21 жылдағы жетістік тұғырының биік сатысы – Лондон Олимпиадасы

15 желтоқсан 2012, 12:09

Еліміз Тәуелсіздігіне қол жеткізгелі бері Қазақстан спортшылары талай белесті аттап өтіп, талай шыңды бағындырды. Жер шарында спорт әлемінде қандай дүбірлі додалар болса, соның бәрінде алтынмен апталып, күміспен күптеліп, қолаға да қол жеткіздік.
Жазғы және қысқы Олимпиада ойын­да­рында жүлденің бар түрін олжаладық. Қысқы және жазғы спорт түрлерінен өтетін әлем чемпионаттарында да медаль атау­лының барлық түріне қол жетті. Ал қысқы және жазғы Азия ойындары мен Азия чемпионаттарында жүлденің үш түрін де «күреп» алып жүрміз.
Дүниежүзілік рекордтар жаңартып, есімдері Гиннесстің рекордтар кітабына да енгізіліп жатқан спортшыларымыз бар­шы­лық. Қысқаша айтқанда, 21 жылдағы жетіс­тігіміз мақтан тұтып айтуға тұрар­лық­тай. Әрі оның бәрін газеттің жарты бетіне тізіп шығу мүмкін емес.
Осы 21 жылғы ерен жетістігіміздің ең биік сатысы Лондон Олимпиадасы болды. Биыл Ұлыбританияда өткен ХХХ жазғы Олимпиада ойындарында қазақтың мерейі тасып, абыройы асқақтады. Төрт жылда бір өтетін дүбірлі доданың алғашқы күнінен қазақтың Көк байрағы тұманды Альбион төрінде көкке көтеріліп, Әнұраны құйқылжыды.
Жалпы, Англияда өткен Олимпиада ойындарында Қазақстан спортшылары 7 алтын, 1 күміс, 5 қола медаль олжалап, жалпы командалық есепте 12-орынға ие болды. Бұрын-соңды Қазақ елі мұндай биікке көтеріліп көрмеген еді. Бұған дейін төрт рет жазғы Олимпиада ойындарына қатысып, үшінші ондықта тербеліп жүре­тін­біз. Бұған дейінгі жазғы Олимпиада ойын­дарындағы (жалпы командалық есеп­тегі) ең жоғарғы көрсеткішіміз 22-орын болатын (Сидней – 2000).
Қысқы Олимпиада ойындарындағы көрсеткіштерімізге тоқталар болсақ, 1994 жылы Лиллехаммерде бір алтын, екі күміс еншілеп, жалпы командалық есепте 12-орынға ие болғанбыз. Сол үш жүлдені де даңқты шаңғышымыз Владимир Смир­нов иеленіп, өңірінде жарқыратқан. Одан кейінгі қысқы Олимпиада ойындарында бір-екі жүлде алып, үшінші ондыққа ілік­ке­німізге мәз болсақ (екі мәрте), қалған екі Ақ Олимпиадада ауызды қу шөппен сүртіп, жүлдесіз қайтқанбыз.
Әрине, біз Лиллехаммердегі ерен жетіс­тігімізді ұмытқан жоқпыз. Ұмыт­пай­мыз да. Әйтсе де осы жолғы, яғни Лондон­дағы жетістігіміздің әсері ерекше болды. Өйткені Лиллехаммердегі жетістігімізді көпшілік тума талант Владимир Смир­нов­тың атымен байланыстырды. «Осындай өз Отанына, туған жеріне адал асыл азаматы бар Қазақстан қандай бақытты» десті. Ал Лондондағы ерен жетістіктерімізді дүние­жүзіндегі елдердің барлығы дерлік басқаша қабылдады. Бұл жолы олар Қазақ­станға спорты қарыштап дамып келе жатқан ел ретінде сүйсіне қарады.
ХХХ жазғы Олимпиада ойында­рын­да­ғы жеңістеріміз еліміздің абыройын одан әрі шарықтатты. Көк байрақты жас мем­ле­ке­тіміздің беделінің артуына зор ықпалын тигізді. Үлкен спорт әр елдің әлеуметтік-эко­номикалық дамуының бірден-бір көр­сеткіші, халық бірлігі мен патрио­тизмінің нышаны десек, бұл тұрғыда төрткіл дүние Қазақ еліне тамсана қарады. А.Винокуров, И.Ильин сияқты спортшыларымыз «Алға, Қазақстан» деп ұран тастаса, мұны шетел­діктер «олар қазақша сөйледі» деп іліп әкетті. Ал З.Чиншанло мен М.Манеза көз­де­рі жасаурап, Әнұранымызды қосыла шыр­қағанда қызыққандар да, қызған­ған­дар да жетіп-артылды. С.Подобедова, Г.Манюрова сияқты қыздарымыздың «осы ерен жетістікке қазақ топырағында жүріп қол жеткізіп отырмын, сондықтан қазақ халқына алғысым шексіз» деген мәтіндегі сөздерінен кейін оларды өзімсінгендердің ауыздарына құм құйылды. Ал Лондон төрінде Марина Вольнова қазақ тілінде таза сөйлеп қоя бергенде өзге тұрмақ, өзіміздің қазақтар да тұтылды.
Демек, Лондон Олимпиадасы біздің тек спорттық тұрғыдағы тарихи жетістігіміз бен жеңісіміз ғана болып қоймай, Тәуел­сіздігіміздің қазығы бекіп, тұғыры тереңге тамыр тартқандығын да паш етті.
Айтпақшы, Лондон Олимпиадасының алғаш­қы күнінен Қазақстан жалпы коман­далық есепте көш басында жүрді. Жаңы­лыспасам, алғашқы 9-10 күнде Ресейдің өзі өкшемізді басып, алдымызға шыға алмай жүрді. Бұған таңданбаған, сүйсін­беген адам болмады. Әсіресе ТМД елде­рінің өкіл­дері Лондонда Қазақстан деле­га­циясын көре қалса, таңданыстарын жасыр­май, бір-екі ауыз жылы сөз айтып, бәйек болып жатты...