, өмірге деген көзқарасы әлі толық қалыптасып, жетілген жоқ. Жастарды алдымен өзіміздің ЖОО-ларда оқытып алып, содан кейін білімін толықтыруға шетелдерге жіберіп жатса, ол кезде жағдай мүлде басқаша болар еді. Жасыратыны жоқ, қазір оң-солын танымаған жасты жат елге оқыту сәнге айналып барады. Көпшілік ата-аналар: «Ананың баласы, мынаның қызы барғанда, менің балам неге шетелде оқымайды?» деп, жалған намыс, жалған мақтан үшін тапқан-таянғанының барлығын балаларына беріп, шетелге оқуға жіберіп жатыр. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмаған соң, онда олар білгенін істеп, бүлініп кетеді. Сондықтан жат елге оқуға баратын қыздардың жасына міндетті түрде шектеу қоюымыз керек. Себебі, ұлттың тірегі – ана. Біз осыдан айрылып бара жатырмыз.




Майра АЙСИНА, Мәжіліс депутаты:

–Негізі өмірде болған түрлі келеңсіз оқиғаларға орай, оның бәріне заңдық тұрғыдан шектеу қоя бергенді дұрыс деп есептемеймін. Мұның барлығы ата-аналарға, баланың тәрбиесіне байланысты. Сондықтан бұл жерде ең бірінші ата-ана жақсылап ойлануы тиіс. Баланы оқуға қайда жіберу керек, шетелде білім алуға оның ұл-қызы дайын ба, әлде жоқ па, осының барлығын саралап, ой елегінен өткізіп барып, шешім қабылдағаны дұрыс. Себебі менің де екі қызым ЖОО-ларда оқып жатыр. Бірақ екеуі де өз елімізде білім алуда. Әрине менің де оларды шетелге оқуға жіберуге толық мүмкіндігім болды, өздері де мектепті үздік бітіріп шықты. Дегенмен екеуі де қыз бала болғандықтан, әлі аяқтарына нық тұрмағандықтан, жат елде балалық жасап қоя ма деген күдікпен оларды шетелге жібермедім. Бүгінгі күні бұл әрекетіме өкінбеймін. Себебі, уақытысы келсе оң-солын таныған соң, әлі талай шетел аралайтын болады. Алайда өмірде болған түрлі келеңсіздіктердің бәріне мемлекеттік тұрғыда қарап, қыздардың жасына қарай шетелге оқуға тыйым салып тастауға болмайды. Өйткені біз бұл арқылы мәселені шеше алмаймыз. Одан да біз мұның салдарымен күреспей, себебін анықтағанымыз жөн. Ұлттық тәрбиені жастардың бойына сіңіріп, патриоттықты, адамгершілікті, имандылықты насихаттауымыз қажет. Сонда ғана бұл мәселенің алдын алатын боламыз.




Мақсат ЖАҚАУ, саясаттанушы:

–Әрине, шектеу қою керек. Оны мен қарапайым мысалдармен түсіндіріп берейін. Өзім халықаралық қатынастар маманымын. Мысалы біздің дипломатиялық консулдық туралы заңымызда жас мамандарды, әсіресе тұрмыс құрмаған қыз балалар мен бойдақ жігіттерді шетелге жұмысқа жібермеу туралы талап бар. Онда ер азаматтарға қарағанда, қыздарға шектеу көп қойылған. Дәл осылай төрт-бес жылға шетелге оқуға баратын қыздарға да шектеу қойғанымыз дұрыс. Өйткені, өткенде ғана Малайзияда оқитын тағы бір қазақ қызы некесіз бала туып, шарананы қоқыс жәшігіне тастағанын интернет беттерінен оқыдым. Ал Австралияда жап-жас қазақ қызы Таиланд азаматымен азаматтық некеге тұрып, одан дүниеге сәби әкеліп, кейін күйеуі оны пышақтап кеткен. Шаңхайда оқып жүрген қазақ қызы қытайға тиген, оны бүкіл Қытай телеарналары көрсетті.Міне, бұлардың барлығы «Болашақ» бағдарламасымен оқуға барған қыздар. Сондықтан қыз баланы шетелге оқуға жіберетін кезде міндетті түрде жанұялық жағдайына қарау керек, тіпті оның білім алатын елінің саяси ахуалына, алыс-жақындығына да назар аударуымыз керек. Мәселен Сингапур, Малазия елдерінде де кезінде осындай үрдіс болған. Олар жылына 50 мың баланы сыртта оқытты. Бірақ осы реформаның өзінде олар көбіне шетелге ер азаматтарды жіберді. Осы жағын да ескеруіміз керек. Сондықтан барлық тәжірибені сырттан тұтасымен көшіріп ала бермей, өзіміздің ішкі мүддемізді де ойластырғанымыз дұрыс.




Көрілген: 2032    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 22.01.2014, 16:12

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30