Экраннан ескен еркіндік рухы

15 желтоқсан 2012, 12:13

Театр, бейнелеу өнері т.б. секілді тамырын сонау ежелден тартатын өнер түрлерімен салыстырғанда тым жас, кенже өнер саналғанымен, киноның құдіреті, шыны керек, бүгінде алдыңғыларының барлығын басып озғаны анық. Өз бойы­на музыка, драматургия, хореография, қысқасы, сан қыр­лы өнердің синкретін жинақтап, адам санасына замат­та әсер ететіндіктен, кино нағыз идеологиялық құралға айналды. Ендеше, біз тәуелсіз ел болғалы біздің азат рухымыз бен қазақы бол­мы­сымызды айқындайтын қан­дай кинотуындылар дүниеге келді, соған бір сәт тоқталып көрейікші...

Тәуелсіздік табалдырығында
1991-1997 жылдар аралығы Тәуел­сіз­ді­гіміздің алғашқы сындарлы кезеңі бол­ғандықтан, отандық кинематографияға оңай соққан жоқ. Себебі ол – біздің әлі толы­ғымен посткеңестік жасқаншақтықты жеңіп, отарлықтың езгісін санадан қуып шығып үлгермеген кезіміз. Сондықтан бұл кезде кинематографияның ең бірінші мақ­саты кеңес үкіметінің орнауы туралы соған дейінгі қолдан құрастырылған тарих емес, Тәуелсіздік көзімен шынайы қазақ тари­хы­ның картинасын жасау болды. Осы ретте қаншама жыл айтуға тыйым салынған ақтаңдақтарды, ұжымдастыру кезеңінің сұмдықтарын, репрессия, Ұлы Отан соғысы келеңсіздіктерін көркем фильм арқылы халыққа жаңаша көрсету мүм­кі­н­ді­гі туды. Режиссер Дамир Манабайдың «Сұр­жекей» фильмі, Сәкен Нарымбетовтің «Көзім­нің қарасы» (1994) секілді т.б. туын­дылар тек Қазақстан ғана емес, Орта Азия аумағындағы халықтардың кеңестік кезеңде бастан өткерген жан түршігерлік жағдайын алғашқы болып көрер­мен­ге жеткізген болатын. Осылардың соңын ала бере «Отырардың күйреуі», «Батыр Баян», «Абайдың жастық шағы», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Жамбылдың жастық шағы» секілді фильмдер дүниеге келіп, біздің ұлттық фольклорымызды жаңғыртып, сол арқылы біздің қазақы рухы­мызды дүр сілкінтті дей аламыз. Біз жаңа Абаймен, жаңа Жамбыл, жаңа Мағ­жан­мен қауыштық. Бұл «ендігіде қазақ – азат ел» деген рухтың дәнін себу болды.
«Көшпенділер» және одан кейін
Айта кету керек, бұл кезде отандық киногерлеріміздің арасында ұлтшылдық пен космополитизм идеяларының қақты­ғысы туды. Қайда бағыт алғанымыз, қан­дай мемлекет құрғанымыз жөн деген мәсе­ленің тартысқа түсуі енді ғана жаңаша өмірге бет алған елде болатын заңды құбы­лыс секілді. Бір жақ тәуелсіз ел болу үшін ­ауыр да болса, кейбір келеңсіздіктерді көрсету керек десе, екінші жағы одан да еліміздің еңсесін көтеру үшін жарқын болашаққа үндейтін позитивті фильмдер түсірейік дегенді айтты. Солайша, ел еңсесін көтеруде жарқын құндылықтарды көрсету кезеңі 1998 жылдардан бастау алды. Неліктен 1998 жылы еліміз тари­хы­ның жаңа кезеңі басталғанын сараптап, қорытынды жасау экономистер мен әлеу­меттанушылардың еншісінде шығар, алайда кинода бұл үрдіс тек біздің елімізде ғана емес, күллі Орта Азияда қатар жүрген болатын. Алғаш «Көшпенділер» картинасы түсірілгелі жатқанын естігенде күллі елдің еңбектеген сәбиінен еңкейген қартына дейін дүр сілкінгені анық. «Гладиатор» секіл­ді кесек туынды күткеніміз рас. Оның жетістігі не кемшілігі – бөлек әңгіме, бірақ Тәуелсіздік алғаннан кейін ең алғаш кинематографияға мол қаржы құйылып, еркіндіктің берілгені осыдан басталғанын айтпай кетуге болмайды. Осы ретте қан­шама дау-дамай туғанына тоқталмай-ақ, Елбасымыздың Алматыға келген сапа­рын­да «Қазақфильмге» арнайы соғып, мына­дай сөз сөйлеуін мысалға келтірсек, жет­кілікті болар. «Қазақфильмнің» жұмы­сы мені, шынында да, өте қинап жүретін. Жаңа тарихты айтқан себебім, тарихи бір үлкен лента болса екен деп ойлап, неше жыл жұмыс істедім. Соның сценарийін жаза алмай, анаған да тапсырдым, мынаған да тапсырдым, білгіштеріміздің барлығы жаз­ды. Түбінде «Көшпенділерді» түсірдік, бірақ түк шықпады деп айтуға болады. Қазақтың жеріне деген махаббат, еліне деген, ұлтына деген сүйіспеншілік ішінде болуы керек. «Елім менің, жерім, ата-ба­бам­ның ата қонысы» деген сөздер де болуы керек. Мына мемлекетті алға қарай апару үшін әлі талай заман бар. Мына шығысымызда күшейіп келе жат­қан алып империя бар, мына жағы­мыз­да күшейіп келе жатқан мемлекет тағы бар. Мына жақта ислам мемлекеттері бар. Қазақтың болашағы 50, 100 жылдан кейін қандай болады? Қай жерде боламыз? Кіммен боламыз? Қалай сақтап қаламыз Тәуелсіздігімізді? Тек қана өжет, Отанын сүйетін ұрпақ тәрбиелесек қана сақтай­мыз», – деген Елбасы сөзінің киногерлерге үл­кен жауапкершілік пен алда тұрған мін­дет­ті айқындап, бізге қандай кино керек екеніне бағыт беру үшін айтылғанын аңғару қиын емес.
Жарқын болашаққа ұмтылдырған туындылар
Расында, содан кейін кино саласына жан бітіп, кино түсіру режиссерлер ара­сын­да кәдімгідей бәсекеге айналды десек болғандай. Рүстем Әбдіраштың «Сталинге сыйлығы», «Балалық шағымның аспаны», Досхан Жолжақсыновтың «Біржан салы», Сламбек Тәуекелдің «Жерұйығы», Саты­пал­ды Нарымбетовтің «Мұстафа Шоқай» фильмі, Ақан Сатайдың «Рэкетир», «Ағайын­­дылар» және күні кешегі резонанс туғызған «Жаужүрек мың бала» туын­ды­лары мен биылғы жылдың ең үздік фильмі атағына ие болған Ермек Тұрсыновтың «Шал» туындыларын қазақ киносының жаңа бір белесі ретінде мойындауға тиіспіз. Осы ретте біз ел көкейіне Тәуелсіздік рухы­ның дәнін егіп, ұлт ретінде ұнжыр­ға­мызды көтеруге шын мәнінде үлесін қосқан туындыны анықтау үшін фэйсбук желісі арқылы сауалнама жүргіздік. Ең көп дауыс­қа ие болған «Сталинге сыйлық» пен «Жерұйық» болды. Себебі аталған екі туын­дыда қазақтың кең пейіл, жомарт, бауы­рына сан түрлі ұлыс өкілдерін тарта білген ел, Қазақстанның да ең бірінші құн­ды­лығы бірлік, татулық пен бейбітшілік екен­дігін көрермен көкейіне құйып бер­ге­німен ұнаса керек, яғни ел ретінде құн­ды­лығымызды анықтап беріп отыр. Екінші кезекте – «Жаужүрек мың бала». Неге екін­ші кезек десек, мәселе көрерменнің оны екі түрлі қабылдауында жатса керек. Бірі жау­гершілік заманда қазақтың тіпті қарша­дай баласына дейін елі үшін етігімен су кешіп, жанын қиюға даяр болғанын көрсе, екінші жақ шынашақтай ұлдардың қалың жоң­ғарға қарсы тұрғанына нана алмаса керек. Сондай-ақ «Шал» осыған дейін ел болып күткен үміттің үдесінен шығып, нағыз қазақы болмыспен қауыштырды, ұлт ретін­де нені жоғалтып алғанымызды көз ал­ды­мыз­ға көрсетіп бергендіктен, көз жа­сы­мыз­ға ерік бердік дегендер табылды. Бастысы, қазақ киносы қазақты ертеңге ұмтыл­ды­ру секілді өз миссиясын ұмытпаса, абзал.