Ердің киімі ерекше болғаны жөн

07 мамыр 2013, 12:56

Жылда ұйымдастырылатын Ерлердің сән аптасы биыл қызық өтті. Тіпті өрескел десе де болады. Үш күнге созылған сән шеруін тамашалаған көрерменге есін жинау үшін тағы үш күн керек болған шығар. Алғашқы күннен-ақ подиумға бетін тақтаймен жапқан модельдер шыға келіп бір шошытты.  Қалған күндері де дизайнерлер бір-бірімен жарысқандай әбден «құтырды». Әсіресе Андерсон дегеннің модельдері тері көйлек, тізеге жететін бүрмелі етік киіп шыққанда залда отырғандар жарылды.

Төңкеріс пе, әлде мазақ па?
Лондонда өткен осы сән шеруі 60 ди­зай­нердің қолынан шыққан туындыларды ұсынды. Мұнда көрсетілген үлгілер биылғы көктем мен күзде үстемдік құратын сән ин­дустриясының бағытын белгілеп беруі тиіс еді.  Осы киім үлгілерін сатып алу үшін 45 ел­ден өкілдер келді. Әлбетте, жылдық ай­на­лымы 10 млрд долларды құрайтын ин­дус­трия жұрттың осындай қы­зы­ғу­шы­лы­ғына мұқтаж.
Сасқаны ма, модель Дэвид Ганди: «Бұл шараның ерлердің сән әлеміндегі нөмір бі­рінші шараға айналғанын қалаймын», – депті. Бірақ кім не десе де, биылғы сән ап­талығы сәтті болмады. Шеруді та­ма­ша­лауға келген  жұлдыздардың өзі әлгіндей киім­дерді сатып алудан бас тартты. Бәрі бір­ауыздан «бұл киім еркектерге емес, цирк­тегі сайқымазаққа арналған» десті. Үс­тіне небір шүберекті жапсыруға құмар жұл­дыздар солай десе, басқаларға не жорық.
Құдды жаңалық ашқандай. Дизай­нер­лер де мұндай қадамға бекерге бармаған шы­ғар. Өйткені соңғы жылдары ерлердің киі­мі бұрынғы классикалық үлгіден алыс­тап бара жатқаны байқалады. Мәселен, биыл гүлді, балағы тар джинсы мода. Сон­дай-ақ жазда түрлі-түсті мақта шалбар кию­ге рұқсат. Ол өрнекті матадан тігілсе, тіпті жақсы. «Еркек сәнді болып көрінгісі келсе, желбіретіп шарф тақсын», – дейді модельерлер. Ал енді мойындайықшы, екінің бірі осындай «модамен» киіне ме?
Бар үміт сәннің сынаптай суситын қа­сиетінде. Көп ұзамай ерлерді нағыз ер етіп көрсететін бұрынғы үлгі қайтып келетін күнге де жетерміз. Әзірге көше толы тар шалбар киген бозбала. 
Әйтсе де сән әлемінде «милитари» сти­лі көпке дейін тұрақтайтын сияқты. Се­бебі әскери үлгі көп жылдан бері өзектілігін жоғалтпай келеді. Бірақ бұл бастан-аяқ сықиып әскери мундир киіп алу дегенді білдірмейді. Қазіргі милитари стилі әскери бейненің елесі ғана. Мәселен, тік жаға, ме­талл түйме, погон сияқты әскери эле­мент­тер әйелдер киімінен де көптеп табылады.
Сұлуынан жылуы
Сән әлеміне әскери үлгі тұрақтаған са­йын сән әлеміндегілер де әскери салаға ен­дегісі келеді. Көп елдің әскер киімін әй­гілі дизайнерлер әзірлейтіні бүгін жаңалық емес. Соңғы жаңалықты айтсақ, биыл көк­темде ресейлік дизайнер Валентин Юдаш­кин әйелдерге арналған әскери киім үлгісін ұсынып, елдің құлағын тағы бір шулатты.
Олай дейтініміз, бұған дейін Юдаш­киннің Ресей әскеріне әзірлеген киімі әске­рилер тарапынан қатты сынға ұшыраған. Өйткені жаңа форма жылытпайды, жуса кеп­пейді. Алайда атақты модельер қазір сол­даттардың киіп жүргені оның жасап шы­ғарған үлгісіне мүлде ұқсамайтынын ай­тып ақталды. Әскери киімнің ықшам, ыс­тықта терлетпейтін, суықта тоңдыр­май­тын қасиеті болуы керектігін «гламур» ди­зай­нер қайдан білсін?!  Киімнің сапасы, ең әуе­лі,  жауынгердің денсаулығы үшін қа­жет. Сондықтан оның үлгісін әзірлеуге ұрыс даласын көрген мамандардың қатысқаны жақ­сы. Осыны ескерді ме екен, өткен жыл­дың соңында Ресейдің қорғаныс министрі Сер­гей Шойгу жауынгерлерін Юдашкиннің формасынан құтқаратынын мәлімдеді. Осы жазда көршіміздің әскері жаңа үлгімен тігілген киіммен жабдықталмақ.
Сөз орайы келгенде айта кетейік, қазіргі сатылатын әскери киімді киіп жүргендер, ке­ңес дәуіріндегі жауынгердің гим­нас­тер­ка­сын, шинелі мен кителін, әсіресе керзі еті­гін айрықша сағынышпен еске алады. Бұ­рынғы ерлердің пікірінше, нағыз ер­кек­тің киімі гүлді-гүлді тар джинсы емес, жұ­мыс­қа да, тұрмысқа да қолайлы болғаны дұрыс.