Алашты алаңдатқан сауал

Ұлттық менталитетке жат форматта өтетін арулар байқауының қажеті бар ма?



Ержан БЕЛҒОЗИЕВ, композитор:

– Әрине, мен мұндай байқаулардың болғанына еш қарсылығым жоқ.. Алайда қандай байқау болмасын, қандай сайыс болмасын ол жерден қазақтың иісі аңқып тұруы керек деп ойлайтыным тағы бар. Ал соңғы 10-15 жылда өткізіліп келе жатқан «Қазақстан Аруы» байқауы арлы қазақтар үшін жат болып тұр. Ол байқауда сайысқа түскен өрімдей жас қыздарымыз халықаралық талап осы екен деп ұйымдастырушылардың айтқанынан шыға алар емес. Киін десе киінеді, шешін десе шешінеді. Менімше, кез келген байқау адамның сыртқы келбетінен бөлек, ішкі жан дүниесін ашып көрсетуге бағытталуы керек. Әрине ауызды қу шөппен сүрте беруге де болмайды. Ондағы айтпағым бір ғана «Ана тілі Аруы» байқауы бойжеткендеріміздің сұлулығымен қатар, жастардың  бойына аз да болса қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпын сіңіріп, тілімізді асқақтатумен келеді. Оған да шүкір дейміз..




Әлібек ШЕГЕБАЙ, ақын:

– Қоғамда болып жатқан кез келген шара бір ғана адамның бет-бейнесін бермейді ғой. Оның артында қазақы тәрбие, ертеңгі болашақ ана бейнесі жатқан жоқ па? Орыс тілді ортада, батыстың талаптарын көшіріп алған мұндай байқаулар нағыз қазақ аруына баға бере алмасы анық. Сондықтан ибалы, инабатты, сыпайы, көркіне ақылы сай, ұлттық ұстанымы берік қазақ қызының шынайы келбетін танытатын байқауларды керісінше жиі өткізу керек. Мәселен, соңғы уақытта өткізіліп жүрген Баян Есентаеваның «Қазақ аруы» жобасы көпке үлгі. Қатысушылардың міндетті түрде қазақ тілін білуі керек деген талабының өзі көп жағдайды аңғартатындай. Қазақ қызы деп мақтанышпен айтатын жандар тарихымызда аз болмаған. Солардың ізін басқан, заманға сай, нағыз ару атағына лайық қыздарымыз қазір де көп. Тек, әлгіндей жат пиғылды байқаулар ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ деген атқа кір келтіруде. Сондықтан бұл сұраққа мен «жоқ» деп жауап берер едім.




Сағыныш НАМАЗШАМОВА, журналист:

– 1990 жылдардың басында болса керек, қазақ қыздары арасындағы республикалық деңгейде «Қыз сыны» байқауының алғаш ұйымдастырыла бастаған кезі болатын. Бұл біздің бой жете бастаған шағымызға дөп келді. Содан да болар, әлі күнге менің санамда сол байқаулар ерекше жатталып қалды. Жазира Асанованың Қазақ аруы атанған сәті де әлі көз алдымда. Журналдардың дәл ортаңғы айқара бетіне жарияланған жеңімпаздардың суреттерін қабырғаға іліп, кәдігімгі кумиріміздей көргеніміз де рас. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы сол қадірлі де тағылымды байқау біздің толқынға, оның ішінде қатарлас құрбыларыма айтарлықтай әсер еткенін өздері де растар.

Ал қазіргі сұлулық байқауларының ішінде қазақ қызына тән мінез-құлық, ой-өре мен өнер жарыстыратыны некен-саяқ. Тіпті сахнаға жартылай жалаңаш шығып, тәнін жарнамалайтын бойжеткендерді көрген кішкентай балауса қыздарымыз да соларға еліктеп, ерте есейіп бара жатқандай көрінеді.

Қазақ қыздарының сұлулығы жан мен тән әсемдігінде үйлесім болғанда ғана толыққанды деп есептелген, солай есептеледі де. Бірақ байқаулардың басым бөлігінде қыздарымыздың бастауыш сыныптың баласы білетін нәрсені айта алмай күмілжіп тұрғанын көргенде ішің удай ашиды.

Одан бөлек жүлденің саудаланатыны туралы әңгімелер де ел ішінде кезіп жүр. Оған нақты дәлел, жуырда ғана «Атырау аруы» байқауын ұйымдастырушыларына қатысты қылмыстық іс қозғалғандығын айтсақ та жеткілікті.  Яғни, бұл байқауда да жемқорлықтың иісі аңқып тұрғанын аңғару қиын емес.    

Осындай толып жатқан жағымсыз сипаттарынан кейін мен қазір сұлулықты сынға салатын байқауларды мүлде көрмеймін, көруге тұрады деп ойламаймын да.




Көрілген: 3131    Пікірлер: 0

жұма, 21.02.2014, 17:34

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30