Бөрідей көкке ұлыдым

31 мамыр 2013, 14:25

Жүрегім неге шаншулы,
Жігерім неге жаншулы?!
Ұрандап атқа қонатын,
Ұлдарым неге таусылды?!
Айбынды рухты Алаштың,
Толағай тұрпат тау сынды,
Жүрегі түкті жігіттер,
Естимісің даусымды.

Байлаған оққа ғұмырын,
Жандарын тербеп ұлы ұғым,
Міржақып, Нәзір, Халелдің,
Алтыннан соқса тұғырын.

Шәкәрімдердің мұңымын,
Жүсіпбектердің тұнығын,
Шамшырақ қылар күн туды,
Ахметтердің ғылымын.
Мағжанның асқақ жырымын,
Мағжан мен Қазақ – бір ұғым.
Сыр сандығын Сәкеннің,
Сындырмай ашып құлыбын.

Әлсіздерге әл беріп,
Әлихандардың  жылуы.
Таныды әлем бүгінде,
Күннен бір туған Ғұн ұлын.
Темірбектердің туымы,
Мұхаметжанның ілімі.
Мәдениетімнің мәйегі,
Тамыры терең түбінің.

Тұрардың жүрек түгімін,
Бейімбет болса – білімім.
Түркістан болып толғаған,
Мұстафалардың үнімін.
Мақсаты менен мұңы бір,
Қараңғы түнек түні бір.
Өрмелеп өрден төгілсе,
Сұлтанмахмұттың күні бұл.

Алтын сапты қылыштың,
Қан ұйыған қынымын.
Жонымнан таспа тілініп,
Жұлынса да жұлыным.
Махамбет – менің мәрттігім,
Тастамас асыл сынығын.
Бәстессе, басын тігетін,
Намыстың ғана құлымын.

Әлімсақтан сақталған,
Ғұннан әдет-ғұрыбым.
Көк Түріктің көксеген,
Көктен түскен нұрымын.
Мен қазақпын, азатпын,
Құлдықтың кимес құрығын.
Туы астында бірліктің,
Хан көтерген ұлығын.

Алты құрлық ішінде,
Бірі емеспін, ірімін.
Мың өлсем де, тірімін.
Тілегі мен түбі бір,
Көтеретін жүгі бір,
Мәңгілік Қазақ елінің,
Алтын арай нұр шашқан,
Көк байрақты туымын.

Бөрідей көкке ұлыдым,
Қиылып көктей шыбығым,
Алаш деп  өтер өмірден,
Алаштың мен де ұлымын!!!

Бақытбек СМАҒҰЛ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы