Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Қанша теңге жұмсасаң да, ең бастысы – ниет түзу болсын

21 наурыз 2012, 12:11

Үміт апаның наурызкөжесін ішкен де арманда, ішпеген де арманда. Қандай тәсілмен пісірсе де, дәмі ерекше, тіл үйіреді. Сондықтан мейрамның қарсаңында айналасындағы қыз-келіншектер көжесін пісіртіп алуға кезекке тұрады. Әлбетте, әркім қалтасына қарай «көсіледі».
Алдымен көшенің арғы бетіндегі дәу үйде тұратын бизнесменнің бәйбішесі жетеді. Ол құрамында дәмі көп, неғұрлым күрделі тәсілді таңдайды: су, ет (міндетті түрде соғымнан қалған сүр ет, қазы), тұз, күріш, ақтаған арпа, сұлы, қарақұмық, тары, бидай және айран немесе қатық.
«Тиыннан теңге құралады» дейтін кәсіп­кердің келіншегі есепке жүйрік. Каль­куляторға салып, есептеп жібергенде наурыз көженің бағасы шыға келеді: сүр ет (1 келі) – 2500-3000 теңге, су – 5 л (жа­нын­дағы дүкенде тазартылған ауызсу 150 теңге тұрады), бидай – 100 г (20 т), ақ­таған арпа – 100 г (20 т), сұлы – 100 г (20 т), бидай – 100 г (30 Т), қарақұмық – 100 г (45 т), айран – 1 л (200 т). Барлығы 2985 теңге, яғни дөңгелектегенде 3000 теңге шамасында.
Бірақ бұл – он адамға арналған мөл­шер. Ал наурызда бас сұғатындар көп. Бүкіл туған-туыс, жолдас-жора, тамыр-та­нысты қосқанда жүзден асып кетеді. Сон­дықтан бес күн мейрамда кемінде 40 литр­ден бес қазан көже пісіру керек. Сонда бес күнге тек наурыз көженің өзіне 60 000 теңге керек екен. Табысы бар адамға түк емес. Былтыр да осы шамасында жұмсаға­ны есінде.
Байдың бәйбішесі көңілі жайланып, көжеге керек тағамдарды сайлауға базарға аттанды.
Оның артын ала Үміт әжеге келесі көше­де тұратын мұғалім келіншек жетті сү­рініп-қабынып. Мұның үйіндегі отағасы – бір мекемеде күзет қызметкері. Үйел­­­мелі-сүйелмелі үш бала бар. Екеуінің айлығын қосқанда айына 100 мың теңгедей табыс кіреді. Қысқасы, табысы орташа бұл отбасыға кемінде 30 литр наурыз көже керек. Қолдағы ақшаны айлыққа дейін жеткізу үшін азық-түлікті шақтап алуға тура келеді.
Мұндайда Үміт апаның «үнемді» тәсілі құтқарып кетеді. Оған су – 5 л, ет – 1 келі (1000-1200 т), бидай – 100 г (20 т), арпа – 100 г (20 т), тары – 100 (20 т), айран – 1 л (200 т), тұз. Сонда 10 адамға арнал­ған көжеге 1500 теңге керек екен. 30 литр көжеге 9000 теңге жұмсайды. Бұған шама жетеді.
Мұғалім келіншек те Үміт апасына дән риза. Іштей «кейін бір көйлек кигізермін» деп жүгіре басып базарға жөнелді.
Асығып жүріп Үміт апа оларға наурыз­көженің ең басты құпиясын ескертуді ұмытып кетіпті. Оны бізге айтты. «Нау­рыз­көжені еш нәрсеге алаңдамай, бар ынта-ықыласыңмен дайында. Не нәрсе қосса да, жүрегі таза, ниеті түзу, көңілі ақ жан­дардың қолынан шыққан көженің дәмі бал татитынын ұмытпаңдар, қарақтарым»,– дейді ол.
Шынында да, мәселе есепте емес, ниетте ғой.