Парыз

Астанада құрбан малы қала шетінде шалынады

Астана тұрғындары малын сайлап, пышағын қайрап, биыл да Құрбан айт мерекесін асыға күтіп отыр. Құрбандық малын шалатын орындар да әзірленіп қойылды. Биыл құрбандық малы Астана қаласының Қосшы елді мекеніндегі «Алтын Таға» ет базарының қасапханасында, Көк базардың маңында, сондай-ақ «Мұрат» қайырымдылық қоры атындағы пансионат жанында сойылады.

Биыл Астана қаласының әкімшілігі Құрбан айтқа орай, «Нұр Астана» мешітінің алдынан «Алтын таға» базарына дейін №27 жолаушылар автобусы қатынайтынын хабарлап отыр. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы атал­мыш бағытқа қосымша 15 автобус шыға­руға шешім қабылдапты. Бұл өте дұрыс бастама болған сыңайлы. Енді қарапайым жұрт сойылған малын қалаға қиналмай жеткізетін болды.

Жалпы, мешіттерде жыл сайын құр­бандық малдарын үлестіретін арнайы комиссия құрылады. Олар мешітке түскен малды не етті көпбалалы жағдайы төмен отбасыларға, зейнеткерлерге, көмекке мұқтаж қоғамдық ұйымдарға, жатақ­ханаларға таратып береді. Мәселен, был­тыр «Сәдуақас Ғилмани» мешітіне 4 тонна 688 келі ет түскен. Оның ішінде 23 қой бүтіндей, қалғаны жіліктеліп келген. Қайырымдылық ретінде түскен құрбандық еті Еуразия Ұлттық университетінің студент­тер үйі, С.Сейфуллин атындағы Аг­рар­­­лық университетінің жатақханасы, Астана қала­сының Мүгедек балалар қоғамы, «Ілтипат» мүгедек әйелдер қоры, «Қазақ саңыраулар» қоғамы, Ақмола көпбалалы отбасы одағы сияқты орындарға тара­тылған.

Биыл мешітке қанша ет түсетінін бір Алла біледі. Бірақ «Сәдуақас Ғилмани» мешітінің бас имамы Бақтыбай қажы Бейсенбаевтың айтуынша, мешітке түсетін еттің салмағы жыл сайын азайып келеді. «2007 жылы мешітке – 8 тоннадан астам ет түскен, 2008 жылы 7 тоннаға жуық, был­тыр 4 тонна 688 келі. Мешітке түсетін еттің азаюы мешіттің маңына мал союға тыйым салғаннан деп отырмыз», – дейді имам. Жалпы, мешітке түсетін құрбандық ма­лының азаюына дағдарыстың салқыны әсер етті ме деп ойладық.

Неге құрбан айтты мәуліт тәрізді тойламаймыз?

Мұсылмандар үшін екі үлкен мерекенің бірі Ораза айты болса, екіншісі – Құрбан айт. Өкінішке қарай, Құрбан айт бізде құрбандық шалумен ғана шектеліп қалады. Мәселен, Астанадағы «Нұр Астана» мен Садуақас Ғилмани атындағы мешіттердің ешқайсысы да биыл Құрбан айтқа мере­келік шара ұйымдастыруды жоспар­лап отыр­ған жоқ. Республика бойынша демалыс жарияланғанымен, мұсылман қауы­мы дәл осы күнді тым-тырыс өт­кізеді.

Мәселен, Пайғамбарымыздың туған күнінде, яғни мәулітте республика көле­мінде қандай тамаша шаралар ұйымдас­тырылады. Танымдық-тағылымдық, ғиб­рат­ты кештер әрбір облыста өтіп жатады. Тіпті республиканы былай қойғанда, әрбір аймақ ішінара шығармалардан бәйге жариялайды. Ал Құрбан айт пен Ораза айт күндері еленбей қалады. Бізде Құрбан айт пен Рождество күндері мерекелік күн саналып, демалыс беріледі. Рождество жаңа жылдың рухымен жалғасып, Исаның үмбеттеріне ерекше сезім қалдырады. Тіпті «Мұхаммедтің үмбетімін» дейтіндердің ішінде де христиан діні өкілдерінің көңілін қалдырмай, бірге тойлап кететіндер бар. Біз неге дәл осы мейрам күні мұсыл­мандардың көңіліне ерекше сезім қалды­рып, естен кетпестей етіп тойламаймыз. Неге осынау мерекелерде «Мәуліт» тәрізді танымдық шаралар ұйымдастырып, жұрт­шылыққа ғибратты кештер жасамасқа? «Мәуліттің» өзінде мұсылмандарымыз екіге жарылып жатады. Біріміз тойлап жат­сақ, біріміз «дінге енген жаңалық» деп тонымызды ала қашамыз. «Бөлінгенді бөрі жейді» демеп пе еді Пайғамбарымыз. Ендеше бөлінбестің амалын жасайық. «Ылайым ынтымақтан айырмаса, Құдайым өз ырзығын көпке берер» деуші едік қой...




Көрілген: 4449    Пікірлер: 0

сейсенбі, 16.11.2010, 12:37

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30