Алашқа керегі – көк тудың желбірегені...

04 маусым 2013, 13:11

Жер бетіндегі әрбір адам үшін мемлекеттік тудың желбірегенінен, әнұранының асқақтағанынан, елтаңбасы­ның жарқырағаны­нан асқан бақыт жоқ. Өкінішке қарай, мемлекеттің ең қасиетті, ең киелі (сакральды), ең қадірлі елдік белгісі мемлекеттік рәміздері екенін жүрегімізбен, бар болмысымызбен сезіне алмай жүрміз. Бағзы заман­нан бері Мемлекеттік Туды қорлау, Әнұранды мазақтау мемлекетті құлатумен пара­пар аса ауыр қылмыс еді, он­дай қылмыскерлер жазасыз қал­майтын. Қолына жебе тисе де, туды ұстап тұрған Байғозы батырдың, өзі өлсе де, туды құлат­пай ұстап қалған Қазым­бет батырдың аңыз болған ерлік­терін Тәуелсіз елдің ұландары жадында тоқып, өмірлік бұлжымас ұстанымы етуі керек. Өйткені мемле­кет­ке құрмет мемлекеттік рәміз­ден басталады.
Қазір сол баға жетпес Мемлекеттік рәміздерімізді арзандатып алдық, қасиетті көк туымызды дорба ғып қоқыс тасығанда арланбадық, Әнұранды талай рет мазақ етуге жол бердік. Мемлекеттік рәміздерді қорлау – тұтас мемлекетті, қалың халықты қорлау деген сөз. Бұған жай әкімшілік, қылмыстық құқық бұзушылық қана емес, саяси қылмыс деп қарамасақ, қолданыс­тағы заңдарымыз Мемлекеттік рәміздерге қат­ысты бассыздықтарға тосқауыл қоя алар емес. Қылмыстық құқық кодексінің 317-бабында «Қазақстан Республика­сының Мемлекеттік рәміздерін қорлау – бір мыңнан екi мыңға дейінгі айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға немесе бір жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не нақ сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады» деп жазылған. Алайда рәміздерімізге қол сұғушылар көп болып тұрғанда бұл заң осал болып қалатыны анық. Өркениетті елдердегідей бұл баптарды қатаңдату қажет. Сол сияқты Әкімшілік құқық бұзу­шы­­лық туралы кодекстің 354-бабында жазылғандай, «ҚР Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін заңсыз пайдалану, сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұза отырып, Мемлекеттің Гимнін пайдалану және орындау екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айып­­пұл салуға әкеп соғады. Мемлекеттiк рәміз­дерді пайдалану мiндеттi болып та­бы­латын жағдайларда оларды пайда­лан­бау, лауазымды адамдарға екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады». Біздіңше, Мемлекеттік рәміздер үшін жауапкершілікті қатаңдата отырып, насихаттауды үдете беру керек. Мемлекеттік рәміздерге қатысты баптар оның насихатталып, танымал болуына себін тигізуі керек. Мәселен, осыдан 4-5 жыл бұрын Қырғыз парламенті шенеунік­тер­дің патриоттық сезімдерін көтеру үшін әнұранды хормен орындамағандарды әкімшілік жауапқа тартуды, тіпті қызметінен алып тастау секілді жаза қолдануды енгізіп тастады. Сондай-ақ мемлекеттік арналар­мен бірге жекеменшік телеарналар және ра­дио тарату компанияларына да күн сайын гимнді бастан-аяқ толығымен эфир­ден беру міндеттелген. Сонымен бірге Мемлекеттік рәміздер орналастыру тәртібін де қайта қарау керек сияқты. Мысалы, Алатау бөктеріндегі бас Туымыз сонадайдан менмұндалап көрінеді. Алай­да түнде көрінбей қалатын бас Туды жан-жағынан жарықтандырып қойса, тіпті жақсы болар еді.
Туымызды таптап, Әнұранымызды мас­қа­ралағанда ғана қозғалдық, ел болып өре түрегелдік, қасиетті бойтұмарымызды биікке қоя бастадық. Онымен іс біткен жоқ, Тәуелсіз ел болып отыруымыздың ке­пілі Мемлекеттік рәміздеріміздің қоғамда­ғы және санадағы мәртебесіне тікелей бай­ланысты. Біле білсек, Мемлекеттік рәміз­дердің миллиондаған адамға қуат беретін тылсым құдіреті бар. Мәселен, Лон­дон Олимпиадасының қарсаңында БАҚ-та айтылған талай сыннан кейін, тиісті қоры­тынды шығарыла бастады. Мемлекет­тік рәміздерімізді кеңінен насихаттап, спортшыларымызды Әнұранды жаттауды міндеттеу арқылы саңлақтарымызға рух беріп, жеті алтынды, барлығы 12 медаль­ды жеңіп алуымыз да рәміздердің тылсым құдіретінде жатқан сияқты. Бұл мерейлі жеңістер мемлекеттік рәміз бен азаматтық рух егіз болуы керектігін түйсіндірді. Мем­ле­кеттік рәміздерді аяқасты етуге жол бермейтін құрал заң ғана емес, азаматтық рух, қоғамдық тәртіп, ұлттық намыс екені анық. Осы үшеуі түгел болса, Мемлекеттік рә­міздерімізді мансұқтауға ешкімнің дәті бармайды, керісінше, өзгелердің құрметі артар еді.
Осы орайда, Мемлекеттік рәміздерге қа­тысты бір-екі ұсынысты ортаға сала кетсек.

Үш ұсыныс
Біріншіден, Мемлекеттік рәміздер күнін мейрам деңгейінде ұлықтаудың тұжырымдамасы жасалуы қажет.
Екіншіден, мемлекетке еңбегі сіңген, елді әлемге танытқан азаматтарды марапаттау рәсімін Мемлекеттік рәміздер күнінде белгілесе, бұл күннің мәртебесі артар еді.
Үшіншіден, мемлекеттік мекемелер, құқық қорғау органдарының әрбір жұмыс күні Мемлекеттік рәміздерді орындаудан басталса, мемлекетшілдік рухқа серпін берер еді.