Наурызды тойлау Қазығұрттан басталады

21 наурыз 2012, 12:05

Адамзаттың алтын бесігі – киелі Қазығұрт тауына қатысты аңызды білмейтін қазақ жоқ. Жер бетін басқан топан су тартыла бастағанда бүкіл тіршілік иелерінен бір-бір жұптан салып алған Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұрттың басына келгенде қайырлайды. Бұл күн мен түннің теңескен жыл басы – Наурызға, яғни Ұлыстың ұлы күніне дөп келеді. Міне, осылайша жер бетіндегі жаңа тіршілік осы Қазығұрт тауынан басталады деседі.
Әрине, бұл – аңыз. Дегенмен аңыз түбі ақиқат екенін де ұмытуға болмайды. Ұмыт бола жаздаған ұлттық мерекені қайта тірілтуде көп еңбек сіңірген, жаны жаннатта болғыр Өзбекәлі Жәнібеков ағамызға мың тағзым етуге тиіспіз. Наурызға қатысты зерттеулер жүргізген өзге де ғалымдарымыз аз емес. Солардың бірі – этнограф-ғалым Жағда Бабалықұлы. Ол да Наурызға қатысты осы пікірді қуаттаған. Ғалым Мәскеудегі В.Ленин кітапханасындағы араб қарпімен жазылған «Наурыз» атты жырда Нұх пайғамбардың кемесі Қазы­ғұртқа қайырлағанда күн мен түн теңелген уақыт екендігі айтылғанын кездестірген. Сонда Нұх пайғамбар мерейленіп: «Бұл – табиғат мерекесі» деп, өзінің қолындағы бар асын кемедегі адам, жан-жануарларға үлестіріп беріпті. Табиғат мерекесі «Наурыз» атын алған екен. Ал қытай жазбаларынан ғұндардың бұл күнді ерекше мерекелеп, 365 жігіттің әрқайсысы бір күйден шерткен дәстүрі жайлы дерекке жолығыпты.
Облыста Наурызды Қазығұрттан бастау бастамасы қолдау тауып, алғаш қолға алынған жылы Ұлыстың ұлы күнін қарсы алған ұлық мерекеге біз де қатысқан едік. «Кемеқалған» мемориалдық кешені орналастырылған биіктің төбесінде өткен мереке күні ауа райы мың құбылды. Театрландырылған көрініс Нұх пайғамбар кемесінің Қазығұртқа қайырлар тұсына келгенде түнеріп, кей-кейде себелеп тұрған бұлт нөсерін төкті де жіберді. Бір таңға­ларлығы, сол жауын театрландырыл­ған көрініспен ілесе бір жауды, бір тоқтады. Жиналған халық Құдайдың құдіреттілігіне, табиғаттың кереметтігіне таңдай қағып, «ойпырым-ай» десті. Биыл да Қазығұртта Наурыз мерекесі ең алғашқы болып тойланбақ.
Тұманбек ӘЛИЕВ, Қазығұрт ауданының әкімі:
– Нұх пайғамбардың кемесін өз тауларында «тоқтатқысы» келетін елдер бар. Бірақ аңыз Қазығұртқа көбірек жақын. Сол себепті «Наурыз Қазығұрттан ­басталады» деген халықаралық сертификат алдық. Алғашқы жылдары Наурыз мерекесі мемориалдық кешен орналасқан биікте тойланатын. Бірақ жыл сайын жауын жауып, халықтың біраз әбігерге түсетіні бар. Соңғы екі жылда ауданға кіре берістегі Майлыошақ деген жерде өтті. Үлкен тас жолдың бойы болғасын да шығар, мерекені тамашалауға жиналғандардың қарасы 20 мыңға жуықтады. Үлкен-үлкен 20-дан астам киіз үй тігілді. 1000-ға жуық адамға дастарқан жайылып, тамақ берілді. Биыл қыс ұзаққа созылып кетті ғой, әнеугүні ол жерді барып көрдім. Әлі қары да дұрыстап ерімеген. Соған байланысты биыл аудан орталығында өткізетін шығармыз.