Қаза тапқан 5 жасар Мадина Ерланқызының отбасына материалдық көмек көрсетіледі

11 тамыз 2022, 17:07

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Instagram желісіндегі парақшасында марқұм Мадина Ерланқызының отбасына көңіл айтып, материалдық көмек көрсетілетінін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

"Марқұм болған Мәдина Ерланқызының отбасы мен жақындарына көңіл айтамын. Бұл олардың ғана емес, бүкіл өңірдің қайғысы. Баланы аман-есен табамыз деп бәріміз үміттендік. Өкінішке орай, бұлай болмады",- деп жазды Мұхамбетов.

Сондай-ақ әкім іздеу жұмыстарына белсене атсалысқан еріктілерге, тәртіп сақшыларына және облыс тұрғындарына алғысын білдірді.

"Мен Қостанай облысының аудан әкіміне жерлеуді ұйымдастыруға көмектесуді және материалдық көмек көрсетуді тапсырдым", - деді ол.

Еске салсақ, Қостанай облысында бес жастағы қыз жоғалып кеткен болатын. Үш тәулік іздестіру жұмыстарынан соң кішкентай Мадинаның денесі жасанды су қоймасынан табылды.