Мал шаруашылығының майталманы

Мал шаруашылығының майталманы

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын...» деген дана халқымыздың ұлағатты сөздері Айбын Әдепханұлы сияқты тұлғаларға айтылса керек. Қазақстанның ауыл шаруашылығы өндірісінің дамуына, оның ішінде мал шаруашылығының өркендеуіне өзіндік үлес қосқан білімді де білікті ел азаматтарының бірі – белгілі ғалым, көрнекті селекционер, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның Ауыл шаруашылығы академиясының академигі, А.И.Бараев атындағы сыйлықтың иегері Айбын Әдепханұлы Төреханов туралы сөз қозғасам деп едім.
Төреханов Айбын Әдепханұлы 1963 жылы Алматы облысы Панфилов ауданы, кезіндегі Көктал кеңшарының жайлауы – ақбас Алатаудың баурайындағы атақты Бел­жайлауда дүниеге келген. «Тау баласы тауға қарап өседі» демекші. Айбын да жасынан Алатаудай биік болып жүруді мақсат тұтқан болуы керек. Көктал ауы­лындағы Абай атындағы қазақ орта мек­тебін 1980 жылы алтын медальмен бітірген соң Алматы зоотехникалық-мал­дәрігерлік институтына оқуға түсуге емтихан тапсырып, үздік нәтиже көрсетуіне байланысты бірден сол кездегі алып мемлекет КСРО-ның астанасы – Мәскеу қаласындағы К.Скрябин атындағы мал­дәрігерлік академиясына зооинженер мамандығына оқуға жіберілді. Оны 1986 жылы үздік дипломмен бітіргенде аталған оқу орнының ұстаздары академияда ғылы­ми-педагогикалық жұмысқа қалуға ұсыныс жасайды. Алайда Айбын Әдеп­ханұлы еңбек жолын өзінің туған ауылы Көктал кеңшарында бастауды жөн көрді. Кеңшар директоры Әділшайық Ыбырай­молдаев туған елге қызмет ету үшін өз жүрек қалауымен келген белсенді жігітті көргенде шын қуанды, сөйтіп, оған сеніп тапсырылатын жұмыстың өзіндік ерек­шеліктері мен қиындықтарын да бүкпесіз айтты. Сол себепті алғашқыда жас маман жүрексінгенін де жасырмайды. Әйтсе де Кеңес Одағындағы ең алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының бірі – Мәскеудегі К.Скрябин атындағы мал­дәрігерлік акаде­миясының қабырғасында білікті де білімді ұстаздарынан алған орнықты теориялық білімі мен өндірістік тәжірибелерден көңілге түйгеніне сенді. Академияның жақсы жаб­дық­талған ғылыми базасы мен оқу-тәжі­рибелік шаруашылығында студенттердің бола­шақ мамандығының негіздерін мең­геруіне, зоотехния ілімінің жетістіктерін өндіріске енгізудің шеберліктерін шыңдауына мүмкіндігі мол еді.
Бастапқыда кеңшар директоры оны етті ірі қараның сантагер-труда тұқымы бойын­ша асылтұқымды мал өсіруші бөлімшесінің зоотехнигі қызметіне тағайындады. Мал селекциясын тереңірек білемін деген талап­тыға бұл қызметтің алған орны ерекше бол­ды. Басшының үміті ақталды, іскер маман те­рең зооинженерлік білімі мен ұйымдас­тыру­шылық қабілетінің нәтижесін тез арада-ақ байқатты. Осы шаруашылыққа ғылыми ке­ңес беріп жүрген Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандары­мен бірге ол мал өнімділігінің артуына, осы тұқымның жоғары өнімді жетісу сүлесінің шы­ғарылуына, қалыптасуына өз үлесін қос­ты. Сондықтан кеңшар директоры көп ұза­май оның қызметін ауыстырып, мал шаруа­шылығының басқа салаларында да байқап көрді.

Аталған кеңшарда Айбын Әдепханұлы қай салада болмасын жұмысын дөңгелетіп, қызметі өсіп, абыройы артып, ел сүйсі­не­тіндей жетістіктерге жетіп жүрді. Мысалы, ол осы кеңшардың қой өсіретін «Достық» комсомол жастар бригадасын басқарып жүргенде бұл бригада саулық отарларын ұстаумен қатар, бүкіл кеңшар бойынша алынған төлдің етке өткізуге арналған малдарын бордақылаумен айналысқан. 1987-1988 жылдары борда­қылауға қойыл­ған 21 мың бас қазақтың биязы жүнді қой тұқымы тоқты­лары­ның бір жасына жетер-жетпес кезіндегі тірілей салмағын орта есеппен 69,5 килограммға жеткізіп етке өткізгені, сол кездерде бүкіл республиканы дүр сіл­кіндіргені, Бүкіл­одақтық Лениншіл ком­сомол жастар одағының ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алғаны есімде.
Осындай бірнеше жылғы өндірістегі жет­кен жоғары жетістіктерінің нәтижесін бай­қаған аудан мен сол ауданда ғылыми жұмыс жүргізетін Қазақтың мал шаруа­шы­лығы ғылыми-зерттеу институтының бас­шылары Айбын Әдепханұлына ғылыми бағытта жұ­мыс жасауына ықпал етеді. «Сабақ­ты ине сәтімен» дегендей, осы уақытта студенттік дипломдық жұмыстың жетекшісі, ака­демик Владимир Филип­пович Красо­таның тікелей араласуымен Мәскеудегі мал дәрігерлік ака­демиясының аспиран­ту­расынан арнайы жолдама келеді. В.Ф.Красота – кезінде КСРО жоғары және орта білім беру басқармасын бас­қарған, Кеңес Одағы деңгейінде басшы қызметтер атқарған беделді қайраткер ре­тінде белгілі ғалым адам. Скрябин атын­дағы мал дәрігерлік академиясының Ауыл шаруа­шылығы жан­уарларын өсіру және олардың генетикасы» кафедрасының мал шаруашы­лығы маман­дығының сту­денттері оқитын негізгі пән­дерінің бірі – Ауыл шаруа­шылығы жануар­ларын өсіру пәні бойынша жазылған негізгі оқулықтың авторы да ака­демик Красота еді.
Айбын Әдепханұлы ұстаздарының се­ні­­мін еселеп ақтады. Ғылым биігіне кө­терілді. Мәс­кеуде Ресейдің ауыл шаруа­шылығы академиясының вице-президенті академик Л.К.Эрнстің жетекшілігімен «Сиыр­­лардың сүт өнімділігі мен ағза­сындағы заталмасу мәсе­лелері» бойынша ғылыми ізденістерінің не­гізінде «биология ғылымдарының кан­ди­даты» ғылыми дәрежесін қорғады да, 1992 жылы елімізге қайтты.
Елге келген соң 1993-1997 жылдары Қа­зақ ауыл шаруашылығы академиясы жүйе­сін­де жұмыс істеді, атап айтқанда, Талды­қорған ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында директордың орын­басары (1993-1994), Талдықорған облыстық агро­өнеркәсіптік кешені ғылы­ми-өндірістік орта­лығы директорының бірінші орынбасары, директоры (1994-1996), облыстық агро­өнеркәсіптік кешені ғылыми орталығының бастығы (1996-1997) қызметтерін атқарды.
Айбын Әдепханұлының іскерлігін бай­қаған басшылар Талдықорған облысы тар­а­ған соң оны басқа басшы қыз­мет­терге тартады. Ол 1997 жылдары Ал­маты облысы Талдықорған ауданы әкімінің орынбасары, 1998-1999 жылдары «Ка­загропром­банк» ак­ционерлік қоғамының Талдықорған қала­лық филиалында ди­ректордың орынбасары қызметтерін атқарады.
Талдықорғанда қызмет етіп жүрген ке­зең­­дерде, әсіресе Қазақ ауыл шаруа­шылығы академиясы жүйесінде Айбын Әдепханұлы облыстағы сүтті ірі қара мен биязы жүнді қой тұқымдарын асылдандыру жұмыстарымен тікелей айналысты. Оның ұсынысымен об­лыс­тық деңгейде облыстық қолдан ұрықтандыру стансысының не­гізінде «Асыл» мал асылдандыру орталығы ұйым­дасты­рыл­ды және онда ірі қара мал мен қой тұқым­дарының тектік қорын жетіл­діру жұмыстары басшылыққа алынды. Жергілікті мал тұқым­дарын өсіру басшылыққа алынып, аталық малдарды ұрпағының сапасы бойынша бағалау және олардың тектік әлеуетін тиімді пайдалану үшін қолдан ұрықтандыру жұмыс­тары жандандырылды. Мал шаруашы­лығы­мен шұғылданатын шаруашылықтарда мал асылдандыру жұмыстары үйлестіріліп, тұқым­ мал өсіретін шаруашылықтарда селек­циялық жұмыстар ғылыми негізде ұйымдас­тырылды. «Асыл» мал асыл­дандыру орта­лығы осы бір кең ауқымды жұмыстың өзегіне айналды, облыс ау­мағында өсірілген жер­гілікті малдың ең құнды генотиптері есепке алынып, аталық малдар Орталыққа шоғыр­ландырылды, оларды қолдан ұрық­тандыру науқанында қарқынды пайдалану мал тұқымын жақ­сартуға мұрындық болды. Осы нәтижелі бастама бүгінгі күнге дейін жал­ғасын та­уып, ел игілігіне жұмыс атқаруда. Респуб­ликалық мал асылдандыру орталығы «Асыл түлік» қоғамында төраға қызметін атқара жүріп, облыстық мал асылдандыру орталығының жұмысын заманауи дең­гейде жүргізуге де өз ықпалын тигізді. Айбынның тікелей ұсынысы­мен бұқалар­дан алынатын ұрықтарды мұз­дату және оларды сақтау үрдістері заманауи жаңа деңгейдегі технологиялар негізінде жасалынды. Сондықтан да бүгінгі таңда рес­публикалық та, облыстық та орталық өз өнім­дерін шетелге шығаруға толық мүмкіндік алды. Ресеймен біріккен ғылыми селек­ция­лық жұмыстар да біздің рес­пуб­ли­ка­мыздың асылтұқымды бұқалары­ның ұрық­тары Ресей шаруашылық­тарында қол­да­ны­луда. Кеңестік кезеңде біз Орта­лықтан ғана ұрық алып келсек, егемен­дік алғаннан кейін, яғни соңғы жылдары өз малымыздың генотипін Ресейге шығаруға қол жеткіздік. Осындай мал­ шаруа­шы­лы­ғын­дағы үлкен нәтижелер тынымсыз еңбек пен терең білім­нің ұтымды үйлесім табуынан десек те болар.
Облыстық деңгейде қызмет атқар­ған­дықтан, қай салада болса да, атқарып жүр­ген қызметін тынымсыз ізденумен ұштастыра жүрген Айбын Әдепханұлы на­рықтық за­манның талабын ескеру қажеттілігін түсініп, өзінің экономикалық білімін ұштай түседі. Жетісу экономикалық институтында сырттай оқып экономист-менеджер (1999) маман­дығына ие болады.
Іскер маманды халық қашан да болсын бағалаған емес пе. Алматы облысының орта­лығы Талдықорған қаласында еңбектеніп жүрген Айбын Әдепханұлын жалпы мемле­кеттік деңгейдегі қызметтерге шақырады.
Содан Айбын Әдепханұлы 1999-2011 жыл­дары ҚР Ауыл шаруашылығы министр­лігінің жүйесінде қызмет атқарды: 1999-2000 жылдары ҚР Ауыл шаруа­шылығы министр­лігінің Стратегия және мемлекеттік реттеу департаменті директорының орын­басары, 2001-2004 жылдары «Асыл түлік» республикалық мал асылдандыру орталығы» АҚ-ның басқарма төрағасы, 2004-2008 жылдары Мал шаруашылығы және вете­ринария ғылыми-өндірістік орталығының директоры, 2008-2010 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы министр­лігінің «КазАгро­Инновация» АҚ вице-президенті, 2010-2011 жылдары «Мал шаруашылығы және ве­те­ринария» ғылыми-инновациялық ор­талығының және Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми зерттеу инсти­тутының бас директоры лауазым­да­рында қызмет атқарды.
Республикадағы мал шаруашылығы сала­сындағы арнайы ғылыми-зерттеу инс­титуттарын бір ортаға жұмылдырып, олар­дың ғылыми ізденістерін өндірістік талапқа бейімдеу бағытында 2003 жылы ғылыми-өндірістік орталықтар құрылғаны белгілі. Осы орталықтың жұмысын жандандыруға жас маман ретінде Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан 2004 жылы басшы­лыққа А.Төреханов жіберіледі. Осы уақыттан бастап Айбын Әдепханұлы өзінің бар күш-жігерін мал шаруашылығы ғылымын зама­науи талаптарға сәйкес дамытуға арнайды. Мал тұқымдарын асылдандыру жұмыстары­нан тысқары мал азығы өндірісі саласы бойынша да ғылыми ізденістер жүргізген жас маман осы жұмыстың өзектілігін ескере отырып, осы бағытқа басымдылық береді. Жеке басының ізденімпаздығын үлгі ете отырып 2005 жылы табиғи жайылымдарды тиімді пайдалану мәселелері бойынша док­торлық диссер­тациясын қорғады.
«Мал шаруашылығы және вете­ри­нария» ғылыми-инновациалық орта­лығында қыз­мет істеп жүрген кезеңде бүкіл еліміздегі маусымдық мал жайы­лымдық жерлер мен оларды пайда­ланудағы мал мөлшерін анықтайтын анықтамалық карта жасалды.Осы жұмыс Қазақстан Республикасының Ұлт­тық атласына енді. Қазақстан Респуб­ликасы бойынша мал шаруашылығындағы кең ауқымды селекция (КАС) және оның бары­сында жүргізілетін есептеулер мен селекциялық процестерді басқарудың авто­маттан­дырылған жүйелері жасалып іске қосылды. Кең ауқымды селекция бағ­дар­ламасының өзегі, әрине, ақпараттық сарап­тау жүйесі. Осы жүйені әзірлеп Қазақстан аумағында кеңінен қолданысқа енгізген де ғалым Айбын Төреханов еді. Бұл Айбынның ең озық жетістіктері десем де артық емес. Оның басшылығымен және тікелей белсенді араласуымен сүтті ірі қара шаруа­шы­лы­ғында жүргізілетін сұрыптау мен жұп таңдау үрдіс­терінің посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттер ішінде ең алғашқы заманауи жаңа әдісте­мелері Қазақстанда жасалып шыға­рылды, атап айтқанда, сүтті ірі қара шаруашылығында сиырлар экс­теръерінің сызықтық кескінін салып баға­лау, сүтті сиырларды дене құры­лымының белгілер кешені бойынша жіктеу, сүтті сиыр­лардың тұқымдық құндылығын баға­лау, ұрғашы ұрпағының экстеръерінің бағалануы нәтижесімен аталық бұқаның экстеръерлік сызықтық кескінін салу әдісі т.б.
Айбын Әдепханұлының Қазақ мал ша­руа­шылығы және мал азығы өндірісі ғы­лыми-зерттеу институтының бас дирек­торы лауазымында қызмет атқарған кезеңде осы ұжымдағы ғалымдарды топтас­тырып, олар­дың күшімен өсім­діктердің табиғи ортаға бейім, жоғары өнімді және сапалы бірқатар сұрыптары мен будандары, қой, ірі қара, жылқы және құстардың жаңа тұқымдары, тұқымішілік сүлелері, аталықіздері мен кростары шығарылып, өндіріске енгізілді.
Маған Айбын Әдепханұлының ғылым­дағы табандылығы мен тиянақ­тылығы, өмір­дегі тұрақтылығы мен ақжарқындығы ұнайды. Ол қай тұста да, қандай ортада да көзі жеткен шындықтан айналып өткен емес. Біреуге ұнар, біреуге ұнамас, сөздің атасын өлтіріп, ойдың жалын құлатып жатпайды,  айтатын жерде айта біледі, артық кеткенін сезінсе, қайтатын жерде қайта біледі.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігін А.С.Есімов, Т.Нұрқиянов, А.Күрішбаев бас­қарған кезеңдерде Айбын Әдеп­ханұлының белсенді араласуымен Қазақ­станның мал шаруашылығын өркендету бағытында айтар­лықтай жұмыстар атқарылғаны белгілі. Одан соң Айбын Әдепханұлы 2012 жылдың шілде айынан бастап ҚР Білім және ғылым ми­нистр­лігінің «Парасат» ұлттық ғылыми-тех­нологиялық холдингі» АҚ-ның технология­ларды ком­мерцияландыру орталығының дирек­торы қызметін атқарды, бүгінде Ми­кро­биология және вирусология ғылыми-зерттеу инсти­тутының ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізу бөліміне жетекшілік етуде.
Айбын Әдепханұлының үлкен ғалым ретінде жеткен ғылыми жетістіктері аз емес: ауыл шаруашылығы ғылымының док­торы, профессор, Қазақстан Респуб­ликасы ауыл шаруашылығы ғылымдары академия­сының академигі, Ресей ауыл шаруашылығы ғылымдары акаде­миясының Сібір бөлім­шесінің құрметті докторы, А.И.Бараев атын­дағы сыйлықтың иегері, 400-ден астам ғы­лыми еңбектері, аграрлық жоғары оқу орын­дарына арналған алты оқу­лық, мал шаруашылығы мен мал азығын өндіру салалары бойынша алты анықтамалық кітап және 40-дан астам ғылыми-әдістемелік нұсқаулары бар.
Айбын Әдепханұлының творчестволық жаңа жетістіктері де мол: қой шаруа­шы­лығы бойынша Қазақстанда шығарыл­ған етті бағыттағы жаңа меринос тұқы­мының, қазақ­тың биязылау жүнді қойдың көп төлді типінің авторларының бірі; ірі қара шаруа­шылығы бойынша сүтті сиырдың ақырыс қазақы қо­ңыр сүлесінің, Ертіс қазақы қызыл ала сүлесінің және Сайрам қазақы қара ала сүлесінің авторы; етті ірі қара сиырының Әулиекөл тұқы­мының «Зенит-Чубатый» мен «Табакур» екі зауыттық аталық ізде­рінің, жылқы шаруа­шылығы бойынша Мұғалжар тұқымының Қожамберді сүлесінің және осы тұқымның тұқымішілік Құланды сүлесінің «Арал» зауыттық аталық ізінің, құс шаруа­шылығы бойынша Бескөлдің түсті үйрегі жаңа тұқымының, өсімдік шаруашылығы бойын­ша жоңыш­қаның Балауса және еркек шөптің сабат атты жаңа сорттары мен көп­те­ген селек­циялық жетістіктердің авторы, «Ба­ғалы жүнді аңдардың ата­лықтарын тұ­қы­мына қарай сұрыптау» атты, (1984), «Тү­йе сүттілігін көбейту әдісі» (1991) атты өнер­та­быстарға патентері бар. Жалпы, жаңа селекциялық жетістіктері үшін берілген тоғыз авторлық куәлікке ие, технологиялық жаңа­лықтары үшін берілген авторлық куәліктер саны бес, авторлық құқықтары үшін берілген төрт және интеллектуалдық меншік нысан­дары үшін берілген жеті жеке куәліктері бар.
Ғылыми-педагогикалық саласындағы ізденістері негізінде Айбын Әдепханұлы – Республикада алғаш рет қазақ тілінде жазыл­ған және екі мәрте баспадан басылып шы­ғарылған «Мал өсіру және селекция», «Шалғындық-жайылымдық мал азығы өндірісі» оқулықтарының негізгі автор­лары­ның бірі. Ал Қазақстандағы әр түлік мал тұ­қым­дарын асылдандыру және оларды азықтандыру мәселелері бойынша алты анықтамалық, көптеген нұсқаулықтар мен ұсыныстары және бар.
Осындай жетістіктерінің нәтижесінде Айбын Әдепханұлы көптеген мемлекеттік марапаттқа да ие болды. Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы академиясының ме­далі мен Құрмет грамотасын (1985) алды, ауыл ша­руашылығы жануарларының селек­циясы мен мал азығын өндіру саласындағы бір­лескен еңбектері үшін Ресей ауыл шаруа­шы­лығы ғылымдары академиясының Сібір бөлімшесінің құр­метті докторы атағын алды, халық­аралық ғылыми ізденістерге белсенді араласқаны үшін Халықаралық іскерлік кеңесінің «Құрмет белгісі» және «Ака­демик А.И.Бараевтің 100 жылдығы» медаль­дары­мен наградталды, ауыл шаруа­шылығы сала­сындағы жемісті еңбектері үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрмет гра­мо­тасымен», «І дәрежелі Еңбек даңқы» төс­белгісімен наградталды.
Уақыт дейтін ұлы күш адам баласына ар­манын әлпештеп, бақытын аялауға жағ­дай жасайды, біреуді ақын, біреуді батыр, біреуді әкім, біреуді пақыр етеді, енді біреу­лерді мына біз секілді бір зерттеудің соңында жүріп, көз майын тауысар ғалым етеді. Ал Айбын Әдеп­ханұлы – бар есті өмірін мал ша­руашылығы саласындағы ғылымға арнап келе жатқан, Кеңестік кеңшар бөлімшесінің зоо­технигі қызметінен бастап, Тәуелсіз Қа­зақ­­стан кезеңінде салалық ғылыми-зерттеу инс­титуттарының бас директоры қызметтерін ұзақ уақыт абыроймен атқарған, талант пен талаптың, жігер мен төзімнің қос­пасынан сығымдалған шынайы ғалым, нағыз тұлға.
Айбын Әдепханұлы еліміздегі қоғам­дық жұмыстарға белсене араласты, Қа­зақ­стан­ның мал шаруашылығы қауы­м­дастығының, РФ қара ала сиыр тұ­қым­­дарын өсіру бойын­ша қауымдас­тығының, ҚР Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігінің Ғылыми-техникалық кеңесінің мүшесі қызметтерін атқарды. ҚР ҰҒА аграрлық бөлімшесінің мал шаруа­шылығы саласы бойынша сараптау кеңесінің жұмысына белсене араласты, көптеген ғы­лы­ми-мерзімдік басылым­дардың редак­циялық кеңесінің құрамына кіреді.
Айбын Әдепханұлы мұндай бағалауға жалған дақпыртпен емес, өзінің жастайынан қалыптасқан еңбекқор­лығының тиімді нәтижесімен жетіп отыр. Оның бәрін бүгінгі шағын мақалада айтып жату мүмкін де емес.
Оның тікелей жетекшілігімен сегіз кан­дидаттық және екі докторлық диссертация қорғалды. Қазіргі уақытта еліміздің білім ошақтарындағы жастар Айбын Әдепханұлы жазған көптеген ғылыми, ғылыми-көпшілік, оқу-әдіст­емелік еңбектерін оқып, өндірісте іс-жүзінде пайдаланып, білімін шыңдап жүр. Көптеген шәкірттері мемлекеттік, ғылыми және ұстаздық қызметтер атқаруда. Мәселен, Бақ­қожаев Анас – ақпараттық сараптау жүйе­­­сінің авторларының бірі, бүгінгі таңда «КазАгроӨнім» АҚ төр­ағасының бірінші орын­басары, ақпараттық сараптау жүйесінің авторларының тағы бірі – Қарымсақов Талғат бүгінде Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары, Байматова Алтыншаш Солтүстік Қазақстан ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми хатшысы.
Айбын Әдепханұлы бүгінгі жұмыс орнын­да да ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Микробиология және вирусология» ғы­лыми-зерттеу институты­ның ғылыми жетіс­тіктерді өндіріске енгізу бөлімінің бас­шысы қызметінде де тыным­сыз ізденістермен жұмыстар атқаруда. Еліміздің мал шаруашы­лығы үшін азық өнімділігін арттыруға әсер ететін биоло­гиялық препараттарды өндіріске енгізу бағытында еңбектеніп жүр.
Айбын Әдепханұлының ел сыйлап құр­мет ететін ерекше бір қасиеті – қазақ тілін жетік білетіндігінде. Сөйлегенде ойларын өте дәл жеткізіп, мақал-мәтелдеп жұртқа өзінің білімділігін мойындатып, аудиторияны өзіне бірден тартып, баурап алатын ділмар шешен­дігінде. Сөздің төркінін жете танып, мағы­насын тез аңғара білуінде. Қандай орта­да сөйлесе де, қанат­ты, ұтымды сөздердің те­рең де мазмұнды әрі көп мағыналық құді­ретін сақтай отырып, оны орынды қолдана білуінде. Өскен орта­сында жастайынан қалыптасқан мұндай қасиетімен ол қазақтың ғылыми тілінің дамуына және оны жетілдіруге де аянбай атсалысып жүр. Ауыл шаруа­шы­лығы ғылымы саласына көптеген жаңа атау (тер­миндер) енгізіп, кейбірінің мағы­насын, мәнін ашып, айтылу-жазылу тәр­тіптеріне де жаңалықтар енгізіп жүргенін көріп жүрміз.
Міне, бұл айтылғандардан Айбын Әдеп­ханұлының қайда жүрсе де, өз елінің мал шаруашылығы үшін аянбай, үнемі ізденіспен еңбек етіп жүргенін байқауға болады. Өз мамандығының нағыз пат­риоты осындай болса...
Адами қасиеті мол, маман ретіндегі мықты­лығы бар, мұның сыртында Айбын Әдепханұлы – өте бір текті әулеттің өкілі. Көпбалалы отбасында тәрбиеленген Айбын Әдепханұлы – парасаттылықты ұлағат еткен ата-анасының тұңғыш перзенті. Айбынның әкесі Әдепхан аға – Көктал ауылының Абай атындағы қазақ орта мектебінде 45 жылға жуық физика пәнінен сабақ берген, «ҚР білім беру ісінің үздігі», Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Алматы облысының Құрметті аза­маты Алматы облысы Панфилов ауданы­ның Құрметті азаматы, «Ы.Алтынсары атын­дағы» және «Құрмет» төсбелгілерінің иегері, ауыл-аймаққа ғана емес, респуб­ликаға таны­мал ұлағатты ұстаз. Айбын Әдепхан­ұлы­ның әкесінен қабыл­даған керемет бір қасиеті – ол кісі де елге, халыққа жақсылық жасап жүретін. Айбын Әдепханұлының анасы Рысжан жеңгеміз де жай адам емес, ұзақ жылдар ұстаздық етті, көптеген адамдарды тәрбиеледі, өз жанұясында көп бала өсіріп, тәрбиелеп Кеңестік дәуірде-ақ «Батыр Ана» атанып, алтын жұлдыз таққан.
Әрине, осындай текті әулеттен шыққан адам да жай адам болмайды. Айбын Әдеп­ханұлы Жақыбаевтар әулетінің абыройын асырды, мерейіне мерей қосты. Осы әулеттің құрметіне лайық азамат және тек қана әу­леттің емес, бүкіл халықтың, елдің, қазақтың азаматы болып қалып­тасты.
Айбын Әдепханұлы, шын мәнінде, сегіз қырлы бір сырлы жігіт. Өмірін ғылым­ға арна­ған ол әрі күйші, дом­бырашы, саятшы, ше­бер ретінде де өз биігіне көтеріле білген жаратылысы ерекше талант иесі. Ол гитара, баян, домбыра сияқты түрлі аспаптарда жеріне жеткізе ойнай біледі. Әдебиетпен де бір кісідей-ақ айналысқаны анық ағарылып тұрады. Өйткені оның қаламынан бірнеше прозалық туындылар да туған. Оқырман қауым жылы қабылдаған әңгімелері көркем және тартымды. Ол таза да адал ақ жүрегімен қазаққа мүмкіндігінше қызмет етуге тыры­сады. Және ешқашан «мынаны мен істегем, ананы мен жасағанмын» дегенді айтпайды. Үнемі ой үстінде жүреді. Көп оқып, қажетті дүниелерді мұқият жинақтап қояды. Көңілі жайлы кезінде жымиып қана отыра береді. Аз сөйлейді, мінезі салмақты, білімі жан-жақты. Кездес­кен адамына жылы шырай танытқанымен, бірден ашылып әңгіме айта қоймайды. Бірақ жанына жаққан жандармен салиқалы әңгіме құрып, ұзақ сырласа біледі.
Мерейтой иесі нағыз дер шағында. Ол әлі де Қазақстан Республикасының мал шаруа­шылығы саласында болашақ ғалымдарын даярлау, ғылыми жетістіктерін арттыру сияқ­ты маңызды іске өзінің бар қабілетін, терең білімін аямай жұмсайтын болады деп ойлай­мын.
Сөз соңында әріптестерінің атынан білікті ғалым-ұстазға шығармашылық табыс пен жемісті жетістіктер тілейміз.
Қырғызбай БЕГІМБЕКОВ, Ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, академик

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста