Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Ұлттық әлеуметтік желіні неге дамыта алмай отырмыз?

24 қараша 2012, 13:09


Ербол АЗАНБЕК, журналист, PR маманы:
– Қазақстандағы әлеуметтік желілерді ұлттық, яғни қазақтілді және қазақстандық деп екіге бөлудің өзі дұрыс емес. Себебі ұлттық әлеуметтік желілер тұрмақ, қазақстандық екітілді желілердің өзі дами алмай жатыр. Оған басты себеп – әлемдік әлеуметтік желілер­дің кедергі болуы. Мысалы, 2 млрд тұтынушысы бар әлемдік желі мен 20 мың оқырманы бар «елім-ай.кз»-ті салыстыруға мүлдем кел­­мей­ді. Тағы бір себеп: қазақстандық желілер, мысалы, facebook-тегі­дей қызық дүниелерді ұсына алмай отыр. Және бір себеп, осы саланың мықты мамандарының жоқтығы ма деп ойлаймын. Бәлкім, сол үшін еш жерде олардың жарнамасы жоқ шығар. Ары кетсе әлеу­меттік желінің жасалғаны жөнінде бірлі-екілі ақпарат таратудан ас­пай­тын мамандар ұлттық әлеуметтік желіні дамыту үшін жұмыс жа­сап жат­қан жоқ деп айтуға толық негіз бар. Бұл жерде әлемдік тә­жі­рибемен бөлісу деген мәселе туындайды. Бірақ бұл да мәселені ше­ше ал­май­тын сияқты, себебі жастарымыз шетелге барып оқып, үй­реніп кел­ге­німен шет мемлекеттер қазақ қоғамына не керектігін біл­мейді ғой?! Сондықтан олар дұрыс үйрете біледі деп айту өте қиын.


Елдар ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ, блогер:
– Жалпы, интернет желісі енді-енді дами бастаған кезде әлеуметтік желіні пайдаланатынмын. Бірақ қазір біршама алшақтадым. Неге десеңіз, бұл желілерден келер пайда өте аз. Иә, қазір Facebook, Mail.ru сынды әлеуметтік желілер бар, жеткілікті және мұның барлығын қолдана отырып, «Неліктен бізде қазақ тіліндегі әлеуметтік желі жоқ?» деген санаңда сауал пайда болатыны да өтірік емес. Facebook-тың көшірмесін жасаудың пайдасы жоқ, оны М.Цукерберг жасап, бүкіл әлемге танытып қойған. Қазақстандықтар белсенді қолданатын локалды әлеуметтік желіні де «нөлден» бастап жасаудың керегі жоқ, оның орнына «Mail.Ru Group» компаниясының «Mail.Ru» порталын сатып алған жөн. Ол жерде қазіргі таңда біз аңсап жүргеннің барлығы бар: әлеуметтік желі, жаңалықтар, ақпарат алмасу, іздеу жүйесі, мессенджер және тағы да басқа. Ең бастысы, Mail.Ru порталы Интернетте белсенді қазақ­стандықтарға толы.


Анар МҰСТАФИНА, Massaget.kz сайтының контент-менеджері:
– Ұлттық әлеуметтік желі дейтіндей бізде ондай желі де жоқ сияқты. Қазақстандық әлеуметтік желілер бар, бірақ олар екі тілде жүргізіледі. «Неге дамымай жатыр?» деген сұраққа келетін болсақ, біз шетелдік әлеуметтік желілеріне бәсекелес бола алатын жоба жасап шығарған жоқпыз. Ресейлік «Мой Мир», «Вконтакте» қазақстандық интернет пайдаланушылардың сұранысын қанағаттандырып отыр. Болашақта қазақ тілінде ұлттық әлеуметтік желі ашылатын болса, ол осы әлеуметтік желілер бере алмаған тосын жаңалықтарға толы болуы керек. Сонымен қатар елімізде орыс тілін түсінетін болғандықтан, аудиторияның көбін орыстілді сайттар өзіне тартып алады. Алайда өте сапалы, тосын жаңалықтарға толы, жастарды қызықтырып әкететіндей ұлттық әлеуметтік желі ашылса, ол пайдаланушысыз, оқырмансыз қалмайтынына кәміл сенемін.