Шетелде жүрген отандық ғалымдарды елге қайтару үрдісі неге тоқтап қалды?

21 тамыз 2013, 13:27


Тоқтамыс МЕНДЕБАЕВ, техника ғылымының докторы, профессор:
– Біріншіден, біз шетелде жүрген отандық ғалымдардың немен айналысып, қандай зерттеулер жүргізіп жүргенін тереңірек біліп, бақылап алғанымыз жөн. Егер олардың зерттеп жүрген дүниелері біздің қоғамның сұранысына қажет болмаса, дамытуға мүмкіндік жоқ болса, әрине, шетте жүрген отандық ғалымдар елге қайтуға құлық­сыз болады. Біз қазірде шетте жүрген ғалымдарымызды қойып, отандық ғалымдардың еңбегін елеп-ескере алмай жатқан жоқпыз ба?! Елімізде ғылым салаларын, әсіресе оның қолданбалы түрін дамыту жолында алынбас қамалдай болып тұрған кедергі – отандық ғылым мен ішкі өндірістің арасындағы байланыстың әлсіздігі. Жаңалықтарды өндіріске енгізу мүмкіндігінің төмендігі. Осыдан барып отандық ғалымдардың еңбегі, жаңалығы ес­ке­рілмейді. Бұдан кейін олар ғылыми жұмыспен шетелде айналысуға мәжбүр болады. Мұны сіз де, мен де білемін. Өндіріске ене алмаған ғылымның өмірі ұзаққа бармайды. Бұл жерде осыны қатаң ескер­геніміз абзал. Сондықтан ғылыми жаңалықтардың өндіріске енуіне мемлекеттік көмек, мемлекеттік бақылау қажет.

Хакім СУЕРБАЕВ, химия ғылымының докторы, профессор:
– Қазақстан ғалымдары қазірдің өзінде селт еткізер жаңалық­тардан кенде емес. Бірақ сол жаңалықтарын біздегі өндіріс орын­дары қолданысқа енгізуге құлықсыз. Ғалымдарда өз елімізде жаңа­лықтарын қолданысқа енгізуге еш мүмкіндік жоқ. Содан болар, олар шетел асып, сыйымдылығы кең шетелдік нарықта жұмыс жасағысы келеді. Егер өз елінде жайлы орта қалыптасса, ол ғалымдар өздері-ақ қайтып келер еді. Бірақ, өкінішке қарай, бізде ондай орта қалып­тасқан жоқ. Міне, шетелдегі отандық ғалымдарды қайтарып алу үрдісінің тоқтап қалғанының бір себебі – осы. Жалпы, өз басым ғалым­­­дарымыздың шетелге жіберілгеніне қарсымын. Олардың басым бөлігінің санасына қазірдің өзінде шетелдіктер өз пози­цияларын енгізіп жіберді. Тіпті шетелден қайтып келген ғалым­дардың арасында қазақы ортаны жатсынып, жат қылық көрсетіп жататын жастарды да көріп жүрміз. Сондықтан отандық ғалымдар күні ертең түбегейлі шетелдік позицияны ұстанып кетпесін десек, бұл шараны тоқтатпау керек. Керісінше, олардың елге қайта оралуы үшін жағдай жасау қажет.

Тоғжан ШАЯХМЕТОВА, экономист-сарапшы:
Бұл жерде тағы да мынадай бір жайт есіме түседі. Әлемдік нарықта тек қана электронды құралдарымен танылған жапондар өздерінің ең білікті ғалымдарын шетел түгіл, көршілес мемлекеттерге жіберуге үзілді-кесілді қарсы екен. Сондай-ақ нарықта тек қана сағаттарымен-ақ атағын шығарған Швецария елі де солай. Еврейлер де шетелге мамандарын жіберерде жете ойланып барып шешім қабылдайды. Бізге де осыны ескерген абзал. Шетелде жүрген отандық ғалымдарды қайтару үрдісінің тоқтап қалғанының бір себебі бізде халықаралық деңгейдегі материал­дық база жоқ. Егер біз өз елімізде халықаралық дәрежедегі оқу орын­дарын көптеп ашуды ойластырсақ, материалдық базамызды кеңі­теміз. Бұл – бір. Екінші бір дүние – қазақы болмыс-бітімі бұзылмаған маман дайын­­даймыз. Үшіншіден, ол маманның сенімді ақтарына кепілдік те мол болады. Жалпы, ел экономикасын дамыту үшін алдымен біз шетелдің экспансиясына емес, отандық дүниеге мән беруіміз керек. Бір сөзбен айтқанда, елде «отандық МИ-ды» дамытатын халықаралық орталықтар мен халықаралық талапқа сай зертханалар көп болуы қажет.