Жыланға ысырапшылдық жат

27 желтоқсан 2012, 13:29

Жаңа жыл мерекесінде Ду­байдағы алтынмен ап­тал­ған бір мейманхана қа­дір­лі қонақтарға айрықша су­сын ұсынады. Сваровски крис­тал­дарымен безендірілген бо­калға 1906 жылғы коньяк, со­сын шампан құйылады. Алтын қа­уыз қалқыған коктейльге қантталған алтын таяқша қоса салынады. Ол еріген кезде бокалдың бетіндегі алтын қаймақтай қалқиды. Коньяк пен шампанның қосындысы - Коко Шанельдің сүйікті кок­тейлі. Ал оны алтынмен «әр­леу­ді» арабтар шығарған.

Жыланның «диетасы»
Жаңа жылдық ас мәзірінің қалайша құ­бы­латынын осыдан-ақ байқауға бола­ды. Ағыл­шын аспазы Хестон Блюментал­дың же­у­ге жарамды қар мен шараптан жа­са­л­ған мәмпәсиді ойлап табуына қарағанда, жер бетінде адамзаттың ойлап шы­ғар­ма­ған тағамы қалмағанға ұқсайды. Сон­дық­тан қалыптасқан дәстүрден ауытқудың қа­жеті шамалы. Тек келесі жылдың иесі – жы­ланның талғамы ескерілсін. Ал оның еш қиындығы жоқ. Себебі жыланның «дие­тасы» диетологтардың да, өзіміздің та­ғамтану институты мамандарының да кө­ңілінен шығатыны сөзсіз. Жыланның жең­сік асы – қоян еті, балық, жеміс пен кө­көніс. Қоянды өзімізге үйреншікті тауықпен ал­мастыруға болады. Екеуі де ағзаға ауырт­палық түсірмейді.
Сауда жорығына аттанамыз
Ең әуелі дүкен мен базардағы азық-тү­лік­тің бәрін үйге көшіріп әкелуге тырыс­па­йық. Әсіресе, супермаркетте сауысқанның сақ­тығы қажет. Өйткені жұрт жапатармағай қо­лына түскенді арбаға лақтырып жат­қанда, «тежегішті» тоқтату қиын. «Уол­март» желісін құрушы Сэм Уолтер сауда ор­нындағы арба көлемін үлкейткенде, адам­дардың 20-30 пайызға артық сатып ала бастағанын байқаған. Оның үстіне, қа­зір арбаның дөңгелегін тік бағытта зы­мы­райтын емес, оңға, солға бұрылатындай етіп жасаған қитұрқы тәсіл тағы бар. Бұл да тұтынушының назарын жан-жағындағы сөрелерге аудару үшін қажет. Сондықтан, арбаны толтыру міндет емес екенін есте сақ­таңыз. Ол үшін азық-түлік тізімін жасап ал­ған жөн. Тізім жасау үшін жаңа жылдық ас мәзірін белгілеуге тура келеді. Қанша дегенмен, мейрамды қарсы алумен тір­шілік таусылмайды. Жылан жылы да өмір сүру керек. Оның үстіне келесі жалақыға дейін уақыттың өтпей қоятыны тағы бар. Қаңтар айының жыл ішіндегі ең ұзақ ай болып сезілетіні де содан шығар.
Диетологтың кеңесі
Мерекелік ас мәзірін әзірлегенде мін­дет­ті түрде диетологтардың кеңесіне құлақ асу қажет. Айталық, жеміс пен көкөністің түрі мен көлемін көбейтіп, консерві атау­лы­ға жоламау. Ішімдікті суша сімірудің со­ңы да жақсылыққа апармайтыны белгілі. Дие­толог Владимир Доценконың ай­туын­ша, жаңа жылдық дастарқанға қойылатын тағамды мейлінше түрлендірген ләзім. Өйткені адам ағзасына белок пен кө­мір­те­гі­ден басқа басқа да көптеген элементтер ке­рек. Сол себепті мерекелік дастарқан тек денсаулық сыйлайтындай болсын. Әсі­ре­се, қыста жеміс пен көкөніс аз желінеді. Сондықтан салат түрін көбейтіп, үстелге же­місті көбірек қою керек. Мерекелік ас мә­зіріне ағзаға салмақ түсірмейтін жеңіл та­ғамдар әзірленгені дұрыс. Әсіресе ма­йонез бен сірке қышқылы аз болсын. Су­сын көп ішілсін. Әр тағам тек қажетті мөл­шер­де әзірленсін. Әйтпесе, уланып қалу қаупі зор.
Ең зиянды тағамдар
1. Майонез. Салаттың көп түріне, әсі­ре­се бүкіл ТМД кеңістігінде дастарқанның сә­ні кірмейтін әйгілі «Оливье» салатына сөз­сіз майонез қосылады. Ең дұрысы, ма­йонезді салатқа үстелге отырарда қосу ке­рек. Ал одан да дұрысы, өсімдік не зәйтүн ма­йы қосылатын салат түрлеріне ба­сым­дық берген дұрыс.
2. Ішімдік коктейльдері және шампан. Кок­тейльдің зияндылығы – алкоголь және ал­когольсіз сусындардың қоспасынан ер­теңінде бас жазу қиынға соғады. Ал шам­панның асқазанды қыжылдататын қасиеті бар. Сондықтан оны бір бокалдан артық ішпеуге тырысқан абзал.
3. Майлы ет.
4. Мандарин. Онсыз қандай жаңа жыл. Де­генмен асқазаны ауыратын адамның ман­дариннен сақтанғаны дұрыс.
Қазақы дастарқан
Дегенмен мерекелік дастарқан жаюда қазақтың өз салт-дәстүрі бар. Бұл дәстүрге сүйенгендер ешқашан ұтылған емес. Қазы-қарта мен жал-жая, бауырсақ пен шелпек, жент пен талқан, құрт пен ірімшік сияқты жеңсік асымыз тұрғанда, бұқ­ты­рыл­ған қоян еті де, ыстық пешке қақталған ақ­серке де, ішіне алма салынған тауық та жа­йына қалады. Қамыры бар етті жеп ал­ған­нан кейін асқазанды тыныштандырып, тоқ басатын қымыз бен шұбат әлгіндегі алтын құйылған коктейльге қарағанда мың есе шипа. Сондықтан әркімнің өз әзір­лігі білсін дейміз. Тек сапалы азық-түлікті са­тып алу жағы ұмыт қалмасын.