Алашты алаңдатқан сауал

Триллиондап қаржы бөлінсе де, апатты мектептер мәселесінің шешілмеуі неліктен деп ойлайсыз?



Мұрат ӘБЕНОВ, қоғам қайраткері:

– Білім министрлігінің бұл мәселені шешу бойынша жасап отырған жоспары бар. Сондықтан, менің ойымша, алдағы екі-үш жыл көлемінде апатты мектептер проблемасы болмауы тиіс. Негізінен білім министрлігі республикалық деңгейде үлкен мектептер тұрғызуды қаржыландырады. Ал, аймақтардағы мектептер жергілікті бюджет есебінен салынады. Сондықтан, бұл мәселе білім министрлігінен гөрі жергілікті билікке тікелей байланысты. Бірақ өкінішке қарай, қазіргі таңда жергілікті бюджеттен білім саласына көп қаржы бөліне бермейді. Бұл мәселеге аса мән беріп те отырған жоқ сияқты. Осы тұста мен мынандай ұсыныс айтқым келеді. Облыс әкімінің жұмысын бағалауда негізгі басты көрсеткіштің бірі білім саласына қатысты атқарылған жұмыстармен өлшенсе. Әрине, инновациялық жобалардың маңызды екені даусыз, алайда ел болашағы білімді ұрпақта екенін ұмытпауымыз керек. Сонан соң, жергілікті билік көші-қон мәселесін дұрыс сараптауы тиіс. Мәселен бір ауылға үлкен мектеп салу жоспарланған делік, алайда ол ауылдан көшіп кетушілер қатары артып жатса, ондай жоспардан бас тарту керек. Өйткені, кей жерлерде 1200 орындық типтік мектеп салынған, бірақ онда бар болғаны 500 бала оқиды. Ал керісінше, кей ауылда балалар апатты мектепте үш аусымда білім алып жатыр. Тағы бір назар аударатын нәрсе, кей елді мекенде бала саны артып кетсе, үлкен етіп екінші мектеп салады, бірақ ол жартылай бос қалады. Мұндай жағдайда америкадағы сияқты модулді құрылысты пайдалану тиімді. Оның артықшылығы ғимарат дайын бөліктерді құрастыру арқылы тұрғызылып, қажет болмаған жағдайда, бұзып алып, басқа жерге апарып, қайта тұрғызуға болады. Қазіргі таңда кей ауылдардан тұрғындар көшіп кетіп, мектеп бос қалса, кей аудан орталықтарында орын тапшылығы болып жатыр. Осы мәселелерді модулдік құрылыс арқылы оңтайлы шешуге болады. Оған қайта-қайта шығын шығарудың да қажеті жоқ. Кеше Елбасы өте орынды айтты. Кейде жергілікті бюджет есебінен не бюджеттен тыс қаржыларға бірінші кезекте қажет болып тұрмаған нысандар салынып жатады. Бұл – қаржыны мақсатсыз пайдалану. Мұндай көрініс жергілікті биліктің жағдайды толық сараптамауынан орын алып отыр деп ойлаймын.




Ғалия ӘМІРТАЕВА, «Ар намыс» республикалық мұғалімдер мен оқушылар құқын қорғау қоғамдық ұйымының төрайымы:

– Балалардың көп болғаны өте қуантады. Бұл – демографияның оңалып келе жатқанының көрінісі. Бірақ сол балалардың екі-үш аусыммен білім алуы көңілді қынжылтады. Егеменді ел болғалы 20 жылдан астам уақыт өтсе де, апатты мектептер мәселесінің шешілмей отыруына жергілікті билік өкілдерінің жемқорлығы, жұмыстарын дұрыс атқармай отыруы себеп деп ойлаймын. Кейде мектеп құрылысының 4-5 жылға созылуы, күрделі жөндеу жұмыстарының 5-6 айға созылу жағдайлары жиі кезігіп тұрады. Аймақтардағы шет жерлерді былай қойғанда, Алматының өзінде сондай жағдайлар болып жатады. Соның салдарынан оқу процесі бұзылады. Оқушылар мектеп бағдарламасынан кеш қалады. Егер әркім өзіне жүктелген міндетін дұрыс атқарса, бұл мәселе әлде қашан шешілген болар еді. Білім саласының мәселесі жайлы сөз қозғағанда, сапа жайлы айтпауға болмайды. Біз білім сапасын жоғарылату бойынша мұғалімдермен тығыз жұмыс істейміз. Мемлекеттік емес ұйымдар бірігіп, мұғалімдердің білім беру сапасын арттыру бойынша қоғамдық бірлестік құрдық. Жалпы, мұғалім өз пәнін жетік меңгерумен қоса, сол білімді балаға жеткізе білуді де меңгеруі тиіс. Қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Осы орайда, мұғалімдердің жалақысының аз екенін де айта кету керек деп ойлаймын. Менің пайымдауымша, өз жұмысын алаңсыз атқару үшін мұғалімдердің ең төменгі жалақысы 200 мың теңге болуы тиіс. Қазір санатына қарай жалақыны өсіру қарастырылған, дегенмен оның өзі аз. Бізде «базалық оклад» деген бар. Оның көлемін айтудың өзі ұят. Осыдан құтылмайынша, мұғалімдердің жалақысы мандымайды.




Амангелді АЙТАЛЫ, қоғам қайраткері:

– Егемендік алған алғашқы жылдармен салыстырғанда апатты мектептердің саны біршама азайды. Егер бұл саладығы жұмыстар осылай жалғасатын болса, апатты мектептер мәселесін түбегейлі шеше алмаймыз ба деп қорқым. Өйткені, бір жақтан жаңа мектеп салып жатсақ, екінші жақтан тағы бір мектеп апатты жағдайға жетіп жатады. Қазіргі уақытта тұрғызылғанына 30-40 жыл болған, апатты жағдай алдында тұрған мектептер де аз емес. Олардың қатарын көбейтпеу үшін, сылтау іздеп, қарап отырмай, уақытылы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп тұру шарт. Сонан соң мектепті есеп үшін салуды ғана ойламай, құрылыс сапасына аса мән беру керек. Әйтпесе, соңғы жылдарда салынған нысандардың арадан үш-төрт жыл өтпей жатып апатты жағдайға ұшырауы, күрделі жөндеуді қажет ету жағдайы жиі ұшырап жатыр. Егер дәл бүгінгі сапамен мектеп салатын болсақ, апатты мектептерден еш құтылмаймыз. Осы мәселеге қатысты айтатын тағы бір жайт, қаржыландыру мәселесі. Бүгінгі таңда бұл саланы қаржыландыру орталықтан және жергілікті жерлерден жүзеге асырылады. Осы салаға бөлінген республикалық бюджет қаржысын білім министрлігі бөледі. Олар көп жағдайда облыстық білім басқармасының сұранысын қанағаттандыра бермейді. Бұған депутат болған кезде өзім куә болғам. Олар қаржыны өз қалауы бойынша бөледі. Астанада отырып, аймақтағы жағдайды білмейді. Ал жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы бұл мәселені толық шешуге жетпейді. Сондықтан, менің ойымша, мектеп құрылысына республикалық бюджеттен бөлінген қаржыны облыстарға беру қажет. Ақшаны соларға беріп, жұмыстың атқарылуын да солардан сұрау керек. Жұмыс екі деңгейден басқарылған соң нәтиже дұрыс болмайды. Өйткені, дер кезінде жұмыстың атқарылмауына екі жақ бір-бірін кінәлап, жауапты бір-біріне сілтей салу көп болады.




Көрілген: 1898    Пікірлер: 0

сейсенбі, 08.04.2014, 16:22

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30