Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Халықтық брендке айналуы үшін кәсіпорындарға көже жасауды міндеттеу керек пе?!

21 наурыз 2012, 12:18

Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі жақындағанда әр отбасы наурызкөже жасауды міндетіне балап, тіпті көженің жасалу технологиясын білмейтін жас келіндер үлкен кісілерден оның тәсілдерін сұрастырып, қал-қадерінше мейрамға қамданып-ақ жатады...
Негізінен, тереңіне үңілсек, наурыз­көженің қасиеті, құрылысы, жасалу тәсіл­дері тым ерекше. Бойына айрықша қасиет жиған бұл асты жасау оңай шаруа емес. Дәмі тіл үйіру үшін оған міндетті түрде сүр ет қосу керек. Сондай-ақ көжеге қосылатын басқа дәмдерді де нақпа-нақ дәл қоса білу үлкен шеберлікті талап етеді. Жасыратыны жоқ, қазірде Наурыз мейрамында дайын­далып жүрген қайсыбір көженің техно­логиясы, құрамы, дәмі көңілімізден шық­пай жатады. Көжені кім қалай естісе немесе бір жерден оқыса, болмаса біреуден үй­рен­се, солай жасап жүр. Ал жылдар өте келе осы дәміміздің сапасы одан әрі төмендеп кетпесіне кім кепіл?! Мұндайға жол бермес үшін не істеу қажет?
Көжені брендке айналдыру керек...
Негізінен, наурызкөже – ең алдымен ұлтты біріктіретін ас. Кезінде ата-бабалары­мыз халықты дастарқан басына тоғысты­ратын ынтымақ құралы ретінде нақ осы наурызкөжені пайдаланған. Үлкен «қара қазанға» әзірленген көжеден бүкіл ауыл-аймақ дәм татып, ел-жұрттың ырыздығы кіріп, берекесі жарасқан. Ендеше, осы кө­жені ұлттық брендке айналдыруға біз не­ліктен асықпай отырмыз?! Мүмкін, нау­рызкөжені дайын өнім ретінде нарыққа шығаруға отандық кәсіпорындарды мін­деттеу қажет шығар?! Бұл жайында эконо­мист-сарапшы Мейрам ҚАБ­ДРАХ­МАНҰЛЫ былай деді:
– Жалпы, наурызкөжені ұлттық брендке айналдырудың мынадай бірнеше тетіктері бар:
а) Наурызкөженің ішіне жеті түр­лі ас қосылатындықтан көжені жартылай өнім ретінде шығаруға кәсіпорындарды мін­деттеу қажет. Бұл үрдіс қарпайым от­басы қауымына да үлкен көмек болады. Егер көжені жартылай дайын өнім ретінде шығарсақ, көжеге деген сұраныс артып, наурызкөже тек Наурыз келгенде ғана емес, жылдың басқа мезгілдерінде де сұ­ранысқа ие болмақ;
ә) Егер біз отандық кәсіпорындарға наурызкөжені жасауды міндеттесек, оның жасалу технологиясы да дами түсетіні даусыз. Мәселен, қымызды, шұбатты, қы­мыранды қазір де дайын өнім ретінде шығаратын кәсіпорындар бізде бар. Бү­гінде олар қымыздан, шұбаттан емге дәру құрғақ таблеткалар да жасай бастады. Осы тәрізді наурызкөжені бір даярлап көріп, табысқа қол жеткізгеннен кейін кәсіп­орындар оның жасалу технологиясын да­мыта түседі деп сену керек. Кейін нау­рыз­көжеден дертке дауа құрғақ таблеткалар жасалып жатса, бұл – құптарлық жайт.
б) Наурызкөжені кәсіп­орын­­дар са­ты­лымға арнайы қорап­ша­лар­мен шығара бастаса, қораптың сыр­тында көженің құ­рамы, қасиеті, оған қосылған тағамдардағы дәрумендер толық жазы­лады. Осыдан барып көженің қасиеті мен құрамының құндылығынан хабарсыз қауым өзіне қажетті дерек алады.

Міне, маманның пайымдауынша, нау­рызкөжені брендке айналдырудың түп-төркінінде осы үш тетік жатыр. Сарапшылар бұған қоса: «Көже жасаумен айналысатын кәсіпорындарды жыл сайын наурыз айында салықтан босатып, олар төлеуі тиіс қосымша құн салығын алып тастап отырса, кәсіпорындар тек қана пайда көрер еді. Бұдан соң сол мекемелер өздері-ақ нау­рыз­көжелерін жарыса нарыққа шығарып, бәсекелестік орта тудырады» деседі...
Наурызкөженің емдік қасиетін білеміз бе?
Ал енді біз жеті түрлі ас қосылатын кө­женің емдік қасиетін білеміз бе? Бүгінде көп­теген қауым «көжеге жеті түрлі ас қо­сылса болды» деп, бұл астың стандарттау жүйесін бұзып, әркім қалағанын қосып жүр. Абзалында «көжеге міндетті түрде сүр ет қосылып, малта езіліп, бидай, тары са­лы­нуы тиіс, ал қалған үш түрлі тағамды әр­кім көңіл хошына байланысты үлестірсе де болады» дейді мамандар. Жалпы, көженің емдік қасиеті турасында ғалымдарымыздың пікірі оң. Біз бұл жөнінде наурызкөженің құрамын, емдік қасиетін ғылыми тұрғыда дәлелдеп жүрген диетолог-маман Гүлназ БАЙМАҒАМБЕТОВАМЕН пікір алмас­тық:
– Наурызкөженің құрамындағы су – тамақ рационының маңызды құрамдас бө­лігі. Тамақты сіңіру, қанға нәрлі заттардың жетуі сұйық ортада өтеді. Сондықтан нау­рызкөжені жасарда су молынан құйылуы қажет. Көженің құрамына сүр ет міндетті түрде салынуы керек. Сүр еттің дәмі әр алуан тағамдармен жақсы үйлеседі. Сүр етте адам ағзасында кездесетін амин қыш­қылдары түгелдей кездеседі. Негі­зінен, адам ағзасына қажетті заттардың 25 пайы­зы осы сүр еттің сорпасында... Бұдан соң көжеге қосылатын негізгі тағам – айран. Айран – сүт қоректі жануардың сүтінен жаса­латын сұйықтық. Бұл – ас қорыту жұмысын дамыту үшін өте пайдалы тағам. Төртінші, көжеге міндетті түрде малта езілгені абзал. Малта өкпе ауруын­да, тыныс жолдарына суық тиіп ауырған кезде ыстық­тай ішкізіледі. Малтаның сарысуын ауырған малға ішкізеді. Көжеге қосылатын тары, бидайдың тағамдық қасиеті жоғары және жұғымды. Бидай көмірсу мен ақуыздың негізі болып табылады. Ақуыздың 10-15 пайызы; кө­мір­судың 59 пайызы; майдың 38 пайызы; фосфордың 3,6 пайызы бидай мен тары­ның құрамында бар...
Сөйтіп, диетологтердің пікіріне жүгін­сек, наурызкөже – асқазан, өкпе, аурула­ры­на таптырмас ем. Ол адамның қан ал­масу процесін жақсартуына да өзіндік ық­пал етеді. Көженің құрамында минерал­ды зат­тар – кальций, фосфор, калий болса; сүт және ет тағамдарынан – ақуыздар; дән­ді-дақылдардан көмірсулар бөлінеді. Сон­дай-ақ көжеде В1,В2,В6, А, Д, Е дә­румендері бар. Міне, осыған қарап, расымен де, нау­рызкөженің құрамы мен қасиетіне қатысты насихатты күшейту қажеттігін пайым­дайсың...
Нәр-уызды қолданысқа енгізген жөн...
Негізінде, наурыз парсы тілінен алғанда «нәр-уыз» –«жаңа күн» деген ұғымнан шық­қан. Наурызды бирамалықтар «Су мей­рамы» десе, тәжіктер «Гүл гардон», «Гүл наурыз» дескен. Хорезмдіктер «Нау­сард­жи», татарлар «Нардуган» деп те той­латыпты. Шығыс халықтарының Наурызды қалай тойлайтындығы жайында Омар Хайям, Махмұт Қашқаридың еңбектерінде тереңінен жазылған. Қалай десек те, Нау­рызда барша бұқара қыстан аман-есен шыққанына шүкіршілік етіп, елдің аузы аққа тигеніне масайрайды. Заманында ата-бабаларымыз наурызкөжеге жаңа туған малдың уызын қосып та үйіндегі «қара қазанын» толтырған. Бұл, әрине, бабаларымыздың «наурызда малым төл­деп, өрісім кеңейіп, қоңсым мерей­ленсін» деген тілегінен туған ниет екені даусыз. Ал қазір наурызкөжеге уыз қосу тәсілі мүлде ұмыт қалды... Сондықтан ма­мандар «нау­рыз­көжеге жаңа туған малдың сүтінен жа­салған нәр-уызды пайдалануды қол­да­нысқа енгізсек, оңды болар еді» дейді... Жалпы, кезінде қазақтар наурыз ке­лер­ден бір күн бұрын үйіндегі қазан атау­лыны «аққа» толтырып, ыдыстарының бетін ашып қояды екен. Бұл – «қай үйде ақ мол болады, сол үйге ырыс-бақ келіп қо­нады, дастарқаннан ақ үзілмейді» деген ырымнан туындаған пейіл. Ендеше, «Ұлыс оң бол­сын, ақ мол болсын» деген ата-баба тілегі жалғасын табуы үшін осы бір Ұлы күннің басты белгісі – наурызкөже жалпы­ха­лықтық брендке айналуы тиіс. Бұған отан­дық кәсіпорындар бар ықылас-ынтасымен кіріссе, түйткілдің түйіні тар­қатылары даусыз...