Төл мейрам сахнада қалып қойған жоқ па?

21 наурыз 2013, 12:51


Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы:
– Біз жыл сайын Наурыз мейрамында Қызыр ата, Тазша бала немесе Алдар көселердің образын сомдау арқылы әртүрлі сахналық қойылымдар жасап шығарамыз. Әттеген-айы, сол қойылымдардың бір сарынды жүйемен кетіп қалатындығы. Меніңше, біз Наурыз мейрамын жас ұрпақтың санасына сіңіру үшін, Қызыр ата бейнесіне жаңашылдық енгізгеніміз абзал. Мысалы, Қызыр бейнесін сахналау арқылы балаларға сол Қызыр ата арқылы сыйлықтар тарату ісін қолға алсақ. Бұл балалар үшін көңіл сергітерлік қуанышты сәт болар еді. Балалар Қызыр атадан сыйлық алу сәтін бір жыл бойы тосып жүреді де, Наурыз келген тұста олар үшін бұл кәдімгідей орасан мерекеге ұласады.  Сондықтан мейрамның жүйесін жасаушылар осы жағына баса назар аударса... Бұдан кейін біз осы Наурыз арқылы  ұлттық киімдеріміздің беделін айшықтай түскеніміз жөн. Мәселен, көршілес Қырғыз елінде, Өзбекстан, Түркіменстан елдерінде  Наурыз айында бір топ жастардың, қалың бұқараның ұлттық киім киіп көшеге шығу үрдісі бар. Осы іспетті дәстүрлерге біз де тереңірек мән беріп, Наурыз жақындағанда жастарымыз ұлттық киімдерімізді  киіп көшеге шығуды жатсынбаса, бұл да бір жаңашылдықтың белгісі болар еді. Негізінде, қазіргі заманға үйлестіріп, кез келген дәстүрді жаңғыртуға болады. Әрине, бұл ретте ұйымдастырушылардың қабілеті жоғары болуы керек.

Амангелді АЙТАЛЫ, қоғам қайраткері:
– 1926 жылы Наурызды «діни мереке» деп мерекелеуге тыйым салынғаннан кейін біз бұл мейрамды мерекелеуге тартындық. Мұндай тыйымның біздің санамызға сіңісіп, психологиямызға кері әсер еткені соншалық, арада ғасыр өтсе де күні бүгінге дейін Наурызды тойлауға терең мән бермей келеміз. Мысалы, біздің қазір Жаңа жыл деп 31-желтоқсанда тойлап жүрген мерекеміз – Иса пайғамбардың туған күні. Міне, осы күннен бастап жыл басын санауды біздің санамызға кезінде кеңестік идеология мықтап сіңірді. Біз әлі сол санамызға сіңісті болған саясаттан шыға алмай, Наурызға соншалықты байыппен қарай алмай, мерекені тойлауда жаттандылықтан арыла алмай жүрміз. Наурызға үстіртін қараймыз. Мұны жасырудың қажеті жоқ. Наурызды Христиан мәдениетінен төмен көріп, әлі де орыс мәдениетін артық көреміз. Келешекте мықты мемлекеттік идеология болмаса, біз қолымызға аққайнар ұстап алып, оны бір-бірімізбен түйістіріп, 31-желтоқсанды «Ұлы мейрамға» айналдыруды қоя алмаймыз. Сондықтан Наурыз жаттандылықтан, жаттанды сахналық қойылымнан арылып, дәстүрі терең, салмақты, салиқалы жалпыхалықтық мейрамға айналуы үшін бұған жоғарыдан бір мықты  мемлекеттік пәрмен керек. Сондай бұйрық түскенде ғана Наурыздың тойлану үрдісі тереңдей түсері анық... 

Ерлан СЫДЫҚОВ, тарих ғылымының докторы, профессор:
– Наурыз – халқымыздың мемлекеттік дәрежеде тойланатын жалпыхалықтық    мерекесі. Сондықтан келешекте осы мерекенің сахналық шарасын ойластырушылар Наурыздың формасын ғана тойлауға назар аудара бермей, оның мазмұнына да терең мән берсе жөн болар еді. Кезінде ата-бабаларымыз Наурыз келе салысымен алыс-жақындағы жамағайындарымен көрісу жоралғысын жасаған. Қыстан мал-жан аман шыққанына шүкіршілік етіп, осы көрісу дәстүрін мықтап ұстанған. Көрші-қолаңдарымен, жолдас-жорасы­мен, алыс-жақынымен көріскен жұрт – көрісудің соңын үлкен мейрамға ұластырған. Наурыз тойының бастауы осы көрісу болғандықтан, бізге неге нақ қазір осы дәстүрді жаңғыртпасқа?! Қазір еліміздің батыс облыстарында ғана бұл дәстүрдің ұшығы бар. Ал қалған аймақтар мұндай дәстүрді соншалықты терең біле бермейді. Сондықтан жыл сайынғы сахналық қойылымдар барысында осы дәстүрдің насихатын күшейткен жөн. Жалпы, Наурыздың дұрыс тойлануы үшін жергілікті әкімдіктердің жауапкершілігін арттырып, идеологияны нығайтқан абзал.