Рух

Жастар рухының оянуы бір күннің құбылысы емес

Желтоқсан көтерілісін ұйымдастырған жігіттердің бірі Құрманғазы Айтмұрзаев 1963 жылы Қарақалпақ АКСР-нің Ташауыз облысы Тельман ауданы Якуз-Яп ауылында туған. Кейін отбасымен Ақтөбе облысының Байғанин ауданына көшіп келіпті. Осы жерде өсіп-өніп, білім алған. Қазақ КСР Мемлекеттік Қауiпсiздiк комитетiнiң сол жылдардағы төрағасы В.Мирошниктің құжаттарында Қ.Айтмұрзаевтың «Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің шешіміне наразылық білдіріп, өзінің курстастарын, студенттерді, жастарды Л.Брежнев атындағы алаңға алып шығуға үгіттегені» туралы жазылған.

– Мен ол кезде Алматыдағы мемлекет­тік театр және көркемсурет институтында оқып жүрген едім. Әдеттегідей бірге оқи­тын досым Нұрмахан Байкөбеков екеуміз пәтерде тұратын жолдасымыз Еркін Жел­ді­баевтың үйіне келдік. Ойымызда ештеңе жоқ. Кенет теледидардан әлгі жаңалықты естідік. Бұл хабар басымнан шоқпармен ұрып қалғандай әсер етті. Неге біз өз тағ­ды­рымызды өзіміз шеше алмаймыз, неге біздің елді басқа жақтан келген адам бас­қаруы керек, неге бізді басқалар жұмса жұдырығында, ашса алақанында ұстауы керек деген ойлар теңселтіп жіберді. Жа­тақ­ханаға кетуге асықтым. Жатақханаға келе сала бірге оқитын жолдасым Үсіпхан Сейтімбетовке келіп, бар ойымды айттым. Жастармен кездесу керектігін тілге тиек еттім. Сөйтіп, Қазақ ұлттық университетінің жатақханаларына барып, студенттермен кездестік. Елдігімізді, ұлт екенімізді көрсе­туі­міз керек, үнсіз қалуға болмайды, қазір бейбіт шеруге шығуға тиіспіз дестік. Онда­ғы студенттер де не істерлерін білмей отыр екен, біздің сөзімізге бірден келісті. Сөйтіп, жатақханаға қайттық. Қайтып келе жатсақ, бірге оқитын Бақтыбек Иманқожаев, Аман­бай Қанетовтер біздің бастамамызды естіп, тізе қосуға ниет етіп шығып келе жат­қа­нын айтты. Енді төртеуміз шығып, сол маңдағы шет тілдер институты, меди­циналық институт, политехникалық ин­сти­тут, малдәрігерлік институты секілді бірнеше оқу орындарының жатақханала­рын жаяу аралап, студенттермен, Киров за­уытының жұмысшыларымен кездесіп, таңертең бейбіт шеруге шығуымыз керек­тігін айттық және бірауыздан соған келіс­тік. Қайда барсақ та, жастар жігерленіп отыр екен.

– Таңертең алаңға шамамен қанша адам алып шықтыңыздар?

– Таңертең барлық студенттерді ерте­рек оятып, жатақхананың алдына сапқа тұр­ғыздық. Шамамен 200-дей студент шықты. Барлығымыз бір адамдай сол кездегі Брежнев алаңына тарттық. Келсек, бұл жерде де жүздеген жастар тұр екен. Милициялар да келіп жетіпті. Алаңға келіп, өз талаптарымызды айта бастадық. Пленум шешімінің күші жойылып, бас­шы­лыққа өз елімізде тұратын адам сайлансын дедік. Жан-жақтан лек-легімен жастар ағы­лып келіп жатты. Орталық комитеттің өкілдері ортамызға келіп: «Сіздердің талаптарыңызды алдық, енді бұл жерден кетіңдер, тараңдар!» — деді. Біз талабы­мыз­дың жауабын естімей кетпейтінімізді айттық. Жастардың санын көбейту мақса­тында Фурманов, Абай, қазіргі Достық көше­лерінің бойымен өтіп, оқу орындары­ның алдына барып ұрандатып, Жазушылар одағының алдында іркілдік.

Содан соң алаңға келіп, тағы да мана­ғы өз талаптарымызды қайталап айта бас­та­дық. Сол жерде тұрып петиция жазып, Үкі­меттің адамдарына ұстаттық. Түстен ке­йін милицияның жастарды ұрып соғуы, ар­ан­датушылықтар басталды. Бейбіт шеруге шыққан біз іс насырға шаба ма деп қорқып, жастарға барынша түсіндіруге ты­рыс­тық. Егер бұл шерудің арты қырғынға ұшырайтын болса, жаман болатынын, өзі­міз қиналатынымызды айттық. Бірақ оған тоқтаған ешкім болмады. Нөпірге кедергі болуға ешкімнің әлі келмеді. Рухани тол­қынды тоқтату мүмкін болмады. Кешқұ­рым қырғын басталды. Бұл қырғын талай ай­тылып жүр, сондықтан оған тоқталмай-ақ қояйын.

– Желтоқсан көтерілісіне қатысты «Қара «Волгамен» біреулер жүріпті, солар жастарды үгіттепті» деген әңгі­ме­лер жиі айтылады...

– Біз оны ойдан шығардық. Себебі бізге өз-өзімізді қорғау қажет болды. 17 жел­тоқсан күні кешке әбден сілеміз қатып, жатақханаға келдік, алдымызда қиын күндер күтіп тұрғанын түсінген біз енді не істейтінімізді ойладық. Сөйттік те, енді өз-өзімізді қалай қорғаймыз, ертеңгі күні тергеу-тексеруде не айтамыз — соны ке­ңес­тік. Өз-өзімізді барынша қорғау үшін ойдан оқиғалар құрастырдық. «Жатақ­ха­на­ға қара «Волгаға» мінген басында бас киімі, жағалы пәлтесі бар сақалды кісі ке­ліп, бізді үгіттеді» деп айтуға келісіп, қағаз­ға сол кісінің суретін салып, бір ауыздан осыны айтамыз деп шештік. Себебі бізге өзімізді қорғау керек болды. «Бір қара «Вол­га» жүріпті» деген әңгіме күні кешеге дейін айтылып жүрді.

Желтоқсанның жиырмасы күні бізді тергеуге шақыра бастады. Біздің, төрт жігіттің — менің, Бақтыбек Иманқожаев, Үсіпхан Сейтімбетов, Аманбай Қанетов­тер­дің жатақханаларды аралап жүргені­мізді біліп, ұйымдастырушылар ретінде ұста­ды. Тергеу ұзақ уақытқа созылды. Ақы­ры қара «Волга» туралы өтірігімізді мойындап, бар шындықты айтуға тура келді. Тергеуден соң сот басталды. Сот оты­рысы болып жатқанда менің үлкен ұлым дүниеге келді. Қорғаушым жүгіріп келіп: «Құрманғазы, ұлды болдың!» деп құттықтағанда барлық қиындықты бір сәтке ұмытып кеткендей болдым. Сот залында тұрып темір тордың ар жағында дүниеден озсам, артымда ізім қалатын болды деп Аллаға тәубе айттым. Әкем сәбиіме Ақниет деп ат қойды. Сот мені төрт жыл­ға бас бостандығымнан айыру туралы үкім шығарды.

1988-89 жылдары Мәскеу де өзінің құрығын артық сермеп жібергенін білген болуы керек, шартты жазаға тартылған­дар­ды босатып, ұзақ мерзімге қамалған­дар­ды химия өнеркәсібіне жұмысқа шы­ғара бастады. Алланың құдіретімен, аға­лардың қолдауымен мен де сол түрменің маңындағы зауытқа жұмысқа шықтым. Ол кезде кішкентайымыз сегіз айлық болатын. Жолдасым Алма Ашықбаева баланы ем­шек­тен шығарып, әке-шешеме тастап, ме­нің қасыма келді. Жолдасым келгесін комендатура басшылығына жолығып, әйелім екеумізге пәтерге шығуға рұқсат берді. Жолдасым да зауытқа жұмысқа тұр­ды. Сөйтіп жүргенде Потьмада екінші бала­мыз өмірге келді. Оның атын барлық жамандықтан ары тұрсын, арлы бала болсын деп Арытұр деп қойдым.

1989 жылдың күзінде мені босату туралы шешім жазылған қағаз келіпті, алайда түрмеден 1990 жылдың қаңтарын­да ғана шықтым. Ақтөбеге, үйге келдік. Той болды. Ағайын-туыспен аманшылықта кездескенімізге шүкіршілік айттық...



Р.S.

2006 жылы Желтоқсан көтерілісіне 20 жыл толған уақытта Әбіш Кекілбаев, Нұрлан Оразалин, Мәмбет Қойгелдиев бастаған ағаларымыз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына хат жазып, Желтоқсан көтерілісіне қатысқан бірқатар жастарды Халық Қаһарманы атағына ұсынды. Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова, Сабыр Мұхамеджанов сынды жастарға қайтыс болғаннан кейін, қалғанда­ры­на көзі тірі кезінде осы атақты беру туралы ұсыныс жазылған. Оның арасында кейіпкеріміз Құрманғазы Айтмұрзаев та бар. «Біз осындай жігіттерімізді, батырларымызды жастар арасында насихаттауымыз керек, жастарымыз осындай ағалары­мыз­дың бар екенін білуі керек. Әрине, мәселе бір адамды насихаттаумен шектелмейді, біздің мақсат — тарихты жаңаша зерделеу тұрғысын­да әлі де болса нақты саяси, құқық­тық бағасын ала алмай келе жатқан ұлт тарихында үлкен орны бар оқиғалар­ды рухани айналымға қосу. Қазір Құрманғазы Айтмұрзаев туралы деректі фильм түсіріп, деректі роман жазылып жатыр», — дейді «Жерұйық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болатбек Төлепберген.





Көрілген: 2211    Пікірлер: 0

жұма, 13.12.2013, 12:47

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    15 Желтоқсан 2012
    Тәуелсіздік – тәтті ұғым

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31